«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Кеңестік Қазақстандағы әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихынан: Теміртау оқиғасы

2049
Кеңестік Қазақстандағы әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихынан: Теміртау оқиғасы

1959 жылы 1-4 тамыз күндері «Қазақстан Магниткасы» атанған Теміртау қаласының құрылысында Қарметтің жұмысшы жастары билікке қарсы көтеріліс жасады. Біз осы мақаламызда аталмыш көтерілістің туындау себептері мен қорытындылары туралы аз-кем сараптама жасауға тырыстық. Бүгінгі таңға дейін бұл көтеріліс тарихына арналған бірде-бір арнайы зерттеудің жоқ екенін айта отырып, бұл тақырып – арнайы әрі кешенді түрде зерттеуді қажет ететін аса өзекті тарихнамалық мәселелердің бірі екеніне назар аударамыз.

1954 жылы ауыл шаруашылығында басталған шаруашылық жүргізудің Тың игеру сияқты экстенсивті әдісі – өнеркәсіп саласына да тән болды. И.В. Сталинді айыптаған КОКП ОК-нің ХХ съезіне дейін-ақ ГУЛАГ жүйесіне қарасты лагерлердегі тұтқындар саны кеміп, кеңестік өнеркәсіп құрылысына тегін жегілген жұмыс күші азая бастады. 1953 жылы 27 наурыздағы КСРО ЖК Президиумының амнистия туралы жарлығынан кейінгі 3 айдың ішінде лагерлерден сотталу мерзімі 4 жылға дейінгі 2,5 млн шамасындағы тұтқын бостандыққа шықты. 1954 жылғы Кеңгір көтерілісінен кейінгі 2 жыл ішінде ГУЛАГ жүйесіне қарасты лагерлердегі саяси тұтқындардың саны 467 мың адамнан 114 мың адамға дейін азайды. Кеңестік өнеркәсіп құрылыстары үшін тегін жұмыс күші болып келген тұтқын санының күрт азаюы – алып құрылыстарға энтузиаст жастарды кеңінен тартуға алып келді.

Басы: Кеңестік Қазақстандағы әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихынан: Тыңдағы қақтығыстар

Қазақстанда жұмысшы күшін ерекше қажет еткен ірі өнеркәсіп құрылысы – Қарағанды металлургия зауыты (Қармет) болды. Қармет – бүкілодақтық жастар құрылысы деп жарияланды. Компартияның үгіт-насихат машинасы жүргізген екпінді жұмыс барысында 1959 жылы Қазақстан Магниткасында комсомол жолдамасымен және өз еріктерімен КСРО-ның түкпір-түкпірінен келген 25,5 мың адам жұмыс істеді Олардың ішінде кәмелеттік жасқа толмаған бірнеше мың ұл-қыз жұмыс істеді.

Теміртау қаласының шығыс бөлігінде тұратын 31 мың құрылысшының 1300-іне ғана асханадан тамақ ішетін жағдай жасалды. Ауруханада 1000 адамға 3,5 төсек, мектеп жасындағыларға 55, мектепке дейінгілерге 6 орын ғана тиесілі болды. Құрылысқа келген жастарды жұмыспен қамту, жалақы төлеу жүйесі дұрыс болмады. Көпшілігі қара жұмысқа тартылды. 1959 жылдың көктемінен бастап құрылысқа келген 17-20 жас арасындағы 2000 адам брезентті шатырға орналастырылды. Жалпыға ортақ шатыр ішінде жастармен бірге отбасылы жұмысшылар да тұратын. Шатыр ішінде темір төсектен басқа ештеңе де бола қоймады. Жеке заттары мен киім-кешектерін қоятын тумбалар жетіспеді, столдар мен орындықтар болмады. Суықтан жылыну үшін қолдан жасалған пештер (буржуйка) пайдаланылды. Азық-түлік, нан жетіспеді. Жуынуды айтпағанның өзінде, ішетін су тапшы болды. Кейде шатыр-қала тұрғындары 3-5 күн бойы жуына алмайтын. Ішетін ауыз су бөшкесінің маңында киім-кешектерін жуды. Іш киімдерін жайып, кептіретін орындар қарастырылмағандықтан, көп жағдайда жастар кеппеген ішкиімдерін киюге мәжбүр болды.

Жұмыспен қамтылып, тұрмыс-тіршілігі дұрыс болмаған жастар ызалы болды. Кеңестік киноларда көрсетілетіндей алып зауыттар құрылысы мен тамаша өмір орнына сұрқай тартқан сар даланы, құрылысқа түрмеден шығып келген бұрынғы қылмыскерлердің зорлық-зомбылығы мен басшылықтың алдап-арбауын көрген жастардың мұндай өмірге көндігуі қиын болды. Күн сайын топ-топ болып төбелесулер мен әлімжеттік жасау дәстүрге айналды. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожасы жоқ» далаға жаңа келген жастар қылмыскерлердің құрығына ілігіп, күнделікті таяқ жеу мен тоналудан көз ашпады. Кейін тергеу барысы көтсеткеніндей, шатыр-қала тұрғындарының көпшілігі қылмыскерлердің бақылауына көшкен екен.

Комсомол жастардың құрылыс басшылығына барып, өз наразылықтарын жеткізуге талпынысы үнемі сәтсіздікпен аяқталатын. Оларды бастықтың хатшылары кіргізбей қоятын немесе бастыққа кірген жағдайдың өзінде дөрекі айғай мен балағат естіп, кабинеттен қуылып шығатын. 1959 жылдың бірінші жартысында бүкіл 1958 жылға қарағанда ұрлық екі еседен көп болды. 1958 жылы қызмет бабын асыра пайдаланған 5 адам қылмысы үшін жауапқа тартылса, 1959 жылы «Қазметқұрылыс» трестіне қарасты жұмысшыларды жабдықтау бөлімі үшін талан-таражға салу мен ұрлау үйреншікті іске айналды. Милиция қызметкерлерінің азаматтарды ұрып-соғуы мен сабауы жастардың ерекше ашу-ызасын туғызатын. Осылайша, энтузиазм жетегімен Теміртауға келіп, шатыр-қала тұрғынына айналған жастар әділетсіздік пен ауыр тұрмысқа тап болды.

1957 жылы 15 шілдеде Қазметке Болгария Халық Республикасынан бір топ құрылысшы келеді. Шатыр-қала жастарының көз алдында оларға кеңес азаматтары ешқашан көрмеген жағдай жасалады. Құрылыс басшылығы шетелдік қонақтарды шатыр-қалаға орналастыруға болмайды деп түсіндіреді. 1959 жылы 1 тамызда жұмысшылар асханаға келгенде, оларға болгарлар тамақ ішіп болғанша күте тұрыңдар деген өтініш айтылады. Бұл жұмысшылардың ашу-ызасын туғызады. Осыдан соң олардың бір бөлігі жұмысқа шығудан бас тартады. Бірақ, осыған қарамай көпшілік жұмысқа кетеді. Кешке жұмыстан шаршап келген 1-ші шатыр-қала жұмысшылары ішерге су таппайды. Бұл жағдай онсыз да жарылардай болып жүрген жастардың шектен шығуына түрткі болады.

df573603d7f2a94f75aee6427909461b.jpg

1 тамыз күні кешкі сағат 10-11-лер шамасында өз істерінің дұрыстығына сенімді бір топ жұмысшы асхана жанында тұрған автоцистерна құлпын сындырып, ондағы квасты іше бастайды. Өздері ішіп болған соң ұйықтап жатқан жолдастарын оятып, «ұжымға» қосылуға шақырады. Тез арада цистерна маңына үймелеген жұмысшылар бірін-бірі итеріп, ақыры адам түсініп болмайтын өзара төбелес орын алады. Төбелес барысында цистерна аударылып, қалған квас жерге төгіледі. Оқиға орнына 1-ші және 2-ші шатыр- қаладан жұмысшылардың басым бөлігі келген кезде ішетін ештеңе де қалмаған еді. Жиналған топтың көзі енді асханаға түсіп, қарауылды ұрып-соғып, асхана терезелеріндегі торды жұлып, буфетті түгел тонайды.

Шын мәнінде шөл қысқан топ су ішіп, жеуге жарамды азықпен қоректеніп жүргенде, іске қылмыскерлер кіріседі. Олар қатар тұрған ыдыс-аяқ дүкені есігін талқандап, қылмыс ізін жасыру үшін асхананы өртеп жіберуді ұсынады. Бүлікшілер тобы бұл әркетке бірден бара қоймайды. Бірақ, оқиғаның өрбуі барысында асхана отқа оранып, көп ұзамай күлі ғана қалды. Араға үш сағат салып оқиға орнына 5 милиционер келіп, жиналған топты жан-жаққа қуа бастайды. Бұл кезде жұмысшылар билік өкілдерімен қақтығысқа түсуге даяр емес еді және басшылары жоқ болатын. Олар табиғи қылық танытып, жан-жаққа бытырап кетеді. Оқиғаның бірінші күні болған жағдайды тыңға келген жастардың бұзақылық әрекеті деп бағалауға толық негіз бар. Бар мәселе осымен тынар да еді. Тек, асхана маңындағы топты қуып таратқан милиционерлер қанаттанып, ендігі жерде «кінәлілерді» көрсету үшін оқиға орнына кездейсоқ келіп қалған 2 жігітті тұтқындайды (кейін тергеу барысында олардың ешқандай кінәсы делелденбеген). Бұл оқиғаның одан ары өрістеуіне себепкер болады.

2 тамыз күні таңғы 5-6-лар шамасында ұйықтап жатқан жұмысшыларды «тұтқындағы жолдастарды босатайық» деген айғай қайта оятады. Міне, осы сәттен бастап оқиға қатысушылары арасында жетекші топ пайда болып, олар жұмысшылар тобырын басқара бастайды. Кеңестік тәрбие көрген жастардың милицияға шабуыл жасау туралы ойы болды деп айта қою қиын. Оларда топтық ынтымақтастық пен «кінәсыз тұтқындалғандарды» босатуға деген ұмтылыс болғаны анық. Жиналған топтың саны әр сағатта 500 бен 1500 адам аралығында құбылып отырған. Топ белсенділері жастарды қала басшылығына өз талаптарын қоюға, тұтқындағы жолдастарын босатуға шақырып жатса, көп ішіндегі қылмыскерлер өндірістік тауарлар дүкенін тонауға шақырады. Ақыры осы топ қалалық милиция бөліміне келіп, тұтқындалған жолдастарын босатуды талап етеді. Милиция ғимаратын таспен атқылап, ГАЗ-69 милиция көлігін төңкеріп тастаса да қарсылық көрмеген олар ішке басып кіреді (бұл кезде милиция взводы мен қалалық бөлім қызметкерлерінің басым бөлігі асхана жақта болатын). Телефон сымдарын үзіп, жазу машинкасын талқандайды. Бір уақытта көшеде пайда болған милиционер Н.А.Карпенко ұсталғандарды алып кетті деп, топты оңай тыныштандырады. «Милицияны талқандайық» деген ұрандарды көпшілік елей қоймайды.

Таңғы сағат 8.00 шамасында оқиға орнына солдаттар жетеді. Сағат 9-ға қарай шатыр-қалаға «Қазметқұрылыс» трестінің басшысы мен Қазақстан Компартиясы Қарағанды қалалық комитетінің хатшысы келеді. Олар жұмысшылармен кездесу өткізіп, талап-тілектерді тыңдайды. Басшылық әркездегідей «мәселенің анық-қанығына жетіп», «шара қолданамыз» деп уәде береді. Түнгі оқиғадан кейін ұйқысы қанбай, бастары мың-дың болып жүрген жастардың басым бөлігі шатырларына кетсе, бір бөлігі шомылу үшін көлге кетеді. Оқиға осымен тынғандай еді. Бірақ, 2 тамызда түстен кейін тағы да шу шығады.

Бұл жолы сағат 15.00 шамасында шатыр-қалаға цистернамен әкелінген су әлсіз қызғылт түсті болады. Оның алғашқы куәгерлерінің айғайынан кейін цистерна маңына қарақұрым халық жиылады. Цистерна аударылып, «қараңдар, бізге не береді» деген айғайдан кейін, экспертиза жасату идеясы пайда болады. Бакты машинаға салып, қалалық ауруханаға келеді. Дәрігерлер орнында болмай шығады. Бакты ауруханаға қалдырған қалың топ милиция бөліміне қарай бет алады. Біреулер жолды бөгейді. Ызалы айғай-шу көбейіп, топтың қарасы көбейе бастайды. Милицияға жеткен кезде олардың саны 1000-ға жеткен еді. Олар енді су туралы мүлде ұмытып, тұтқындағы 2 адамды босату туралы талап ете бастайды. Милицияны бұл жолы 30 солдат күзетіп тұрған болатын. Алғашында алдыңғы топ қаруды көріп тоқтағанымен, арттан итерушілер тоқтамай, алдыңғы лек солдаттарға келіп тіреледі. Содаттар осы кезде оқ атады. Сол кезде «бос патрондармен атып жатыр» деген айғай шығады. Бүлікшілер солдаттарды тарпа бас салады. Олар қашып, милиция ғимаратына тығылады.

Бүлікшілер бірінші қабатқа басып кіріп, екі телефон аппаратын талқандаған соң, ғимарат алдында шұғыл митинг өтеді. Бүлікшілер арасынан Манышин деген белсенді шығып, тұтқындағыларды сағат 23.00-ге дейін босату туралы талап қояды. Талап орындалмаған жағдайда ғимарат толық талқандалады дейді. Алғашында милиция бұл талапты орындаудан бас тартады. Манышин бастаған «өкілдер» сыртқа шығып, болған жайды хабарлайды. Ұсталғандарды босату талабы дауысқа салынып, бүлікшілер өз талабын қайталайды. Манышин екінші рет милиция ғимаратына кіріп, енді ультиматум қояды. Ақырында милиция «ақылға» келіп, ұсталған жігіттерді 23.00-24.00 арасында алып келуге уәде береді. Бүлікшілер тобы тарай бастайды. Осы кезден бастап бастаманы қылмыскерлер тобы қолға алады. Олар қаладағы универмагты тонауға шақырады. Бірақ, тұтқындағы жігіттердің босатылғанын көрген бүлікшілердің басым бөлігі тарап кетеді.

12b660.jpg

Түнгі сағат 24.00 шамасында жиылған үлкен топ трест ғимаратын қоршап, оны талқандаған соң универмагқа шабуыл жасайды. Бұл кезде 1-2 тамыз күндері бүлікке қатысқан жұмысшылардың басым бөлігі қалың ұйқыда жатқан болатын. Енді провокациялық әрекеттер басталады. Көп ұзамай, универмаг жақтан айғай салып жүгіріп жеткен адамдар магазин жақтан қоғамдық тәртіп сақшыларының келе жатқанын хабарлайды. Шын мәнінде, бұл кезде солдаттар мен милиция қызметкерлері универмагты тонаушыларды ауыздықтауға кіріскен болатын. Көтерілген бүлікшілер мен әскердің арасында қырғын соғыс жүрді. Екі жақтан да оқ атылып, оққа ұшқандар мен жараланғандар саны көбейді. Осы түні бүлікшілер Теміртау қаласының базарын шабуылдап, біраз бөлігін талқандайды.

3 тамыз күні таңғы 7.00 шамасында универмагтан бүлікшілер түгел қуылып, өлгендер мен жараланғандар жинастырылады. Осы күні 25 мың адам жұмысқа шықпады. Сағат 12.00 шамасында солдаттар магазиннен қайтып кетеді. Осыны күткен азғана топ жиылып, универмагты қайта тонауға кіріседі. Арада 2 сағат өткенде осы бүлікшілер универмагтан жүгіріп келіп, шатыр-қалаға сақшылар келе жатыр деп хабарлайды. Шатыр-қала жұмысшылары сақшыларды таспен атқылап, олардың бетін қайтарған соң, шатыр-қалаға солдаттар кірді. Бұл жолғы тегеурін қатаң болады.

3 тамыз күні кешке қарай қалашықта тәртіп орнатылып, жағдай толық бақылауға алынады. Бірақ, бүліктің кейбір жетекшілері көтерілісті одан ары жалғастыруға тырысып, комсомолдар қалашығына барып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Бірақ, бұл кезде оқ пен қаннан, тұтқындау мен таяқтан қорыққан жастар басылып қалған болатын.

4 тамыз күні комсомол қалашығының жастары өздеріне келген 2 «жетекшіні» тарпа бас салып, қашуға мәжбүр етеді. 4 тамыз күні жұмысшылардың барлығы дерлік жұмысқа қайта шығады. Тек 1500 адам шамасында жұмысқа бармайды. Жаппай тәртіпсіздіктер барысында 109 солдат пен офицер, оның ішінде 32-сі от қарудан жараланады. Ал бүлікшілер жақтан 16 адам қаза тауып (5-уі жарақаттан қаза болды), 50-ден астамы жараланды. Бүлікті басу барысында келгеніне әлі бір ай да болмаған 18-21 жас аралығындағы 190 адам тұтқындалды, оның 75-і комсомол жолдамасымен келген болатын. Тұтқындалғандардың 42-сіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жаппай тәртіпсіздіктің негізгі ұйымдастырушылары ретінде Заговский, Аплоцинь, Манышин, Жиряков, Шилов, Сухинин және Югов сотқа тартылды. Егер тірі болса, милиция мен әскерге қарсы шабуыл кезінде қаза болған Бескоровайный мен Макеев те ұйымдастырушылар қатарына жатуы мүмкін еді. 2 тамызда милиция ғимаратына кіріп, бүлікшілердің талабын жеткізген Манышин мен Заговскийге сот ату жазасын кеседі. Бірақ, 1959 жылы желтоқсанда ҚКСР ЖК Президиумы екеуіне де жеңілдік жасап, ату жазасын 15 жыл мерзімге ауыстырды. «Ұйымдастырушылардың» үшеуі қылмысы үшін жазасын өтеп келгендер еді.

1959 жылы 17 қазанда КОКП ОК Президиумында «Қарағанды металлургия зауыты құрылысындағы істің жағдайы туралы» мәселе қаралды. Қабылданған қаулыда «Қазақстан КП ОК-і құрылыста қалыптасқан жағдайға дұрыс саяси баға бермеді, екі айдың ішінде ОК мүшелерінің ешқайсысы құрылыста болған жоқ және өндірісті ұйымдастыру мен еңбекшілерге мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуді жақсарту жөніндегі қажетті шараларды ОК бюросы қабылдамады. Қазақстан КП ОК-і Теміртау қаласындағы оқиға туралы КОКП ОК-не дер кезінде мәлімдемеу арқылы тәртіпсіздік көрсетті» деп атап көрсетілді. ҚКП Қарағанды обкомының бірінші хатшысы П.И. Исаев орнынан алынып, «бір жылдан кейін партияға қайта оралуы мүмкін» деген сөйлеммен партиядан шығарылды. Сонымен қатар, ҚКП Қарағанды обкомының басқа хатшылары мен облыстық халық шаруашылығы кеңесінің жетекшісі әртүрлі партиялық жазалуға ұшырады. «Қазметқұрылыс» трестінің басшысы А.С. Вишневский қызметінен алынып, партиядан шығарылды. ҚКСР Құрылыс министрі А.П. Кротов «Қазметқұрылыс» трестіне басшы болып тағайындалса, КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетінің мүшесі Б.Ф. Братчетко облыстық халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы болып, құрылыс басшылығы «нығайтылды».

Тағы бір атап өтетін жағдай, 4-тамызда оқиға орнына Москвадан КОКП ОК хатшысы Л.И. Брежнев пен республика басшылары келеді. Н.С. Хрущев бұл кезде АҚШ-та іссапармен жүрген болатын. Бұл жағдайды Н.Ә. Назарбаев былай деп еске алады: «Егер Қазақстан Магниткасындағы құрылысшылардың Брежнев қатысып сөз сөйлеген жиналысы болмағанда, ондай жазалау шараларының орын алмауы да әбден мүмкін еді. Ал ол, Брежнев, өз әңгімесін мейлінше қатты ашумен бастады, жұмысшыларды іріткі тудырып, саботаж жасадыңдар, саяси сауатсыздық таныттыңдар, сөйтіп, дүниежүзілік империализмнің отына май құюшы антисоветтік элементтердің жетегінде кеттіңдер деген айыптауларды қардай боратыпты. Әсіресе бастырмалата айтқаны, сендер Никита Сергеевичті ұятқа қалдырдыңдар, ал ол болса, металлургия комбинатының құрылысшылары жөнінде әкелік қамқорлық жасаумен жүр деген айыптаулар болыпты! Міне, осы жерде ол есебінен жаңылыпты. Адамдар сөз сөйлеушінің биік дәрежесімен санаспай, ашу-ыза білдіріп, толқи бастапты. Жұрт отырған орындарынан айқай салыпты: «Қамқорлық жасап жүрсе, жұмысшылар неге ет көрмей кетті? Тұрғын үй неге салынбайды? Басшылар ұрлық жасауға неге құнығып алды?» Міне, осындай «неге?» деген сұрақтар Брежневке бұршақтай жауыпты. Мұның өзі оның алғашқы жоғары әуенін бәсеңсітуіне апарып соғыпты. Леонид Ильич Теміртауда тәртіп орнатуға, бұзақылық былыққа жол берген кінәлы адамдарды жазалауға уәде беруге осылай мәжбүр болыпты». Әрине, Л.И. Брежнев қайтып кеткен соң, барлық басшылар шұғыл түрде жұмысшы жастардың жағдайын жасауға кіріседі.

Осы көтерілістен соң құрылыстағы жағдай күрт өзгеріп, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы біршама дұрысталады. Н.Ә. Назарбаев 1960 жылы Днепродзержинскіден Теміртауға келген кезінде «бізді бәрінен бұрын бірден таң қалдырған нәрсе қала магазиндерінде азық-түлік өнімдері мен өнеркәсіп товарларының сіресіп тұрған молдығы еді» деп еске алған болатын...

(Жалғасы бар)

Сәбит Шілдебай,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының

бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты