Бүгін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен әрі батыр Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті деп хабарлайды NDH порталы «ҚазАқпарат» тілшісі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.
Ақпарат агенттігінің тілшісі Елжан Ералының айтуынша, ғылыми жиынға қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, ешбір халық тарихсыз болмайды. Басқа да ұлттар секілді қазақ халқының да өзіндік ерекше тарихы бар. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек», - деп атап көрсеткеніндей, сол қатпарлы тарихымыздың ішінде қазақтың тәуелсіздігін сақтап қалуы үшін күрескен хандарымыздың, батырларымыздың жасаған ерлігін қазақ халқы еш ұмытпақ емес. Олардың мұраты елді, жерді болашақ ұрпаққа көздің қарашығындай аман жеткізу болды. Осы батырларымыздың ішінде Сырым Датұлының орны бөлек.
Сырым Датұлы – тарихтағы ең жарқын, кесекті де ержүрек, сонымен бірге аса күрделі тұлғалардың бірі. Сырым Датұлы тарихи ұлттық рух үшін күрестің қажеттілігін бірінші болып түсініп, ашық қарулы қарсылық туын желбіретті және қазақ қоғамының саяси құрылымын өзгерту жөнінде алғашқы болып нақты қадамдар жасады. Ол 1783-1797 жылдары Батыс Қазақстан даласын қамтыған, патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы алғашқы, үлкен халық көтерілісін бастаған батыр ретінде отандық тарих беттеріне енді. Сырым бастаған ұлт-азаттық көтерілістің негізгі себебі патша саясаты мен Жайық казактарының жүгенсіздігі, олардың қазақ халқын қанауы болды. Көтеріліске қарапайым көшпелі қазақтардың едәуір бөлігі, старшындар, билер және батырлар белсене қатысты. Олардың бәрі де Кіші жүздегі барлық рулық бірлестіктердің, әсіресе, Ресеймен шектес жерлердегі рулардың өкілдері болатын. Көтеріліске қолбасшылық еткен Сырым батырдың жеке басының ержүректілігі, ерлігі, табандылығы және сирек кездесетін қайрат-күші оған батыр даңқын әперді.
Конференцияға арнайы келген жазушылар, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Әнес Сарай, Қажығали Мұхамбетқалиұлы Сырым Датұлындай дана да дара тұлғаның тарихтағы орнына тоқталды.
«Сырым Датұлы туралы алдымен орыс ғалымдары зерттеді. Толымды еңбектер жазылды. Қазақ ғалымдары бұл тақырыпқа кейінірек келді. Дегенмен Сырым бабамыздың өмірі мен тәуелсіздік жолындағы күресі әлі толық зерттеліп болды деп айту қиын. Оның өзін ғана емес, бірге жүрген серіктерін, айналасын, кейінгі ұрпақтарын да кеңірек зерттеп, тың деректерді ғылыми айналымға қосқан жөн», деді Сырым туралы «Тар кезең» романын жазған Қажығали Мұхамбетқалиұлы.
Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс (1783-1797)
«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Асхат Маемиров ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын жеткізді. «Елің үшін шешен болу бір қиын, елің үшін есен болу бір қиын, тайғақ кешіп, ақ жол тауып, адаспай, көш бастаған көсем болу мың қиын» деген сөздер Сырым бабамыздың болмысына дәл келеді. Он бес жылға жуық уақыт бойы еркіндіктің туын көтеріп, ел мен жерді қорғаған батырдың есімі ешқашан ұмытылмақ емес.
Қазақ елі 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы ұлан-асыр той – 1992 жылы Сырым батырдың 250 жылдық мерейтойы осы Оралда кең көлемде аталып өткені жадымыздан өше қойған жоқ. Осы өңірдің перзенті ретінде айтарым, бабамыз бен оның ұрпақтарының ізі өзінің туған жері – Сырым ауданында әлі күнге дейін сайрап жатыр. Мұның бәрі біздің санамызға Сырым Датұлындай ұлт батырын ардақтап, елді сүюді сіңірді», – деді Асхат Мақсымұлы.
Конференцияда тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен келген академик Серік Мәшімбаев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ғылыми-зерттеу орталығының директоры Әбілсейіт Мұқтар, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінен Талғат Жұмағамбетов және басқалар Сырым Датұлындай даланың тарихи тұлғасы, мұрағаттардағы деректер, оның кезеңі туралы баяндамалар жасады. Айта кетейік, Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған шаралар ертең туған жері – Сырым ауданында жалғасады.