Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Түрік әлемі: Қазақтың тотемдік бейнелері

3337
#Түрік әлемі: Қазақтың тотемдік бейнелері - e-history.kz

Кез-келген қоғамның қала берді күллі адамзат тарихының негізгі өзегі, таным-түсінігі мен бүтіндей болмысы мифологиядан басталады. Тіпті ғылымның негізі де осы мифте жатыр деуге болады. Яғни өзінің рухани тарихында мифологиялық кезеңнен өтпеген халық жоқ. Сол секілді қазақ халқының да тарих қатпарлары мен рухани қазынасын ашу үшін мифологияға соқпай өте алмаймыз.

Қарапайым сана бойынша миф дегеніміз – бұл ертегі, ойдан құрастырылған хихаяттар деп есептеледі. Бірақ ХХ ғасырдың ортасынан бастап академиялық ғылым миф ешқандай ойдан шығарылмаған, адамзат қоғамының өткенінен хабар беретін, түбірінде шындық жатқан ақпарат деген түсінікке келді. Академик А.Лосев мифті «жоғарғы деңгейдегі ақиқат» деп атайды. Оның пайымынша, миф атаулының барлығында да әртүрлі уақытты әр халықтың бейсаналық құрылымы-мен, тотемдік ойлау логикасымен анықталатын белгілі бір жалпыға ортақтық бар. Солай болса да әрбір ұлт пен халықтың өз таным-түсінігі болмыстық сипаттағы өз мифін тудырады. Яғни Ф.Ницше тілімен айтсақ, «Мифсіз қандай мәдениет болса да өзінің табиғи күшінің шығармашылық сипатын жоғалтады: тек жекелеген миф-термен ғана олардың ой-өрісі қандай да бір тұтас мәдени қозғалыспен тұйықталады»

Расы керек бүгінгі таңда мифті әдебиет, тарих және география саласына қатысты қызықты әңгімелер ретінде оқытылып жүр. Шын мәнінде көшпелі халықтардың төл мифінде өздері өмір кешкен сол бір көне, алғы дәуірлердің жұмбақ іздері, ішіне сыр бүккен талай белгілер жатыр. Яғни миф пен аңыздар дегеніңіз ежелгі тайпалардың, халықтардың ақыл-есінің жоғары деңгейде болғандығын көрсететін бірден-бір дәлел. Белгілі зерттеуші Серікбол Қондыбайдың айтуынша, миф - ата-бабалардың ежелгі, бастапқы танымындағы ғалами, оның жеке дүниелері, сол ғаламның алғашқы пенделерінің өмірі хақындағы түсініктері. Олардың қатарына аспан, жер, су дүниесі мен жер асты, осылардың тұрғындары, яки тәңірлер мен тәңіриелер, құбыжықтар мен перілер, дәулер, жасампаз батырлар мен ел терушілер, ілкі адамдар, ғажайып мақұлықтар мен заттар, т.б. жатады. Мифология дегеніміз - солар туралы аңыз-әңгімелердің жиынтығы және ғалам жөніндегі фантастикалық түсініктер жүйесі, ғалам картинасы. Адамдардың адамтану, дүниетану көзқарасы, ақиқат танымы. Әрі ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан біздің ата-бабаларымыздың естелік мұраларының жиынтығы. Миф – нақты бір тарихи уақытта, нақты бір географиялық кеңістікте (жертарапта), нақты бір саяси - әлеуметтік, мәдени, шаруашылық жағдайында тірлік етіп жатқан адамзат қоғамының өзі өмір сүріп отырған орта (уақыт пен кеңістік) туралы, ғалам туралы, оның қалай пайда болғандығы, адам туралы, оның қалай пайда болғандығы, адамға ықпал ететін ішкі – сыртқы күштер туралы, өз қоғамының ғаламдағы орны, дәрежесі туралы түсініктерінің жиынтығы.Яғни, миф – ойдан шығарылған өтірік, жасанды дүние емес, нақты халықтың дүние мен өзі туралы Шындығы, басқаша айтқанда – «шын» деп есептелінген, тарихи, рухани тәжірибесіне сүйенген стереотиптік деңгейдегі ақиқаты. Миф - әрине, тарихи айғақ емес, бірақ нақты бір тарихи қоғамның танымы, рухани дамуымен байланысты қалыптасқан, тарихи негізі, қисыны бар, яғни, бұл жағынан, «ақиқат» деп есептеуге болатын дүние». [1.]

59d4aeb0183561432a8b4567.jpg

Яғни көшпелі халықтардың соның ішінде қазақ халқының сонау архаикалық замандардан қалған мифтері мен аңыз әңгімелерде сол заманда үстемдік құрған Құдайлар мен құбыжықтар туралы, рухтар мен аруақтар, алғашқы адамдар мен адам сипатты батыр пенделер туралы түсінігі жатыр. Басқаша айтқанда миф – алғашқы қауымдық қоғам адамдарының әлем, дүние жөніндегі танымының көрінісі.

Бұл анықтамаларға қарай отырып миф атаулының ойдан шығарылған қиял да, ғылыми қағида да, символикалық таңба да, тіптен соқыр діни сенім де емес, орта азия төрінде ат ойнатқан бабаларымыз мен осы материкке түрен салған алғашқы түркі халықтарының түгел тарихы, жұмыр жер, жаратылыс, қоршаған ортасы, тіптен өзі өмір сүретін шексіз де шетсіз ғалам туралы танып білу жолындағы алғашқы талпынысы екенін бажайлауға болады: Онау-сонау соны меңіреу заманда, арғы-арғы, аңғырт тұйық алаңда, ертеден де ертеде, астан-кестен аунаған лай теңіздің ішінде жұмыртқадай жұмыр малта тас жүзіп келе жатыпты. Жалғыз жаратушы Жасаған бұл тасқа бар ынтасымен, мейірімімен таңырқай қарапты. Қолына алып байқаса, оң беті оттай қызыл, астар беті судай мөлдір, таңғажайып тамаша тас екен. Жасаған өзінің шебер қолымен малта тасты қоспасынан (қосылған жерінен) қақ жарыпты. Сол сәтте екіге айырылған жұмыртқадай жұмыр тастың тең жартысы отқа, тең жартысы суға да, от пен су қайта қосылып, буырқана қайнапты. Одан көтерілген будан Көк Аспан пайда болыпты, ал тандыр сияқты қатты қабыршағынан Қара Жер жаралыпты [2.] делінеді.

Ең алғашында, Жер де, Көк те тым кішкене – әуе айнадай, жер Тебінгідей ғана болған екен.Осыдан соң Жер мен Көк бірте-бірте өсіп, үлкейе бастапты. Өскен сайын Көк Аспанның көлемі ұлғайып, жоғарыға көтеріле беріпті де, Қара Жер қатайып, қалыңдап, салмағы ауырлап, төмендей беріпті. Мұны көрген жаратушы Жасаған Қара Жерді киелі көк өгіздің арқасына қондырыпты. Алайда, Қара Жер өгіздің үстіне орнықпай, бір жағына қарай ауа береді. Сонда оны орнықтыру үшін Жасаған жалпақ жердің әр өңіріне ұлылы-кішілі тауларды тұрғызып, салмағын теңгеріп, ауып құламайтындай еткен екен. Жер мен Көк жаралғаннан кейін де қараңғы қара қапас айыға қоймаған. Жасаған ие Жер мен Көкті өз қолымен аялап, әлпештеп, жылы мерейімен есіркеп, жарық нұрымен жарылқап, олардың екі асыл перзент – Күн (ұл) мен Ай (ару) – екі жарықты туғызыпты. Сөйтіп, Күн мен Ай алма-кезек айналып, бірінің артынан бірі жүріп отырып, әлемдегі қара түнекті түре қуыпты. Олар Жер-Көкті жылуы мен жарығына бөлеп, қақаған аяз бен қараңғы түнекті айдап отыратын болыпты. Алайда Аспан әлі де аласа еді, Қара Жер қаңырап, қу тақыр қалпында жатқан-ды. Шебер жаратушы Жасаған Көк еңсесін биіктетіп, құлазыған Жерге тіршілік көркін енгізу үшін, ең алдымен, жалғыз ағаш – «Киелі Бәйтеректі» жаратыпты. Бұл ағаш әуелеп өсіп, көк күмбезінің түңлігін көтеріпті. Өмірдің өркені алғаш рет осы Бәйтеректе жапырақ жарып, мәуелепті. Құдіретті Жасаған енді Жердің иесін жаратпақ болыпты. Ол үшін Жердің кіндігінен бір уыс топырақ алады да, бір еркек пен бір әйелдің мүсінін жасапты. Оларды күнге кептіріп, ауыздарына дем үрлеп жан енгізіпті. Бұлар – адамзаттың алғашқы ата-аналары – Адам ата мен Хауа ана екен. [2]. Осы Адам ата мен Хауа ана үйленіп, егіз-егізден (бір ұл, бір қыз) жиырма бес құрсақ көтеріпті. Осы балалар жиырма бес рулы елге айналып, жер жүзіне жайылып отыр делінеді ескі мифтерде. Ал енді мұны ойдан шығарылған қиял деуге келмейді. Астарында үлкен шындық жатыр.

1535519658293083.jpg

Иә, миф алғашқы таным, көне халықтардың ғылыми пайымы. Миф - жазусыз мәдениеттің мұрасы. Ол әрине, алғашқы кездері қарапйым түсініктер, пайымдар яғни өз деңгейіндегі болжамдарға, көріпкелдік пен сәуегейлікке негізделді. Соған сәйкес, ғаламның құпиялары туралы алғашқы түсініктер де қарапайым болды. Бірақ соған қарамастан, ғалам деген не? Оның құрылымы қандай? Ол қалай пайда болды? - деген сансыз сауалдарға жоғары деңгейінде жауап бере алды. Алғашқы адамдардың түсінігінше, ғалам үш қабаттан тұрған: Отаңғы, жоғары және төменгі қабат. Ш.Уәлихановтың «Халықтың наным-сенімінде аспанда өмір сүретін адамдар бар. Олар тамақтарының астынан белбеу буынады. Біз Ортада, жер үстінде өмір сүреміз, белбеуді денеміздің ортасынан буамыз, ал күні, айы және жұлдыздары бар жер асты адамдары белбеуді аяғында буады», – деп  жазғаны [3] осыған дәлел болса керек.

Мұның барлығы әлбетте қосалқы құралдарсыз, зерттеу апараттарынсыз, жазу-сызусыз жағдайда жүзеге асты. Өзі өмір сүретін табиғатты, әсіресе, аспан шырақтарын үздіксіз бақылауда ұстаған бабаларымыз өздерінше теориялық таным жасай білді. Бұл мифтік таным еді. Яғни мифтік танымның қоршаған ортаны, айнала мен аспан әлемін әрі осы әлемдегі уақыт пен кеңістікті игеру құралы екендігін көреміз. Жазу-сызу әлі пайда болмаған ол замандарда миф осылардың қызметін атқарған. Адам деген жаратылыс пен құпияға толы ғаламның дәнекері іспетті болды. Кейін діннің пайда болуы мен ғылым дамуы мифтік дүниетанымды біраз уақытқа ығыстырып тастағандай болды. Бірақ мифтік таным мен мифология уақыт тозаңында қалып қоймады. Көмескі санада, ұлттардың жадында архетиптік ұшқын, генетикалық кодтардың бір бұрышында қалып қойды.

Белгілі зерттеуші Серікбол Қондыбай былай дейді: «Мифология, миф – ойдан шығарылған қиял емес, ол өткен заманның шындығын бойына сақтап қалған ата-баба сарқыты. Ол өткенді саналы түрде бұрмалаудың, жалғандықтың ескерткіші емес, бірнеше мәрте бүктетіліп, оралып, ақиқаты мен қатесі қатар өрілген, еріксіз шатасудың тозаңының арасында байқалмай қалған ақиқаттың өрім қамшысы» [4].

Иә, миф ақиқаттың өрім қамшысы. Ақиқатын айту керек, атам қазақ жанға жайлы, малға қолайлы өріс іздей жүріп талай дүниенің сырын ұқты. Жұлдызды аспанға көз тастап ғаламның шексіз екенін, ай мен күннің, үркердің көкжиекке қонақтағанына қарап жердің домалақ әлде дөңгелек екенін пайымдай алған. Атам қазақтан қалған мифтер мен ертегілердің кейіпкерлері алып қара құс немесе самұрыққа мініп жеті қабат жер астына немесе жер үстіне сапар шегіп жүреді. Ол биіктен жер ғаламшары тоқымдай ғана немесе теңгедей дөңгелек болып көрінбейтін бе еді. Арнайы құрылғысыз байқай алмайтын жайт. Ол аз десеңіз, Темірхан, Жылан бапы хан секілді ертегі қаһармандары жер астына, Шалқұйрықтың құйрығына оратылып су астына сапар шеге біледі. Яғни бұдан су асты әлемі, жердің мантия қабаты т.с.секілді орта ғасырларда ғана құпиясы ашылған жайттарға көшпелілер сонау ықылым заманда-ақ хабардар болғанын байқауға болады. «Қазақтың ата тегінің болмыс шындығына тікелей жақын болуы, - деп жазады, - олардың бақылайтын, қабылданатын дүниеге сезімдік тұрғыдан жақын болуынан дейді М. Орынбеков.

Белгілі зерттеуші, этногрраф ғалым Зейнолла Сәнік өз еңбектерінде «Миф – грек тілінен аударғанда аңыз, нақыл деген сөз. Мифология сол мифтерді зерттейтін ғылым деген мағынаны білдіреді. Миф бұрынғы әдебиеттерде, қиялғажайып ертегілерде беріліп келген. Мифті бірқыдыру түркі халықтары афсана деп атаған. Афсана – парсы сөзі. Біздің тілімізге аударғанда аңыз деген мағынаны білдіреді. Миф қалай пайда болған? Миф адамзаттың алғашқы балаң дәуірінде дүниеге келген. Ол – алғашқы адамдардың өз атырабындағы заттар жөніндегі жалпы ұғымы, күңгірт түсінігі, қияли межесі, ой жорамалы. Уақыт өте келе ол керемет образдар жүйесіне айналып, әдеби арнаға түскен кейбіреулері аңыз бен әңгімеге қосылып, фольклорлық сипат алып кеткен», - деп жазады [5].

Зерттеуші әрі қарай жалпы миф атулының даму сатысына тоқталады.

«Мифтің дамуын ғалымдар үш сатыға бөледі. Бірінші сатысы – адам мен хайуанды және басқа заттарды ұқсас деп санайтын сәбилік саты; екіншісі сатысы - адам мен хайуанды парықтайтын және адамды басқа жақтан парықтайтын саналы саты; үшінші сатысы - әртүрлі затқа өзіндік түсінік беретін түсініктеме мифтер сатысы.

Дүниенің мифология тарихынан алғанда алғашқы қоғамдағы австриялық, африкалық, америкалық мифтерді жәй мифтер деп атайды да, ежелгі Рим, Еипет. Вавилон, Үнді мифтерін шоғырланып, циклденіп, өркемдік жүйеге түскен әдеби мифтер деп атайды.

Ал, Казакстан ғалымдары қазақ мифтерін алғашқы австриялык мифгерден өрелірек, ежелгі грек мифтерінен солғынырақ аралык жанрға жататын миф деп есептейді екен. Олар мұның себебін қазактар ежелгі Рим, Египет сияқты гүлденген, құлдық мемлекет дәуірін бастан кешірмегендікке апарып тірейді.

Шынында да ертедегі грек мифтері өте қызықты болған. Олар әр нәрсенің өзіне бірден Құдай тағайындаған, оған өзіндік ой, тұлға, көркемдік түс берген. Тіпті сол суреттемелері бойынша сәулетті ғимараттар, мүсіндер, ескерткіштер орнатқан. Батыстың 37 алып ғимараты соның символындай бұл күнде ел назарын ерекше баурап тұр. Сондықтан да ол әдеби қалыпқа түсіп, сан-қилы мифтік аңыздарды тудырып, дүниенің мифология үлгісіне айналған. Батыс елдеріндегі мифология Құдайлар жөніндегі аңыз деп есептелінеді. Қытайлар оны қытайлар туралы аңыздар деп қабылдап, солай қалыптастырған.

Ертедегі гректің егін құдайы Тамудзой деп аталады екен. Ол 7-ші айларда келеді. Сол кезде су шашып қарсы алады. Мұндай көп құдайлы мифологияның сол кездегі көп құдайлы дінмен қатысы болуы әбден мүмкін. Ертедегі гректерде тек әдебиет пен көркемөнерді жебейтін құдайдың өзі тоғыз болған. Зевс ! пен Мнемосинаның тоғыз қызы (9 муза) тоғыз саланың құдайы есептелген.

Евтерия - лирикалық поэзияның қудайы;

Клио - тарихтың құдайы;

Талия - комедияның құдайы;

Мелипомена - трагедияның құдайы;

Терпсихора - бидің құдайы;

Ератов - махаббат поэзиясының құдайы;

Полигимения - гимндердің құдайы;

Варания - астрономияның құдайы; Каллоепа - эпостың құдайы.

Музаға арналған өнерлер музыка деп аталған. Қазіргі муока сөзінің төркіні - осы. Осы музаға арналған ғибратханалар музей деп аталған. Осылардың өзінен-ақ ертедегі грек мифологиясының керемет дамып, орасан биік өреге жеткендігін көруге болады», - дейді [5] ол.

Расында да, атам қазақ тым ілкі заманнан-ақ (көне алтай дәуірі), аса жоғары деңгейдегі философиялық пайым жасай алған. Тағы да тереңдей түссек: Көк түріктердің аспан, жер асты әлемі және оның ортасындағы жер беті әлемі туралы мифологиялық аңыздар өзінің бастауын Алғашқы Жаратылыстан (үлкен жарылыс теориясын есіңізге түсірмей ме?) бастайды. Баяғыда көк те, жер де болмаған, тек бір ғана шетсіз-шексіз мұхит болған. Күндердің бір күнінде мұхиттың ортасында Ақ Жарық көрініп, одан нұр шашқан алтын жұмыртқа шыққан. Оның ішінде күллі әлемнің болашақ түп атасы Тәңір жаралған. Тәңір өте ұзақ, миллиондаған жылдар бойы ұйықтады. Ақыры, бір күні оянды да, жұмыртқаның қабығын жарып сыртқа шықты. Жұмыртқаның үстіңгі жағынан Көкті жаратты, ал төменгі бөлігінен Жерді жасады. Көк Жерге құлап кетіп, жер жүзінде тағы да аласапыран орнамас үшін Тәңір олардың арасына асатаяқ – темір қазық қойды. Ол Аспан таяғы – Темірқазық жұлдызы. Тәңір Темірқазыққа Көк жүзін айналып жүретін аспан арғымақтарын – жұлдыздар мен шоқжұлдыздарды байлап тастады делінеді [2].

90cb2933db0b34df5314760c1f612ecd.jpg

Тағы бір әпсанада бастапқыда шашыраңқы күйде болған Хаос бір күні бөлініп, тәртіпке келіп Ғарышқа айналады. Күн мен жылу орнығып, жер судан айрылып, сосын тірі жан пайда болады. Атақты Күлтегін ескерткішінен мына жазуды оқимыз: «Төбеде көк аспан, ал төменде қара жер жаратылғанда, олардың ортасында адам баласы жаратылды». Аспан мен Жерді осы жер кіндігінен өсіп шығатын өзек Қасиетті Тау немесе Алып Бәйтерек байланыстырады. Осы алғашқы жаратылыста кеңістік тәртіпке келіп қана қоймай, уақытсыздықтан уақыттылыққа өту де жүзеге асады, алып бәйтеректегі «аты жоқ көкектің» шақыруымен уақыт ағысының ырғағы беріледі [6].

Көне мифтердің бірінде бұл үлкен жаратылыс былай суреттеледі: сонау-сонау, соны меңіреу заманда, Жер мен Көк жаралмай тұрғанда, барша ғалам тұтас қара түнек, шетсіз-шексіз кең, түпсіз терең лай су бейнесінде болған. Ол кезде Көк те, Жер де, Ай да, Күн де болмаған. Ұшан-теңіз су, гүрілдей сарқыраған өзен, ұшы қиырсыз от, толассыз соққан жел, шегіне көз жетпейтін жер – барлығы астан-кестен, мидай араласып, сапырылысып қайнап жатқан бір дария еді. «Жасаған» осы аласапыранды реттеп, суды тұндырып, мидай былыққан әлемді қара түнектен айықтырып, тәртіпке келтіріп Жер мен Көкті жаратты [2].

Енді осы ілкі заман (көне алтай дәуірі) мифтеріне тоқталып өтсек.

«Алтай – өз құшағынан жүзге тарта тайпаны таратқан құтты мекен. Оның ұрпақтарын дүниенің көптеген жерлерінен табуға болады. Сонау Еуропадағы түркиялықтар да өзінің атамекенін Алтай деп, қазақтарды Ататүрік деп атайды екен. Дүниедегі ең үлкен тіл жүйесінің бірі Орал, Алтай тіл жүйесі деп аталатыны сияқты, Орта Азияның ежелгі мифологиясы осы Алтай мифологиясының құрамына кіреді» [5].

Айтпақшы, бұл ғалым (З.Сәнік) ежелгі Алтай мифтерін ежелгі алтайлықтардың төтемдік дін, несториан діні, мүшірік діні, будда діні, мажус діні, шаман діні қатарлы діндерге сенген уақытына байланысты бес кезеңге бөліп қарастырғанын айта кету керек:

1. Ертедегі қазақ тайпалары да Ислам дініне кіруден бұрын төтемдік дін, несториан діні, мүшірік діні, будда діні, мажус діні, шаман діні қатарлы діндерге сенді. Бұл діндердің негізі де көп. Гректердің көп құдайлы дінімен ұқсас келеді. Мысалы, мүшірік діні - айға, күнге, көкке, отқа табынады. Әлемдегі әрбір құбылыстың өз иесі бар деп есептейді. Сондықтан сол кездегі қазақ тайпалары Тәңірге, Жасағанға табынған. «Көк Тәңір жарылқасын, Аспан ата, Жер ана, Су ана» деген сияқты сөздер, жаңбыр жаумай қалғанда тасаттық беріп, көк Тәңірінен жауын тілеу біздегі сол дәуірден қалған ырымдар екендігі хақ. Қазақтың жаңа айдың туғанын көргенде:

Ай көрдік, аман көрдік,

Жаңа ай жарылқасын,

Ескі ай есіркесін, -

деп бата беруі де өте ертедегі ұғымның сарынын білдіреді. Күнді құрмет тұту, күнге тіл тигізбеу, жауынды Тәңірдің нұры деп түсіну сол бір ұғымның сарқыны болса керек. Міне, осындай наным ықпалынан қазақтың аспан әлемі, дүниенің жаратылуы жөніндегі ең алғашқы мифтері туындаған. Алдымен аспан алақандай, жер тебінгідей болып жаратылған. Алдар Көсенің сайтанды жеңуі туралы ертегіде бұл ұғым өте қызықты айтылады. Аспан мен Жер жаралған соң, Күн мен Ай туыпты. Күн - жігіт, Ай - қыз екен. Ай өте сұлу болыпты. Күн оған ғашық екен. Ай Күнді менсінбеген соң, Күн бетін тырнап алған екен. Содан барып Айдың беті айғыз-айғыз болып қалыпты. Одан бірін-бірі қуып, аспанға орналасқан екен. Бірі түнде, бірі күндіз көрінетіндіктен, өзара бірін-бірі көре алмайды екен. Күннің жаууы солардың өзара сағыныскандағы көз жасы екен. Ал, Құсжолы Ай анасының Аспанға шығып, қызын іздегендегі аққан сүті екен дейді. Құсжолын батыс елдері Галактика дейді. Бұл – сүт мағынасындағы сөз. Олай болса, біздің ертедегі әлем жөніндегі мифологиямыз батыс мифологиясымен қабысып жатыр ма деген ой келеді.

Бұдан сырт Жетіқарақшы, Үшаркар, Үшмерген, Үркер, Босаға, Бикеш, тары басқа аспан әлеміндегі көптеген жұлдыздар жөнінде де және Кемпірқосақ сияқты аспан құбылыстары жөнінде де қазақтың қызық-қызык мифтері бар. Оның бер жағында әр адамның жұлдызы бар. Адам өлгенде ол өзімен бірге өледі.

Жулдызы батты», «Жұлдызы сөнді», «Жұлдызы жоғары» деген ұғымдар да сол кезде қалыптасқан болуы мүмкін.

Сондай-ақ, су иесі Сүлеймен болғаны сияқты 17 мың ғаламның бәрінің де жеке-жеке иесі болған. Бәрі де қазақ мифтерінің ұғымы бойынша қолмен қойғандай орналастырылған. Жер астындағы Көкөгіз, Мәдi туралы мифтер де сондай қызықты. Міне, бұл – қазақ мифологиясының ең бірінші бастауы.

2. Төтемдік діннің ықпалынан туындаған мифтік ұғымдар.

Табиғаттың алып тұлғасына, тарпаң күшіне, әртүрлі хайуанаттарға табыну төтемдік дінге жатады. Ертедегі түркі халықтары, соның ішінде қазақтар да биік тауға, асау дарияға, тағы жануарларға табынған. Ертедегі грек құдайларының Олимпияда тұрғаны сияқты түркі халықтарының Тәңірлері Отыген тауында (Моңғолия), Алтайдың асқарында, Тәңір тауында, Хантәңірде (Жетісудағы Ортау - Кертауда) тұрған.

Шығыстан бір рет қашып, Тәңір көліне жасынырып аман қалған. Боғдаш шоқысы ол кезде Ақтау — Алып Ата шоқысы атанған. Боғданың күнгейіндегі хикмет тастар сол кездегі Алып Атаның жауларын қуғандағы зақпыға салып атқан тастарымыс. Ежелгі грек халықтары осы тауларға табынып, құлшылық жасап отырған. Бұдан сырт түркі халықтарының бірқыдыруы бөріге табынған. «Оғыз батыры Бөрі жеңіске бастаған», «Үйсін патшасы Күнбейді Бөрі емізіп баққан», «Хұн патшасы Бөрімен үйленген». Найманның бір жарлы батыры Алтайдың Еркене Көкшоқысында Бөрімен үйленіп, сонан Еркөнекті Найман таралған. Бұдан алты мың жыл бұрын Алтайда бір Бөрі қашып, таудың үңгіріне кіріп кеткен. Сол Бөріні шығарамыз деп әлгі үңгірді өртеген. Сонан барып түркі халықтары темірге ие болған. Әрі бұл темірді Бөрінің бастауымен тапқандығын аңыз етіскен. Керей ханы Уаңханның шешесі аңшы, батыр адам болған. Ол Xұндар сияқты Маралға табынған. Алпауыт Бөрілердің қорғауына ие болған. Сондықтан, ертеде түркі халықтары соғыс батырларына Бөрі деген атақ берген. Бөрінің басы туға түсіріліп, оны жорықтың алдында жүретін ақбоз атты сарбаз алып жүретін болған. Шыңғыс ханның жорығында Бөрі туын ақбоз атты жауынгер бастап отырған. Адамның Алып Атасы болуымен қатар қойдың Шопан атасы, жылқының Қамбар атасы, сиырдың Зеңгі атасы, түйенің Ойсылқарасы, т.б. әр хайуанның өз иесі, атасы болған.

Қазақтың жыл қайыруына кіретін 12 хайуан туралы айтылатын мифтік аңыз, міне, осыны әйгілейді. Сонымен бірге қарақұм айдаһар, балық, т.б. хайуандар туралы айтылатын мифтер де қазақта аз емес.

3. Мажус дінінің ықпалынан туған мифтік ұғымдар.

Мажус дініндегілер негізінен әруаққа, өзінің ата-бабаларына сиынып, табынады. Қазақтың Алладан бұрын әруақты ауызға алуы, бәлкім, осының сарқыншағы болуы мүмкін. Түркі халықтары әуелі Тәңір атаға, онан соң Жер анаға, онан кейін Умайға табынған. Махмұт Қашқаридың «Умайға табынған ұғыл болор» дегені сол аруаққа табынудың сарыны. Ұйғыр ғалымы Ибраим Мүти қазақ әйелдерінің қорыққанда «ойбай» дегені сол умайға табынудың өзгеріп барып, қалыптасқаны деп топшылайды. Сонда қазақтардың «Көк соқсын, жер жұтсын, әруақ атсын» деген қарғыстары осы діннің тоғысуынан туған мифтік ұғым болуы ғажап емес. Исламнан бұрын қазақ әйелдері Бибəтимаға емес, Умайға табынатын болуы мүмкін. Қазіргі әруаққа ас беру, шек беру салттары – Ислам дінінде жоқ салттар. Бұл да сол Мажұс дінінің сарқыншақтары болса керек. Қабанбайдың, Жәнібектің аруағын шақырып айғайлауын да осыған жатқызуға болады.

4. Несториан, будда, шаман діндеріне қатысты мифтер қазақта араласып кеткен. Өлген батырды сауыт-сайманымен жерлеу, бал аштыру, бақсы-балгер жорамалына сену, арбау, шарғу, т.б. нанымнан туған ұлттық ұғымдар осыған жатады. Бұдан сырт басқа халықтардың мифтік ұғымдары әртүрлі жолмен түркі халықтарына, қазақтарға келіп сіңіп, сол ұлттың өз мифтеріне айналып кеткен. Адамның хайуанға, хайуанның адамға айналуы тәріздес мифтер бізге Үнді, Еуропа мифтерінен келіп сіңген. Дию жөніндегі мифтер ежелгі Иран мифтерінен келіп сіңген. Қызыр перілері де ирандықтардан келген.

 загружено (1).jpg

Бірақ бұлар өз қанымызға сіңіп, өзімізге тән ұлттық сипатта қазак мифтеріне айналып кеткен. Мысалы, Каратаудың терісіндегі Келіншектау Әлбай деген батырдың теріс батасының зардабынан тасқа айналып кеткен өзінің ұзатқан қызы екен. Карынбай халықтың қарғысына ұшырап, суырға айналып кетіпті. Бұдан сырт адамнан бакаға, итке, қасқырға, шошкаға айналып кету немесе хайуаннан адамға айналу казактың мифтік аңыздарында көп кездеседі.

Бұрынғы заманда біреудің бір қыз, бір ұлы болыпты. Кызы улкен, ұлы кіші екен. Әке-шешесі жоқта қыздың ұлға көңілі ауып қалыпты. Әке мен шешенің қарғысынан ұл көртышқанға, кыз мәлiнге айналып кеткен екен. Күйкентай Құндыз жөнінде де осы көртышқан мифі тәріздес мифтік аңыздар бар. Ғалымдар мұндай өзгерушіліктің үш түрлі себептен туатындығын қорытындылаған. Бірі шаршап-шалдығудан, ұйықтап кетіп, сол бойы тасқа немесе басқа затқа айналып кетеді. Қоңыр әулие үңгірінде жатқан Әулие ата сондай тасқа айналған екен-мыс. Екіншісі – кінәлі болудан осындай жағдайға душар боладымыс. Жоғарыда мұның мысалдарын келтірдік. Үшіншісі – қатерден құтылу үшін басқа затқа айналады. Мысалы, Мәді туралы былай айтылады: Мәдi қашып келе жатып, қысылғанда «Кара жер, как айырыл, қара жер, қақ айырыл» деп айқайлайды. Айтқанындай қара жер қақ айырылып, Мәдіні құшағына алған соң, қайта жабылып қалады да, Мәдi құтылып кетеді.

5. Ислам дініне қатысты мифтік ұғымдар.

Ислам діні – қазақтар қабылдаған діннің ең соңғысы әрі бұрынғы көп құдайлы дінді теріске шығаратын бір құдайлы дін. Ол бұрынғы діни ұғымдарға қатысты туған мифтік ұғымдарды ығыстырып, оның соңғы ұрпаққа жалғасуына үлкен кедергі жасаған. Оның ықпалын солғындатқан немесе үзіп тастаған. Ертедегі қазақта Алтай мифтерінің бізге өз қалпында жетпей отыруының себебі, міне, осында. Бірақ, сонымен бірге Ислам діні өзіндік мифтік сарынымен бірге араб-парсы елдерінің мифтік ұғымдарын ала келіп, қазақ мифологиясының дамуына белгілі ықпал көрсеткен. Қазақ мифтерін толықтырып, кемелдендірген жағы да бар.

Бұрынғы заманда бір бай болыпты. Ол өте қарау екен. дей-кепшікке көмектеспейтін, жетім-жесірге пітір-садақа бермейтін сараң екен. Өмірінде бір жарлыға тек жарт садака беріпті. Күндердің бірінде жолаушылап келе жат жерден «Опаға – жапа, опаға – жапа!» деп зарлаған да шығыпты. Бірнеше қабат тастың астындағы кішкента құмыраның ішінен шыққан дауыстың сырын білмек болы құмыраның аузын ашып, жерге төңкеріпті. Құмырадан түскен кылдай нәрсе аздан соң топыраққа аунап, шуал шаңдай, одан жыландай, акыры айдаһар болып, əлгі адамды жұтпақ болып ты. «Әй, мені неге жұтасың» дегенде, айдаһар «Айтканымды орындаймын, опа кылғанға жапа келтіремін» деген екен. Әлгі адам кысылып тұрғанда отыз атты адам өтеді қасынан. Карамайды. Онан соң жеті атты адам өтеді, ол да қарамайды. Соңында алыстан караңдаған біреу көрінеді. Жүрісі тым баяу. Айдаһар арбаған адам өлерменге келіп, жер басып қысылады. Жаны мұрнының ұшына жетеді. Осы сәтте Әлгі адам жетіп келеді. Қараса, бір көз, бір аяқ, бір қолы жоқ жарты денелі адам екен. Айдаһар мен адамнан жөн сұрайды. Олар болған істі баяндайды. Жартыкеш адам айдаһарға сеніңкіремей: «Кәне, рас болса, бұрынғы қалпына келші», - дейді. Айдаһар ары домалап, бері домалап бұрынғы қалпына келеді. Содан жартыкеш оны бұрынғы құмыраға салады да, аузын буып, алғашкы орнына тастайды. Опаға – жапа, опаға – жапа деп, ол бұрынғынша зарлап кала береді. Онан соң жартыкеш адам әлгі адамға: «Бағанағы отыз адам – отыз күн ораза, онан соң жеті адам - жеті рәкат намаз. Сен соның бәрін өтемегендіктен, олар да саған карамай кетті. Қалай екені белгісіз, әйтеуір қолыңнан бір кезде жарты карма садака шығып қалған екен, мен солмын. Егер бүтін карма берген болсаң, мен төрт мүшесі сау адам болып келіп, әлдеқашан құтқарып алған болатын едім», - депті де ғайып болыпты.

Міне, осы тектес Ислам дініне қатысты мифтік аңыздар казакта аз емес. Қазақтың ауыз әдебиеті ұлттық түс алғаннан кейін көне мифтік ұғымдар ауыз әдебиетінің көптеген салаларына сыналап кіріп, оған өзіндік мазмұн, рең қосқан. Соның нәтижесінде қазақтың мифтік аңыздары, мифтік ертегілері қалыптасқан. Тіпті, батырлық жырлары мен ғашыктык жырларға, макал-мәтелдерге дейін мифтік ұғымдар араласқан. 1 Мысалы, «Төрт өнерпаз» деген мифте ертеректе өнерпаздың біреуі ең алдымен ағаштан келістіре отырып, адамның тұлғасын жасайды. Екіншісі оған киім киіндіріп, адам кияпатына келтіреді. Үшіншісі оған жан салады. Төртіншісі акыл-парасат береді. «Балшық батыр», «Нан батыр» деген ертегілер, міне, осындай мифтік ертегілер.

Мифтік ұғымдар мен мифтік ұшқындар казактың батырлык жырларында да көп кездеседі. Мысалы, Ерназардың кемпірі шаңырақта керулі тұрған Кербиенің төстігін жеген соң ұл туады. Оның Ертөстік аталуы да осыдан. Ал, оның

Шалқұйрық деген аты шапқанында тау қаңбақтай, жер тас бұршақтай ұшады. Шабысына жер шыдамай, қара жер как айырылады. Шалқұйрыкка тіл бітіп сөйлейді. Батырға акыл береді. Тіпті зынданда жатқан жерінен де құтқарып алады. Сондықтан Ертөстік жырында:

Жаяуымда қанат болған Шалқұйрық,

Жалғызымда жолдас болған Шалқұйрық,

Сасқанымда ақыл болған Шалқұйрық, -

деп жырланады.

Міне, осындай мифтік ұғымдарды Алпамыс және оның Байшұбары, Қобыланды және оның Тайбурылы, Ер Тарғын және оның Тарланы, тіпті бертінгі Қабанбай және оның Қубас аты туралы жырлардан кездестіруге болады. Бұрынғы алып Қарақұс, Көкайғыр, Көкқасқыр, Көкбұқа, Көкқошқар, Көккептер - бәрі де киелі хайуан ретінде қазақ ертегіаңыздарына келіп сіңген. Аңыздарға қарағанда, Қабанбай Құмайдың күшігін жегендіктен батыр болған. Жәнібек ұйықтап жатқан жерінде екі көк бөрі үстінде ойнақтап жүрген. Содан барып ол кісіге батырлық қонған. Тіпті Көкайғыр баксы сарынына дейін барып кірген.

Айналайын, Көкайғыр,

Кекілің бар екі айғыр.

Құлын мойын, бөрі төс,

Шақырғанда кел, айғыр.

Аю шашың албырап,

Тұлымшағың салбырап. 

Міне, Бөрітес Көкайғыр жын иесі болып, бақсыны сөйлететін құдіретке жеткен. Мифтік ұғымдар мен мифтік ұшқындар ауыз әдебиетінің басқа салаларында да баршылық. Бұл жерде айта кетейік, мифтер мен мифтік ұғымдарды дінмен қатыстығына қарай түгелдей соқыр сенім, діни ұғым деп тану кате болады. Ол адамзаттың алғашқы ой жүйесі болғанымен, онда орасан мол ақыл-парасаттың дәні, тамаша қиял ұшқындары, сан-алуан ғылымның алғашқы бүршіктері жатыр.

«Ағаш ат», «Ұшпа кілем», «Жертыңдар», «Айшылык жолды алты аттайтын алыптар».... ерте заманның карапайым ойқиялы болғанымен, бүгін оның аэроплан, ракета, телефон, автомобиль, алып кемеге айналып, жүзеге асып отырғанын, сиқырлы айнаның телевизорға айналып отырғанын еске алатын болсақ, ата-бабаларымыздың сол бір арналы қиялында асыл ойдың алтын бөккен түйіндері жатқандығын байқар едік. Сол дәуірдегі батыл болжам, серпінді ұшқыр ойлар, кең өрісті тәтті қиялдар бұл күндерде адам баласының ойына оттық, қиялына қанат болатындығы даусыз. Біз тағы да «Таусоғар», «Көл ұрттар», «Қарға тұмсық», «Қырық аяқ», «Жеті басты жемір» сан-құбылғыш қиял-ғажайыптар, керемет образдар туралы ой жүгіртетін болсақ, бұлар бізді ғылымның асқар шыңы әлі алда дегендей, соңына түсіретін сорап. Біздің төбеміздегілер (ғарыштағылар) белбеуді басынан буынады. Біз, ортадағылар, белбеуді белден буынамыз. Ал, бізден төменгілер, жер астындағылар, белбеуді аяқтан буынады деп межелеген. Бұл неткен тамаша, асқақ қиял, дарынды болжам. Сонау кездегі асыл қиялдың сорабына адамзат енді ғана түсіп, ғарыш пен жер астының құпиясын білуге енді ғана кірісіп отырғандай. Ендеше, ертедегі мифтерді діни соқыр сенім, бос қиял деп түсінудің өзі - оның қадірін білмегендік. ӘлФарабидің «Қайырлы кала адамдарының көзқарастары» деген мақаласы Томас Мурдың қияли социализміне негіз болған. Сондықтан, данышпан Гумбольдт «Білімнің таң сәрісі - тұспал-жорамал» деп текке айтпаған.

Казакта болған оқиғаның жүлгесі негізінде тарамдалып келіп, одан қиял ұшкындары арқылы байытылған әнгімені аныз деп атайды. Бұлардың да дінмен бәлендей қатысы жок. Мұндай аңыздардан ҮІІІ ғасырда өткен Қорқыт туралы, XIII ғасырдағы Қожанасыр туралы, XV ғасырда өткен Асан Қайғы туралы, XVI ғасырда өткен Жиренше туралы аңыздар, сол сиякты «Алдар Көсе», «Қыл Кеңірдек», «Шибұт», «Жарғақбас» сияқты аңыздарға арқау болған кейіпкерлердің бойында сол мифтік ұшқындар жатыр. Бұл ғана емес, тіпті ән мен күй жөніндегі аңыздардан «Дауылпаз», «Шандалу», «Шертер», «Данғара», «Кепшік», «Уілдек», «Желбуаз», «Домбыра», «Кобыз» сияқты қазақтың фольклорлық музыка аспаптарынан да мифтік ұшқындарын табуға болады.

«Сайып келгенде, қазақ халқы мифке бай. Оның ежелгі грек, вавилон мифологиясына ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі бар. Бірақ, біз бұрын бұл салада реттеу, іріктеу жұмыстарын, сондай-ақ зерттеу жұмыстарын жақсы істей алмадық. Оның үстіне, грек мифтеріне еліктеп, өзіміздің Алтай мифтеріне немқұрайлы қарадық, оның өзіндік қасиетін толық түсіне алмадық. Ежелгі Алтай мифтері болашақта зерттеуді күтіп тұрған үлкен ғылым саласы болып есептеледі», - деп жазған [5] өзінің зерттеулерінде.

Басында айтып өткеніміздей, көшпелі бабаларымыз кеңістікті игеріп, қашықтықты меңгеруге деген деген талпынысы тым ертеден басталды. Ертедегі көшпелілер өздерінің күнделікті тұрмыс-тіршілігін, көші-қоны мен төрт түлік малына жайлы қонысты күндіз күннің шығу мен батуына ал түнде шексіз де шетсіз аспан әлеміндегі сан мыңдаған жұлдыздарына көз тігіп, осынау ұшы-қиырсыз кеңістікте қарап бағдарлай білді. Сонымен бірге оларға өздерінше ат қойып, айдар таққан: Темірқазық, Аспан қайығы, Жетіқарақшы, Үркер, Есекқырған тағысын тағылар.

Қазақ халқының халықтық білімінде түркі дүниесінен тамырын тартқан аспанды тәңірі-құдай ретінде қадірлеу түсінігі қалыптасты. Шығып келе жатқан күнге, айға тағзым етіп, құрмет көрсеткен. Оғыз қағанның өз балаларының атын Көк, Күн, Ай, Жұлдыз, Тау, Теңіз деп атауы туралы деректер де сөзімізге дәлел болса керек.

Сонымен қатар, Көк бөрі, Көк өгіз, алып бұқа, марал, жылан секілді жануарларды кие тұттты.

Келесі жолы ілкі дәуірлердегі осындай мифтік кейіпкерлерге тоқталатын боламыз.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1                   С.А.Плетнев   «От кочевий к городам» − МИА. 142. М.,1967. 13-50-66.)

2                   Жанайдаров О. Ежелгі Қазақстан мифтері. Қазақстан балалар энциклопедиясы. – Алматы: «Аруна» баспасы, 2006

3                   Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы, 1984. – 350 б.

4                   Қондыбай.С Толық шығармалар жинағы 9 том Арғықазақ мифологиясы: 1- Кітап:Арыс,2008.-528 б.

5       Зейнолла Сәнік. – Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2017.

6       Мадалиева Ж. Қ. ДҮНИЕТАНЫМ ҰҒЫМЫНЫҢ МӘНІ MATERIALS OF THE XII INTERNATIONAL SCIENTIFIC AND PRACTICAL CONFERENCE«SCIENCE WITHOUT BORDERS - 2016» March 30 - April 7, 2016 Volume 7 History Political science Philosophy Sheffield SCIENCE AND EDUCATION LTD 2016

 

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?