Актер 1928 жылы 22 сәуірде қазіргі Атырау облысы Махамбет ауданында дүниеге келген. 14 жасынан бастап Гурьев мұнай барлауында жұмыс істейді, кейіннен Алматыдағы киномеханиктер курсында оқиды. 1950 жылы Алматы киномектебін бітіріп, Ташкенттегі театр өнері институты актерлік факультетінің 3-ші курсына қабылданып, оны 1952 жылы бітіріп шығады.
Нұрмұхан Жантөрин еңбек жолын "әкем театр" атанған Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасында бастап, өмірінің соңына дейін сол театрда еңбек етті. Көптеген сахналық қойылымдар мен фильмдердің басты рөлдерін ойнады. Қазақстанның Халық жазушылары С. Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» – Шоқанды, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш Баян сұлуында» – Қодарды, М. Әуезовтің «Еңлік–Кебек» пен «Қарагөзінде» – Кебек пен Сырымды, М. Булгаковтың «Жендеттерінде» – Мольер, У. Шекспирдің «Отеллосы» мен «Макбетінде» – Яго мен Макбет, А. Пушкиннің «Шағын трагедияларында» Сальери, Барон және Дон Жуан рөлдерінде ойнады. «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Оның уақыты келеді» фильмінде – Ш. Уәлихановты, «Атаманның ақырында» – Абылайхановты, «Құрманғазыда» – Құрманғазыны, «Сапар құдығында» – Сапарды, «Көлеңкесін қуған шалда» – қария, «Сұлтан Бейбарыста» – Сұлтан Бейбарыс сияқты басқа да көптеген тарихи тұлғалардың бейнелерін асқан ынтамен сомдап, өзгеше адами әрі актерлік қырынан танылды.
Режиссер Б. Мансұров қойған «Сұлтан Бейбарыс» фильміндегі Бейбарыс бейнесі тек Жантөриннің емес, қазақ киносының ірі табысы болды. Бұл фильм туралы актердің жұбайы, театр зерттеушісі Маргарита Иоглева-Жантөрина: «Сұлтан Бейбарыс образы актер Нұрмұхан Жантөриннің ұлы шығармашылығы екенінде дау жоқ. Сұлтандыққа жанкештілікпен жеткен адамның тағдыры. Менің мәскеулік актер достарым «Сұлтан Бейбарысты» орысша дыбыстандырған кезде Сергей Федоровичтің таңғалысын айтқан болатын. Ол үзіліс кезінде «Не деген актер, не деген керемет тұлға! Оның сөздерін дыбыстандырудың өзі бір ғанибет!» деп ризалық білдірген екен», – деп жазған.
Осы рөлі үшін Н. Жантөрин кеңес киносы актерлерінің Бүкілодақтық «Созвездие – 90» фестивалінде «Актер мамандығына қосқан аса зор үлесі үшін» сыйлығын жеңіп алып, арнайы дипломмен марапатталды. Бүкілодақтық фестиваль күндері Тверь қаласы көшелерінде Нұрмұхан Жантөринді халық «Сұл-тан Бей-барыс!.. Сұл-тан Бей-барыс!..» – деп қошеметтеп, қолпаштап тұрып алған екен.
Режиссер ретінде Цой Гук Инмен бірлесіп “Орман балладасы” (1972), Н. Жайнақовпен бірге “Медальдың үшінші жағы” (1976) фильмдерін қойды.
Нұрмұхан Жантөрин «Қазақфильм», «Қырғызфильм», «Өзбекфильм», «Мосфильм», «Ленфильм», т.б. көптеген киностудиялармен шығармашылық байланыста болды.
Актер көзі тірісінде: «Мендегі бар қымбат нәрсені осынау жарық дүниеге тастап кеткім келеді-ақ. Жинап-терген, түйсініп-түйген тәжірибем, бар білімім мен білігім топырақтағы құрттарға жем болмаса екен деймін! Әлі көп нәрсе істегім келеді… Жұмыс жасағым келеді...», – деген екен.
Бұл сөзін Нұрмахан ағаның арманы десек, онда бүгінгі ұрпақтың актерді әлі күнге дейін ұмытпауы, оны үлгі тұтуы, құрметтеуі осы арманының орындалғанын білдірсе керек.
Актер, режиссер Нұрмұхан Жантөрин көзі тірісінде-ақ көптеген құрметпен марапаттарға ие болған, айта кетсек:
- 1959 жылы Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген артисі (құрметті атағы);
- 1959 жылы КСРОның Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды;
- 1966 жылы Қазақ КСРнің Халық артисі (құрметті атағы);
- 1970 жылы «Қажырлы еңбегі үшін Лениннің туғанына 100 жыл» құрмет белгісі (медалі);
- 1978 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы;
- 1988 жылы КСРОның Халықтар Достығы Орденінің иегері атанды;
- КСРОның Еңбек Қызыл Ту орденін екінші мәрте алған;
- КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталған.
Нүрмұхан Жантөриннің артында оны ұмытпайтын туыстары, достары, шәкірттері, өнеріне төнті болған көрермендері бар. Атырау облыстық филормониясына және Атырау қаласының бір көшесіне Н. Жантөриннің есімі берілген. Алматы қаласында да Жантөрин атындағы көше бар. Сондай-ақ Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласындағы облыстық музыкалық драма театры Н.Жантөрин атында. Театр 2003 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен ашылды. Бір мезгілде екі зал төрінде, алғашқы рет Ғабит Мүсіреповтың «Қыз Жібек», Тәкен Әліпбаевтің «Томирис» шығармалары сахналанып, театр шымылдығын ашты. 2006 жылы өнер ошағына ҚР Халық әртісі Нұрмұхан Жантөриннің есімі берілді.