Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ дегеніміз – рух

2655
Қазақ дегеніміз – рух - e-history.kz
Елбасымыздың 21 қараша күні жарыққа шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлттық мұрамыздың жеті ерекшелігіне аса мән беріледі

Стратегиялық сипатқа ие бұл бағдарламалық мақала өзіндік мазмұны мен мәні жағынан, орындалуы тиіс жобалардың бағыты бойынша кешенді «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы іспетті. Осы орайда, мемлекет басшысының бұл мақаласы ұлттық рухты көтеруге жаңаша серпінді меңзейді.

Ұлттық құндылықтарымыз рухани жаңғырудың бастауы ретінде қазақ халқының өмір салтын, этникалық келбетін айқындайды. Ұлт болып ұйысу белгілі бір географиялық ендікті алып жатқан адамдар тобының басқа да тұрмыстық, дүниетанымдық, ең бастысы тілдік бірліктерінен туатындығын жақсы білеміз. Ұлт дегеніміздің өзі адамдардың тарихи қалыптасқан жері, тілі, діні, салт-дәстүрі, мәдениеті ортақ қауымдық бірлестік.

Қазақ халқы елдігін нықтап, түрлі жаугершіліктен аман қалып, тарихта ұлт болып қалуы үшін 550 жылдан уақыт кетті. Көш көлігі – түйе, мінгені – жылқы, баспанасы – киіз үй болған эпикалық көшпелі өмірдің асыл қалыбында кісілік пен парасат басшылыққа алынған қоғамдағы қазақтар ғажайып асқақ рухты болды. Ат тұяғы баратын жердің бәрімен табиғи байланыста болған халық өр, намысты, текті, жауынгер болып келді. Ежелгі Күлтегін, Білге қаған мен Елтеріс қаған заманы мен көк сүңгілі түріктерге жалғасқан жойқын шайқастар, Шыңғыс ханның қайысқан қолына қарсы аласапыран жорықтар, жайындай аузын ашқан Ресей бодандығына жолбарысша атылған Кенесары, Наурызбай, Исатай-Махамбет, Сырым, Жанғожа, Есет батырлар көтерілістері осыған дәлел бола алады.

Ұлы даламыздың тарихы оның тіршілік философиясымен тығыз байланыста болды. Қазақ халқының өмірі мыңдаған ғасырлар бойы көшпенділікпен өткендігі белгілі. Сондықтан да, қазақтың таным түсінігі, дүниетанымы, өмір тәжірибесі осы көшпенділік тіршілігімен, әсіресе мал шаруашылығымен тығыз байланысты болды. Сол себепті де, өзге халықтарға қарағанда, қазақ халқы жиі-жиі табиғаттың алуан түрлі құбылыстарымен бетпе-бет келіп, табиғатпен етене жақын араласқан халықтардың бірі болды. Осы орайда тарихшы ғалым Зардыхан Қинаятұлының: «Қайсыбір ұлттың ахуал тұрмысын, жан дүниесін, тіпті мінез құлқын жетік түсіну үшін ең алдымен аталмыш ұлттың қоғамдық қатынастарының сыр сипатын тану керек... қазақтың кең байтақ мекені..., табиғаты..., малының бағым күтіміне тікелей байланысты көшпелі өмірі қазақ жан дүниесіне ерекше бет бейне әперген. ...Кейде табиғат дүр сілкінсе, қазақ та дүр көтеріліп атқа қонып, абыр-сабырмен жүруге дайын. Ал егер табиғат маужырап қалса, қазақтың жаны жай тауып, рахаттанып жылы қымтанып алатыны бар» деген тұжырымы бұл ойды айшықтайтын тәрізді. Жалпы осындай  сипаттамалар халық даналығындағы моральдық құндылықтарды жасау ерекшелігін көрсетеді. Яғни табиғат құбылыстары моральдық құндылықтарды жасауға негіз болса, оларға рухани құндылықтар қасиеті болмысы сіңірілгенін байқаймыз. Қазақ халқының рухани құндылықтары, ең алдымен, оның ауызша және жазбаша әдебиетінде, сондай-ақ, фольклор, эпостық, шешендік жырлары мен жоғары музыкалық, поэтикалық, философиялық мұраларынан табылады. Халық мұраларының тарихи үрдісінде жоғалып кетпеуіне себепші болған құдірет адамгершілік принциптеріне негізделген дәл осы руханилық болды. Осыған байланысты қазақ халқының шынайы түпкі болмыс бітімі туралы «қазақ дегеніміз – рух» деген Ғарифолла Есімнің пікірімен келісемін. Ғалым қазақ жұртында руханилықтың өте маңызды құндылық болғандығын меңзей келе, одан туындайтын «кісілік» ұғымының қазақ халқында ең жоғары құндылықтық өлшем болғандығын атап көрсетеді.  

Қорыта келгенде бүгінгі таңда ұлттық рухани құндылықтарымызды жаңғырту үшін ұлттық салт-дәстүріміздің жақсысын алып, жаманынан жирене білу маңызды. Олай болса әрбір қазақстандық азамат ертеңгі күнін айтпас бұрын, өткен тарихына тоқталып ең керек рухани байлықтарын танып оларды бойына сіңіруі қажет білемін.

ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистры Ботагөз Абдрахманова 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?