Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жоралғылы жорық

1754
Жоралғылы жорық  - e-history.kz
Қазақтың соңғы ханы Кенесарының бассүйегі көптеген зерттеушілерді алаңдатып келеді. Атақты тарихи тұлғаның басын іздеу жолында жазылған бұл жазбаның құны жыл өткен сайын арта түседі

Мәскеу қаласына келе салысымен бiзге бағыт-бағдар сiлтеп, жөн көрсетер-ау деген екi ағайынымызды тауып алуға тиiстi едiк. Оның бiрi антрополог Ноэл Шаяхметов те, екiншiсi әйгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың қызы Нәйлә Бекмаханова болатын. Сұрастыра жүрiп Шаяхметовтің ғылымды тастап, халық емшiсi болып кеткенiн бiлдiк. Ал профессор Нәйлә Ермұханқызы Ресей Ұлттық ғылым академиясының Ресей тарихы институтында жетекшi ғылыми қызметкер болып қызмет iстейдi екен. Алдымен үйiне телефон соғып, келген шаруамызды жасырмай, ашық айттық. 

– Бiрiншiден, аруақ үшiн, екiншiден, әкем үшiн қолымнан келген көмегiмдi аямаймын. Оған сенiңiздер. Телефонмен көп ештеңе айта алмаспыз, ертең қызмет орныма келiңiздер, кең отырып әңгiмелесейiк, – дедi Нәйлә Ермұханқызы ағынан жарылып. 

Ертеңiнде белгiленген уақытта Ресей тарихы институтына барып, Нәйлә Бекмахановамен кездестiк. Келген шаруамызды ден қоя тыңдап алған соң, Ермұхан ағаның Кенесары туралы қазақшаға аударылған кiтабын қолына алып, алғашқы бетiндегi әкесiнiң суретiн көрiп, көңiлi босады, көзiне жас алды. 

– Кенесары хан туралы бiр кiсiдей бiлгенiммен, оның бас сүйегi туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Сiздердiң айтуларыңыз бойынша, егер ол шынымен патшаға, Санкт-Петербургке жiберiлген болса, Эрмитажда немесе Кунсткамерада болуы мүмкiн. 

– Кешiрiңiз, апай, сөзiңiздi бөлейiн, бiр кездерi ханның басы Эрмитаждың көрме залында тұрған деседi. 

– Мен оған сене қоймаймын. Ол бiреулердiң өздерiнше тон пiшiп, ойдан шығарған қаңқу сөздерi ғой. Әйтпесе, бiр елдiң көсемiнiң бас сүйегiн мұражайға қойып қою нағыз мәдениетсiздiктiң, тiптi тағылықтың белгiсi емес пе! Ал Ресей зиялылары оған бара қоймас деп ойлаймын. 

– Тiптi жиырмасыншы ғасырдың жетпiсiншi жылдары көрген адамдар бар екен. Мен ол кiсiлердiң өз аузынан естiдiм. 

– Өз басым бұл сөзге де сене қоймаймын. Жетпiсiншi жылдардың аяғында көрсе, етегiмiздi жауып, есiмiздi жиғаннан берi Мәскеу қаласында тұрып келе жатқан бiз де көретiн едiк қой. Тым болмаса естiп-бiлетiн едiк қой. Екiншiден, жетпiсiншi жылдардың аяғында Эрмитажда тұрса, сексенiншi жылдардың аяғында ұшты-күйлi, iз-түзсiз жоғалып кетуi мүмкiн емес сияқты. Өйткенi, мен бiлемiн, сексенiншi жылдардың аяғында да iздестiру жұмыстары жүргiзiлген. Өкiнiшке қарай, ешқандай нәтиже шықпаған едi. Егер жетпiсiншi жылдары көрмеде тұрса, бiр iзi болар едi ғой. Бiрақ бұл Эрмитажда жоқ деген сөз емес. Бұл – қасиеттi нәрсе, сондықтан iздестiрудi жалғастыра беру керек. Тек бiр айтарым, ол бас сүйек ретiнде ғана емес, бұйым ретiнде де бiр жерде тiркелiп жүруi мүмкiн. Мәселен, күлсалғыш немесе ыдыс-аяқ түрiнде де болуы ғажап емес. Осы жағын да естен шығармаңыздар. Әйтеуiр Эрмитажды мұқият қараңыздар. Әкемнiң архивiнiң бәрi менiң қолымда. Бiр қарап шығайын. Бiрдеңе тапсам, қосымша хабарлармын. Ал Санкт-Петербургтегi Эрмитаждың директоры Пиотровскийдi, әлемге әйгiлi ғалым Сергей Кляшторныйды, белгiлi тарихшы Виктор Паняхты өте жақсы танимын. Қарым-қатынасымыз да жаман емес. Өте зиялы адамдар. Осы кiсiлерге хат жазып беремiн. Көмектеседi деп ойлаймын. Оларға ашық айтыңыздар, түсiнедi. Тағы бiр айтарым, архивпен жұмыс iстеңiздер. Ол үшiн, әрине, уақыт керек. Бұл — жеңiл-желпi iс емес, күрделi шаруа. Сондықтан бiр музейдiң немесе бiр архивтiң айналасында тұйықталып қалмай, жан-жақты iздестiрулерiңiз керек. Мәселен, бiздiң Ғылым академияның да Антропология және этнология институты бар. Соған да кiрiп шығуларыңыз керек. Кейде адам ойламаған жерден табыла кетуi де ғажап емес. Оны iстiң сәтi бiледi. 

Нәйлә апай бiзге бұдан да басқа көптеген ақыл-кеңестер айтып, алдағы жұмысымызға бағыт-бағдар сiлтедi. 

130689feca91a78d76a9fc828bb14e16.jpg

* * * 

Сонымен қатар Мәскеу қаласындағы Антропология және этнология институтымен хабарластық. Антропология бөлiмiнiң меңгерушiсi Маргарита Михайловна Герасимова екен. Жөн-жоба сұрасқаннан кейiн: 

– Сiз атақты антрополог Михайл Герасимовтың қызы емессiз бе? – деп сұрадық. 

– Иә, дәл таптыңыздар! – Жүзiнде күлкi ойнады. 

– Бiз Қазақстаннан келген зерттеушiлер едiк. 

– Өте жақсы. 

– Сiздерде қазақтардың бас сүйектерi бар ма? 

– Тек қорғаннан табылған бастар бар. 

– ХIХ ғасырдың қырқыншы жылдарының соңында басы кесiлген қазақ ханы Кенесары Қасымовтың бас сүйегi жоқ па? 

– Егер маған сенсеңiздер, бiзде ондай тұлғаның бас сүйегi жоқ. Бiздiң институт 1950 жылы құрылған. Сондықтан одан бұрынғы есiмдерi белгiлi тұлғалардың бас сүйектерi жоқ. Егер болса мен бiлетiн едiм. Өйткенi бiздегi бас сүйектердiң бәрi маған жақсы таныс. Бiз саясаткер емеспiз, ал таза ғалымдардың бұндай мәселеде өтiрiк айтпайтынына сене берiңiздер. Бiр кеңес берейiн. Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң антропология институты мен мұражайы бар. Соған барып көрiңiздер. Ол ерте құрылған. Онда он бес мың бас бар. Қайдан бiлесiздер, мүмкiн, содан табылып қалар... 

* * * 

Сұрастыра жүрiп Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң антропология институты мен мұражайын тауып алдық. Аталмыш зерттеу орталығы директорының орынбасары, биология ғылымының докторы, антрополог Арсен Пурунджан жылы жүзбен қарсы алды: 

– Бiзде он бес мың бас сүйек бар екенi рас. Соның бес жүздейi – Қазақстан территориясынан қазып алынған бас сүйектер. Сiздер айтып отырған ханның басы жоқ. Дегенмен, өздерiңiз де қарап көрiңiздер. Көңiлдерiңiзде күдiк қалмасын. Бiзде сақтаулы тұрған он бес мың бас сүйектiң барлығының тiзiмi бар. Каталогтан мұқият қарап шығыңыздар. Сiздерге бiздiң институт пен мұражайдың аға ғылыми қызметкерi, бас сүйектiң маманы Валерий Анатольевич көмектеседi. 

b8b9014de28b6ed362d059b79d5bcd14.jpg

Бiз Валерий Анатольевичтiң жәрдемi арқасында аталмыш зерттеу орталығында үш күн отырып, ондағы бүкiл бастың тiзiмiн асықпай қарап шықтық. Пурунджан мырза айтқандай, қазақ жерiнен қазылып алынған бас сүйектер бiршама болғанымен, бiз iздеген жоғымызды таба алмадық. 

* * * 

Ендiгi үмiтiмiз Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитаж бен Антропология және этнография (Кунсткамера) мұражайында болатын. Сондықтан ендi Мәскеу шаһарында көп аялдаудың қажеттiгi жоқтығын ескерiп, Санкт-Петербург қаласына жүрiп кеттiк. 

Бiз Санкт-Петербург қаласына келгенде күн кешкiрiп қалған мезгiл болатын. Бiрақ айнала жап-жарық. Сөйтсек, «ақ түннiң» нағыз басталған шағы екен. 

Табиғат-ананың таңдайыңды қақтырар құпия сырлары көп қой, Санкт-Петербург қаласында жаз айларында түн болмайды. Күндiзгiдей жап-жарық болады да тұрады. Бiрiншiден, атақты Петр салдырған тарихи қаланы, екiншiден, осынау «ақ түндi» тамашалау үшiн осы мезгiлде алыс-жақын шетелдерден туристер қаптап кетедi екен. Бiздiң де сапарымыз осыған тұспа-тұс келiп, түстенетiн орын таппай, әбден қиналдық. Талай қонақ үйдiң есiгiн қағып, табалдырығын аттадық. «Қыркүйекке дейiн орын жоқ!» – дейдi қарауылдары кеудеңнен итерiп. Әрине, күнiне әр адамға 100-ден 500 долларға дейiн төлейтiн қымбат қонақ үйлер баршылық. Бiрақ оны бiздiң қалтамыздың көтермейтiнi белгiлi. Содан, не керек, әрең дегенде Санкт-Петербург қаласынан 20-25 шақырым жердегi Пушкин елдi мекенiнен әрi арзандау, әрi қолайлы қонақ үй тауып, сонда орналастық. 

* * * 

18 маусым, жексенбi күнi болатын. Ескi қонақ үйдiң еңсесi түсiңкi, ауасы тарлау болғандықтан, ертеңгi жұмысымызды неден бастарымызды пысықтап алу үшiн әрi таза ауада тыныстап қайту үшiн сыртқа шықтық. Тұрсын аға алда, Шәрiпбек екеумiз артта, бiраз уақыт ой қармасып, үн-түнсiз жүрiп қалдық. Бұл елдi мекеннiң ресми аты «Пушкин» болғанымен, бейресми атауы «Патшалар ауылы» екен. Өйткенi Петрдiң әйелi Екатерина ханымнан бастап, Ресейдiң соңғы патшасы II Николайға дейiн осы ауылдағы сарайларда тұрыпты. Николайды 1917 жылғы жаз айында осы жерде тұтқындап, Омбы қаласына апарған көрiнедi. 

– Большевиктер бала-шағасымен атып тастаған II Николайдың сүйегi осыдан екi-үш жыл бұрын ғана табылған жоқ па? – дедi Шәрiпбек. 

– Оны орыстардың өздерi сарыла iздеп әрең тапты ғой, – дедi Тұрсын аға сөзге араласып. – Бiз жеңiл жүк арқалап келген жоқпыз. Сондықтан жүйелi әрi жоспармен жұмыс iстеуiмiз қажет. Егер мүмкiндiк болса, әр сағатымызға, әр күнiмiзге мiндеттi түрде есеп берiп отыруымыз керек. Онсыз ешқандай нәтиже шығара алмаймыз. Қайда барып, не iстейтiнiмiздi алдын ала ақылдасып отырамыз. 

– Бiз бұндағы жұмысымызды Антропология және этнография мұражайынан бастасақ қайтедi? Оның директоры Чунер Таксами Оразақ Смағұловпен бiрге оқыған екен. Хат жаздырып алып едiм. Тым болмаса ақыл-кеңес берер, – дедiм мен. – Манаш аға да «Бiр бiлсе сол кiсi бiлер» деп ескертiп едi. 

06bb7352beb805cdc5791a1e5ccac479.jpg

– Дұрыс айтасың, – дедi Тұрсын аға. – Ертеңгi жұмысымызды содан бастайық. Ол да бiз сияқты аз ұлттың өкiлi ғой. Ашық әңгiмелесуге болады. 

Көше бойлап жүрiп келемiз. Александр саябағына кiре бере Тұрсын аға: 

– Мынау – әлем ақыл-ойының алыбы Пушкин оқыған лицей, – дедi еңселi ақсары ғимаратты көрсетiп. – Осы жерде, анау Екатерина алаңында Александр Сергейұлы талай жүрдi ғой... 

Бәрiмiз бiр сәт ой құшағына сүңгiп кеттiк...

Думан Рамазан, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

(Жалғасы бар...)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?