Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жәди Шәкенұлы: Оспан күресінде Алаштың рухы жатыр

1502
Жәди Шәкенұлы: Оспан күресінде Алаштың рухы жатыр - e-history.kz
Керек болса, Алтай қазақтарының атқа қонуына да Алаш идеясы себеп болып отыр. 1939 жылы желтоқсан айының 24 күні Алтайдың рухани көсемі Ақыт Үлімжіұлы қамауға алынды

– Жәди аға, әңгімемізде Алтай қазақтарының соңғы ханы, ұлт батыры Оспан Ісләмұлының өмір жолы мен күрескерлік бейнесі және Алаш арасындағы байланыстан бастасақ. Оспанның ұлт-азаттық жолындағы жалынды күресін осы Алаш идеялогиясының Шығыс Түркістандағы заңды жалғасы деп бағалауға бола ма?

– Дұрыс айтасың, Оспан Ісләмұлы бастаған ұлт-азаттық жолындағы күрес – Алаш идеясының заңды жалғасы. Ол, әрине, даусыз дүние. Қасиет қонып құт дарыған Алтайдың бауырын емген қалың қазақтың ертеңі үшін атқа қонған Оспан батыр мен оның айналасындағы боздақтардың барлығы да Алаш Орда үкіметі жайлы толық хабардар болып отырды. Алаш Орда үкіметі қалай құрылды, қалай өрбіді, қалай жанышталды, басы-қасындағы арыстар қалай қуғындалды – бәрін түгел естіп-біліп отырды. Өйткені, сол кезеңдерде шекараның арғы беті мен бергі жағындағы қазақтардың байланыстары өте тығыз болатын. Оның үстіне Алаш Орда үкіметі 1918 жылы Зайсанда өзінің бір филиалын ашқанын білесің. Оған Райымжан Мәрсекұлы деген азамат басшы болып тағайындалған болатын. Сол жылы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алашшылдар Шәуешек қаласына барды. Осы Алаштың ақ байрағы көтерілген Зайсан өңірі мен киелі Алтайдың арасын жалғыз ғана сызық бөліп тұр. Ал Алтай – Оспан атамыздың туған жері.

Тағы бір айта кетерлігі, саяси ахуалдарға байланысты Зайсан өңірінен көп адам Алтай асуға мәжбүр болды. Мәселен, 1928 жылдары арғы бетке Әлібай деген атақты мерген өткен. Колпаков деген орыстың генералын атып өлтіріп, артынан ерген қолын қынадай қырып барып Оспанға барып қосылған. Ахметқали деген көзі ашық азамат өтті. 1929 жылы Әбдікәрім болыс пен оның адамдары келіп қосылды. Демек, 1916 жылғы ақ патшаның әскер алуына қарсы көтеріліс пен 1917 жылғы Қазан төңкерісі заманында арғы бетке өткен қазақтың тең жартысы осы Оспаннан барып пана тапқан. Қолына барып қосылды. Ниеттес, тілеулес болды. Соның ішінде Ғаббас молла деген адам болды. Қазақстаннан қашып барған сол ұзақ жылдар бойы Оспанның молласы болды. 1931 жылы Шәкерім атылған жылы оның ұлы Зият, Белдеш Әзімбайұлы, Қожағапан, Төлеуғазы секілді қалың қазақ қашып Алтайға барды. Олардың барлығы Оспанның ауылына тұрақтады. Осындай адамдар арқылы қызыл империяның жауыздығын біліп отырды.

Оспан қолында бірге болған Есімхан, Рысхан деген кісілер 1940 жылы  Шың Шысай әскеріне қарсы Көктағай шайқасында шайқаста орыстың генералы Разборовты өлтіреді. Генералдарының  сүйегін сұраған орыстарға Ырысхан: «Сендер 1937 жылы Мәскеуге апарып өлтірген Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынның басын әкеліп беріңдер. Сонда біз де генералдарыңның сүйегін қайтарамыз», – деген жауап берген. Бұл нені білдіреді? Оспан мен оның күрес жолының алаш идеясымен тікелей байланыста болғанын білдіреді.

Оқи отырыңыз: Қан кешкен Өр Алтай-1

Керек болса, Алтай қазақтарының атқа қонуына да Алаш идеясы себеп болып отыр. 1939 жылы желтоқсан айының 24 күні Алтайдың рухани көсемі Ақыт Үлімжіұлы қамауға алынды. Көтерілістің басталуына осы жағдай себеп болған еді. Ақыт кім? Алашшыл ақын. Демек Алаш идеясымен тамырласып жатқан Ақытты Оспанның рухани атасы деуге болады. Әрі екеуі де бір өңірдің оғландары.

Алаш жолы мен Алтай өңірі алтын шынжыр тәрізді байланысып жатыр. Оны бір-бірінен бөлек қарай алмайсыз. Қытайдың Шығыс Түркістан аймағында өрбіген бұл оқиғалардың барлығын Алаш қозғалысының екінші кезеңі деп айтуға болады.

– Оспан батырдың өр тұлғасына қатысты біршама зерттеулер жасалды. Күрескерлік жолы туралы дүниелер де аз емес. Бірақ сол дүниелердің ішінде бірізділік жоқ. Әркім өзінше қорытынды жасап жазып жүр. Бұған не себеп?

– Оспанның бейнесін тану үшін оның өмір сүргенін заманын толықтай білу керек. Яғни, кез келген тарихи тұлғаны тану үшін сол адам өмір сүрген кезеңмен, тарихи оқиғалармен жақсы таныс болу керек. Онсыз тарихи алшақтыққа, қателікке ұшыраймыз. Оның үстіне кез келген тарихи дүниені дәл бүгінгінің көзімен, жаңа заман тұрғысынан қараудың өзіндік қиыншылықтары тағы бар. Осы себепті кеше ғана өткен оқиғалардың өзі көп бұрмалаушылыққа ұшырап жатады. Оспан – қып-қызыл өртке қарсы шапқан көзсіз баһадүр. Бірнеше өрттің ортасында жүрген өте күрделі тұлға.  

Оспанның заманы қара қытай-қызыл қытай болып қырқысқан, орыс пенен неміс болып шарпысқан, мұңғыл-жапон араздасып алпарысқан, яғни жер шарының тең жартысын алапат өрт шарпыған аласапыран кезеңмен тап келді. Дәл осындай қиын-қыстау заманда Оспанның ұлт-азаттық жолындағы күресі басталды. Басында елдің болашағы, жердің тағдыры деп атқа қонған батырдың ішкі қарсылығы ұлттық деңгейдегі қозғалысқа ұласып халықаралық аренадан бірақ шықты.

1943 жылы Сталин орталық партия комитетінде арнайы жиын ашып «Екінші Дүниежүзілік соғыстың жеңісі мен жемісі қалай болады, оның үстіне Шығыс Түркістан жерінде үлкен күрес болып жатыр екен,  бұл күрестің басы-қасында Оспан деген сұмдық адам жүр екен» деп үлкен мәселе қозғайды. «Осы жағдайды мұқият бақылауға алу керек» деп атышулы Берияға арнайы тапсырма жүктеп Шыңжаң және Оспан батырдың мәселесіне тікелей жауапты қылады. Осы бағытта едел-жедел қимылдаған Берия аз уақыттың ішінде мұңғылдың басшысы, армия маршалы Чойбалсанды алдыртады. Кездесу барысында Сталинге Оспанды қолдауға тапсырма береді. Яғни Шығыс Түркістанның құрылуына тікелей Сталин себеп болған. Бұл, әрине, ССРО мен Қытай арасында «қорған ретінде» бір мемлекет бола тұрсын деген үлкен жоспардың бірі болатын.

Ол осылайша Чойбалсанды ортаға сала отырып Оспанға қолдау жасағансып отырып Іле мен Тарбағатай жақтан әскерін кіргізіп жатты. Осылайша, 1944 жылы 12 сәуір күні Шығыс Түркістан республикасы құрылды. Алайда, оның тағдыры көп ұзаққа бармады. Екінші Дүниежүзілік соғыста ССРО-ның жеңетіні белгілі бола бастады. Осыны сезген ССРО басшылары 1945 жылдың 11 ақпаны күні Кремль түбегінде үлкен жиын өткізді. «Ялта мәжілісі» деген атаумен тарихта қалған бұл жиынға Совет Одағы тарапынан И.В. Сталин, АҚШ президенті Ф.Д. Рузвельт, Ұлыбританияның мемлекет басшысы Черчилль қатысқан. Жиында құпия түрде талқыланған мәселердің ішінде Шығыс Түркістанды құлату, Мұңғыл мен Қытайдың дербестігі, Оспанның көзін құрту сынды жайттар болған.

Шығыс Түркістанды құлату туралы қарар өте ауыр болды. Оған, әрине қарсы болғандар өте көп болды. Солардың бірі Әлихан төре еді. Өкініштісі сол, Әлихан төренің өзі 1946 жылдың 17 маусымында қолға түсті. Екіншісі Оспан еді. ССРО Мұңғылия арқылы және кезінде Шығыс Түркістан республикасының құрамында болған «үш аймақшылдар» арқылы Оспанды құртпақ болып, қуғын бастады. Осыдан кейін Оспан амалсыз гоминдаңшыл қытайлармен одақ құрды. Гоминдаңшыл қытайлар арқылы АҚШ елшілігіне шығып, коммунистердің қызыл тасқынына қарсы тұрарлық жол іздеуге мәжбүр болды. Осы сәтте ол халықаралық өрттің ортасында қалды. Жан-жақтан қысқан өрттен шығу үшін ССРО-мен бірікті, мұңғылмен келісімге келді. Қара қытаймен бірігіп, қызыл қытаймен соғысты. Басында айтып өткенімдей, АҚШ үкіметінен көмек күтіп тарыққан кездері де болды. Яғни, бес мемлекеттің ортасында қалды.

Оқи отырыңыз: Оспан батыр және қуыршақ үкімет-2

 Оспанмен бес бес бірдей мемлекеттің патшасы санасты. Бес елдің патшасы, әрине, мисыз емес. Далада далбақтап шауып жүрген әркіммен санаспас болар, бұл Оспанның өте ірі саяси тұлға болғандығын көрсетеді. Мұндай тұлғаға отырып алып қара сөзбен баға бере алмаймыз. Өкініштісі сол, Оспан батыр әлі де әділ бағасын ала алмай келе жатыр. Жекелеген зерттеушілер мен тарихшылар болмаса, әлі де сол кезіндегі қаралау, жала жабу тұрғысынан аса алмай келеміз. Советтік және ескілік түсінік аясынан шыға алмай отырғандар бар. Олар өте көп. Оспан туралы әңгімелер айтылса болды «ол лаңкес, қанышер, қазақты қырған» деп орынсыз айта салатындар көп. Мұның барлығы Оспан Ісләмұлының толық танып білмегендіктен болып отыр.

Оспан батыр 1951 жылы 19 ақпанда қызылдардың қолына түсті. 29 сәуірде Үрімжіде атылды. Тергеу кезінде Оспанды сұраққа алған кісінің бірі –Қалдыбай Қанафин деген адам. Қазір көзі тірі. Алматы қаласында тұрып жатыр. Арнайы жолығып сұқбастастым. Сол кісі айтады, Оспан тергеу барысында көп сөз айтты, ананы-мынаны әңгімеледі деп жүргеннің бәрі өтірік. Айтуынша, жетпіс бір адамнан құралған тергеу комиссиясы болған. Қалдыбай соның бақылаушыларының бірі болған. Ішкі істер органынан атынан қатысқан. Тергеу барысында Оспан қысқа ғана жауап берген. «Кім менің еліме-жеріме, дініме, тіліме тиісссе, сол менің жауым болды. Оны қара қытай, ақ қытай деп айырмадым. Қарсы оқ атқанды аямадым, қырғаным рас. Кінәм мен күнәм сол болса, бәрі шын, енді ең соңғы жазаларыңды қолданыңдар!» деген. Болды, басқа ештеңе айтпаған.

Ол ұлтшыл әрі шыншыл болған. Ешкімді арандатпағаным білеміз. Батыр соңғы сәтінде де айтқан сөзінен қайтпаған. Бас имеді. Коммунистер ұсынған ақша, атақ, мансапқа да алданбапты. 1951 жылы сәуірдің 29 күні 52 жасында Үрімжі қаласында өлім жазасына үкім етілді. Тарих алдында аппақ арын кірлетпей, нағыз мұсылман түріктің қасиетін сақтап шаһид болды.

– Кезінде қызыл империяның тапсырмасымен Оспанға Бауыржан Момышұлы барыпты деген сыбыстар айтылып жүр. Бұл туралы не айтар едіңіз?

– Дәлелденбеген жағдайлар әлі көп. Осының бірі – сіз сұрап отырған дүние. 1944 жылы наурызда Оспан мен Чойбалсан кездесті. Әрине орыстың сценариі бойынша. Кездесуден кейін Оспанға Солвет Одағы Чойбалсанның қолы арқылы көптеген қару-жарақ пен әскери көмек берді. Әскери генералдары мен әскери кеңесшілерін кіргізді. Оспанның айналасына әскери мамандар топтастырды. Басында айтып өткенімдей, Оспан атқа қонды дегенді естіп қаншама адамдар іздеп келіп қосылып жатты. Олардың кім екендігін ешкім тексерген жоқ. Тексеріп жатуға уақыт та болмаған еді. Шындығында бұлардың көбі Ресейдің я болмаса Қытайдың жіберген тыңшылары еді. Арнайы мақсатта жіберілген әскери мамандары еді. Керейше киініп алып батырдың тобында жүрді. Осы мәселе әлі зерттелген жоқ.

Оқи отырыңыз: Барлаушылар мектебінде әкем Қасым Қайсеновпен бірге оқыды

Жақында қолыма бір шағын естелік кітапша түсті. Оспанның қолына көмекке барған жауынгерлердің бірінің естелігі екен. Бүгінге дейін белгісіз болып келген көп дүниелер айтылыпты. Кітапты ұрпақтары шығарған. Сол секілді ашылмаған жағдайлар әлі көп. Шығыс Түркістанды зерттеу барысында Берия қандай құжаттар жинады. Қандай жиындар өтті, қандай хаттамалар жасалды, қандай газеттер шықты, шекаралық аймақтармен қандай жұмыстар жүрді, кімдер болды – барлығы әлі құпия жатыр. Қытай Оспанды қалай тергеді, тергеу мәтіндері қайда? Ол да бір жатқан құпия. Демек Оспан батыр әлі ашылмаған күрделі әрі жұмбақ тұлға? Осылардың барлығын ашу керек. Оспан батыр туралы деректердің 99 пайызы әлі зерттелген жоқ. Өз зерттеушілерін күтіп жатыр. Сол кезде ғана Оспанның қолына барған кім еді, Бауыржан Момышұлы ма, әлде басқа адам болды ма деген сұрақтардың жауабы ашылар еді.

– Дайын тұрған Шығыс Түркістан ресубликасын ұйғырлар неге қолдамады? Қолдағанда не болар еді?

– Түсініксіз жағдайлар өте көп. Шығыс Түркістан мен Оспан екеуі басында бейтарап әлем болған. 1933 жылы Шығыс Түркістан ислам республикасы құрылды. Көп ұзамай жойылды. 1941 жылы 12 сәуірде  Шығыс Түркістан республикасы құрылып, бір жыл тұрып қайта құлады. Алдымен Алтай азат болды, кейін тағы  үш аумақ қосылды. Оспан ШТР-дың Алтай аймағының уәлиі (басшысы) болды. Бірақ ол бұл республиканың Совет Одағы тарапынан құрылғанын әрі астарында түбі күдікті, қитұрқы бір саясат жатқанын білгеннен кейін бірден бойын аулақ салды. Алтайдан Сарсүмбеге қоныс аударды. Кейін қала жақпады деген сылтаумен мүлдем байланысын үзді.

Оспан ШТР-дың Совет Одағы нұсқауымен құрдымға кеткенін де жақсы білді. Енді өзін де тыныш қалдырмайтынын біліп, сақтық шараларын көше бастады. «Үш аймақшыл» қолшоқпарлар Оспанды өлтіруді ойлады. Негізі күрес осылай басталған еді. Сөйтіп 1947 жылы  қазан айында Шығыс Түркістан армиясы Оспанды құртамыз деп Алтайға жорық бастады. Бірақ Оспанға төтеп бере алмай, өздері қырылып қалды. Бұл саясат жалғасын таба берді. Мұның артында Совет тұрды. Оның артында Қытайдың қызыл лаңы жатты, оған кейін мұңғылдың саясаты қосылды. Үш мемлекетпен қатар алысуға тура келді.

Оспанның көзін құрту үшін жасырын күш жіберіп отырды. Оған басқа емес қазақтың өзін айдап салды. Олар Оспанның атына кір келтіру үшін қарусыз ауылдарға шабуыл жасады, өртеді, адамдарын қырды.

Барлық жала осыдан бастау алады. Тарихты дұрыс пайымдай алмағандар мен құрдымға кетсе де саясаты әлі жалғасып жатқан қызыл жүйенің сойылын соғатындар «Оспан өз ұлтына, қазағына қарсы оқ атты» деп келді әлі де. Оспан өздігінен ешкімге тиіспеген. Артынан түсіп оқ атып, малын таламақ болғандарға амалсыз қару кезенді. Яғни оққа оқпен жауап беруден басқа амал жоқ еді. Бір кездері Оспан жұртты тұрғызып қойып атып отырған деген әңгімелер де шықты.  Мұның барлығы да сандырақ. Көзін көрген қариялар әлі бар. Оспанның қолында орыстың, маңғұлдың сарбаздары жұмыс істеген. Солардың естеліктері бар шығып жатқан. Соларды оқу керек, көзі тірі ақсақалдармен тілдесу керек.

Бір кездері Шынжаң жағында жарық көрген Оспанды қаралау мақсатындағы естеліктер мен мақалаларды Қазақстан әдебиеті мен тарихына қаз-қалпынша көшіріп, аударып жариялау оқиғалары да болды. Әрине, қытай және советтік қызылдардың Оспанды жау санауы, оны қаралап көрсетуі заңды құбылыс та шығар. Бірақ дәл қазақтың арасынан шыққандардың батырды қаралағысы келетіндерді түсіне алмай келемін. Бұл – үлкен қиянат.

– Сұқбатыңызға рахмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?