Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#100шайқас: Моңғол армиясының құпия картасы

3098
#100шайқас: Моңғол армиясының құпия картасы - e-history.kz
ХІІІ ғасырда моңғол мемлекеті ежелгі түрік мемлекетіне ұқсас болды. Олардың соғыс стратегиясы да сөзсіз соны қайталайды

Моңғолдар жергілікті өз халқын әскери өнерге баулып соғыс iсiне даярлауға көп көңіл бөлді. Ғұн балалары жас кезінен жақ тартып үйренсе, садақпен атуды моңғол балаларына он үш жастан бастап үйретті. Әрбір моңғол мықты атты әскер болып қалыптасудың мемлекеттік идеологиясы жүргізілді. Көк түріктердің дала дәстүріне сай, Шыңғыс хан аңға шығуды соғыс мектебі деп атады. Қыс мезгілінде жүзеге асырылатын аңға шығуды, түз тағысын аулаудың сан алуан тәсілін жетілдіру арқылы жақсы әскер қалыптастыруға болатынын түсінді. Аң-құсы мол аймақтарға алдымен барлау жасалды, содан соң әскерлер оң қанат, сол қанат, орталық болып үшке бөліп, сол арқылы сүргін салып, аңшылық салтанат құрды.

Моңғол армиясында әскери тәртіп өте қатал болды. Шыңғыс хан әскерилерге арнайы заң жасап шығарып, былай деді: «Жүз мыңдық армияны басқарған қолбасы өз ханының бұйрығын бұлжытпай орындауға міндетті. Орындамаған жағдайда жазаға тартылады, тіпті өлім жазасына дейін кесіледі». Мұндай қатал заң жүзеге асқан мемлекетте әскерді қалай басқару, қамалды қалай алу, соғысқа қалай дайындалу әдістері толық қарастырылды. Бұл тәртіп бойынша, қолбасылар жауынгерлердің қару-жарағының жағдайын тексеруге міндетті болды. Қару-жарақ жорыққа шығар алдында міндетті түрде тексеріліп отырды.

Әскерде қолына қару ұстай алатын барлық моңғол қызмет етуге міндетті болды. Бұл жеңіл қаруланған шығыс көшпенділерінің атты ескері болды.

Әскер жасақтау кезінде әрбір он үйден, қажеттілік бойынша, бір немесе үш жауынгер шығуы әрі олар өздерін-өздері азықпен қамтамасыз етуі міндетті болды. Бейбіт уақыт кезінде қару-жарақ арнайы орында сақталды. Ол мемлекет меншігі болып есептелді. Жорыққа шығар алдында жауынгерлерге үлестіріліп берілді. Жорықтан қайтқанда ер жауынгер өз қаруын қайта өткізуге міндеттелді. Жауынгерлер жалақы алған жоқ, қайта өздері мал санына қарай (әрбір жүз бастан бір бас) салық төлеп отырды.

Соғыс кезінде түскен олжадан ер жауынгерге бірдей үлес таратылды. Олжаның бір бөлігі ханға берілуге тиіс. Жорық арасында жауынгерлер қоғамдық жұмыстарға тартылды.

Оқи отырыңыз: #100шайқас: Атлах ақиқаты

Әскер ондыққа, жүздiкке, мындыққа, он мындыққа (түмен) бөлінді. Оларды онбасы, жүзбасы, мыңбасы, ноян басқарды. Басшылар арнайы шатырлар, қосымша қару-жарақ, жылқы қорын ұстады. Шыңғыс хан қолбасыларды бейімділігіне қарай іріктеді: ақылдылар мен батылдарға әскер басқартты, шаруаға бейімділерге әскери жүк керуендері мен малды тапсырды.

Нөкер жасағының негізінде, ақсүйектер мен мықты жауынгерлерден арнайы гвардия құрылды. Бұл гвардия барлық моңғол тайпаларының үстінен бақылау орнатты. Шыңғыс ханның айтуынша, алғашында гвардия түнгі күзеттегі 80 жауынер мен арнайы күзеттегі 70 жауынгерден тұрды. Кейіннен  оның бұйрығы бойынша, барлык мындыктардан іріктеліп алынған жауынгерлерден «ауыспалы гвардия» жасақталды.

Шыңғыс хан былай бұйырды: «Ауыспалы гвардияға барлық ноян, мыңбасы, жүзбасылардың және ақсүйектердің балалары тартылсын. Ноян балалары өздерімен бірге он жолдасын және бір кіші бауырын, жүзбасылардың балалары бес жолдасы мен бір кіші бауырын, ал онбасылардың балалары үш жолдасы мен бір кіші бауырын ертіп келуге міндетті. Олардын барлығы өздерімен бірге әскерге қажетті заттарды ала келуі тиіс». Осы есеппен «ауыспалы гвардия» сарбаздарының саны он мыңға жетті.

Ал негізгі әскерді атты әскер құрады. Олар ауыр қару-жарақты және жеңіл қару-жарақты болып бөлінді. Ауыр қару-жарақты атты әскер жаудың негізгі күшімен шайқасты. Ал жеңіл қару-жарақты атты әскер күзет және бақылау қызметтерін атқарды. Жаудың соңына түскенде осы жеңіл қаруланған атты әскер үлкен рөл атқарды. Моңғолдың жеңіл атты әскері шайқас кезінде рыцарлық ауыр атты әскерге қарағанда пайдалырақ болды.

Моңғолдардын негізгі қару-жарағы садақ болды, ол ерекше бояумен боялды. Бұл бояу садақты дымқылданудан және қаңсып қалудан сақтады. Әрбір жауынгер бірнеше садақ және жебе салынған қорамсак ұстады. Бұған қосымша ұшы темір найзасы болды. Онымен жауды аттан құлатты. Қайқы қылышы, темірмен айқышталған бас киімі болды, ұзын сүңгі ұстады. Бұған қосымша жауынгерлер ұзын арқан ұстап, оны соғыста және аң аулағанда пайдаланды.

Қорғаныс құралдары өгіз терісінен жасалды. Бұл айтылғандар, негізінен, женіл қаруланған сарбаздардың қаруы. Әрбір жауынгердің жебе ұшын шығаратын егеуі, бізі, ине-жібі, ұн елейтін елеуіші, су сүзіп тазартатын сүзгісі болды. Атты әскер кішігірім шатыр ұстады, екі торсығы болды, біріне су, екіншісіне езілген құрт, айран құйып алды. Азық-түлігі мүлдем таусылып қалған жағдайда моңғолдар аттын қанын ағызып ішті. Сөйтіп олар он шақты күнге дейін аштыққа шыдай білді.

Моңғол әскері үш бөлімнен тұрды: он қанат, сол қанат, орталық. Әрбір бөлімнің өз алдына шебі болды. Мұнымен қоса, жалпы алдыңғы шеп және резерв болды. Әскери тәртіп өте мықты болды.

Соғыс жауға алдын ала барлау жүргізіліп барып басталды. Бұған қосымша азық-түлік базасы құрылды, жауды адастыру шаралары да қарастырылды. Көп тарихшылар моңғолдар шабуылы бей-берекет жүргізілді деп жазады. Шындығында, моңғолдар өз жауларына алдын ала барлау жасап, зерттеп алып, белгілі тәртіппен соғыс iсiн жүргізіп отырған.

Жорық, негізінен, шөбі қалың құнарлы аймақтарға бағышталған. Мұның өзі қосымша жылқыларды асырауға мүмкіндік берген. Жорық кезінде барлаумен қоса күзет қызметі де жақсы жолға қойылған. Барлаушылар – жеңіл атты әскерлер, негізгі күштен екі күншілік жерде жүріп отырған. Басшыларға өз қол астындағыларға дұрыс қарау тапсырылып отырды. Өзендерден атты әскер аттарымен жүзіп өтсе, жаяу әскер салмен өткен.

Моңғолдар жауды негізгі күшінен бөліп алып, жеке-жеке талқандауға ұмтылды. Тосқауыл қою, күтпеген жерден шабуыл жасау, жауды шегінген боп алдап, кенеттен шабуылға шығу – олардың негізгі соғыс тәсілдері болды. Моңғолдар ұрыс даласында жылдам кимылдады. Олар жауды екі жақтап тылына шығып алып қоршап, құртып жіберіп отырды. Жебенің астына ала отырып, бетпе-бет соғыста жойып жіберді. Жау талқандалған жағдайда соңынан қуды.

Моңғолдар шайқас даласында өте тапқыр болды. Солтүстік Үндістанға басып кіргенде әскери пілдер моңғолдарды жеңіліске ұшыратты. Алайда соғыстың екінші күні олар пілге қарсы, басына от жағылған жебені пайдалануды ойлап тапты, сөйтіп жеңіске жол ашты.

Оқи отырыңыз: #100шайқас: Қытайлармен қырқыс

Әскерді басқару жақсы жолға қойылды. Барлау жүргізуді, қарулануды, басқа да қосымша шараларды арнайы адамдар басқарды. Олар дыбыс және әр түрлі түсті жалау арқылы бұйрық беруді меңгерді.

Моңғолдар қаланы қоршағанда алдымен жан-жағын тұтас талқандады да, қаладан ешкімді шығармай қойды. Қаланы айнала қоршай ор қазды. Мұндай жұмыстарға жергілікті халық пен тұткындарды пайдаланды және оларды қамалға кіріп шайқасуға мәжбүр етті. Өздері арттарынан қадағалап, кері қашқандарды өлтіріп отырды. Кейде моңғолдар қалаға су қаптатты немесе өзенді бұрып жіберіп, қала халқын сусыз қалдырды.

Моңғол әскерлерінде сол кез тұрғысынан алғанда, жақсы инженерлер болды. Оларды Қытай мен Персиядан тұтқынға түсіріп алды. Моңғолдар сол замандағы озық техниканы пайдаланды. Тас ататын машинаны Марко Поло Батыс Еуропадан жетті деп жалған айтады, оны олар Қытайдан алған. Батудың әскерлері 160 келі ауырлыққа дейінгі тасты бірнеше жүз адымға лақтыра алатын қаруды пайдаланған. Қорғанның ағаш бөлігін мұнаймен өртеді. Тас қабырғаларды арнайы машинамен талқандады немесе оқ-дәрiмен жарды. Оны Қытайдан үйренді және мұндай қару ол кезде Еуропада болған жоқ.

 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?