Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алматыда ұлт ұстазына арналған конференция өтті

2483
Алматыда  ұлт ұстазына арналған конференция өтті - e-history.kz

Алматы қаласында Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

Аға және орта, жас буын алаштанушы ғалымдар қатысқан конференция барысында сөз алған тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді Ахмет Байтұрсынұлының идеялық көзқарастары туралы айта келе: «Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жерінде социалистік қоғам құру идеясына қарсы болғанын атап өтті. Мұның себебін ғалым Ахмет Байтұрсынұлының Маркс пен Ленин қарастырған қоғамдық құрылыстарды саралай отырып, буржуазиялық, капиталистік дәуірге тән қарым-қатынас әлі орнамаған, әлі де болса өзіне тән аграрлық феодалдық қоғам сатысындағы қазақ қауымының бұған даяр еместігін анық сезінуімен байланыстырады. 

Сондықтан да ол пролетариат көсемі, Кеңес Одағының басшысы В.И.Ленинге жазған хатында: «Қазақтарға не керегі анық және түсінікті. Ғасырлар бойы империялық езгіде болған халық өз билігі өзінде болғанын қалайды», - деп жазады. 

Осылай ескерте отырып ол кеңес көсемін әлі де болса ғылыми түрде жақсы зерттелмеген, өзі де жақсы білмейтін көшпелі қазақ қауымы арасында радикалды әлеуметтік реформалар жүргізбеуін талап еткенін айта келе ғалым: «Өкінішке қарай, Кеңестік орталық толық негізді бұл ескертулерге құлақ асқан жоқ»,- деген өкінішін білдіре отырып, Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы – халық өміріне жасалған орасан зор әділетсіздіктер мен қиянатшылдыққа төзбеушілік пен оған қарсы ымырасыз қарсылық күрестің үлгісі екендігін атап көрсетті. 

Бұған дәлел ретінде ғалымның 1929 жылы Мәскеудегі тергеу үдерісі барысында білдірген өзіндік ұстанымын алға тартады: «Менің өмірлік ұстанымым – қазақ халқының мәдениетін көтеруге мүмкін болғанша жағымды жағдай туғызу. Өйткені осы жол ғана оның өсіп-өнуіне кепілдік бере алады. Осы іс қандай өкіметтің қолынан келсе, мен сол билікке разы болмақпын». Өкінішке қарай Сталин тұсындағы кеңес билігі қазақ халқының өсіп-өнуіне Ахаң айтқанындай жағымды жағдай тудыра қоймағаны белгілі. 

Конференцияға қатысушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор,Кенжехан Матыжанов Алматы қаласының Ахмет Байтұрсынов өмірінде үлкен маңызы барына тоқталды: «Ахаңның қайраткерлік қызметінің соңғы кезеңі, тіпті қуғын-сүргінге ұшырап, атылғанға дейінгі кезеңнің барлығы Алматыда өткен. Алматыда Ахаңның тұрған үйі бар. Қазақша айтқанда, Алматы – Ахаңның табанының ізі қалған, тері сіңген, қайраткерлік қызметі өткен қала. Сондықтан Алматы қаласының Ахаңның мерейтойында алатын маңызы жоғары болу керек». 

Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылық қызметі жолындағы Алматы қаласының маңызы тұрғысында әлі де зерттейтін мәселелер бар екендігін атай отырып, ғалымның қазақтың ұлттық идеологиясын жасаудағы, жалпы түркология ғылымын дамытудағы ықпалы мен орнын толықтап, түгендеп зерттеу қажеттігіне тоқталды: «Мәселен, Ахаңның қазақтың жалпы ұлттық идеологиясын жасаудағы, жалпы түркология мәселесіндегі үлкен орны әлі күнге дейін толық зерделеніп біткен жоқ. Осыған орай, біздің Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларының академиялық толық шығармалар жинағын дайындады, ол жақында басылып шығады. Айту керек, Ахаңның шығармалары әлі толық жиналып біткен жоқ. Оның табылмаған, әлі жарияланбаған еңбектері бар. Мысалы, соңғы кезде оның Ленинге жазған үш хаты табылды. Осы үш хаттың өзінен Ахаңның ұлттық ұстанымы, саяси көзқарасы, айқын, ашық көрінеді».

Алатау баурайындағы алып шаһарда өткен «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция – ұлт ұстазының өмірі мен шығармашылығын ұлықтаудағы айтулы іс-шаралардың бірі болды. Қазақ халқының тілі мен әдебиет мәселелерін біржола жолға қойып кеткен ұлы ғалым, ұлт көшбасшысына арналған мұндай тартымды да мазмұнды, ел үшін берері салмақты жиындар мен іс-шаралар жыл соңына дейін әр өңірде жалғасын таба берері сөзсіз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?