Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алматыда деректі фильмдердің көрсетілімі өтті

1649
 Алматыда деректі фильмдердің көрсетілімі өтті - e-history.kz
Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Қазақстанның түркі тілдес халықтары» циклы бойынша түсірілген деректі фильмдердің көрсетілімі өтті.

Бұл деректі туындыларды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы Қазақфильм АҚ түсірген. 

Деректі фильмдердің циклы Қазақстанда тұратын түркі халықтары туралы баяндайды. Әр фильмде бір ұлттың өкілін басты кейіпкер етіп көрсету арқылы сол ұлттың өзіндік ерекшеліктері мен салт-дәстүрі суреттелген. Барлық фильмдерді қоюшы режиссерлер, сонымен қатар шығармашылық топтың өкілдері таныстырды. 

Көрсетілім «Түстің дәмі» атты деректі фильммен ашылды. Деректі туынды Венера Важитова есімді жас суретші және киім дизайнері туралы баяндайды. Фильмнің түсіру тобы бас кейіпкермен бірге оның туып өскен Шонжа ауылына барып, ұйғыр халқының мәдениеті мен тұрмыс тіршілігі туралы көп мәлімет алады. Көрсетілімнен кейін фильмнің режиссері Камилла Әбделдінова көрермендерге түсіру тобын таныстырып, оларға алғысын айты.

 

Ал «Жіп» атты деректі фильм татар ұлтына арналған. Татар ұлттық  киімдерін тігумен айналысатын Вадига Галимбаева есімді кейіпкер Қазан қаласына барып, өз ұлтының тарихы мен мәдениетімен жақын танысады. Көрсетілімнен кейін фильмнің режиссері Надира Садуова шығармашылық топқа, сонымен қатар, қолдау білдіріп, фильмді шығаруда атсалысқан өзінің ұстазы Әсия Байғожинағы алғыс білдірді.

 «Чуваш халқы. Қазақстан – менің екінші отаным» деректі фильмін жас режиссер Динара Манабаева таныстырды.  Фильмде Павлодар облысы чуваш халқының қоғамдық-мәдени орталығының өкілі Мария Симулинаның өмірі баяндалады. Жолдасымен бірге Қазақстанға кездейсоқ келген ол, осы жерде қалып, өсіп-өнеді.

Мария түркі тілдес халықтарының ең аз, тіпті жоғалып кету қаупінде тұрған этностардың бірі – чуваш хылқының өкілі. Соған қарамастан, Мария өзі сынды құрбыларымен бірге чуваш хылқының мәдениеті мен тілін сақтауда еңбек етіп жүр. Кейіпкердің өз қолымен жасаған чуваш халқының ұлттық бас киімі немесе туған ауылын бейнелеген кестесі арқылы оның туған жеріне деген сағынышын бірден байқауға болады.

-Бұл фильм мен үшін үлкен жаңалық болды, - деді Әсет Ерназаров, Ш.Айманов атындағы «Деректі фильмдер» ШБ жетекшісі.

Кеш соңында жақында ғана Алматыда өткен «Бастау» халықаралық кинофестивалінде Ораз Әбішев атындағы «Үздік деректі фильм» жүлдесімен марапатталған «Ата кәсіп» фильмі көрсетілді.  

Деректі фильм Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын өзбек халқының өкілі, ата кәсіп – бесік жасаумен айналысатын қырық жеті жасар Абдиманноп Зупаров есімді шебердің өмірін баяндайды. 

«Біздің ниетіміз таза. Қазақстандықтардың саны өсіп жатса, біздің жұмысымыз, жейтін нанымыз болады. Осындай таза, пәк ниетімізбен қолөнермен айналысып келеміз», -  деді фильмнің кейіпкері.

Фильмде бесіктің қалай жасалатыны, сондай-ақ өзбек халқы сәбиді бесікке қалай бөлейтіні көрсетіледі.

Деректі фильмді картинаның түсіру тобы таныстырды. Фильмнің сценарий авторы Фариза Жаханова, бұл фильмді түсірмес бұрын екі кейіпкердің болғанын және сценарийді жазу барысында Абдиманноп ағаның отбасына тоқталғандарын айтты.

- Бүгін көрсетілген барлық фильмдердің көркемдік жетекшісі Әсет Ерназаровқа, «Қазақфильм» басшылығына және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына алғысымызды айтамыз. Осы кісінің арқасында жас киногерлер өзінің фильмдерін түсіруге және кәсіби шеберлермен бірге жұмыс істеуге кең мүмкіндік алып отыр, - деді фильмнің директоры Бану Рамазанова.

Көрсетілімге келген қонақтар – фильмдрдің бас кейіпкерлері, диаспора өкілдері және студенттер, фильмдердің авторларына алғыстарын айтып, шығармашылық табыстар тіледі.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?