«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ...»

05.08.2025
1096
«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ...» - e-history.kz

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Абайдың 180-жылдығы аясында ақынның «Аттың сыны» өлеңіне талдау жасауға бағытталған дөңгелек үстел өтті. 

«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ...» –  Абайдың 1886 жылы жазған өлеңі. Абайдың бұл өлеңінде суретші-реалист ақын ретіндегі шеберлігі айқын көрінеді. Аттың сыны – жаратылыстың жанды бір бейнесі болған бәйге атқа арналған өлең. Ақынның бұл өлеңі алғаш рет 1897 жылы Қазан қаласында басылған «Князь бен Зағифа» атты жинақта жарияланған. 

Абайдың ұлы ақындығы мен ойшылдығынан бөлек аса білгір саятшы, атсейіс сыншы болғанын ұрпаққа насихаттау мақсатында өткізілген бұл шараны ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы әкімшілік-басқару персоналының ғылыми-хатшысы, «Абай» қорының жетекшісі Аслан Ғафуров жүргізді. Шара барысында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, Ұлттық ат спорты федерациясының «Құрметті президенті» – Сәдібек Түгел дөңгелек үстелдің ұйымдастырудағы маңызын айтып, Абайды танытудағы бірнеше маңызды пікірлерін айтып, кітапхана басшылығына  «Түркі халықтарының жылқы мәдениеті» деген еңбегін сыйлады. 

Кейінгі сөз кезегін алған «Абай академиясының»  Президенті, филология ғылымдарының кандидаты – Жандос Әубәкір Абайдың «Аттың сыны» өлеңінің шығу тарихын бірнеше естеліктер келтірді: 

«Бұл өлең жөнінде Көкбай Жанатайұлының көлемді естелігі бар. Ол Абайдың қасында жиырма бес жылдай жолдас болып, үнемі бірге жүрген. Бір жылы Абай маған Абылай хан мен оның ұрпақтарының ерліктерін әңгімелеп берді. Сосын: «Сен осыны маған үлкен дастан етіп жазып бер», – деді. Мен үйге қайтып, бес-алты күн ішінде жаңағы шығарманы жазып шықтым. Қыстың кезі болатын. Абайдың ауылына қарай жол тарттым. Ол кезде Абай менің ауылымнан жетпіс шақырым, ал негізгі қыстақтан отыз шақырым жерде отырған еді. Жол бойы шығарманы жаттап бардым. Себебі Абайдың бір қасиеті келген бетте, амандаспай-ақ шаруаны сұрайтын. Соған орай, жаттап алуға тура келді.

Абайдың үйіне кіріп барғанда ол:
– Абылай келді ме? – деді.
–  Келді, – дедім.
–  Айт! – деді.

Отыра қалып, шығарманы айта бастадым. Тіпті тымағым мен сырт киімімді де шешкен жоқпын. Шығарманы айтып отырып, ақырындап киімімді үстімде шешіп отырдым. Кешкі мезгіл болатын, бір самаурын суып қалған екен. Ешкім де асқа қараған жоқ, бәрі жыр тыңдап отырды.

Наурызбайға байланысты бөлімге келгенде Абай: –  Әй, Наурызбай ханның бағын алған осы еді, – деді де, сол тұста мені тоқтатып: «Енді ары қарай тоқта!» – деді.

Осы жырда мен Наурызбайға берілген ақ ауыз атты сипаттаған едім. Бірақ Абай сол сипаттамамды ұнатпады. Оның көңілінен шықпаған соң өзі «Аттың сыны» деген өлеңін жазды. Сол өлеңнің алғашқы жолдары – «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ...» болатын», – деген   естелікті ғалым баяндап берді. 

«Аттың сыны» өлеңін Моңғол тіліне аударған аудармашы, ауылшаруашылық саласының маманы – Мекеш Тәліпұлы да сөз алып, ақынның аттың сынына қатысты сипаттамаларға айрықша тоқталды: 

«Абайдың «Аттың сыны» өлеңі –  жүйрік атқа тән белгілерді көркем тілмен сипаттаған ерекше туынды. Қытайлық әдебиеттанушы Кәрім Дүйсенбайұлының зерттеуіне сүйенсек, бар болғаны 8 шумақтан тұратын бұл өлеңде аттың басына қатысты – 13, аяғына – 12, денесіне – 24, ал қимыл-қозғалысы мен жүрісіне – 15 сын берілген. Жалпы саны 64 сипатпен Абай тұлпардың толық портретін жасаған», – деді ол. 

Мекеш Тәліпұлы «Аттың сыны» өлеңін Моңғол тіліне аударып,  Моңғолияның  «Баянхонгор Таймс» газетіне өлеңнің аудармасын жариялаған. Өлеңді аудару жолындағы қиыншылықтар мен ерекшеліктер туралы: 

«Енді осы өлең күрделісі күрделі, бірақ моңғол тілі мен қазақ тілі ұқсас, сондай-ақ салт-дәстүрімізде де ұқсастықтар бар. Сондықтан аудару қиын болған жоқ. Бірақ кішкене баламасы дәл келе қоймайтын сөздер болды. Олардың байланыстырып, мағынасына сай аударуды қажет етті. Моңғол тілін білетін моңғол тілі мамандары, ақын-жазушылар соларды оқытып, олар көріп, қабылдап, жақсы деген баға берді», –  деді ол. 

Шараға  жылқы мәдениетін зерттеуші ғалымдар, ақын-жазушылар, атбегілер қатысып, ақынның «Аттың сыны» өлеңі жан-жақты талданды. 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз