Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абылай ханның қара жолымен

2312
Абылай ханның қара жолымен - e-history.kz
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақмола облыстық әкімдігінің қолдауымен тарихшы, өлкетанушы, геогрф және журналистер «Абылай ханның қара жолы» экспедициясына шықты

Мұрат қажы Ыдырысов бастаған топтың негізгі мақсат «Абылай ханның қара жолын», яғни кезінде бірнеше бағытта оңтүстіктен солтүстік арасында жүрген жолдарын анықтау және жол бойындағы тарихи ескерткіштерді қарау, олар туралы мәліметтер жинақтау жоспарланған еді.

Экспедиция 2018 жылдың 17-27 қыркүйек аралығында сәтті жүзеге асырылды. Жалпы, экпедицияға қатысушылар 4500 шақырым жол жүріп өтті. Бағыты солтүстіктен оңтүстікке қарай: Қызылжар – Көкшетау – Астана – Қараөткел – Ақмол – Сабынды – Қорғалжын – Біртабан – Баршын – Шұбаркөл – Ұлытау – Сәтбаев – Жезқазған – Қызылорда –Түркістан – Шымкент – Тараз – Шу – Балқаш – Қарағанды – Астана – Көкшетау жерімен сапарлары аяқталды.

Енді осы аталған «Қара жол» деген сөздің мағынасына қысқаша тоқтала кетсек. Қазақ тілінде ауыспалы, шартты символикалық мағыналары аса көп Түркі тілдерінде «қара» сөзінің мағынасы «үлкен, зор, көп» деген ұғыммен түсіндіріледі. Ал, қазіргі Қазақ әдеби түсіндірме сөздігінің 6-томында «Қара жол. Арба жүретін асфальтсіз үлкен жол» деп жазылған. Яғни, даладағы даңғыл жолды қазақ халқы «Қара жол» деп айтатындығы белгілі.

Қазақ тарихын зерттеген орыс ғалымы А. Левшин Абылай заманы туралы былай деп жазады: «– Қазақ даласында айырбас сауда орындары көбейді. Бұрын айырбас сауда тек Орынборда ғана болса, енді Троицкіде, Семейде, Қызылжарда жүргізілетін болды. Мұның соңғысы Абылайдың орыс өкіметінен сұрауы бойынша ашылды». Шың империясы мен Қазақ хандығының арасында сауда қатынасы орнағанда Арқадан сол шығыс бағытқа қарай керуен жолы ашылады. Ашылды дегеніміз де бекер болар, шын мәнінде бұл ежелгі Ұлы Жібек жолының сорабын қайта жаңғырту болар, бәлкім. Қазақ даласын көлденең кесе керуен бұйда созған бұл жолды «Абылайдың қара жолы» деп атаған. Жалпы Абылайға қатысты «Абылайдың қара жолы», «Абылайдың қара қосы» деген ұғымдар күні бүгінге дейін ұрпақтар санасында жаңғыра отырып жеткен. «Қара» деген сөздің өзі қазақ тілінде «қасиетті», «көне», «үлкен» және тағы басқа мағыналарды беретінін ескерсек, «Абылайдың қара жолы» тіркесінің мағынасын – жалпыға мәлім даңғыл керуен жолы деп түсінуге болатын сияқты. Қазақстан тарихында «Абылай ханның қара жолы» туралы мәліметтер көп емес, яғни, «ақтаңдақ» мәселе. Сондықтан, осындай арнайы экспедиция ұйымдастырылуы қажет болды.

Экспедиция мүшелері Қорғалжын ауданында (17.09.2018)

 

Жақсыкөң өзенінен өткен сәт

 

Ұлытау жеріндегі Әулиетауға көтерілгенде (19.09.2018)

ЕСКІ ЖҰРТ. Жошы хан және Шейбанид Әбілқайыр хан қоныс қылған Хан Ордасы. Ұлытау ауданында Сарыкеңгір мен Қаракеңгір өзендерінің аралығында орналасқан (19.09.2018)

 

Жошы хан және одан кейін Шейбанид Әбілқайыр хан отырған Ескі Хан Ордасындағы Хан Арал. Сарыкеңгір мен Қаракеңгір өзендерінің аралығында. Фотода экспедицияға қатысушы Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов

 

Қазақ хандарын ақ киізге көтеріп, хан сайлаған Хан Ордасы. Ұлытау (19.09.2018)

 

Мемлекет тарихы институты Ғылыми-ақпарат бөлімінің бастығы, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Қалиев Жезқазған-Қызылорда бағытындағы орта жолда Бетпақдаланың шетінде тұрып, сұхбат беруде (20.09.2018)

 

Қызылорда қаласындағы Тарихи-өлкетану мұражайында сақталып тұрған Жоңғар батырының дуылғасы. Ерекше құнды жәдігер. Маңдайында буддизм дініне тән свастика таңбасы бар (21.09.2018)

 

Ортағасырлық Сығанақ қаласы (21.09.2018)

 

Ортағасырлық Сауран қаласы (21.09.2018)

 

«Абылай ханның қара жолы» экспедиция мүшелерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел. Түркістан облыстық әкімдігі (23.09.2018)

 

Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде (23.09.2018)

 

Ортағасырлық Отырар қаласы (23.09.2018).

 

Шымкент қаласындағы Тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұрған Кенесары ханның қылышы (24.09.2018)

ХАН ҚОРҒАН. Абылай хан қоныс қылған қалашық. Шымкенттен Алматы қаласына шығатын бағытта 35 шақырым жерде орналасқан. Бұрын Сайрам ауданына қарасты Мәдени ауылының шетінде тұр. Қазір ауылдың аты Ханқорған. Бұл қалашыққа қазіргі уақытта Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Ә. Байтанаевтың басшылығымен қазба жұмыстары жүргізілуде

 

ХАНТАУ. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандар қоныс қылған жер. Жамбыл облысы Шу ауданының Хантау ауылы маңында

 

«Абылай ханның қара жолы» экспедициясының мүшелері Астанаға жетті (26.09.2018)

 

«Абылай ханның қара жолы» ізімен экспедицияға барып келген азаматтар өз қолдарын қойып, Ақмола облысы әкімдігіне картаны табыстауда. Көкшетау қаласы (27.09.2018)

Жалпы қорытындылай айтқанда, экспедиция сәтті аяқталды. Сапар барысында «Абылай ханның қара жолы» бойындағы ескерткіштер және жер-су атаулары туралы мәліметтер жинақталды. Жол бойындағы елді-мекендерде тұратын қариялардан сұхбаттар алынды. Енді алдағы уақытта экпедиция материалдары бойынша ғылыми-танымдық жинақ және деректі фильм шығарылады.

 

Жабай ҚАЛИЕВ, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының

Ғылыми-ақпарат бөлімінің бастығы, педагогика ғылымдарының кандидаты

Қанат ЕҢСЕНОВ, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының кандидаты

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?