Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлттың рухын жаңғыртқан

2094
Ұлттың рухын жаңғыртқан - e-history.kz

Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың табиғи ауылын қайта жасағысы келді, ол сапарларының бірінде осындай нәрсені көрген еді. Киевтің орталығында нағыз украин үйлері (хата) бар хутор жасалыпты. Бірақ бұл идеяны іске асыру үшін біршама қаражат керек еді.  Ол қазақ халқының әр этносы өз өнерін көрсете алатын театр ұйымдастырып, қазақтың ұлттық дәстүрлерінің үлкен театрын құруды армандады. Оның жүзеге асыруға уақыты жетпей кеткен идеялары көп  болды.  

2021 жылы 28 тамызда Өзбекәлі Жәнібеков 90 жасқа толар еді. Соның тұсында Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде және Жаркент мешітінде сәулет-көркем мұражайлары ашылды, көптеген сәулет ескерткіштері мемлекет қорғауына берілді. Ол барлық нәрсеге ұқыпты болды, Ахмед Яссауи кесенесі ғимаратының алдына ештеңе отырғызуға немесе салуға рұқсат бермеді, өйткені бұл жерде ежелгі қорымдар көп еді. Сонау Эрмитаждың өзінен атақты тайқазанды қайта алдырады. 7 металлдың қоспасынан жасалған бұл көне қазан мұсылмандар үшін қасиетті саналатын. Ерекше қазанға құйылған су емдік қасиетке ие болатын. Сталиннің тұсында тайқазанды Ленинградқа алып кеткен еді және оны қайтару мүмкін емес сияқты болып көрінетін. 54 жылдан кейін, Өзбекәлі Жәнібеков Мәдениет министрі болып тұрған кезінде, тарихи жәдігерді туған жеріне қайтара алды. Қазанның ішінде қоқыс жатқан екен дейді. Ленинград мұражайынан салмағы 2 тонна болатын үлкен экспонатты шығару үшін экспозиция залы қабырғаларының бірін бөлшектеуге тура келген екен. Туған елінің мәдениетіне қатысты сөз қозғалғанда, Өзбекәлі үшін ешқандай кедергі болмайтын.

Қазақстанда Ө.Жәнібековтың тұсында көне Отырар, Тараз, Үстірт ескерткіштері негізінде үш тарихи-мәдени қорық-музейі құрылды.

Өзбекәлі Жәнібеков Наурыз мейрамын халыққа қайтару үшін көп жұмыс жасады. Кеңес өкіметі жылдарында ежелгі мереке халық өмірінен жойылып кеткен болатын. Қазақстанда қайта жаңғыртылған Наурыз 1988 жылы тойланды, ал 1991 жылдың көктемінде Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен ол ресми мәртебеге ие болды. Көктемнің басты мерекесі Алматыда ескі алаңда театрландырылған көрініспен, қымыз бен бауырсақ, спорттық жарыстармен өтті. Сол кезде, Өзбекәлі Жәнібековтің арқасында қоғамдық санада өзгерістер орын ала бастады, адамдар өздерінің өткеніне, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға бет бұрды.

«Алтынай» фольклорлық-би ансамблін құру үшін Өзбекәлі Жәнібеков Мәскеудің атақты маманы Ольга Всеволодская-Галушкевичті шақырады, онымен бірге мұрағаттарға барып, қазақ ауылдарын аралап, оларда ұмытылған ұлттық билерді жаңғырта білген ақсақалдар мен әжелерді табады. Осылайша, оның бар екенін  тіпті отандық өнертанушылар да білмеген ежелгі ерлердің билері қалпына келтіріледі.

Туған халқының мәдениетіне, оның тіліне, әдет - ғұрыптарына деген мұң Өзбекәлі Жәнібековке тыныштық бермеді. 90 -шы жылдардың басында ол «Арқас» тарихи -мәдени мұраны сақтау қоғамын басқарды, мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіру мәселелерімен айналысып, ғылыми - көпшілік әдебиеттерді шығаруға қатысты. Оның ғылыми қызығушылықтары арасында қазақтардың дәстүрлі өнері, халық кәсіпшілігі, музыкалық-ән шығармашылығы, зергерлік әшекейлер, ұлттық костюм мәселелері болды. Осы бағытта ол кандидаттық диссертация дайындап, оны Новосибирскіде сәтті қорғап шығады. Қазақтардың ауызша музыкалық шығармашылығын зерттеу барысында ол айтыстарда би жарыстарының болуы туралы гипотеза ұсынған.

fe43c9d5e041a1e337a401a1be9aa85e.jpg

Өзбекәлі Жәнібеков өз қолымен ұлттық киімдердің эскиздерін әзірлеген.

Бұл адам үшін «отбасы» ұғымы тек қандас туыстарын ғана емес, сонымен бірге өзімен жұмыс істеген, араласқан барлық адамдарды да қамтыған. Мұғалім болып жұмыс істеген кезінде ол: «бала қалай тұрады, не киеді, не жейді»,-деп әр бала үшін алаңдайтын. Бар баланың оқу үлгерімі жақсы болуы үшін тырысып, жан-тәнімен беріліп жұмыс істейтін»,-деп еске алады жұбайы.

Өзбекәлі Жәнібеков көптеген кітаптардың авторы, жинақтар құрушысы. Аз уақыт ішінде «Жаңғырық...», «Қазақ кәсібінің мәдениеті», «Алтын домбыра туралы аңыз ізімен», «Уақыт керуені» және басқа да тарихи-танымдық шығармалар сериясы жарық көреді. 

Ол халық өнерінің жоғалған элементтерін қалпына келтіруді ізгі миссия тұтты, осы мақсатта «Қазақ костюмі», «Маңғышлақ өрнектері» альбомдарын шығарды, онда қазақ костюмінің барлық қолда бар түрлерін, соның ішінде Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Орынбор қалалары мұражайларының қорларында сақтаулы тұрған түрлерін жариялады.

a67a2048af5f5785b4d70c7b6dc7f432.jpg

Қазақстан бойынша барлық сапарларында Жәнібеков аға буын өкілдерінен қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы, киімдері, олардағы өрнектер туралы, қандай киіз үйлер қойғандары және т.б. туралы сұрастырып жүреді. Қаншалықты жұмысбасты болса да, ол қазақ этнографиясы саласында ғылыми зерттеулер жүргізіп, тарихи зерттеулердің тұтас томдарын зерделеуге уақыт таба біледі.

Республикада кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті қайраткерлері: Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаевты, Шәкәрім Құдайбердіұлын және басқаларды ақтау процесі Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей қатысуымен жүрді.

Жоғарғы Кеңестің депутаты болған Өзбекәлі Жәнібеков тілдер туралы заңды әзірлеуге қатысып, тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының авторы болды. 1989 жылы патриоттар қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуы үшін көп күш-қуат жұмсады. Өзбекәлі Жәнібеков қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуын шын жүректен тіледі.

Өзбекәлі Жәнібековті отандық мәдениетті жандандырудың пионері деп атауға болады, ол қазақ тарихын, мәдениетін, сәулетін, археология және палеонтология ескерткіштерін реставрациялаудың, зерттеудің, зерделеудің бастамашысы болды. Білуге деген туа біткен құмарлығы, шығу тегіне деген құрметі, ауыл ақсақалдарымен әңгіме-дүкен құра ала қабілеті оған өткеннің ғажайып ғимараттары туралы, ғайыптың күшімен сақталып қалған жәдігерлер туралы бірегей ақпараттар алуға мүмкіндік берді.

a371650fdd2df331f590193365884a12.jpg

Өзбекәлі Жәнібеков еліміздің оңтүстігінде үлкен жұмыс атқарды, ол Алматы облысында Жамбыл мен Сүйінбай кесенелерінің, Үмбетәлі ақын мұражайының, «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің және «Алтынай» халық биі ансамблінің ашылуына көмек көрсетті. Ол Алматы қаласы мен Алматы облысының театрларына, корей, неміс драма театрларына және басқа да театрларға қамқорлық көрсеткен, ал Алматыдағы халық музыкалық аспаптар мұражайы әлі күнге дейін бүкіл республикаға танымал. Өзбекәлі Жәнібеков болмаса, Қазақстанды бүкіл әлемге танытқан Айман Мұсақожаева, Гаухар Мырзабекова, Аида Аюпова сынды музыканттар болмауы мүмкін еді, өйткені 90-шы жылдардың ортасында республикада алғаш рет ішекті ысқылы аспаптар коллекциясын жасауға мұрындық болған да дәл осы Ө.Жәнібеков еді, ондай коллекция ол кезде тек Мәскеу мен Киевте ғана болған болатын. Сол кезде, республика басшылығының қолдауымен, алты ай ішінде Италиядан, Австриядан XIX ғасырдың бірегей қымбат скрипка ысқылары, оның ішінде Страдиваридің де туындылары бар, сондай-ақ әйгілі Санта Серафима виолончелі сатып алынды. Осы коллекцияның, өз талантының арқасында біздің музыканттар беделді музыкалық конкурстарда жүлделі орындар иелене алды.

Халық оның Отан алдындағы еңбегін жоғары бағалады. Елорда мен Алматы көшелеріне оның есімі берілген, өмірінің соңғы жылдары тұрған Мәуленов көшесіндегі үйге мемориалдық тақта орнатылған.

Өзбекәлі Жәнібеков жетекші ғалым, саясаткер және мемлекеттік шенеунік ретінде, күні-түні қызметте жүрсе де, отбасы, ошақ қасына да құрметпен қараған. Өзбекәлі Жәнібеков үлгілі және тату отбасының басшысы, адал жар, қамқор әке және сүйікті ата болған. Қазір оның немерелері мен шөберелері өсіп келеді, ал ержеткен балалары көрнекті әкенің үмітін ақтай алды.

Көзі тірісінде-ақ 1996 жылы Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының жеке қорлар және тарихи-құжаттық коллекциялар бөлімінің өтінішіне үн қосып, сол жерге өзінің жеке мұрағатын мемлекеттік сақтауға тапсырды. Енді оның ұрпақтары, зерттеушілер, барлық мүдделі тұлғалар жеке тұлғаның тәжірибесі призмасы арқылы тарихқа қол тигізе алады.

Өзбекәлі Жәнібеков зейнетке шыққаннан кейін қазақ үшін ғана емес, Қазақстанның барлық халықтары үшін ұлтты біріктіретін ұлттық идеяның қажеттілігі туралы айтқан.

Ол небәрі 66 жасында өмірден өтті. Тағдыр жазған осы ғұмырында Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқының тарихы мен  мәдениетінде өзінің қайталанбас ізін қалдыра алды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?