Әбілқайыр ханның шөбересі саналатын Жәңгір Бөкеев әскери қызметпен қатар ағартушылықпен айналысты. Қазақ даласына мектептер мен медреселердің салынуына ұйытқы болған тұлға. Қазақстанда алғаш рет ұлттық білім жүйесін құру жобасын жасаған. Ішкі Бөкей ордасында алғаш рет педагогикалық бағыттағы оқу орнын ашты. Қайырымдылықпен, ғылыммен айналысты.
1844 жылы оның ғылымға қосқан үлесі жоғары бағаланып Қазан университетінің ғылыми кеңесіне қабылданып, профессор атағы берілгенін де айта кету керек.
Араға 38 жыл салып барып тағы бір қазақ азаматы генерал атағына қол жеткізді. Нақты айтар болсақ, 1878 жылы Баймағамбет Айшуақов генерал-майор атағын алды.
Келесі жылы Жәңгір ханның ұлы Ғұбайдолла Жәңгіров генерал-лейтенант атанды. Ал 1894 жылы Ресейдің атты әскери кавалерия генералы, 1894 жылы инфантерия генералы атағы берілді. Бұл қазіргі есеппен айтқанда армия генералымен пара-пар атақ болатын. Яғни Ғұбайдолла Жәңгіровты алғашқы «толық генерал» яғни армия генералы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ деуге болады.
Ол Санкт-Петербургтегі Паж корпусын алтын медальмен бітірді, оның есімі Мәскеу Кремлінің Георгиев залындағы Құрмет тақтасында алтын әріппен қашалып жазылғанын айта кету керек. Зерттеушілер оның әскери мансабы өте қарқынмен өскенін айтады. Небары 28 жасында полковник атағын алады. Сонымен қатар Санкт-Петербург телеграфының департамент бастығы секілді лауазымды қызметтер де атқарған.1905 жылы император ІІ Николайдың қабылдауы кезінде қазақ депутациясын басқарып барды.
Кейбір зерттеушілер Алаш үкіметі тұсында тағы бір қазақ офицері генерал шенін алғанын айтып жүр. Оның есім-сойы - Сабыр Сарығожин. Расы керек, Сабыр Сарығожин туралы деректер тым аз. Кейіпкеріміз Орал қаласындағы әскери реалдық училищені үздік бітіріп, Мәскеу жоғарғы әскери мектебіне жолдама алған екен. Көп жылдар Ресей патшасы әскері қатарында қызмет етеді. Сол жерде жүріп аса жоғары деңгейдегі әскери шенге қол жеткізеді.
Баспасөз беттерінде жарияланып жүрген ақпараттарда оның 1888 жылы Қаратөбе ауданында дүниеге келгені және 1918-19 жылдары Жымпитыдағы Алашорда үкіметінің әскери комиссары болғаны туралы ғана айтылады. Ол жұмысты бір жылдан астам уақыт атқарады. Алашорда күшпен таратылып, билікті қызыл үкімет алған бойда бұрынғы алашшыл азаматтар жаппай қуғындала бастайды. Абырой болғанда Сабыр Сарығожин елден кетіп үлгереді. 1919 жылдың соңында Қара теңіз арқылы Англияға өтіп кетеді. Зерттеушілердің айтуынша, 1925 жылы Ұлыбританияның астанасында қайтыс болған.
КСРО дәуірінде алғашқылардың бірі болып әскери атақтың ең жоғары баспалдағына көтерілген қазақ азаматы Шәкір Жексенбаев. Ол екінші дүние жүзілік соғыс қарсаңында яғни 1943 жылдың қазанда генерал-майор әскери атағына ие болды.
Шәкір Жексенбаев 1901 жылы 18 ақпанда Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы, Шоңқай ауылында ауқатты отбасында дүниеге келген. Орта білімнен соң, 1917 жылы Ордадағы хан ставкасының жоғары бастауыш училищесін бітіреді. 1919 жылы әскер қатарына шақырылып, қазақтың тұңғыш атты әскер полкінің құрамында бөлімше, взвод командирі, жеке қазақ атты әскер дивизиясында эскадрон командирінің көмекшісі қызметін атқарады. 1924 жылы М.Фрунзе атындағы Әскери академиясын, 1931 жылы Жоғары әскери-химиялық академиялық курсын бітіргеннен кейін әскери-химия басқармасы, Қиыр Шығыс ерекше армиясында командалық құрамында өте жауапты қызметтерде болады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Батыс бағыт, Орталық, Брянск, Ленинград майдандарына қатысады.
Соғыстан кейін ағамыз ғылыммен айналысып, әр-түрлі басшылық қызметтер атқарды. К.Ворошилов атындағы Химиялық шабуылдан қорғану әскери академиясының кафедра бастығы, Кеңес армиясы химиялық әскерлер басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарады. 1949-1958 жылдары аралығында В.Куйбышев атындағы әскери-инженерлік академияның кафедра бастығы, аға оқытушысы болды.
Генерал 1958 жылы құрметті демалысқа шығып, Мәскеуде тұрақтап қалады. Оның елімізді қорғау кезіндегі ерлігі мен еңбегі ескеріліп Ленин, 4 рет «Жауынгерлік Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз», 1-2 дәрежелі Отан соғысы ордендері мен мадальдары берілген.
1943 жылы тағы бір қазақ баласы Сабыр Рахымов генерал-майор атанған еді. Өкініштісі сол бұл қаһарманымыз ұзақ жылдар бойы өзбек ұлтының өкілі саналып келді. Шындығыа келгенде Сабыр ағамыз 1902 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болып, анасымен бірге Өзбекстанға қоныс аударған. Баку қаласындағы әскери училищені үздік бітірген. Оқуын бітірген соң Самарқан қаласындағы атты әскерлер дивизиясындағы полктің взвод командирі, эскадрон командирі қызметтерін атқарған. Соғысқа дейін түрлі әскери мекемелерде қызмет істеді. Соғыс басталғанда полк, кейін дивизия қолбасшысы болды. 1941 жылы шілдеде жау қоршауын бұзып шыққандағы батылдығы үшін 2-рет Қызыл Ту орденімен марапатталып, полковник шенін алды. Оның дивизиясы Дондағы Ростовта, Кавказда ұрыс жүргізді. 1943 жылы Мәскеудегі Бас штаб академиясына оқуға жіберілді. Академияны бітірген соң Белоруссияны, Польшаны азат етуге қатысты. Соғыс жылдары ол басқарған дивизияның жауынгерлік туына 2 Қызыл Ту, Суворов және Кутузов ордендері тағылды. Рахимов Ленин, 4 рет Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, 2-дәрежелі Суворов ордендерімен, медальдармен марапатталған. Кейіпкеріміз 1945 жылы қайтыс болды.
Генерал деген ең жоғары атаққа қол жеткізгендердің Нұрлы Байкенов. Ол 1960-1980-жылдары Қазақ КСР-інің әскери комиссары болып қызмет еткен Нұрлы Байкенов болды. Оған генерал-майор атағы 1962 жылы берілді. Бұл екінші дүние жүзілік соғыс қарсаңында соғыс қазақ ұлтынан шыққан үшінші генерал болатын.
Бұлардан кейін Сағадат Нұрмағанбетов армия генералы (1972 жылы) атанды. Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы, Еңбек ауылында дүниеге келіп, 2013 жылдың 24 қыркүйегінде өмірден озды. Әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қораныс министрі, «Халық қаһарманы», Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы.
Сағадат ағамыз 2013 жылдың 24 қыркүйегі күні 90 жасқа қараған шағында өмірен өтті.
КСРО дәуірінде (1917-1992 жылдар аралығы) жалпы ұзын-саны 11 адам армия генералы атаныпты. Солардың бірі К.Ботаев болды. Оған генерал-майор атағы 1965 жылы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 20 жылдығы қарсаңында берілді.
Алтыншы генерал САВО автобасқармасы бастығының орынбасары Дәрібек Сырттанов болды. Оған генерал-майор әскери атағы 1968 жылы берілді. Бұл белгілі Алаш қайраткері Барлыбек Сырттановтың ұрпағы.
Жетінші генерал - Баһадүрбек Байтасов. Генерал-майор әскери атағы Б.Байтасовқа 1972 жылы берілді.
Генерал-лейтенант Жансен Кереев. Ол КСРО Қарулы Күштері Бас штабының академиясын бітіріп, осы оқу орнын бітірген (1973 жылы) алғашқы қазақ болып саналады. Ж.Кереевке генерал-майор әскери атағы 1979 жылы берілді. Ол 1983 жылғы сәуірде 53-ке қараған жасында Мәскеу қаласындағы госпитальде жатып қайтыс болды.
Есет Әлібеков - Фрунзе қаласындағы жаяу әскер училищесі және КСРО ІІМ Әскери институтының түлегі. 1956 жылдан бастап республиканың Азаматтық қорғаныс саласында жұмыс істеді, Азаматтық қорғаныс штабының бастығы болды, 1978 жылы генерал-лейтенант атағын алды.
Генерал атағын алған оныншы қазақ Б.Есмамбетов болатын. Ол да М.Фрунзе атындағы Әскери академияны бітірген. Взвод командирінен дивизия командиріне дейінгі барлық офицерлік жолдан өткен білікті тұлға. Бас штаб академиясын бітірген соң оны Қазақ КСР Әскери комиссары лауазымына жібереді. 1980 жылы оған генерал-майор әскери атағы беріледі.
Кеңес кезеңінде осы жоғарғы атаққа ие болған он бірінші қазақ А.Жармұхамедов деген азамат. Ол республиканың Әскери комиссары болды. Оған генерал атағы 1984 жылы беріліпті.
Қазір еліміздің жоғары офицерлер құрамына генерал-майор, генерал-лейтенант, генерал-полковник кіреді. Ал бұл атақтың ең жоғарғы шені – Армия генералы болып есептеледі.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында генералдың барлық жұлдызын тағып, армия генералы атанған екі-ақ азамат бар. Алғашқысы Кеңес одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі - Сағадат Нұрмағанбетов. Ал екіншісі - Мұхтар Алтынбаев. Бұл батырларымыздың екеуі де – «Халық қаһарманы».
Сонымен қатар шеттегі қазақ арасынан шыққан генералдар да жоқ емес. Солардың бірі - Хасен Рүстемұлы еді. Ол Қытай қазақтары арасынан шыққан тұңғыш армия генералы. Әскери стратег, барлаушы, қытайдағы танк армиясының негізін құрушы. ҚХРО Парламент мүшесі. 1921 жылы Ганьсу өлкесінде дүниеге келіп, 2006 жылы Пекинде қайтыс болған.
Дәлелхан Сүгірбаев - 1906 жылы Монғолия жерінде дүниеге келген азамат. 1921 жылы қызылдардан жеңіліп, Қобда өлкесіне ауып барған Бакич бастаған ақ гвардияшылардың қолына түсіп, ағасы Дөрбетхан, інісі Мұқамен бірге ату жазасына үкім етіледі. Үкімді орындау кезінде қашып құтылады. Өкініштісі, ағасы мен бауыры оққа ұшады. Содан 1921 жылғы Монғол елінде төңкеріске белсене қатысады. Кейін Қытай еліне өтіп кетеді. 1940 жылғы Оспан батыр бастаған Алтай қазақтарының көтерілісіне атсалысады. 1944 жылы Алтай қазақтарының «Уақытша төңкерісшіл үкіметі» орнаған соң ондағы партизандар қолбасшылығына тағайындалады. 1945 жылы Шығыс Түркістан республикасының ұлттық армиясы атты әскерінің қолбасшысына тағайындалып, мемлекет басшысы Әлихан төренің жарлығымен генерал-майор шенін алады. 1947 жылдың ақпан айында Алтай аймағының генерал-губернаторы болады. Дәлелхан Сүгірбаев 1949 жыл ұшақ апатынан қаза тапты.
Жайсанып Мүкәрісұлы – Жайсанып (Зайсанов) Мүкәрісұлы – атақты ұшқыш, қазақтың алғашқы генералдарының бірі. Орынбор қаласындағы Әуе күштері училищесінің түлегі Моңғолия Әуе қарулы күштерінің алғашқы қолбасшысы, генерал-майор. Сталиннің қолынан Қызыл Ту орденін алған тарихи тұлға. Оған 1944 жылдың сәуір айында генерал-мойор шені берілді.
Жайсаныптың өскен ортасы, балалық шағы, әке-шешесі туралы ешқандай дерек жоқ. Тек белгілісі, ол шамамен 14-15 жасында (1925 жылдары) Қазақстанның шығыс өңірінен қашып, Моңғолияның қазақтар мекен ететін Қобда бетіне барып паналаған. Бұл жерде оны Райысхан есімді қазақ ақсақалы бауырына басып тәрбиелеп өсіреді.
Жайсанып Мүкәрісұлы – әуе күштерінің ұрыс-тактикасына үлкен жаңалық әкелген адам. Орыс-моңғол әскері тарихында алғаш рет түнгі шабуылды ұйымдастырушы адам. Ол 1967 жылы дүниеден өтті.
Жекей Қалиолаұлы - 1959 жылы Монғолия елінде қарапайым қазақ отбасында дүниеге келіпті. 1967-1975 жылдары орта мектепте оқып, білім алған. Әскери борышын өтеген соң Сүхе-батор атындағы әскери жоғары оқу орнының курсанты атанады. 1983 жылы аталмыш оқу орнын бітіріп, Батыс шекарадағы «Бұлғын» отрядына қызметке тағайындалады. Шекара отрядында взвод командирінен жылжымалы топ жетекшісі, штабтың әзірлік бөлімінің басшысы, соңында отряд командирлігіне дейін көтерілген. 1990 жылы Мәскеу қаласында шекара әскерилерінің мамандық жетілдіру курсын тәмамдайды. 1997 жылы Мәскеу қаласындағы Шекаралық әскери басқару академиясына түседі. Осында оқи жүріп әскери ғылымның докторы атағын қорғайды. 2004 жылы депутаттық мандаты аяқталғаннан кейін Монғолия шекара әскері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалады. 2007 жылдың 27 шілдесі күні Моңғолия Президентінің жарлығымен оған бригада генералы атағы берілді.
Ұлы Құрылтайға депутат болып сайланады. «Алтын жұлдыз», «Майдан даңқы» қатарлы үкіметтік жоғары наградаларға иегері. Қазігі уақытта генерал ағамыз Астана қаласында тұрып жатыр.