Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Райымбек! Райымбек!» деп ұрандаған

2484
«Райымбек! Райымбек!» деп ұрандаған  - e-history.kz
Биыл әйгілі батыр, халқына ұран болған Райымбек Түкеұлының туғанына 310 жыл толып отыр

Қазақ халқының тәуелсіздігі мен азаттығы жолында ерлігімен көзге түскен Райымбек – жоңғар басқыншыларына қарсы шайқастарда атамекенін жаудан азат еткен батыр әрі әулие, қолбасшы. Баһадүр батыр 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсеткен. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі болған. 18-ғасырдағы батырлар институтының тәлім-тәрбиесін алған Райымбек – анталаған жауға ұрандап шауып, талайын жер жастандырған көзсіз ерлік иесі. 

Аңырақай шайқасында мың баладан қол жинап, жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен жаужүрек Сартай батыр туралы әр алуан пікірлер айтылып жүргені мәлім. Кейбір тарихшы ғалымдар Сартайды аңыздан құралған батыр десе, кейбірі оның шығу тегі мен жасаған ерлігін албан руынан шыққан Ханкелдіұлы Райымбек батырға әкеліп тірейді. 

91a7db3364f2c5906297e54caecd51b5.jpg

Райымбек батыр қазақтың әскеріне де ұранға айналып, қаумалаған қалың жоңғармен соғысқанда өзін көп уақытқа дейін білдірмеген. Әскердің барлығы «Райымбек» деп ұрандағанда кім екенін білмей аңтарылатын болған. «Аты да көрінбейді, ұшады екен. Аяқ астынан шыға келеді екен» дегенді бірінен-бірі естіген қалмақтар «Райымбек!» деген ұран естілгеннен-ақ зәрелері ұша бастайтын болған. Тіпті олар «Райымбек!» деп айқайлаған адам өлмей қалады екен дегенге сеніп, қазақтар лап қойғанда, өздері де «Райымбек!» деп ұрандап қоя беретін болған. Ақырында «Райымбек!» деп ұрандап жүргендердің қайсысы қазақ, қайсысы қалмақ екенін ажырата да алмайтын зәрезап халге жетеді. 

Райымбек батыр 1729 жылы Аңырақайдағы шайқаста Наурызбай, Өтеген, Қабанбай, Бөгенбай сынды қазақ ерлерімен үзеңгі түйістіре отырып, Сары Мыңжаның әскерін талқандаған. Көзі тірісінде «көріпкел», «әулие» атанған. Ол Алматы алқабында Шілік, Жалаңаш өңірінде тоған қаздырып, су шығартып, егін ектірген. 

fc7e6ca98e7599529b046aac6caf0bb0.jpg

Райымбек батыр қалмақтармен тек соғысып қана қоймай, сан рет келісім жасап, қазақ мүддесін үнемі үстем етіп отырған. Көреген мәмілегер, өз заманына сай саясаткер болғаны ерлігі мен істерінен әрдайым көрініп тұрады. 1733 жылы Райымбек пен Бөлек батыр жоңғарға елші болып барған. Осыдан қарап оның саяси тұлға болғанын білуге болады. 

Ел аузындағы аңыз әңгіме бойынша Райымбек батыр дүниеден озар алдында ұрпақтарына «денемді ақ түйеге артып басын бос жіберіңдер. Ол қай жерге барып шөксе сол жерге жерлеңдер» деген өсиет айтса керек. Сол ақ түйе шөккен жердегі батыр есімімен аталатын зираттың басына зәулім кесене тұрғызылып, ақ түйенің мүсіні орнатылған. Қасиетті орын саналатын осы кесене тұрғызылған жерге адамдар келіп тәу етіп тұрады. 

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың аяқталмай қалған «Райымбек, Райымбек» атты дастанын жариялағаны үшін «Лениншіл жас» газетінің жетекшісі Сейдахмет Бердіқұлов партиялық сөгіс алған. Өйткені совет өкіметі тұсында қазақтың батырлары мен хандары туралы айту қиын болатын. 

c294fcd831aaec007bbb1874f1c9eefb.jpg

Райымбектің тағы бір жұртты өзіне табындырған қасиеті әділдігінде, дүниеге қызықпайтын тазалығында болған. Сол кездің дәстүрі бойынша, жауды жеңгеннен кейін одан түскен олжаны бөлісу керек-ті. Сондайда Райымбек батыр өзі ештеңе алмай, өзіне тиесі үлесті кембағалдарға түгелдей бөліп беріп отырған. 

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесі қарсаңында еліміздің азаттығы үшін алысып, 30-ға толар-толмас жасында Іленің екі жақ бетін жаудан тазартып, ата-бабамыздың жер-суын өз ұрпағына қайтарып әперген батыр бабамыздың ерлігі мен азаматтық ірілігін дұрыстап тани білгеніміз, оның мақтауға да, мақтануға лайық істерін ұрпаққа үлгі ете білгеніміз абзал-ау! 

Кейбiр деректерде Райымбек бабамыз көп некелi болғаны айтылады. Одан Күлжаман, Алтай, Нарт, Қожағұл, Әжi, Орақбай, Масақбай, Қонақбай, Әйтiмбет, Жолды және Қаралтай деген ұрпақтар тараған. 

54d9105f511b0d189552a28f53a4ad0d.jpg

Райымбек батыр жайлы ел ішінде аңыз-әңгіме, жырлар өте көп. Торайғыр және Сөгеті жоталары аралығында Ойрантөбе жазығы бар. Мұнда қазақтар мен жөңғарлардың сұрапыл шайқасы болып өткен. Айырлы асуына таяу Торайғыр тауында Райымбек бастауы бар. 

Райымбекпен бірге жоңғарларға қарсы күрестің бел ортасында Сатай, Бөлек, Қойгелді, Қонақкелді, Қыстық, Малай, Байсейіт сынды батырлар жүрді. Райымбек батырдың мазары Алматы қаласында орналасқан және батыр атында көше бар. Алматы облысының бір ауданы Райымбек есімінде және ауылға аты берілген.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?