Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тоғыз торап, сегіз соқпақ – бұл Семей

3307
Тоғыз торап, сегіз соқпақ – бұл Семей - e-history.kz
Тоғыз жолдың торабында орналасқан көне шаһар Семей вокзал ғимаратының ғасырлық тарихы бар

Семей теміржол вокзалының тарихы 1915 жылдан басталады. Сол жылы Семипалатинск-Новониколаевка бағытындағы темір жол тартылып, жаңа бекетке «Алтай» деп ат қойылды. 

Семей – Жетішатыр – Тасмешіт – Семипалат деген тарих қойнауындағы атауларының өзгеруілеріне қарап отырып, Семей қаласының тарихы тереңде жатқанын аңғаруға болады. Қала атауының этимологиялық мәнін сипаттауда ғалымдар арасында бірізділік жоқ: лингвист ғалымдар атау Семей тауымен байланысты қойылған десе, кейбір зерттеушілер еш негізі жоқ болса да, жеті шатырдан тұратын қала дегенге келтіреді. 

Семей шәрінде ерте заманнан-ақ сауда жолы өте жақсы дамыған. Жыл сайын 3000-ға дейін өтетін түйе керуендері – семей базарының қиқуы, нағыз қан базары. Думанды жәрмеңке үзілмеген шақтардағы Семейдің сауда керуендері дәстүрлі Мәскеу-Орта Азия-Қытай жәрмеңкелерінен өзге Константинополь көпестерімен де сауда қатынасы болды деген мұрағат деректері сақталған. Ал 1814 жылы Семейден жол түзген грузия дворяны Семен Мадатов сауда керуенімен Құлжа, Кашқар, Жаркент, Тибет, Кашмирге дейін барып, кейін қайтқанда Түмен, Қазан, Мәскеуде сауда жасап, қаланың өзге көпестеріне сауданың тың жолын көрсеткен. 

Сол кезеңдегі қаланың басты белгісінде керуен түйесі, мұсылмандық белгісі ретінде шалқасынан жатқан жарты ай мен сүмбіле жұлдыз, ал жоғарғы басында бодандық белгісі ақ патшаның тәжі бейнеленгені осы сөзімізді дәлелдейді. 

Сауда бар жерде жол бар, байланыс түзіледі, қатынас орнайды. Жаңа дәуірлердің ғылыми техникалық мүмкіндігіне сүйенген әкімшілік байланыс орнату мен қатынау құралдарының жылдамдығын және адамдардың уақытын тездету үшін темір жол салуға бекінеді де, ондай жобаларды негізінен халқы көп, тығыз орналасқан әрі саудасы шалқыған аймақтарға асыруды алдымен қолға алады. Семейдің шығыстағы негізгі жол торабына айналғаны сондықтан. 

Семейден бастау алған шойын жол Түрксіб (Түркістан-Сібір) темір жолының құрамдас бөлігі ретінде құрылысы 1927 жылы көктемде басталып, оңтүстікте Луговая стансасынан шыққан жолмен 1930 жылғы 28 сәуірде Айнабұлақ стансасында түйісуімен аяқталды. Түрксібпен бірге Семейде Ертіс өзенінің үстінен өтетін көпір салынды. Бұл екі аралықты су жол ғана байланысқан инфрақұрылым үшін өте үлкен оқиға болды. 

Семей темір жолы телімі 1934 жылға дейін Алтай жолының, 1958 жылға дейін Том темір жол 5-бөлімшесінің құрамында болды. Сонымен қатар бұған ядролық полигонға тартылған Жаңа Семей – Конечная жолы қарады. 1958 жылдан бастап темір жол және оған қарасты ғимараттар Қазақ темір жолының бөлімшесіне берілді. Қала аумағында Семей және Жаңа-Семей деп аталатын екі теміржол бекеті бар. 1972 жылы ескі ғимараттың орнында жаңа заманауи теміржол вокзалы салынды. 

c78730aa3e5376ad30862125c081afb5.jpg

Бүгінгі таңда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы АҚ-ның бөлімшесінің құрамындағы Семей темір жолы 7 бағыт бойынша жұмыс істейді. Тасымал бөлімшесі жылына 1,5 миллионнан астам жолаушы, 332,3 миллион жүк тасиды. Үш мекемеде барлығы 1768 адам еңбек етеді. 

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?