Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ баспасөзіндегі конфессияаралық татулық мәселелері

2345
Қазақ баспасөзіндегі конфессияаралық татулық мәселелері - e-history.kz

Екі мыңшы жылдардың статистикалық есебі бойынша елімізде 120 дан астам ұлт пен ұлыстың басын құраған 14 миллион 900 мың халықтың, 70 пайызын мұсылман сеніміндегі жәмиғат құраған екен. Олардын 5,8 миллионы дінге сенсе, 690 мыңы әр түрлі діни бірлестіктерге мүше болған.

Қазақстанда сол кездері 40 тан астам діни конфессия тармақтарын насихаттайтын 2500 (кейбір деректерде 3004) діни бірлестіктер болған. Сол діни бірлестіктердің 35 тен астамының мерізімді басылымдары жарық көрген. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы статистикамен салыстырып қарайтын болсақ, республикамызда 2000 жылдардың басында мешіттер саны 1534 ке жуық (1990-жылдары небәрі 46) болған. Орыс православия шіркеуі 233 (бұрын 62) Рим католик шіркеуі 38 болса, Баптистердің шіркеуі 168, Иеговалар шіркеуі 34, Пятидесятниктер 40, мұнан басқа Кришнайттар, Бахайлар тағы басқа да сол сияқты діни ағымдардың мекемелері 214 ке жеткен екен.

Қазақстанның көп конфессиялы мемлекет болуының ең үлкен себебі әр түрлі діни ағымдардың бұл топырақта мекен етіп отырғандығында болса керек. Осындай конфессиялардың бірлігімен, татулығын жарастыруда діннің атқарар рөлі ерекше екендігі белгілі Алайда, дінді бүгінде саясатқа айналдырып өз пайдасына жаратып, дау-жанжалдардың құралы ретінде пайдаланғысы келетіндер де аз емес. Осы көлемді мақаланы жазу барысында осындай ниеттегі адамдардың ойларымен жоспарларын көптеп кездестірдік. Бұл әсіресе шетелдік дін таратушылардың іс-әрекеттерінен жиі ұшырасады. Мұндай ниет пен пейіл еліміздің ішкі қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіруі бек мүмкін ғой. Яғни, дін тәрізді нәзік мәселені, әділ заң мен дінаралық татулық мәселесін бейбіт жолға кою арқылы ғана нақты шешуге болады. Еліміздің ең үлкен жетістігінің бірі де осы. Діни конфессияаралық татулық мәселесінің Республикамызда берік ұстанымда екендігі шүбәсіз. Қазір де дінаралық татулық мәселелеріне мемлекетіміз тарапынан ұдайы назар аударылып келеді. Анығында діні ала елге мәңгібақи қауіп-қатер үйірсек болады. Оған мысал шаш етектен ғой. Табиғат сұлулығы мен әдемілігі жағынан Азияның Швейцариясы атанған Ливан елі дін алауыздығынан 50 жылдан бері зардап шегіп келеді. Ең басты себеп дінаралық татулықтың болмауында жатыр.

Суннит пен шииттер болып қырқысып жатқан мұсылмандар жамағаты ше? Тағы да сол діннің алалығынан. Оңтүстіктегі шииттер, солтүстіктегі сунниттер, тасадан шыққан айтаққа иланып бір мәмілеге келе алмай отыр. Жоғарыда сөз еткеніміздей қазір дінге сенуден гөрі, діннен тікелей өз болмысына қажетті шараларды жедел түрде шешуді іштей талап ететін үрдіс қауырт қалыптасып келеді. Кейбір зиялыларымыз дін мәдениеттің тармағы емес, діннен айырылып қалсақ та, мәдениеттен айырылып қалмайық деп, қисынға келмейтін пікірлер айтып жүр. Себебі, дін мен мәдениет бір-бірімен сабақтасып жатқан егіз нәрселер ғой. Дінімізден айырылғанымыз мәдениетімізден, тілімізден және өзімізге тән ерекшеліктерімізден толық айырылғанымыз емес пе. Шүбәсіз осыдан түйетініміз дінің мақсаты мен міндетінің үлкен екендігі ғана.

Әуелі дін деген сөз сенім яғни, әлемді жаратушы Алланың бар екендігіне сену деген сөз. Бұл ислам философиясында былай деп түсіндірледі. «Алла-Тағала адам баласын жаратқанда оның жүрегін өзіне ұштастырып жаратты яғни, Жаратушының барлығына сенім, оның өзін ажырамас бөлшегі екендігіне жүрек арқылы сену» дейді.

B.B Бартольдтың « Халықтың психологиясын түсіну үшін оның діни сенімдерін білу аса маңызды» деп айтқаны осы күнге дейін өз мәнісін еш жойған жоқ. Бұдан түсінгеніміз, дін әрбір халықтың өмір сүруінің рухани қайнар көздерінің бірі екендігі шүбәсіз. Әр қоғамның материялдық тұрмыс жағдайларын көрсететін иделогиясы қоғамдық сананың түрлері бар екеніндігін ескерсек, дін сол қоғамдық сананың ең күрделі түрі екені мәлім.

Қоғамдық сананың басқа формалары мораль, өнер, философия, ғылым, мәдениет және басқалары сияқты дін де адамдарды қоршаған (реалды) дүниенің адам санасына түсетін бейнесі екендігі анық. Бұл мақаланы жазудағы бар мақсатымыз діннің рухани құндылығын зерделеп,оны бүгінде саяси идеологияға айналдырып отырған миссионерлерден қалай қорғануға болатындығын түсіндіру еді. Шын дінмен жалған діннің арасындағы айырмашылықты көрсетіп, еліміздегі дінаралық мәселені нақты көрсету болатын. Барлық адамдар тіршілігінің басты негізі олардың діні, сана-сезімі десек, діннің мақсаты қарапайымдылықты ұғындырып, оны кіреукелеп тұрған нәрселерден түгелдей арылтуында екен. Адам құқығы және діни көзқарасы жайлы Халықаларық Декларацияның 18-бабында «Әрбір адам еркін ойлауға, ар ожданға және діни сенімге құқылы» деп көрсетілген. Әрине, дінге сену әр адамның өз құзырындағы шаруа.

Қазіргі XXI ғасыр әлемдегі көптеген мемлекеттердің төл құжатында діни сенімге және діни әдеп-ғұрыпты ұстанушылардың бостандығын қорғауға мемлекет кепіл болатынын көрсеткен. Не десек те дін мешіттер мен шіркеулер ауласында ғана қалып қоймай, қоғамда үлкен рухани рөл атқаратыны мәлім дүние ғой. Дін - мәңгілік. Ол кез-келген уақытпен үндестік табуы тиіс. Дін бейбітшілікке қызмет етеді. Бұл келтірілген деректерден, діннің әлеуметтік мағынасы ешқандай мемлекетке, қоғамға жат еместігін көруге болады. Қазір қоғамдық өмірде дінің зерттелуіне ерекше назар аударылып та келеді. Діннің адамзат үшін өзектілігі сонша, діни мерізімді басылымдарды айтпағанда, кейбір газет-журналдардың беттеріне «Дін және біз», «Дін және ғылым», «Дін мен саясат» т.б осы сияқты тұрақты айдарлар (рубикалар) пайда болды.

Сондай-ақ бұл телерадио саласында да ерекше орын алып отыр. «Қазақстан Ұлттық телеарнасы» мен «Қазақ радиосындағы» діни бағдарламалардың тұрақты түрде беріліп келе жатқаны осын сөзіміздің жарқын үлгісі емес пе!?

Батыс қоғамы өздерінің белсенді сыртқы саясатында, христиан қағидаларын барынша пайдаланып отырған діншіл қоғам. Жалпы кез-келген ұлттың қалыптасуы мен оның қоғамдық саяси сахнаға шығуы, олардың Жаратушыға қатысы арқылы негізделетін кездері де аз емес. Кейбір ұлттар Библияға сүйеніп, Құдайдың әлемді басқарып қана қоймай, бүкіл адамзат арасынан жеке бір ұлтты таңдап, бөліп алып, соған ерекше назар аударатыны жайлы мәліметтерді өздерінің идеологиялық ұстанымы етіп те жүр. Осы идеология бойынша Құдай таңдауына іліккен ұлт айырықша сатыда болып, басқа халықтар осы ұлттың негізгі қызметінде болмақ. Әлемдік саясатқа үстемдік етуді мақсат етіп қойған азулы мемлекеттерден бастап, экономикасы мен саясатын жедел қалыптастырып дамытуды көздеген әлем елдері осындай қағидаларды өз идеологиясының басты ұстанымы етіп алып та отыр. АҚШ енді әлемнің, басқа аймақтарындағы «тентек елдердің» тізімін жасап, оларға демократия сабақтарын үйретуге кірісіп те үлгерді. Әлем елдерінің оларға деген өте сақ көзқарасына қарамастан, баяғы қазақи бейқамдықпен орыстан босаған төрге, батысты жайғастыруға да бекініп алдық. Қасақана жасап отырған рухани шабуылына көз жұмып, ат үсті қарауды үйреншікті әдет етіп алдық десек те болады.

Расында, батыс мәдениетінің үстемдігіне негізделген ұстанымдар мәдени тұтастану, әсіресе тіл және дін салаларында айқын көрінуде.

Батыстағы еуроцентризмнің ықпалындағы зерттеушілер, өз еңбектерінде батыс мәдениетінің «кереметтігін» ал өзге мәдениеттің «тұрпайлығын» ұдайы дәлелдеумен шұғылдануда. Мәдени тұтастандырудың діни саладағы үрдістеріне қарағанымызда христиан дінін миссионнерлік іс-әрекеттермен демеп, күллі ғаламдық дінге айналдыру мақсаты олардың ниеттерінен айқын көрінеді. Соңғы жылдары модаға айналған «діндер арасындағы диолог» шараларынан, «монологтың» басым болғандығын анық байқаймыз. Біз білетін диалог екі жақты болушы еді. Ал батыстың ұғымындағы диологта тек батысты тыңдау және оның үлгілерін қалыптастырып қабылдау ғана ережесі бар. Екінші көрінісі дәстүрлі емес конфессиялармен жаңадан шыққан секталарды қолпаштау арқылы, мұсылмандық, христиандық әсіресе (котолицизм мен правословие) және буддизм діндерін бөлшектеуі. Мұны әлемдік діндерді бөлшектеу әсіресе ислам әлемін бөлшектеу саясаты десек те болады. Біздің еліміздегі кейбір топтардың шаманизм, анимизм отқа құлдық (зороастризм) сияқты баяғыда жоғалып кеткен нанымдарды қайыра жаңғыртуға тырысуы да осы сарындас. Бұларға қоса дианстика, сайнтология, иегова куәгерлері, сатанизм, тағы басқа осы сияқты әлемдік тұтастанудың қолдауына арқаланып, желкен ашқан дәстүрлі емес нанымдарды байқауға да болады. Әлемдік ықпалды күштер мен инвесторлар, ылғида дәстүрлі емес ағымдар мен конфессияларды демейтін талаптарды алға тартуда. Осы орайда тіл саласындағы тұтастану жайлы да бір-екі ауыз мысал айта кетсек еш артық бола қоймас. Американың дүние жүзілік билікті өз қолында ұстаудың нәтижесінде ағылшын тілі, бірегей халықаралық тіл сипатына айнады десек еш қателесе қоймаспыз. Зерттеушілердің болжамынша келешек ғасырда дүние жүзіндегі бүгінгі екі мың тілдің ішінен тек елуі ғана сақталмақ екен. Қазақстандағы қазақ тілінің мәртебесін нығайта алмай жатқанда көптеген азаматтардың орыс тілін былай қойып, ағылшынша меңгеріп кеткені тіптен таңқаларлық дүние. Әрине, тіл білгеннің еш айыбы жоқ дейтініміз тағы да анық. Бірақ, басқа тілдерді жас ұрпақтарымызға жаппай үйретудің соңы не болмақ? Мысалы, Оңтүстік Кореяны алып қарайық. 2000 жылдары 40 миллионнан астам халқы бар бұл елде христиан дінін қабылдағандардың саны 15 миллион болды.

Бұл көрсеткіш осыдан 40 жыл бұрын не бары бір миллиондай ғана болған еді. Бес мың жылдық тарихы бар Кореяның бар жоғы ширек ғасырда шоқындырылуы бізді де ойлантуы керек. Кейбір алпауыт мемлекеттер дінді саясат құралына айналдырып үлгерді. Экстремистік ниеттегі діни ағымдарды әдейі қаржыландырып отырған елдер де бар.

Дәл осы уақытқа дейін ең ірі қырық мемлекет өздерінің дін таратушыларын әлемнің төрт бұрышына арнайы жіберіп отырған. Дін таратушы миссионерлерге жыл сайын 12 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалған. Сол 12 миллиардтың басым бөлігі соңғы жылдары әлеуметтік әлсіздікке тап болған ТМД елдеріне соның ішінде Қазақстанға бағытталып, талай адамның сенімін сатып алып та жүр. Бұл миссионерлер қандайда бір елде қарсылыққа тап болса, мына елде адам құқығы бұзылып жатыр, ешқандай да дін бостандығы жоқ деген сияқты дау көтеріп шыға келеді.

Тіпті әлгі елге діни қысым көргендерді құтқарамыз, бостандық әпереміз деп әскер кіргізуі де мүмкін. Діни интервенция тек Қазақстанға ғана жасалынып отырған жоқ. Бүгінгі таңда әлемнің 60 мемлекеті миссионерлерді өз елінің табалдырығынан аттауына қарсы болып тыйым салды. Қазақстанға қисапсыз ағылып жатқан өздері айтпақшы (дәстүрлі емес) діни бағыттағы секталардың көбін АҚШ қаржыландырады. Бір анығы, соңғы жылдардағы ірілі-ұсақты қақтығыстардың, соғыстардың барлығы дерлік,діни қайшылықтарға телінген кейбір елдердің арам пиғылдарынан шығып жатыр. Айталық Албан- Серб, Ресей-Шешенестан, АҚШ-Ауғанстан, Үндістан-Пәкістан Израиль- Палестина тағы басқа елдерде осындай діни қайшылықтар жоқ деп кім айта алады. Көп жағдайда «дін бостандығы» деген желеумен келетін арандатушылар сол елдің дәстүрлі дініне селкеу түсіріп, ішінен ұлт тұтастығын бұзады. Бұл орайда айта кетерлік бір жай, 1992 жылдың 15-қаңтарында қабылданған «Дін бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңымыздың солқылдағынан, сондай-ақ қазақ тілді басылымдарымыздағы ата дінді құрметтеуге емес, діннен бездіруге қызмет ететін дақпыртты дүниелерді шебер пайдаланатын шетелдік алуан секталар мен түрлі ағымдар, казір елімізге гүлге үймелеген арадай қаптан кетті. Ата заңымыздың діни баптарына назар салсаңыз, оның шет елдік миссионерлердің елімізге діни интеграция жасауына, және басқа жолсыздықтардың ендеуіне жол ашып беріп қойған, Конституциямыздың 5-бабының 5-тармағында шетелдік діни бірлестіктердің Республика аумағында өз жұмыстарын жүзеге асыруы жайлы болатыны айтылған. Біздің ойымша осы баптың тармағының өзі-ақ шетелдік миссионерлерді қол бұлғап шақырып тұрған жоқ па екен. Ата заңымыздың 5-бабындағы бұл тармақ толығымен алынып тасталуы керек деген ойдамыз. Бұл мәселе жайлы талай пікірлер мен көзқарастар да айтылды. Баспасөз беттерінде қаншама мақалалар мен зерттеулер жарияланды. Теледидарда да осы мәселені талқыға салды. Үкімет пен Парламент заң жүзінде тосқауыл қою шараларын бірнеше рет ұсынған болатын. Осы ұсыныстардан кейін 40 қа жуық әртүрлі конфессия өкілдері, сонымен қатар Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары бірлесіп, Қазақстан Республикасында азаматтардың Конституциялық және халықаралық келісім шарттарда белгіленген құқықтары бұзылуда деген желеумен, бұл өзгертулер мен толықтыруларды енгізбей тастады. Сонда олардың қабақтарына қарап ойларына келгендерін істетіп басындырып жүре беруіміз керек пе еді?

Демек бұл мәселеге бүтіндей басқаша көзқараспен қарап, діни бостандық туралы заңға ғана емес, діни бірлестіктер мен миссионерлік туралы түсініктеріміздің өзіне үлкен түзетулер енгізуге тиіспіз. Енді осы түсінікке қандай өзгерістер енгізу керек екеніне келсек. Қазіргі уақыт жан-жаққа өз миссионерлерін жіберіп дін тарататын орта ғасыр кезеңі емес қой.

Бұл ХХІ ғасыр. Ғылым мен технология ғасыры. Әлемдік төрт дін атап айтқанда иудаизм, буддизм, христиан, және ислам діндері теориялық жағынан негізделіп, әлемнің барлық континеттерімен елдерінде баяғыда-ақ тарап орнығып болған. Әр елдің, әр ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан, ұстанған өз діндері бар. Бүгінгі күні іліміне саясат араласқан бұл миссионерлік мақсат еш дін таратуға жатпайды. Оны дінбұзарлық сол елдің ішіне ірткі салып, ұлтараздық пен мемлекеттің тұтастығын бұзып, оның қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндірді деп қабылдағанымыз жөн. Қазақстанда 2000 жылдардың басында ішкі істер қызметкерлері мен прократура 1739 діни бірлестіктер мен 1263 діни құрылыстарды (мешіт пен шіркеу нысандарын) тексеру барысында елімізде жұмыс жасап жатқан 753 діни бірлестіктің еш тіркелмененін анықтаған. Сондай-ақ, тексеру барысында діни құрылыс салуға рұхсат алмаған 83 жағдайдың беті ашылған. Тіркеуден өтпеген діни бірлестіктердің басым көпшілігі Оңтүстік Қазақстанда ( 220) Алматыда (163) Қарағандыда (94) Павлодарда (80) тағы да құқық қорғау органы діни экстремизмге үгіттеп жүрген 120 шетелдік азаматты ұстаған. Олардың 77- әкімшілік жауапқа тартылып, 38-і елден шығарылып тек бесеуіне ғана қылмыстық іс қозғалған Осындай тым қысқа мерізім ішінде дәстүрлі емес діни ағымдардың қатарлары көбейіп, тіпті керек десеңіз өз өкілдерін Парламентке дейін сайлай алатын қалге жеткен.

Ортақ саяси экономикалық мүдделері үшін неден болса тайынбайтын алпауыт мемлекеттердің қаржылық колдауындағы сансыз діни ағымдар өзара бірігіп, жұмыла әрекет ететін болса, талай мақсатын жүзеге асыратыны сөзсіз. Дін - насихат дейді Хазірет Мұхаммед (сғс) пайғамбарымыз.

1564376474_78-2-735x400.jpg

Олай болса діннің көркеюі шын мәнінде үгіт-насихат жұмыстарына тікелей байланысты. Егемендік алып діни істерге кең жол ашылған кезден бастап, елімізге батыстың түрлі секталары мен дін бұзар ағымдары қаулап кетті. Олардың артында әрине қалталы алпауыт діни ұйымдар тұр. Солардың көмегімен миссионерлер «ағылшын тілін үйретеміз» деген әр түрлі сылтаулармен, қатарларына өз дінінен хабарсыз әлсіз жандарды сапына тарта бастады.

Барғандарға әсіресе жастарға қымбат бағалы заттар мен түрлі сый-сияпат үлестіріп қызықтыра бастады. Полиграфиялық тұрғыда жоғары деңгейде кітаптар шығарып оны қазақ тіліне тәржімалап таратты. Мысалы, діни әдебиеттердің сыртқы елдерден Республика аумағына өту процесін тікелей қарастыра кетейік. Қандай шығармаларды Қазақстан Республикасына сырттан әкелуге және қалай сыртқа шығуға тыйым салынады? деген сұраққа «Қазақстан Республикасының кеден ісі: сұрақтар мен жауаптары» атты еңбегінде бүй деп жауап беріліпті.

«Республиканың аумақтық тұтастығын бұзуға, саяси тәуелсіздігіне, мемлекеттік егемендігіне қатер төндіруге бағытталған, сондай-ақ соғысты, терроризмді, күш көрсетуді, нәсілшілдікті (сионизм, антисемитизм, фашизм), ұлттық ерекше артықшылықты және діни өшпенділікті насихаттайтын әдебиеттерді, попнографиялық және тұрпайы эротикалық материалдарды Қазақстан Республикасына сырттан әкелуге және оны сыртқа шығуға тыйым салынады» делінген. Рас, заң тұрғысынан алғанда бәрі де екшелген, нақты көрсетілген сияқты. Ал іс жүзінде Республика аумағында қазіргі кезеңде ұшырасып қалатын, қоғамымыздың Конституциялық негіздеріне қайшы келетін әдебиеттерді қайда қоямыз? Адам санасын улайтын мұндай шығармалардың пайда болуына әрине, бір ғана кеден қызметі жауапты емес екендігі анық. Сөйтсе де, қырағылықты арттыру мақсатында аталмыш тауарларды (діни әдебиеттерді) сараптамадан өткізетін жауапты қызметкерлердің болғаны бүгінгі күн талабына сай келетіні айдан анық. Олай дейтініміз ақпараттық тартыстар кезеңінде бек сақ болмасақ, ертеңгі күні опық жемесімізге тағы да кім кепілдік бола алады? Жоғарыда кеден заңнамаларынан келтірілген үлгідегідей «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңынан таңы бір қысқаша үзінді келтіре кетейік.

13-баптың діни әдебиет және діни мақсаттағы заттарға қатысты 2-тармағында былай делінген: (Діни бірлестіктердің діни мақсаттағы заттарды, құдайға құлшылық ету әдебиеттерін және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды басып шығаруға, өндіруге, шетелге шығаруға, шет елден әкелуге және таратуға құқығы бар). Тағы бір көңіл аударуға түрарлық мәселе: 13-баптың 3-тамағында айтылғандай, (Діни бірлестіктер құдайға құлшылық ету әдебиетін шығару және діни мақсаттағы заттар өндіру жөніндегі кәсіпорындар құруда айырықша құқықты пайдаланады) екен.

Қазіргі әлемдік саяси ахуалдың шиеленісіп кеткендігін ескерсек, олардың өз уағыздарын барынша таратып бағатындары белгілі. Жалпы адамзаттық мәдени рухани игіліктерді бетперде етіп ұстаған, радикалды пиғылдағы бұл ағымдар еш нәрседен тайынбақ емес. Тәуелсіздіктің алаң елеңінде елімізге келген түрлі миссионерлер ең әуелі өз жұмыстарын алдымен Алматыдан бастаған екен. «Новая жизнь», «Библия» атты діни орталықтар «Джой», «Рақым», «Сәлем» «Құтқарушы» және тағы басқа секталық қауымдар қазақ жастарын өз діндеріне тарту жұмыстарын кеңінен жүргізген екен. Миссионерлер өз жиындарын үнемі алматыдағы үлкен кинотеатрларда тіпті, Балуан Шолақ спорт сарайымен, Республика сарайында өткізіп бастаған. Нәтижесінде олар санаулы жылдар ішінде, сан мыңдаған қазақты өз діндеріне кіргізіп үлгерген Дінді көзір еткен осы жандардың ниеттеріне қарап, олардың ісі әсте де достық пен бірлікке, ізгі мақсатқа бағытталған дей алмайтынымыз тағы да анық. Олардың көздеген мақсаты тіпті де бөлек. Айрандай ұйыған алаш баласының ауыз бірлігіне сына қағу. Осы мәселе қазір қонақжай да қоңыр халқымызды ғана емес, жалпы қоғамымызды алаңдатып отыр. Бұдан жиырма жыл бұрынғы бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтеріне қарағанда өзге діни секталарға кірген қазақтардың саны 500 мыңға жеткен екен.

Олардан өсетін ұрпақтардың, яғни мойындарына крест тағатын қазақтардың саны енді 5-10 жылдар шамасында пәлен миллионға жетіп жығылатыны тағы да анық қой. Енді осы орайда мына бір маңызды мәселеге ден қойсақ. Діни ағымдардың өз тағылымдарын жекелеген адамдар мен арнайы діни оқу орындарын тамамдаған мамандары арқылы іске асыруы көп кездесіп жатады. Осы жайға байланысты дабыл қаққан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында газет беттерінде жарық көрген бір-екі мақаладан үзінді келтіре кетсек.

«Тоқсаншы жылдары ҚазМу де оқып жүрген кезімде ағылшын тілін үйреніп тәжірибеде қолданып көру үшін, Америкадан жыл сайын келетін миссониер студенттермен араласатын едім. Оны айтасыз, сол жерде менімен бірге танысқан қазақ қыз жігіттерінің 80 пайызы бір айдың ар жақ бер жағында солардың дінін қабылдады. Діндеріне мықтылық танытсаңыз, Америкаға тегін алып барып қыдыртып қайтады. Олар Қазақстанға келе салысымен есімдерін, «Дон» болса Дархан, «Кевин» болса Кеңес деп өзгертіп алады да, жанталасып қазақша үйрене бастайды. Іші бауырыңызға кіріп алу үшін қазақтың тарихын, әсіресе рулардың шежіресін толыққанды жаттап игеріп алады. Танысқан кезде сақауланын, ( Мен аргінмин) деп қазақ ішіндегі руларды иемденіп алады. Осындай келеңсіздіктің алдын алып рухани майданға шақыртпай-ақ бірінші болып атылып шығатын, зиялы қауым жазушылар мен ақындар еді ғой. Бірақ олардың өздері діннің жоқтығын бір-біріне дәлелдеп әуіре. Шәкәрім хаким айтпақшы:

Інжіл, Құран бәрі айтып тұрсадағы,

Мағынасынан адасып қара базар.

Сөйтіп бұзып, бүлдіріп есіл дінді,

Дін десе білімділер тура қашар.

Кез-келген ақын жазушы Абайды пір тұтады бірақ, бірде-біреуі Абайдың дінін пір тұтқысы келмейді»-дейді Санжар Керімбай өзінің «Рухани майданның қаруы не, әскері кім» деген мақаласында.

Сөз жоқ бұл мақала қазақ халқының дінге әлі де ат үсті қарайтынын көрсететін жарқын мысалдадың бірі. Анығында, біз өзге дінге не үшін кіреміз? Жоқ әлде мұның басқалай да себептері бар ма? Мына бір жанайқай мақала да осы жайыттан көп хабардар етеді.

«Екібастұз қаласында түрлі ағымдардың жұмыс істеп жатқаны туралы дақпыртты естігенімізбен, осыған онша мән бере қоймаған едік. Ақыры сұрастыра жүріп діни секталар орналасқан үйді таптық, «Шіркеудің» қазақ қауымын қабылдайтын арнайы уақыты бар. Ол жұма күні. Бірақ мұнда құдайға құлшылық етушілер, мұсылмандар сияқты күндіз емес кешке жиналады екен. «Биссимилаһ» деп табалдырығын аттағанымызда, алдымыздан өзіміздің қаракөз қазақтың жігіттері шықты. Мұндағы шіркеу басшысы «Пастор» ал қызметкерлері «Молда» деп аталады екен. Қазіргі заманда адам жанына жылы сөз, ілтипат жетіспейді дейтін болсақ біз мұнда жан-жүрегіңді баурап алар жылылықты шіркеу табалдырығын алғаш аттағанда сездік, Көпшілік мінажат ететін үлкен залда қазақша әдемі музыка ойнап тұр.Әнге байыппен назар салсаңыз «Рахмет саған Тәңірім», «Рахмет саған Иса» дегеннен өзге еш артық сөзді таппайсыз. «Пастор-бақташы» Қанаттың айтуынан түсінгеніміз, «Церковы полней Евангелий» дініне кіру әркімнің өз еркінде. Бұл дін аз уақыт ішінде ел сеніміне кірген, оның бүгін де материалдық тұрғыдан қолдау көрсетіп отырған өз құрылтайшылары бар.

Құрылтайшылар бөлген қаржы негізінен оралмандарға, жетім балаларға, аяғы ауыр әйелдерге көмек ретінде беріледі екен. Келешекте ауылдарды аралап тұрмысы төмен отбасыларға жәрдем көрсетпек. Сөзімізден жаңсақтық кетпеу үшін, қандасымызбен болған сұхбатты еш өзгертпей қаз-қалпында келтіргенді жөн көрдік. Серік: Ешкімнің көңіліне келмесін. Біздің діни орындарда адамға деген жылылық жетіспейді. Мешітке кірген кезде сізді ешкім де жылұшырап қарсы алмайды. Мүмкін сіздің ішіңіз запыранға толып тұрған шығар, онда ешкімнің де шаруасы жоқ» дейді.( Дария Ерғозина «Серіктен неге көз жазып қалдық» мақаласынан).

Жалпы қоғамдағы дендеп бара жатқан діни секталардың іс- әрекетінен кейін төмендегідей қортындыға келуге мәжбүрміз. Қарап отырсақ, түрлі діни ағымдарға баратындардың дені тұрмыс тауқыметін тартқан адамдар. Басқа қиыншылық түскен кезде барар жер, басар тауы қалмаған соң, олар өздері сияқты күй кешіп отырған туған туысқандарын мазалауға арланып, еріксіз түрлі діни ағымдардан көмек сұрауға мәжбүр. Басқа дінге кірудің бір сыры мінекей осында жатқан сияқты.

Әр мұсылман дін мен руханиятқа қатысты көңілі түйткіліндегі мәселелерге жауапты мешіт имамдарынан алуға тиіс қой. Бұған қатысты иманнан шешендік, өз ойын ұғынықты да түсінікті жеткізе білуі, уағызды тыңдаушыларды ұйытып баурап аларлық тілмен майын тамызып айту талап етіледі. Бұл үшін сөзсіз терең білім қажет. Өкінішке орай жат пиғылды миссионерлердің, белсенді әрекетіне тосқауыл болар білікті ислам мамандарымыздың саны елімізде де тым көп емес. Қазіргі уақытта дін басшылары бір бөлек, халық өзінше бір бөлек күй кешіп жатыр ғой. Оның үстіне дін басшыларының дінді емес, қарынның қамын күйттеуі, жығылған үстіне жұдырық та болып тұр. Осыған байланысты Оңғар қажы Өмірбектің екі мыңшы жылдары «Жас Алаш» газетіне жарияланған «Мұсылмандық бет сипаумен шектелмейді» мақаласынан сәл үзінді келтіре кетсек. «Мысалы Оңтүстік Қазақстан облысындағы бір ауданың имамы, мешіт қызметін тастап сауда саттықпен айналысқан. Діни қызметінді неге тастадың деп сұрағандарға, адам өлмей қойды деп тіл қатқан көрінеді. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының қолдауымен, әр облыста имамдардың білімін жетілдіру, әрі тексеру мақсатында аттестация өткен болатын, Оралда өткен осы аттестациядан Мәртөк ауданының бас имамы, Ташкент медресінде білім алған Сайфолла Аймақов жаназа дұғасын дұрыс оқи алмай қара терге түскен. Оның себебін; ауданымызда қазақ аз, жылына бір жаназа шығарылама, жоқ па? Тіпті шығарылмайды да. Жиі оқып жүрмеген соң ұмытып та қалыппын деп түсіндірген болыпты».

Асылында мұсылмандық бет сипау үшін емес қой. Дін жолы ең алдымен өмірдегі өз саулығымыз үшін керек қой. Жаназа үшін таласу, мешіт мүлкін талан таражы ету, кассаға қол салу секілді келеңсіз жайыттар дін қызыметкерлерінің арасында да молынан кездеседі. Осындай оспадарсыздықты көрген жұрттың мешітке аяқ басуға қайдан ынтасы бола қойсын. Әрине, дін тазалығын тек мешіт пен медіресе төңірегіне ғана жүктеп қоюға болмайды. Дін тазалығы- ұлт татазалығы. Ұлт тазалығы - мемлекет қауіпсіздігі. Дін дегенді мешіт деп түсіну оған тек дін кызметкерлерін ғана жауапты ету, әрине қате түсінік болар еді.

Мәселен, Христиандық шіркеулерде де өзге діни орындарда жетімдер мен жесірлерге ақшалай жәрдем беріледі. Айталық, арабтардың түсінігінде әкесіз бала болмайды. Осыны жақсы білетін шетелдік миссионерлер, біздегі жетімдермен, жесірлерге қаржыларын еш аямай үлестіріп жүр. Олар жетім балаларды ауруханалар мен, санаторилерге тегін жіберіп, тегін емдейді. Тіпті керек десеңіз, бастарына баспана әперіп өздері бармаса да олардың жетім-жесір екендігін білсе, іздеп жүріп тауып алып көмек қолын беруден еш аянбайды.

Осы келеңсіздікті шенеген жазушы-драматруг, Роза Мұқанованың Мақаласынан қысқаша үзінді келтіре кетейік. «Алматының кез-келген көшесінің бұрышынан сүмірейіп әлдекім шыға келеді де (тіпті білегіңнен ұстай қалып) сені тұрғызып қойып насихат жүргізеді, дінді уағыздайды. Сенің дініңнен тыс әлдебіреудің дінін уағыздайды, сол дінге кіруіңді сұрайды, төленетін пұлы бар, жан бағуға кәсіп те болады. Бағыну, бағынбау өз еркің. Саналы, білімді адам әрине, бағына қоймас. Ар жағында бір қауіптің барын сезінер. Ал сезінбейтін жастар қаншама? Жақында «Құдай жолы-құтты жол» деген мұқабасы қымбат, көркемдеулі әдемі кітап қолыма түсті. «Әлемнің жаратылысынан ақырзаманға дейінгі кезең туралы Киелі кітаптан алынған таңдамалы мәтіндер» дейді. Бұл киелі кітап тек қана Тәурәт, Забур, Інжіл, туралы ғана айтады. Ал, Құран хақында бір ауыз сөз жоқ. Және құлаққа да, санаға да түрпідей тиетіні «Құдай сөзі»-дейді. Құдай сөзі деп теріс пиғылды бір пақырдың өзі сөйлеп отыр. «Ұлы Абайдың нақыл сөзі және біздің өміріміз» деген кітапта Абайдың атын жамылып әлдебір діни нанымдарды уағыздайды.

Осы кітаптардың ішінде «Қан төгілмей, Құдай күнәні кешірмейді» деген ұғым жиі қайталанады. Айтқысы келіп отырғаны адамды құрбандыққа шалу. Ғайса өлімін насихаттау. Қанмен, соғыспен күнәні жуу арқылы Құдайға жакындайсың деп жаңа діннің түрін уағыз етеді. Меніңше, мұндайлардың ойы ұйып отырған қоғамға іріткі салу. Қан төгуді, соғысты мақсат тұту, насихат ету. Бұл дін деген жалған жамылғының астында үлкен орталықтардың жұмыс істеп жатқандығы. Жасыратыны жоқ, бұл апатқа апарар жол. «Әлемді өзгерткен өмір - Иса» кітабы басқа жерден емес, «Ақмола полиграфиясынан» шығады. Мысалы, жазушылардың кітабы екі үш жылда бір рет ғана шығады ғой.

Мықтағанда екі мың дана беріледі. Бұл дәстүрмен қазақ оқырмандары ешқашан түгел қамтамасыз етілмейді. Ал ұлттық сананы өзгертуге, дінді езгертуге әрекет жасап жатқан жаңағы «Киелі кітап» немесе «Әлемді өзгерткен өмір - Иса» сияқты кітаптар екі жүз мың данамен тегін үлестіріліп жатыр. Қазаққа жаңа дін уағыздаушылар кім көрінгенге келіп бас салмайды. Тұрмысы нашарларға көбірек назар салады. Тағы бір ерекшелігі, олар қазақ тілін білмейтіндерге жүгірісіп жатады. Тілді білмейтін қазақтың дінінен де жұрдай екені белгілі. Ал діні жоқ адам ағайын - туғанға да, қазаққа да, мемлекетке де зәру емес. Керісінше американдық немесе неміс болып тумағанына өкініші бар пақыр. Онда ұлттың болашағына алаңдау жоқ. Қарынының тойғанына ғана мәз» дейді өзінің екімыңшы жылдардың басында «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Ұлттық сана уланып жатыр» атты кезекті мақаласында.

(жалғасы бар)

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?