Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құрбандық феномені

1722
Құрбандық феномені - e-history.kz

Сурет: Panagiotis Maravelis / istockphoto.com

«Шын мәнінде игілік істеушілерді осылай сынаймыз...»

   «Саффат» сүресі

«...Рухани құлдықтан тәуекел етушілер мен бостандық сүюшілер, ал кедейлік пен жоқшылықтан  алаяқ пен қулар ғана құтылады»

  Н.Макиавелли

                                                              I

 

Балбөбекті есейткен, азаматты еңкейткен өмір ағысының өз өкініші мен шат- шадыман мезеті көп қой. Адамға қолы жетпеген кез келген дүниенің бәрі жарқыраған сары алтынға пар. Алтын дегеннен шығады,  кейде  «Сау адамның  басындағы алтын тәжді  ауру адам ғана көреді» деген ұлы пайымды өз басыңнан өткізбей, тағы да ештеңені бажайлай алмайсың. Мен бұл жерде өмірге өкпе сайлағаннан гөрі, ішіме  сәуле жамыратып, жан-дүниемді  жұпарға бөлеген ізгі идеялар хақында бая етпекпін.

Сол ізгілік пен ілтипатқа жүрегімді шөлдетіп, өмірімнің шырайын кіргізген ең ұлы бақыт, ол не десеңіз, алаш идеясы еді. Осы аяулы жандардың таңдаған жолы мен жеткен өресі мені осындай байламға әкелді. Бұл барша әлемді басыма көтеріп айқайлап,  сүйінші сұрайтындай мол олжам еді. Тағы да сан мәрте қайталап айтуға бармын, ерекше бақытым мен зор қуанышым еді.  Түсінесіз бе, тек қағазда ғана айтылатын,  алайда танымдық  мағынасынан мақұрым махаббат пен парасат, жанкештілік, қалаберді құрбандық ұғымдарының шын мәнін осы адамдардың ғана сом болмысынан ұқтым.  Бұл  ұғымдар аталған жандардың бейне бір азан шақырып  қойған жеке есімдері мен серттескен уәделері секілді. Ал мұндай адамдардың ойлау моделі, тұлғалық танымы, шашқан үлгісі болмағанда біздің жағдайымыз не болатын еді? Әрине, ойлаудың өзі қорқынышты. Тұлғасы жоқ тарих пен идеалы жоқ халықтан бейбақ мына дүниеде не болуы мүмкін?  Иә, бір  өмірді бірдеңе қылып өткізерміз, бірақ соның шын мағынасы бола қояр ма екен. 

Мойындаймын... Рас, біз зиялы көрмеген бейбақ жандармыз. Тұлға көріп, тәрбие алмағанымыз кез келген іс-әрекетімізден  аңдалып-ақ қалады. Бір жағы, бұлай болуы заңды да секілді  (Отыз жыл көргеніміздің көбі алдау мен арбау,  талаған мен таптаған болса, сөйтпегенде қайтеміз. Мәселен, 

М.Әуезов  XX ғасыр басындағы қазақтың көрген құқайын кейіпкері Ғазизаның  басымен шендестіріп «Қорғансыздың күні десе», мен осы бір отыз жылдық портретімізге «Көргенсіздің күні» деп ат қойып, айдар таққан болар едім). Кейін осы бір талау мен таптауды өмірдің өз ережесі мен шын құндылығы деп ұғып, біз де сол  үлкендер ойынының түбі жоқ иіріміне кеңірдегімізден баттық.

Кірледік, кісіліктен тайдық. Сөйтіп олардың бүкіл кемшілігін өз бойымызға тоғытқан тоғышар пенделердің бірі болдық та шықтық. Әділет пен жауапкершілік аузымыздағы жай, әдет сөздердің біріне айналып, ал іс жүзінде  бұл құндылықтардың бәрін белінен бір басып  кете беретін нағыз аяр адамның жолына түстік.  Өстіп жүріп бұл бәйге додасының тым мағынасыз, тым сүреңсіз екендігін іштей түсінгендей едім...

...Сөйтіп басымды тауға да тасқа да соғып, өмірдің қойған соядай сұрағына тұщымды жауап таба  алмай  торыққан шағымда  алдымнан  бұлтсыз күндей жарқырап алаш танымы шықты.

 Алаш  Әлихан мен Ахмет секілді  алғадай жандардың есім сойы емес, бақсақ,  мүлде басқа мәселе екен.  Бұл идея санама көктен саңылау түсіріп, беріш кеудемді ұлы жарығымен жылытып жібергендей еді. Әрине, мұның бәрі шаһиттік таңдау мен құрбандық ұғымдарының мәнін етене түсінгеннен кейін ғана кеудемде піскен сүттей шымырлаған дүниелер-тұғын...

 

                                                             II

 

 Әлқисса... Құрбандық жайлы бұл хикаяның көнелігі сондай, ол тіпті  христиандық миләди мен мұсылмандық хижра  күнтізбесінің де еш есебіне  кірмейді. Өйткені әңгіме төркіні алғашқы жан есебінде сипатталатын Адам Ата мен Хауа ананың қос перзенті Әбіл мен Қабыл хақында өрістегелі отыр  (Тәуратта бұл есімдер Кайн мен Авель деп аталады). 

 Бірде құдіреті күшті Құдай осы екі пендесіне өзіне құрбандық  беру жайында пәрмен түсіреді. Адам атаның ат жалын тартып азамат болған қос перзентінің үлкені Қабыл егіншілікпен айналысса, Әбіл мал баққан.  Құдай салды, құл көнді демекші, Тағала жарлығына қарса келетін пенде болушы ма еді. Осылайша Әбілдің Құдайға  құрбандық есебінде ақ ниетімен шалған  қошқары қабыл болса, керісінше  Қабылдың енжар  көңілден  берген  шіріген  бидайы еш  қабыл болмай,  бұл  іштарлықтың  соңы  ақырында  туған бауырын мерт  етумен  аяқталады. Адамзат тарихында жазықсыз жанның  алғашқы қызыл қаны қызғаныштан болып осылай төгілген еді дейді қария тәмсіл. Енді көне жылдар жылғасынан аққан осы бір оқиға желісінен тағы  бір әпсана  жекелей шығып, басқаша таған тартады.  Қызығы, бұл жерде де  қошқар ұғымы қайыра ұшырасады. Байырғы батырлар жырында көп кездесетін «Байбөрі деген бай бопты, бір перзентке зар бопты» деп келетін  мойынына бұршақ іліп  бала тілеу мәселесі де осы оқиғаның ширатушы деталі. Ибраһим пайғамбардың да әбден сүйегі ауырлап жасы баршын тартып қайраты кеміген шағында (кей жазбаларда 87 жас мөлшерінде дейді) балалы болғандығы айтылады. Қос білегі талғанша, қос жанары суалғанша  Құдайдан зарығып тілеп алған Ысмайыл оның жан дегенде жалғыз перзенті еді. Бірде көз шырымын алмақ болып жантая кеткен Ибраһим пайғамбар түсінде мынадай аян алады. Жаратқан оған жан дегенде жалғыз ұлы Ысмайылды бауыздап құрбандыққа шалуды бұйырады. Ояна салысымен қатты қайғырған  қария амал жоқ Алла жолында тәуекелге барады. Сонда көз жасы көкірегін бояп, хақ бұйрығына бойұсынған пендесінің шын пейіліне риза болған Жаратқан оның  перзентінің алқымына тақап есіп жібермек болған өткір кездігін  еш өткізбей тастапты дейді. Қайыра екінші мәрте қол қатып көрген екен тағы да  еш өтпепті дейді...

 Сол мезетте ғарыштан «Шын мәнінде біз игілік істеушілерді осылай сынаймыз... Бұл бір ашық сынақ еді. Енді ол басқа құрбандықпен алмастырылды»  деген  үн  естіліп, Ысмайылдың орнына көктен көк қошқар түсірілген екен дейді көне хикая.... 

 

                                                       III

 

Оқырманға түсінікті осы әпсананы не үшін айтып отыр дейсіз ғой. Біздің метафизикалық тағанымыз әпсана мен аңыздар, ертегілер мен хикаялар желісінен тұрады. Кез келген ұлт аталған осы құндылықтарынан тамыр үзіп, ондағы  жасырылған сырлар мен символдарға түсініктеме бере алмаған сәттен бастап құлдырауға түседі.  Ең қызығы, әр таным мен тілдің өз гравитациясы (тартылыс күші) болады. Бір тіл, ол жасаған мәдени кеңістік екінші тілге мүлде ұқсамайды. Осыған қарап дүниеде қанша тіл болса, сонша мәдениет пен тағдыр бар деуге келеді. Егер адам өз тілінен мақұрым болса, ол міндетті түрде өзге тілдің  гравитациясына өтеді. Әр тілдің тартылыс күші табиғатына қарай өзге заңдылықтардан тұрады. Төл танымының тартылыс күшінен рухани байланысын үзген адам ғарышта барар бағыты белгісіз маңып жүретін метеориттердің кебін құшады. Ол өз мәдениетінің кодтық сырлары мен ішкі жұмбағын шешпек тұрмақ, қарапайым ғана сөздің мағынасын түсіндіріп беруге еш қауқары болмайды. Бұл, бәлкім, ұзақ жылдар бойы метрополияның кесірінен бе екен, кейде біз осы кез келген ой мен пайымды тіке түсінетін тұрпайы бір сүрлеуге түстік. Олай болса, жоғарыдағы бұл екі хикаяны да тікелей түсінуге әсте болмайды. Қос хикаяның түпкі тінінде ұлы емеурін мен ғажайып тұспал жатыр.

 Сонымен бұл оқиғаның астарында адам баласы  аса бір қымбат,  әрі аяулы дүниесін тәрк ету арқылы ғана Алламен байланыс орната алатынын меңзейді. Әрине, бұл ұғымның сыры мен жұмбағына рухани ергежей жандар ешқашан бойлай алмайды.  Олар үшін бұл таным қақпасының аузына кілті жоқ құлып салынған. Осы жерде оқырманға бір дүниені наз қылып арнайы айта кетейін. Біздің көбіміздің көзқарасымызда үлкен бір қателік бар. Ол не десеңіз,  аталған құрбандық ұғымын «құрбан айт» түсінігімен алмастырып тым төмен деңгейде қабылдайтынымыз дер едім.  Қой және оның кеңірдегінен аққан қызыл  қанмен ғана құрбандықты байланыстыру дегеніңіз, бұл енді барып тұрған білместіктің өзі.  Қан шығарып, ет тарату ережесімен  ешкім де күнасынан құтылып,  парасат биігіне жете алмайды.  Мұндай уәзін өлшемі  Құдайдың да, қала берді  кісіліктің де жолына жат.  

Құрбандық  қан  мәселесі ғана емес, ол ең әуелі  ұлы тәуекел мен  рух мәселесі. Құрбандық – бар дәулетің мен денсаулығыңды, керек десеңіз шыбын жаныңды жанкештілік  жолына тігетін парасат пен таным биігі.

Енді осы бір таным биігіне кімдер көтеріле алады. Ол қандай жандардың қолынан келуі мүмкін? Қалай ойлайсыз, дүниеде интеллектісі төмен, одан қалды ар-ұятында ақауы бар пенденің жоғарыда баян етілген нар тәуекел мен ұждан биігіне жете алуы мүмкін бе? Әлбетте мүмкін емес... 

Әрине, ондай жандардан біз құрбандық категориясын күтпек тұрмақ, оларға бір нәрсені  басы бүтін сеніп ешқашан тапсыра алмас едік...  Сонда мұндай өре мен өлшем кімдерге тән,  қандай парасат иелерінің ғана  қолынан келеді? 

 

                                                       IV

 

 Осы жерде құрбандық ұғымынан бөлек  адам ғұмырының  уақыты жайлы аз ғана сөз шығындай кетсем деймін.  Араб ойшылы Әл-Кинди уақыт жайында мынадай пайым айтады: «Уақыт сандық өлшем болғандықтан, оның бастауының бар екенін ескерсек, уақыттың соңы болуы еш мүмкін емес. Мен бұл жерде дененің кеңеюін тек қозғалыс арқылы ғана өлшенетінін айтып тұрмын. Егер қозғалыс бар болса, уақыт бар, егер қозғалыс жоқ болса, онда уақыт та жоқ».  Осы жерде мен Әл-Киндидің «қозғалыс» ұғымын әрекет сөзімен алмастырып,  уақытқа сандық сипат емес, танымдық мағына берген де ғана оның шын мәні анықталады деп айтқан болар едім. Рас, уақыт әлмисақтан бар. Бірақ уақыттың бар болуы мен жоқ болуының негізгі мәнін тек адам ғана жасай алатынын көреміз. Асылық айтқандығымыз емес, уақытты адам жасайды. Бұған мысал ретінде жоғарыда сөз еткен алаш феноменін көлденең тартуға болады. Алаш азаматтары уақытты өзі тудырып өзі жасады. Дәлірек айтсақ, уақыттан мән мен мағына шығарды. Сол үшін де біз осы құбылыс жайында арнайы айтып отырмыз. Ал біз кімбіз, біздің бүгінгі мән мен құндылықтың уақыты жайында бірдеңе деуге біршама ой шығындап, терең пайымдаулар жасауымыз қажет шығар...  

Қош...

Сонымен құрбандық ұғымына қайта келейік. Бұл биік танымның парызы мен миссиясы кімдерге тән? Бұған берілер жауап та қарапайым секілді. Біздіңше оқығандар, дәлірек айтсақ зиялылар дейміз.  

Жүсіпбек Аймауытов өзінің бір жазбасында «Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да  оқығаны. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмысшы – оқығандар», – дейді.  Бұдан біз қарашаның  қамы жолында  нендей қиындықтың болсын өтінде жүретін, әділет пен парасат «жұмысшысы» оқығандар, бүгінгі тілмен айтсақ, интеллигенция екендігін ептеп бағамдап отырмыз. Әйгілі  физик Андрей Сахаровтың «Зиялы болу дегеніміз – қиянатқа төзбеу» деп отырғаны да осы емес пе?  Демек, зиялы статусы ең жоғары өлшем. Шын зиялының екі есімі болу керек десек,  оның бірі жанкештілік болса, екіншісі  құрбандық болуы тиіс шығар. 

Ендеше алаш идеясының алтын өзегі де дәл осы екеуі емес пе?  Біз шын зиялы әрі құрбандық танымына толыққанды көтерілген жандар деп осы алаш арыстарын ғана атаған болар едік...

Мана сөз орайында құрбандық ұлы тәуекел мен рух мәселесі дедік. Құрбандық, сондай-ақ еркіндік, әрі ерекше жетілген азаматтық таным. 

Қазақ тарихында осындай таным биігінің болғандығын, ол тіпті күні бүгінге  дейін өз миссиясын  қалтқысыз атқарғанын көреміз (Оның рухани шұғыласы Ілияс Есенберлин мен Мұхтар Мағауиндердің, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен  Арон Атабектердің  ұлы кеудесіне түсті).  Бір ғасырдың бедерінде біздің алдымызда осындай үлгі мен өрнектің, өре мен өлшемнің салтанат құрғанына  қалайша жан жүрегің елжіреп  қуанбайсың енді. Өкінішке қарай қызыл жүйе аталған танымды түгелдей дерлік бұтарлап, біздерді басқа бағдарға түсірді. Солай десек те кеңестік жүйе  асыл азаматтарымыздың  тәнін өлтіргенмен, олардың асқақ  рухы мен идеясын еш өлтіре алған жоқ. Біз алаш танымының арқасында ғана жақсы мен жаманның,  құлдық пен қорқақтықтың,  еркіндік пен жауапкершіліктің шын нарқын ажырата алатын өре мен өлшемге ие болдық.  Айталық... Алаштың арқасында ғана басыңа орнай қалған әлде бір қиындықтың бұл азаматтардың шеккен бейнетінің қасында ештеңе де емес екенін шын  аңғаратын  болдық... 

Алаштың арқасында ғана «Парасат» пен «Құрмет» секілді сыйлықтардың  темірден жасалған жай бір сөлкебай екендігін, оны киіміңнің сыртына емес, кеудеңнің ішінде  мәңгілікке  мәпелеп сақтау керек екендігін ұқтық... 

Бүгінгі оқығандарды «зиялы қауым» демей  мына адам ақын я жазушы, бұл кісі кәсіби әртіс деп өз саласының есім сойымен ғана атау керек екендігін түсіндік. ...Алаш танымының арқасында ғана құрбандық пен  зиялы түсініктерінің бүгінгі біздің болмысымызда адам танымастай өзгеріске ұшырағанын, оның орнын шен мен шекпенге маталған қуыршақ қайраткерлердің алмастырғанын білдік. 

Әрине, айта берсек мұнымен  әңгіме бітпейді ғой... 

Сонымен ілкідегі қос хикая астарында жатқан  құрбандық танымының  мәні мен мағынасын таратқанда түйгеніміз осылай болды. Хикая арқылы Жаратқан иенің жасырған ұлы жұмбағы жетілген пейіл мен жоғары тәуекел ұғымы еді. Міне, бұл құдайдың сүйікті пендесінің негізгі қағидасы мен мазмұны десек те келеді. Әпсанадағы қошқар батылдық пен ерлік ишарасы. Ол бізге баяғыдан-ақ орныққан ұғым (Қайрат Рысқұлбековтың соңғы сөз есебінде айтқан «Еркек тоқты құрбандық атам десең атыңдар» деп қасқайып тұрып, бақұлдасуының  себебі де сол).

Құрбандық әділет пен тазалық танымы. Кемеңгер Сократтың  «Егер Құдай біздің жанымыздағы тазалық пен әділдіктен гөрі өздеріне шалған құрбандық пен құлшылықты артық көрсе, бұл енді бас шайқатар өкініштің болғаны емес пе» деуі де осыны меңзейді. Алаш аталған әділет пен ұлы тәуекел жолында қызыл қанымен садақа төлеп, бір ғұмырын құрбандыққа шалды. Азаттық пен азаматтық қоғам жолындағы жан арпалысы олардың халқына шалған «көк қошқары» еді. Сондықтан бұл тұлғалардың Құдай алдында Әбіл мен Ибраһим құрбандығымен мәртебесі тең деген ойдамыз (Егер пенденің ниеті қалай да тірі қалу болса, ол сөз жоқ қолдарынан келетін еді ғой). Осылайша құрбандықтың рух пен бостандық танымы  екендігін  қазақ зиялысының қаперіне мәңгілікке  бәдіздеп кетті...

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?