Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қыпшақ атауының төркіні

2525
Қыпшақ атауының төркіні  - e-history.kz
Көне қыпшақтарда тiк екi сызықты таңбаның болмағанын олар мекендеген өңiрлердегi жартастарға салынған ежелгі көшкіншiлердiң рулық таңбаларының арасында мұндай белгiлердiң жоқтығы да растайды

Қыпшақ атауының төркінін С.Н. Ивановтың көмегімен «жолы болмаған», «сорлы», «бейшара» деп тапқан С.Г. Кляшторный «жаңалығы» ғылымға енгеннен кейін, шешімін тапқан мәселе ретінде бұл бағыттағы ізденіс біржола тоқтаған болатын. Бірақ өткен ғасырдың соңына қарай палеотүркология бағытына мақсаткерлiкпен бет бұрып, халық тарихының ақиқатына айғақ ұсынар тiл тарихын сөз төркiнiн (этимологиясын) анықтау арқылы тануға ден қойып жүрген, қазақ зерттеушісі, «Язык письма» кітабының авторы О. Сүлейменов осы тоқырау тоғанын бұзып, қыпшақ этнонимiнiң этимологиясына қатысты өз болжамын ұсынды. Бұл – қыпшақ этнонимiне қатысты айтылған қазiргi таңдағы соңғы пiкiр және оны әзірге ешкім теріске шығарған жоқ. 

О. Сүлейменов қыпшақтардың рулық таңбасы – тiк екi сызықты (//) қатар жатқан екi пышақтың белгiсi деп түсiндiрiп, қимақ этнонимiн ики және иемек сөздерiнен шығарған парсы тарихшысы Гардизи сияқты, қыпшақ этнонимiн осы екi пышақ (автордың беруiнде «ики-пчак») сөзiнен шығарады (Сулейменов О.О. Глиняная книга и «Аз и Я». – А., 1990. – Стр. 498). Шынын айту керек, бұл осы орайда айтылған бұрынғы болжамдардың бiрiне де ұқсамайды. Тың болжам. Бiрақ, соған қарамастан, бұған әзiрге ғалымдар тарапынан не дұрыс, не бұрыс деген ешқандай пiкiр айтылған жоқ. Сондықтан қысқаша болса да бұл туралы арнайы сөз ету қажет секiлдi. 

Қазiргi қазақ халқының құрамындағы қыпшақ тайпасының таңбасының тiк екi сызық екенi рас. Оны қос әлiп деп атайды. Оның бұлайша аталуы араб алфавитiнiң тiк бiр сызықпен (/) таңбаланатын алғашқы әрпiнiң әлiп деп аталатына байланысты екенiне де дау жоқ. Демек, бұл таңбаның «қос әлiп» деп аталуы – қыпшақтар араб әлiпбиiн қабылдағаннан кейiн пайда болды деген сөз. Осыны ескерген О. Сүлейменов «бұл таңба араб әлiпбиiн қабылдағанға дейiн басқаша аталып, ол осы қыпшақ этнонимiнде сақталып қалған жоқ па екен» деген оймен, екi сызық таңбаның бiр кезде ики пчак аталып, кейiн осы екi сөздiң өзара кiрiгуi нәтижесiнде қыпшақ сөзiнiң шығуы мүмкiн екен¬дiгiн айтады. 

Бұл ретте, біздің пайымдауымызша, автор екi бiрдей заңдылыққа сүйенетін секілді. Оның бiрi – ики және пчак сөздерi қыпшаққа айналғанда тiлдiк заңдылықтың сақталатыны. И дыбысының тұрақсыздығын бұл күнде тiл ғылымы дәлелдеп отыр. Сондықтан бірінші и дыбысы айтылу барысында түсiп қалып, ики-пчак – кипчак аталып, оның кейiн қыпшақ формасында қалыптасуы мүмкiн. Былай алып қарағанда, лингвистикалық тұрғыдан да, қисындылық жағынан да шындыққа келетiн сияқты. 

Екiншiсi – түрік этнонимдерiнiң көбiнiң рулық таңбамен байланыстылығы. Автордың мұндай байланыстың, әсiресе, қазақ халқының құрамына енген ру-тайпаларға тән екенiн, күнi кешеге дейiн ру-тайпа атауларымен бiрге таңба аттарының да сақталып келгенiн дәлел етiп алға тартуы да шындыққа қайшы келмейдi. Кешегi ру-тайпаға бөлiнетiн кезде халқымызда сiргелi, ошақты, тарақты, шанышқылы, бағаналы, балталы тәрiздес толып жатқан атаулары тікелей таңба атымен байланысты шыққан көптеген ру-тайпалардың болғаны анық. 

Бiрақ осындай дәлелдеуiнде негiз, ойында қисын болғанына қарамастан, О. Сүлейменовтың бұл тұжырымын да құптап, екi пышақ сөзiн қыпшақ атауының төркiнi дей алмаймыз. Неге? 

Алдымен, ру таңбасы екi сызықтың әуелде екi пышақтың белгiсi болғанына сену қиын. О. Сүлейменов өз болжамы нанымды болуы үшiн бұл екi сызықты өте жiңiшке пышақ (очень узкий нож) немесе үш қырлы қанжар (стилет) белгiсi дейдi (Бұл да сонда). Бiрақ қалай кiшiрейткенімен де сонау темiр дәуiрiнен берi қолданылып келе жатқан пышақ аталатын құралдың қай-қайсысының да бiтiм-пiшiнi тiк сызыққа келмейдi. Оны жартастағы таңбалар да, археологиялық мұралар да растайды. Ал ұқсастық iздесек, тiк екi сызық пышақтан гөрi екi жебеге немесе екi найзаға көбiрек келедi. Бұл және қыпшақ сынды жауынгер елге үйлеседi де. Бiрақ олар тiк екi сызықты не екi жебе, не екi найза атамаған. 

f853ce6b0367dcc94ac7862b91478fe2.jpg

Бұл арада тағы бiр ескеретiн жай – қыпшақ этнонимiн ики пчақ-тан, қимақ этнонимiн ики йемек-тен шығарушылардың түрік тiлдес халықтардың тiлдiк ерекшелiктерiн ескермегендiктерi. Екi санын тiлi ғұз (оғыз) тiлi диалектiсiнде қалыптасқан халықтар сонау ескi замандардан ики, ал қыпшақ тiлi диалектiсiнде қалыптасқандар оны екi дейдi. Мысалы, VIII ғасырдың басындағы Күлтегiн ескерткiшiндегi жазуда: «екi ерiг ұдүшру санчды» («екi ерiн шаншыды») деп жазылған (Малов С.Е. Аталған еңбек. – 25-б.). Сондай-ақ пышақ та пчак болып айтылмаса керек. Олай болса, екi және пышақ сөздерiнiң өзара кiрiгуiнен қыпшақ этнонимiнiң пайда болуы екiталай. 

Бұл жерде, тiптi, мәселе онда да емес, мейлi бiр кезде ежелгi қыпшақтардың еншiлiк таңбасы екi пышақтың таңбасымен белгiленiп, содан келе-келе қыпшақ атауы шыққан екен-ақ делiк. Бiрақ сол екi пышақ аталып, халықтың ой-санасына сiңiп, қалыптасып қалған таңба атына негiз болған екi сызықтың бiрi кейiн араб әліпбиінің бастапқы әрпiне ұқсайды екен деп, халықтың оны әлгi әрiптiң атымен қос әлiп деп өзгерте салуы мүмкiн емес. Бұл, басқаша айтқанда, халқымыздың өмiр бойы «Найзатас» деп атап келген жерiн ракетаны көргеннен кейiн, соған ұқсайды екен деп «Ракетатас», болмаса «Албарбөгет» деп атап келген жерiн «Стадионбөгет» атандырды дегенмен бiрдей. Ал бұл жерде өмiрде бұлай болмайтынын, халықтың қалыптасқан әдет-ғұрпының оған жол бермей¬тiнiн дәлелдеп жатудың қажетi болмаса керек. Бұл – бiр. 

Екiншiден, мынандай тарихи заңдылықты да аттап өтуге болмайды. Ол қазақ халқының құрамына енген, еншiлiк таңбасы елдiк атауына айналған рулардың бәрi де кейiн қалыптасқан, ежелгi көне тайпалардан бөлiнiп шыққан шағын рулар. Салыстырмалы түрде алғанда, олар арналы үлкен өзеннiң өз алдына өрiс тартқан салалары тәрiздес. Мысалы, сiргелi, ошақты, шанышқылы, ергенектi рулары үйсiннен, тарақты, қанжығалы рулары арғыннан, бағаналы, балталы рулары найманнан тарайды. Мұны ғылым да, халықтың төл шежiресi де терiске шығармайды. Ал осыларға негiз болған байырғы көне тайпалардың арасында мұндай таңба атауымен аталғандары кездеспейдi. Ондай дәстүр жоқ. 

Бұл өз тарапынан олардың әу бастан белгiлi бiр ру-тайпаның емес, сондай ру-тайпалардың бiрнешеуiнiң басын бiрiктiрген бiрлестiктiң немесе жеке халықтың атауы болғанын дәлелдейдi. Әңгiмеге арқау болып отырған қыпшақ этнонимi де жаңағы өзiнен жеке рулар бөлiп шығарған арғын, үйсiн, найман атауларынан бұрын болмаса, кейiн шыққан атау емес. Мұның сыртында, таңба атымен аталған ру-тайпалар атауының сол таңба атына лы, лi, ды, дi, ты, тi жалғаулары жалғану арқылы жасалатынына да көз жұмып қарауға әсте болмайды. 

Үшiншiден, кез келген болжамды бiр ғана ұқсастықтан, болмаса жалаң логикалық қисыннан шығарып, оны өмiр шындығы етiп ұсынудың үнемi дұрыс бола бермейтiнiн де ескерген жөн. Шындық көзi қашанда бар деректi салыстыра қарап, жан-жақты зерттеу арқылы ашылмақ. Осы орайда қыпшақ этнонимiнiң екi және пышақ сөздерiнiң өзара кiрiгуiнен шықпағанына, жалпы «қос әлiп» деген атпен жеткен тiк екi сызық таңбаның ешқашанда пышақ болып аталмағанына қаңлы руының таңбасын салыстыра қарау арқылы көз жеткiзуге болады. 

Егер қазiргi ресми тарих ғылымының қытайдың тарихшысы Сы-ма Чиәннiң «Тарихи жазбаларындағы» канжүй (кангюй) деген ел атауын «қаңлы» деп танығандары шындық болса, онда бұл атаудың жаңаша жыл санаудан көп бұрын пайда болған атау екенiне ешқандай дау жоқ. Өйткенi батысындағы елдер жөнiнде тұңғыш хабар әкелген көне Хән империясының алғашқы елшiсi Жан Чиәннiң (Чжан Кяньнiң) Канжүй мемлекетiн бiлген кезiнiң өзi ж.ж.с. дейінгі 127 жыл болатын. Мiне, сол қаңлының бүгiнгi бiзге жеткен таңбасы тiк бiр сызық – (/). Оны халық «көсеу» деп атайды. Бiрақ әлiп, немесе бiр әлiп, болмаса дара әлiп деп атамайды. Сол сияқты ысты тайпасы да өз таңбалары осындай тiк бiр сызықты көсеу деп атайды. 

Н.А. Аристов, В.В. Бартольд, С.А. Аманжолов, М.С. Мұқанов және тағы басқа бiраз ғалымдар таңбаның ұқсастығы сол ру-тайпалардың түп тегiнiнiң бiрлiгiн көрсетедi деп қарайды. Мысалы, таңбалық белгiлердi салыстыра қарау арқылы негiзгi рулар мен тайпаларды анықтағанда түрiк тайпаларын жан-жақты зерттеген белгiлi орыс ғалымы Н. Аристов қыпшақты қаңлымен бiр туыс тайпа деп санайды (Аристов Н.А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народнасти и сведения об их численности. Живая старина. Прериодическое издание отделения этнографии русского географического общества. – Вып. III и IV. – СПб., стр. 189). Оған байырғы тайпалардан бөлiнiп шыққан жаңа тайпаның өзiнiң еншiлiк таңбасын сол бұрынғы көне тайпаның таңбасына қосымша, не үстеме сызықша белгi салу арқылы жасайтынын негiз етедi. Сөйтiп, Аристовша айтқанда, қаңлылардан бөлiнiп шыққан қыпшақтар олардың тiк бiр сызық таңбасының жанына тағы тiк бiр сызық қосу арқылы өзiнiң таңбасын жасаған. 

Жалпы қаңлы мен қыпшақтың туыстас екенiн Аристовтан басқа да бiраз ғалымдар мойындайды. Мысалы, Бартольд ХII және ХIII ғасырдың басында мұсылман авторларының қаңлы мен қыпшақ атауларын бiр-бiрiнiң синонимi ретiнде қолдана беретiнiн айтады (Бартольд В.В. Туркестан в эопху монгольского нашествия… – С-Пб. Ч. І. 1898). Хорезмнiң шахы Мұхаммедтiң шешесiн Джувенидiң өз еңбегiнде бiрде қаңлы қызы, бiрде қыпшақ қызы деп кезек айта беретiнi де соны растайды. 

Бұл орайда мұндай ой түйiндеулердiң өмiрге келуiне себеп болып отырған екi елдiң – қаңлы мен қыпшақтың еншiлiк таңбаларының негiздес екендiгi аян. Бұдан шығар қорытынды сол, қаңлыдан қыпшақ еншi алсын, болмаса керiсiнше қыпшақтан қаңлы бөлiнiп шықсын, болмаса екеуi бiр халық болсын, әйтеуiр қалай болғанда да, олардың негiздес таңбаларының аты сонау көне замандардан берi көсеу болғандығы. Осы атау сан ғасырларды артқа тастап, өзгермей бiзге жеткен. Сондықтан оның бүгiнгi аты да көсеу. Олай болса, қыпшақ халқының (тайпасының) осы көсеу тектес тiк екi сызық таңбасының бұрын да, кейiн де екi пышақ аталмағанына кепiлдiк берер бiрден-бiр айғақ осы болмақ. Сондай-ақ қос әлiп те қыпшақтардың ежелгi таңбасы емес. Ол – қыпшақ бiрлестiгiндегiлер ыдырап, түрік тектес басқа халықтардың құрамына енiп, бөлшектенiп кеткенде, солардың iшiнде қыпшақ атын сақтап қалғандардың кейiн, араб әліпбиі кіргеннен соң алған таңбасы. Сондайлардың бiрi – қазақ халқының құрамындағы қыпшақтар. Көне қыпшақтарда тiк екi сызықты таңбаның болмағанын олар мекендеген өңiрлердегi жартастарға салынған ежелгі көшкіншiлердiң рулық таңбаларының арасында мұндай белгiлердiң жоқтығы да растайды. Таңба жеке руда, тайпада ғана болады, ал аты жалпыға ортақ бiрлестiкте, халықта болмайды. 

c304aa7ddedd092de5c96ec0da7722e7.jpg

Жоғарыда біз Ұлы Даланың ежелгі тұрғындарын географиялық-аумақтық орналасуына қарай үш топқа бөлгенде соның біреуінің «Далалықтар» деп аталатынын және осы далалықтардың кейін «Қыпшақтар» деп аталатынын айтқанбыз. Осыған орай біз қыпшақ атауын тым көне атау деп білеміз. Олай болса, көне атаудың төркінін де көне ұғымнан, көне сөзден іздеген жөн. Ал бұл өз тарапынан ежелгі тайпалар тарихына ден қоя үңіліп, ескі замандар¬дан жеткен байырғы сөздер мен сөз тіркестерінің мән-мағынасын зерделеуді қажет етеді. 

Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, халық жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілу арқылы сан ғасырлардан аман өтіп келіп, алды орта ғасырларда-ақ хатқа түсіп, есте жоқ ескі заманның көзіндей болып бүгінге жеткен көне аңыздар дерегі түрік тайпаларының (Тарғытай, Геракл, Иафет әулетінің) әуелдегі тамыр тартып, өркен жайған түпкі мекені – Еділ мен Жайық аталатын қос өзеннің қос қапталы болғанын айтады. Олардың өсіп, өркен жайып, әлемнің төрт бұрышына таралуы содан кейін болғанға ұқсайды. 

Егер қыпшақты, шын мәнінде, ежелгі тайпалардың бірлестігінің атауы десек, онда оның атауының төркінін сол ежелгі түрік тайпаларының ескі жұртта қалғандары мекендеген өңірлерден, солардың көршісі болған тайпалар сөздігінен іздеген жөн. 

Мал емшегін емген осы далалықтардың негізгі қорегі сүт және содан жасалған түрлі тағам өнімдері болғаны белгілі. Мұның солай екеніне бергіні айтпағанда, сонау ескі ежелгі заман авторлары Геродоттан да бұрын өмір сүрген Гомердің, Гесиодтың, Эсхилдің көшпелі скифтердің бір бөлегінің тек сүт және сүт өнімдерімен қоректенетінін айтып, тіпті, олардың халықтық атауын «бие сауатындар» («гиппомолги») және «ащы сүт, яғни қымыз ішетінер» («галактофаги») деп атайтыны да куәлік береді (Б.Н. Граков. Скифы. – М., 1971. – Стр. 18, 47). Олардың осы сөзін Страбон: «теперь еще есть так называемые «обитатели кибиток» и «кочевники», занимающиеся скотоводством и питающиеся молоком, сыром и главным образом сыром из кумыса» (Страбон. География. – М., 1964. – Стр. 275, 277) деп одан әрі нақтыласа, «Кодекс куманикус» сөздігінде кездесетін мына бір жұмбақ та соның солай екенін дәлелдей түсетін секілді. Сенде жоқ, менде жоқ, Сеңгір тауда жоқ, Өте берік таста жоқ, Қыпшақта жоқ, – депті жаратылыста жоқ құстың сүтін жұмбаққа айналдырғандар (Екі мыңжылдықтың дана ойлары. – Алматы, 2000. – 39-б.). Бұл арада жұмбақтың белгісіз авторының «Қыпшақта жоқ» деп отырғаны: «сүтпен қоректенетін, сүт өніміне әлемде ең бай ел – қыпшақтар болса, соның өзінде де жоқ» дегенді айғақтап тұрғаны анық. 

Міне, осы сүттен жасалатын тағам өнімдерін көне түріктер сонау ескі заманда «қыпы ақ», «қыфы ақ» дейді екен. Бүгінгі түсінікте бұл – «ақ тағамы», яғни «сүт тағамы» деген сөз. Осы тіркес дәл осы күйінде – айтылуында да, ұғымдық мағынасында да ешқандай өзгеріссіз – қарачай-балқар тілдерінде сақталып қалыпты. Бар айырмашылығы оларда «ғыпы ақ», «ғыфы ақ» деп айтылатын көрінеді. Тілдердің өзара байланысын індете зерттеп жүрген ғалым С.Я. Байчоров бұл сөздердің мағынасын: «молочные продукты, приготовляемые добавлением к молоку кефирных грибков» (Байчоров С.Я. Гуннско-протоболгарско-северокавказские языковые контакты. Вопросы языковых контак¬тов. – Черкасск, 1982. – Стр. 54), – деп түсіндіреді. Ежігей мен құртты, сүзбе мен ірімшікті, айран мен қымызды күні бүгінге дейін өздері қолдан жасап келе жатқан қазақтар үшін мұны түсіну, әрине, ешқандай қиындық туғызбайды. Сонда «қыпы ақ» тіркесінің қыпы (қыбы) дегені сүттен өндірілетін тағам өнімін, яғни құрт, ірімішік, сүзбе, айран, қымыз және тағы басқаларды білдіреді екен. Ал ақ сөзі, жоғарыда айтқан қарачай-балқарларда ғана емес, бүкіл түрк тілдес халықтарда күні бүгінге дейін сүт деген мағынада қолданылатыны белгілі. Осыдан кейін қазақтың бір нәрсеге риза болып, көңілі жайланған адамға айтатын «қыбы қанды» дейтін тіркесінің де бұрын көпке беймәлім болып келген түп төркіндік мағынасы «сүт тағамына тойды, қанды, яғни көңілі жайланды» екені айқындала түседі. 

Осы пайымдаулардан соң, сүттен өндірілетін тағам өнімі – «қыпы ақ»-ты өндірушілер мен оны пайдаланушылардың «қыпы-шы ақ» делінгені айқындала түседі. Сонда қыпышы дегеніміз ақты, яғни сүтті өндірушілер ғана емес, сонымен бірге сол өндірілген сүттен түрлі тағам өнімдерін жасаушылар да болып шығады. «Қымызшы», «айраншы» деген тәріздес. Мұндағы жаңа сөз тудырушы көне «шы» жұрнағының қыпы-ға жалғанып, қыпышы болуының сыры да осында жатса керек. Ал бұдан кейін «қыпышы ақ»-тың қалай қыпшаққа айналғанын дәлелдеп жатудың өзі артық сияқты. 

Егер осы пайымдауымыз дұрыс болса, онда сонау ескі заманның Гомерінен бастап, кейінгі Геродот, Гиппократ, Страбондар жазған гиппомолги мен галактофаги деген халық атаулары көне түріктің төл атауы – «қыпышы ақ»-тың, яғни қыпшақтың баламасы, олардың өз тілдеріндегі тікелей аудармасы болып шығады. Сонымен, осы айтылғандардың бәрiн қорытындылай келiп, ой түйсек, мынандай тұжырымдар жасаймыз: 

1) Қыпшақ – ежелгi атау. Сондықтан оны жазба дереккөздеріне iлiккен кезiнен ғана пайда болған халықтық атау деп қарап, осылай аталатын халықтардың тарихын сол кезеңнен бастау – тарихқа қиянат болмақ, әрi осы орайда айтылар түрлi пiкiрлердiң дұрыс пайымдалуына керi әсер етпек. 

2) Қыпшақ бiрлестiгi құрамындағы халықтар (тайпалар) өзара iштей беске бөлiнiп, шығыстағылары – көк қыпшақтар, батыстағылары – құба қыпшақтар, терiстiктегiлерi – қара қыпшақтар, күнгейдегiлерi – қызыл қыпшақтар, ал ортасындағылары – сары қыпшақтар деп аталады. Бұларды саралап, олардың қоныс ауыстыруларына қарай атауларын өзгерту ерекшелiктерiн зерттеп, бiл¬мей тұрып, қыпшақтар тарихы жөнiнде сөз қозғау тек қателiктерге ұрынудан басқа ешқандай нәтиже бермейдi.  

3) Қыпшақ атауы – жекелеген рудың, болмаса тайпаның аты емес, ежелгi түрік халқының бастау негiзiн құрайтын iрi бiрлестiктiң аты. Сондықтан оны қазіргідей осы бiрлестiктен бөлiнген жеке ру-тайпалардың атауымен шендестiрiп, содан оның атаулық мәнiн табуға ұмтылу – жаңсақ тұжырымдардың санын көбейтуден басқа ешқандай шындыққа жеткiзбейдi. 

4) Қыпшақ этнонимiнiң этимологиясы әлi анықталған жоқ. Оны анықтау, бiздiң түсiнiгiмiзде, қыпшақтар жұмбағының шешуiн табар кiлт. Бұл арада мәселе – атаудың сөздiк төркiнiн табуда. Бұл ретте жоғарыда айтқан, қыпшақ атауының төркінін көне түріктің сүт өнімін пайдаланушылар деген ұғымды білдіретін «қыпышы ақ» тіркесінен шығарған пайымдауымыз ізденістің жаңа өрісіне шығуға жол салады ғой деген үміттеміз. 

cebc1953e4fc975c5b53378b6b4aa51a.jpg

Осы арада баяндауларында аз да болса өзiндiк ерекшелiктерi болғанымен, негiзi «Оғыз-намадағы» ежелгi түрiк аңызынан алынған Рашид-ад-дин (Рашид-аддин. Сборник летописей. – М.-Л., 1952. Т. 1. – Стр. 84) мен Әбiлғазы Баһадүр-ханның (Абульгази Баһадур-хан. Родословное древо тюрков. – М-Т.-Б., 1996. – Стр. 21) қыпшақ этнонимiнiң этимологиясын өзегi қуыс ағашпен байланыстыратын деректерiн кейiнгi зерттеушiлердiң тарихи фактi есебiнде қабылдауы – оларды елеулi қателiктерге ұрынуға мәжбүр етiп жүргендiгiн де ашып айта кеткен жөн. Кляшторныйлар мен ивановтардың қыпшақ сөзiнiң мәнiн iшi бос, қуыс деген ұғыммен шендестiрiп, оның атаулық мағынасын жолы болмаған, байғұс, сорлы деп алып жүргендерi де соның салдары, көне аңыздың айтпағының астарына үңiлiп, мағынасын ашуға мән бермеудiң, оны дұрыс түсінбеудің қырсығы. 

Осы орайда белгiлi ғалым С.М. Ақынжановтың «В древних этногенетических легендах о происхожедении того или иного народа каждая деталь сюже¬та имеет скрытую генетическую подоснову, в каждой атрибутике сюжета имеется зашифрованный намек на действительные события из жизни определенного этнического коллектива» (Ахынжанов С.М. Кыпчаки в истории средневекового Казахстана. – А., 1989. – Стр. 55) деген пiкiрiнiң шындық екенiн мойындау қажет. 

Қыпшақтың шығу тегiне қатысты ежелгi аңыздардың бәрiнде өзегi қуыс ағаштың үнемi айтылатыны тегiннен тегiн емес. Мұндағы «өзегi қуыс ағаш» дегендi қазiргi ұғымдағыдай тура мағынасында қабылдауға болмайды. Көне заманның шындығын емеурiн арқылы танытып, образға орап беретiн аңыздарды тудырған далалықтардың Қыпшақ аталған баланы жуан ағаштың өзегiндегi қуыста өмiрге келтiруi – аңыздың бас кейiпкерi Оғыз қағанның (Оғыз қағанның тегі ғұз бірлестігінен екенін есте ұстаған жөн – авт.) әскерлерiнiң қыпшақ жұртын алғаш кездестiргендегi мекенiнiң көз қағар бұтасы жоқ көсiлген көделi кер жазық та, болмаса тұтасқан тұнжыр орман да емес, ойдым-ойдым жазық алқабын ағаштар қоршаған далалы-орманды өңiр екенiн бiлдiредi. Аңыздың Қыпшақты ағаштың қуысында тудыруының да мәнісі осында. 

Мұның шынында да солай екенiне аңызда көрсетiлген Қыпшақ туған өңiрдiң болмыс бiтiмiнiң күнi бүгiнге дейiн сол күйiн сақтап жатқандығы да куә. Образбен берген ұғымның мәнін түсінбей, тура айтылғандағыдай қабылдасақ, Қыпшақ өмірге келді деген өңiрде қуысына екiқабат әйел паналап, босана алатындай жуан ағаштың өспейтiнiн өсiмдiк әлемiн зерттеп жүрген кез келген маман растай алады. Бұл да жоғарыда біз айтқан: есте жоқ ескi заманда бiр Түрік деген атаудың аясына енiп, әрқайсысы бiрнеше халықтың (тайпаның) басын бiрiктiрген үш бiрлестiктiң үлкен су бойын мекендегендерiн жалпылама ортақ бiр-ақ атаумен: «ғұздар» (кейiнгi «оғыз» аталып жүргендердiң арғы аталары), терiстiктi жиектеген қалың орманды жыныстың далалық бетiн мекенде¬гендерiн: «орман адамдары» (кейiнгi «ағаш ерi» аталғандардың арғы аталары), ал осы екеуiнiң ортасындағы орманды-жазықты далалық кең алқапты мекендегендерiн: «далалықтар» (кейiнгi «қыпшақ» аталып жүргендердiң арғы аталары) деп аталған деген пайымдауымыздың дұрыстығына куәлiк ете алады. 

Қойшығара Салғараұлы, тарихшы, филология ғылымдарының докторы, профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?