Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Новосібір мұрағаттарындағы қазақ ағарту деректері

921
Новосібір мұрағаттарындағы қазақ ағарту деректері - e-history.kz

Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері үстіміздегі жылдың маусым айында Ресей Федерациясының Новосібір қаласында ғылыми іс-сапар жұмысын жүзеге асырып қайтты.

Ғылыми іс-сапардың мақсаты – Новосібір қаласының (РФ) архив және кітапхана қорларындағы кеңестік кезеңдегі еліміздегі білім мен ағарту ісіне қатысты тың деректерді зерделеу, сараптау және құндылығына қарай толыққанды жинақтау болып табылады.

Новосібір қаласында Новосібір облысының Мемлекеттік архиві, Новосібір қалалық архиві, Новосібір мемлекеттік облыстық ғылыми кітапханасы, Мемлекеттік көпшілік ғылыми-техникалық кітапханасында жұмыстар жасалды. Сонымен қатар, Омбы облысының тарихи архиві мен А.С. Пушкин атындағы Омбы мемлекеттік облыстық ғылыми кітапханасында деректер мен ғылыми зерттеулер негізінде шаралар атқарылды. Осы орайда, Қазақстандағы өткен ғасырдың 20-30 жж. білім беру саласына қатысты жүргізілген реформалардың барысы мен нәтижелерін зерделеу бағытында архив құжаттары анықталып, диссертациялар, архив құжаттарының жинақтары, монографиялар және баспасөз құралдары негізіндегі құнды еңбектердің көшірмелері алынды.

Ғылыми іс-сапар барысында Қазақстанның 1920-30 жж. білім беру ісіне қатысты Ресей Федерациясының Новосібір облысы мемлекеттік архивінің ғылыми айналымға қосуды қажет ететін бірқатар құжаттар табылды. Мәселен, кеңестік дәуірдегі еліміздің білім беру саласына қатысты мәселелер қамтылған Р–1053-қорында Сибревкомның халыққа білім беру бөлімінің (Сібір Халыққа білім беру бөлімі, СибОНО) құжаттары сақталған. Осы аталған архив құжаттарымен танысу барысында 1920-1921 жылдары Омбы губерниясының қазақ уездері мен Семипалатинск облысының Қазақстанға қосылғанға дейінгі білім беру ісіне қатысты құжаттары анықталды. Атап өтетіні білім беру ісіне қатысты бұл құжаттардың барлығын осы жылдары Сібір ревкомының құрамында құрылған «Аз ұлттар білім беру ісі бөлімшесінің татар-қырғыз (қазақ) секциясы» жүргізген қарым-қатынас іс-қағаздары құрайды. Тақырыбымызға қажетті құжаттардың хронологиялық шеңбері тек 1920-1921 жылдарды қамтыды. Себебі, жоғарыда атап өткеніміздей 1921-1922 жылдары Омбы губерниясының қазақ уездері мен Семипалатинск облысы Қазақ АКСР-не өткеннен кейін (Р–1053-қор, 1 тізбе, 193 істің 327 п.), бұл архивте елімізге қатысты құжаттар кездеспейді.

Аталмыш ұйым туралы мәлімет Р–1053 қор, 1-тізбе, 219-істің 160-160 қайырма бетінде «Аз ұлттар білім беру ісі бөлімшесінің татар-қырғыз секциясы меңгерушісінің баяндамасы» атты құжатта сақталған. Баяндамада Татар-қырғыз секциясының құрылу мақсаты мен қызметі жайында айтылады. Еліміздің Солтүстік, Солтүстік-Шығыс облыстарында кеңестік білім беру ісінің бастау көздері болып табылатын дереккөздері зерттеу тақырыбымызды толық ашу үшін аса маңызды. Баяндамаға сәйкес, «Сібір аз ұлттар халық ағарту бөлімінің татар-қырғыз секциясы 1920 жылдың шілде айының басында ұйымдастырылған. Бұл секция ұйымдастырылғанға дейін Сібірдегі татар-қырғыз халқының мәдени-ағарту жұмыстарын біріктіретін бірде-бір мекеме болмаған. Жергілікті жерлерде оқу-ағарту жұмыстарын губерниялық, уездік халық ағарту бөлімдерінің татар-қырғыз секциялары немесе арнайы нұсқаушылар жүргізсе, кейбір губернияларда мәдениет қызметкерлерінің жетіспеушілігінен бұл салада іс-шаралар мүлде жүргізілмеген. 1920 жылдың басында-ақ Сібірде Кеңес өкіметін қалпына келтіру үшін Татар-қырғыз партия органдары бұл аз ұлттар арасында ағарту жұмыстарының тым нашар немесе мүлде жүргізілмей жатқанын, қоғамның рухани өмірі соны талап етіп отырғандықтан, бүтін Сібір аймағында мәдени-ағарту аппаратын ұйымдастыру үшін Сибревкомға өтініш жазады. Бірақ, тек 1920 жылдың шілде айының басында өткен Сібірдегі татар-қырғыз коммунистерінің өлкелік партия конференциясы қырғыз-татар пролетариатының бұл талабын қалай болса да жүзеге асыруға шешім қабылдап, осы мақсатта ұйымдастырушыны тағайындайды. Шағын ұлт өкілдерінің көмегімен бөлім ұйымдастырылып, татар-қырғыз секциясы құрылады. Секция алғашқы күннен бастап қырғыз-татар мәдени-ағарту мекемелерінің жағдайы туралы мәліметтер жинай бастап, ол үшін арнайы сауалнамалар әзірленіп, Сібірдегі барлық губерниялық халық ағарту бөлімдеріне жіберілді. Секцияның ең шұғыл жұмысы мәдени-ағарту мекемелерінің қызметкерлерін қажетті оқулықтармен және құралдармен, нұсқаулықтармен қамтамасыз ету және Орталықпен, халыққа білім беру бөлімдерінің жергілікті бөлімдерімен байланыс орнату болды». Аталмыш құжатқа сәйкес еліміздің Батыс Сібірге кірген облыстарындағы халық ағарту жұмыстарын алғашқыда осы «Аз ұлттар білім беру бөлімшесінің татар-қырғыз (қазақ) секциясы» қолға алғаны көрінеді.

Осы орайда тағы бір атап өтерлік жәйт, татар қызметкерлері мен оқымыстыларының бүкіл Сібір түркі халықтарының арасында ағарту ісін жолға қойып, жандандыру ісінде аса белсенділік танытуы. Құжаттардың көрсетуінше, «Аз ұлттар білім беру бөлімшесінің татар-қырғыз секциясының» құрылуының бастамасында және аса ауыр жағдайда оқу-ағарту ісін түркі халықтары арасында алға жетелеген татар ұлтының қайраткерлері (Таипов, Мурадинов, Шамматов) болған. Екінші кезекте қазақ қызметкерлері (Жұмабаев, Сансызбаев, Жанқонақов, Мамин) татар-қырғыз секциясы меңгерушісінің орынбасарлары немесе жергілікті жерлерде секцияның өкілетті нұсқаушылары қатарында қызмет еткен.

Жалпы сараптамадан өткізіп, зерттелген құжаттардың дені сол кезеңдегі бүкіл Ресейдің және Қазақстанның да басқа да өңірлеріндегідей білім беру ісіндегі аса күрделі үдерістерді бастан кешкендігі жөнінде хабардар етеді. Р–1053-қор, 1-тізбе, 151-істің 169-шы бетінде Губерниялық (Омбы) халық ағарту бөлімінің аз ұлттар бөлімінің татар-қырғыз секциясы өз жұмысын тек 800 000 мыңға дейін жететін губерниядағы татар-қырғыз (қазақ) ұлттары арасында жүргізеді: оның ішінде 700 000 қырғыз (қазақ) және 100 000 татар деген мәліметті келтіре отырып, осы ұлттар арасында білім беру ісін жүргізетін татар-қырғыз секциясы ұйымының қызметкерлер саны белгілі себептерге байланысты бар-жоғы 6-7 адамды құрайтындығы айтылады.

Осындай аз санды Татар-қазақ секциясы большевиктердің білім беру ісіне қатысты оптимистік уәделері мен шындық арасы айқын қайшылық жағдайында, яғни мектеп ғимараттарының, оқулықтардың, оқушыларға қағаз бен басқа да қажет құралдардың жетіспеушілігі жағдайында қызмет етуге тура келген. Сауатты, ұстаздық қылуға мүмкіндігі бар азаматтардың тым тапшы болуымен қатар, аса күрделі экономикалық жағдайларға байланысты өзге өңірлердегідей мектептерден мұғалімдердің жаппай кетуі – білім берудегі ерекше жетістіктерге қол жеткізе алмауына өз әсерін тигізді. Дегенмен, татар-қазақ секциясының сүбелі істерін келесі Р–1053-қор, 1-тізбе, 151-істе сақталған құжаттан көреміз. Мұнда Губерниялық (Семей) халық ағарту бөлімі аз ұлттар бөлімшесінің татар-қазақ секциясы 1920 жылдың 10 қаңтар мен 1 шілде аралығында берген мәліметінде баспаға берген қазақ тіліндегі оқулықтардың тізбесі келтірілген. Бұлардың қатарында:

1) Дулатовтың «Тіл құралы. Грамматикалық жаттығулар», 4000 дана.

2) Байтұрсынлвтың «Оқу құралы» І бөлім. 5000 дана.

3) Дулатовтың «Есеп құралы» І бөлім. 5000 дана.

4) Дулатовтың «Есеп құралы» ІІ бөлім. 5000 дана.

5) Қазақ тілінде Әдістеме. Баяншы. 1000 дана.

Жалпы осы тақылеттес құжаттар осы Новосібір облысы мемлекеттік архивінің P–1926-қор, 1-тізбе, 39-іс; P–1119-қор, 1-тізбе, 178-іс; Р–860-қор. 1-тізбе, 352а істерінен де табылды.

л.jpg

Сонымен қатар, Омбы облысының тарихи архивінен 318 -қор, 1-тізбе, 245-іс; 318-қор, 1-тізбе, 313-іс; 318-қор, 1-тізбе, 358-іс; 318-қор, 1-тізбе, 1128-іс; 318-қор, 1-тізбе, 1129-іс; 31- қор, 1-тізбе, 1133-іс; 318-қор, 1-тізім, 1138-іс; 318-қор, 1-тізбе, 1155-іс; 318-қор, 1-тізбе, 1145-іс; 318-қор, 1-тізбе, 1143-іс; 318-қор, 1-тізбе, 1142-іс; 318-қор, 1-тізбе, 1159-істерінен де зерттеу тақырыбымыздың мазмұнын ашатын, бұрындары ғылыми айналымға енбеген құнды құжаттар табылды.

Ресей мемлекеттік қоғамдық ғылыми-техникалық кітапханасы (ГПНТБ) мен А.С. Пушкин атындағы Омбы мемлекеттік облыстық ғылыми кітапханасынан (ОГОНБ) зерттеу тақырыбымызға қажетті 7 диссертация авторефераттарының, сонымен қатар, «Сібір мен Қазақстандағы білім беру және ағарту ісінің тарихы» атты дәстүрлі Бүкілресейлік ғылыми-практикалық конференциясының ғылыми мақалалар мен материалдар жинақтары топтамаларының және басқа да қажетті мерзімді басылымдар мен монографиялардың көшірмелері алынды.

д.jpg

Бұдан өзге, ғылыми мекемелермен әріптестік байланыс аясында да ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Новосібір облысы Мемлекеттік архивінің директоры Дмитрий Геннадьевич Симоновпен кездесіп, екі елдің ғылыми мекемелерінің атқару барысындағы жұмыстары баяндалып, ортақ мәселелер талқыланды. Аталған мекемелердің ғылыми ізденістерінің нәтижелері болып табылатын ғылыми еңбектермен алмасты.

Сонымен қатар, іс-сапар барысында Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі Тарих институтының директоры, т.ғ.д. Рынков Вадим Маркович пен Әлеуметтік-экономикалық даму тарихы секторының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.д. Наталья Николаевна Аблажеймен, сондай-ақ Археография және деректану секторының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Петров Станислав Геннадьевичпен, ғалымдарымен кездесу шаралары өткізілді. Кездесу барысында әріптестік ғылыми байланыстар жөнінде, ғылыми жоба аясында пікір бөлісіп, ғылыми еңбектерді сыйға тартумен қорытындыланды. Осы орайда, нәтижелі жұмыс жасауымызға кеңінен мүмкіншілік жасаған Новосібір облысы Мемлекеттік архиві мен Омбы облысының тарихи архивінің әкімшілігі мен қызметкерлеріне және әріптестік қолдау білдірген Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі Тарих институтының ұжымына шексіз алғысымызды білдіреміз.

   Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкерлері, т.ғ.к. А.Т. Қаипбаева, PhD А.М. Әбікей.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?