Ескі Түркістан қаласының көне шахристанынан табылған көптеген құнды деректер беретін керуен сарай, монша, керамикалық цех, мектеп орындары XVIII-XIX ғасырларға тән, өзіндік ерекше маңызы бар сирек кездесетін орындар.
Аталған зерттеу нәтижелері тек Қазақстан үшін ғана емес әлемдік тұрғыда археологиялық қызығушылық тудыратын сенсациялық жаңалық болып табылады.
Тәкия қақпасының жанынан табылған үлкен Керуен сарайының қабырғаларындағы құжаттар мен бағалы заттар сақтайтын арнайы қуыстар ерекше назар аудартады.
Керуен сарайының қабылдау бөлмесі, ауласы, қоймалары, керуеншілер тұратын бөлмелері, намазханасы, «мүричә» деп аталатын бір бөлмелі моншасы бар.
-«Ескі Түркістан қаласының көне шахристаны XIX ғасырдың 1843-49 жылдары Қоқан иелігі кезінде сыртынан қоршалған Тәкия қақпасын көріп тұрсыздар. Тәкия қақпасының түбінде қаланың Керуен сарайы орналасқан. Төрт қақпаның барлығының түбінде керуен сарайы болған. Сонымен бірге моншасы, кішігірім мүричә деген моншасы болған. Қазбадан табылған олжаны «Тәкия Керуен сарайы» деп атадық. Бұл жерде негізгі есігі арқылы қабылдау бөлмесіне кіретін болған. Қабырғаларында арнайы қуыстары көп, яғни мұнда келушілердің қымбат заттары сақталған. Қарама-қарсы бұрышта осы Керуен сарай басшысының кеңсесі орналасқан. Ал, ортадағы алаңға көше арқылы керуен келген. Ал, батыс бетіне түгел қойма салынған. Бұл қоймаға жүктерін түсіріп, сақтап отырған. Керуен сарайдың көпшілігі екі қабатты, оның екінші қабаты «Балахана», яғни жоғарыдағы бөлме деп аталып керуеншілер дамылдаса, бірінші қабаты міндетті түрде қоймаға арналған. Көлемі 35-40 метрдей болатын бұл құрылысты биылғы табылған үлкен жаңалықтың бірі деуге болады»,- дейді, тарих ғылымдарының кандидаты, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері, археолог Марат Тұяқбаев.
Марат Қымызұлының айтуынша, Тәкия қақпасына жақын жерден ашылған үлкен мектептің құрылысы да ерекше назар аударатын жаңалықтардың бірегейі. Бұл Түркістанда табылған алғашқы мектеп екендігімен ерекше және құнды жаңалық.
Археологтар тапқан ерекше олжаларының бірі ата-бабаларымыздың ежелден бері өндіріс көздерін игергендігі мен өндіріс технологияларын жасап, кеңінен қолданғандығын айғақтайтын - керамикалық цех орны.
Ясауи кесенесі аумағында орналасқан қыш бұйымдарын дайындайтын кең ауқымды цех - Қазақстанда алғаш рет анықталған орынның бірі саналады. Мамандардың айтуынша бұл жерде ыдыс–аяқ пен құрылыс кірпіштерін күйдіретін үлкен көлемдегі кешенді цех орны анықталған.
Мамандардың зерттеуі нәтижесінде белгілі болғандай көне шахристаннан табылған кішігірім монша құрылысы да бірнеше бөлмелерден тұрады. Су резервуары сияқты – сардоба да сақталған. Құрылыстан бөлек қызметкерлері үшін арнайы бөлмелерінің болуымен де ерекшеленеді. Емдік қасиеті бар тұнбалар дайындайтын ванна сияқты ыдыс та сақталған.
Сонымен қатар, Ясауи кесенесі мен Жеті ата қақпасына дейінгі магистральды көшеде де зерттеу жұмыстары жүргізілді. 620 метрді құрайтын бас көшенің бойында қазылған 170 метр аумақтың, ені 25 метрден тұратын 70 метр жері және қалған бөлігіндегі ені 5 метр тұратын жерлері зерттеліп, хан мешіті жанынан хандардың жеке намаз оқитын «махсура» бөлмесі мен әскери мұнаралар, мешіт мұнаралары мен қонақ қабылдайтын «мәлзел» бөлмесі анықталды. Жеті ата қақпасына дейінгі магистралды көшеден табылған кешенді құрылыстар XV-XVI ғасырларға тиесілі.
Көне Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты және «Қазқайтажаңарту» мекемесі мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғалым, тарихшы, археолог мамандары жүргізуде. Күлтөбе қалажұртындағы кешенді жобаның демеушісі - ERG компаниясы.
-«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің территориясында «Күлтөбе» атауымен ашылатын археологиялық паркке дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «ERG» компаниясының демеушілігімен 2019 жылы басталып, 3 жылға жоспарланған болатын. Археологиялық және қалпына келтіру жұмыстарын Қазақ ғылыми зерттеу институты жүргізіп келеді»,- дейді Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының археологы Айсұлу Ержігітова.
Мамандардың пікірінше «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі айналасындағы тарихтың таңғажайып сырлары әлі алда. Алдағы уақытта да жүргізілетін зерттеу жұмыстары көптеген тарихи жұмбақтардың бетін аша түспек.