Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Айшуақ ханның құлпытасы табылды

3051
Айшуақ ханның құлпытасы табылды - e-history.kz
Айшуақ Əбілқайырұлының (1727-1812) құлпытасы мүктен тазартылып, ондағы мәтіндер оқылып аударылды

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Бекей ауылы маңындағы қорымнан 1797-1805 жылдар аралығында Кіші жүздің ханы болған Айшуақ Əбілқайырұлының құлпытасы табылып, араб қарпінде жазылған мәтіні оқылды.

Бұл туралы «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Сафуллин өзінің әлеуметтік парақшасында былай деп хабардар етті: «Үш жылдық құлпытастарды зерттеу жұмысымыз бойынша үшінші ханның құлпытасын тауып, нақты өмір сүрген жылдарын анықтады. Осыдан үш жылдай бұрын Бекей Есенгелдіұлын зерттеу барысында Нұртас Набиоллаұлы мен Бағдат Мəдиұлы Бекей ауылы маңында құлпытасы бар дегенді естіп арнайы барған. Осы сапар барысында Нұртас Набиоллаұлы Бекей қорымындағы құлпытастарды да суретке түсіре келген екен. Ол оны сол кезде фейсбук парақшасына салған. Үш жыл өткенде фейсбук есіне салғанда бөлісіп қайта жариялайды. Соңғы кезде құлпытас оқуға əбден машықтанған Мұратбек қажы Жахатов мүк басқан құлпытас жазуларынан Айшуақ хан Əбілқайырұлы дегенді анық оқиды.

Міне, бүгін жұмыстан соң БҚО, Теректі ауданы, Бекей ауылы маңындағы қорымға қайта бас тіредік.

Айшуақ Əбілқайырұлының (1727-1812) құлпытасын мүктен тазартылып, аударылды. Былай жазылған екен:

Алдыңғы жағы:

1. Һуəл мулку əл-хаййул-лəззи лə иамут əбəдə

2. Һəзəл мархад əл-мархум əл мағфур əл мабрур

3. Əбу əл-мұзафар уə əл-мансур саид баһадур хан

4. Айчуақ ибн хан Əбулхайыр ибн Хаджы

5. Сұлтан əлəиһи əл-ғафур əл рахим əл-ғуфран

6. Аллаһумма аджали əл-қабраһу раудатан мин риаддин əлджаннан

7. Уəлə Тəджали хафратин мин əл-нирану хафрат. Кəфə бил-мəут

8. Тарих 1227 сана 15 сəуірде рехлəт етді сексəн беш иашында (бүгінгі жыл санауымыз бойынша 1812 жылы 15 сəуірде 85 жасында қайтыс болған)

9. (Төренің таңбасы)

Артқы жағы:

1 Кіші иузінің қазақ халқы ішінде

2. Хүкүмет иелеиуб ханлық ішінде

3. олуб разы м.... сінде

4. етді ...

5. хайатында екі ұғлы хан олды

6. бірі Жантөре, бірі Ширғазы

7. мүшəриф астанасы тағала м.....м

8. қойыбдүр енші... Алғазы сұлтан».

Айшуақ Әбілқайырұлы – хан, Кіші жүз билеушілерінің бірі. 1720 жылы туып, 1810 жылы қайтыс болған.  

Апақ және Жантөре деген балалары Кіші Жүздегі Сырым батыр бастаған қозғалысқа белсене қатысуына байланысты түрмеге қамалғанына қарамастан, кейінгі жылдарында Айшуақ отаршыл Ресей патшалығының мүддесін қорғаған. 1797 жылғы 8-інші тамыз күні шақырылған Кіші жүздің Хан кеңесіне төрағалық етіп, Орынбор әкімшілігі мен Сырым Датұлы арасын ынтымақтастыру, ел ішіне бейбітшілік орнату мақсатында жұмыстар атқарған.

Қазақ даласын отарлауға ерекше еңбек сіңірген адамның бірі генерал-губернатор И. Неплюев 1748 жылы 26 тамызда Ресей Сыртқы істер коллегиясына жолдаған ресми хабарламасында «Қазақтардың қалыптасқан дәстүрі бойынша хандық мұрагерлік жолмен емес, халықтың сайлауымен өтеді. Ел ағалары және халық қай сұлтанды қаласа сол хан болып сайланады. Сайланған адам халықтың мүддесіне сай қызмет істейді. Ханның өзін бақылап отыратын ақсақал-билер болады. Сондықтан, ең алдымен хан сайлауды жойып, халық арасындағы ақсақал-билердің ықпалын әлсірету керек» дегенді астын сызып тұрып айтады.

Неплюевтің жазбаларынан көрінгендей, хандық басқаруды шайқалтуға әбден машықтанған патша үкіметі 78 жастағы Айшуақ сұлтан 1797 жылы қазанда Орынбор қаласында хан болып тағайындалады. Жас кезінде атақ-абыройы асқақтап, даңқы шартарапқа тараған Айшуақ хан тағына отырған кезде «құлағы естімейтін, көзі өте нашар көретін, әбден қартайған» адам еді.

Айшуақ ханның он алты ұлы болған, олардың ішінде ең атақтылары: Апақ Айшуақұлы, Жантөре Айшуақұлы (1759-1809), Шерғазы Айшуақұлы (т.ж.б.-1845) Баймұхамед Айшуақұлы (Баймағамбет) (1790-1847) Сүйікәлі сұлтан (1798-1864). Осылардан тек құлпыстаста хан болғаны жайында Жантөре мен Серғазы (Шерғазы) есімдері аталады, олар Кіші жүздің хан тағына отырып, бірінен кейін бірі 1809-1824 жылдар аралығында билік құрды. Қалғандары сұлтан атанып, Кіші жүз қазақтарының тайпалары мен руларына билік жүргізді. Ал құлпытасты орнатушы Алғазы сұлтан деп көрсетілген. 

«Осыған дейін Ақжайық ауданынан 1795-1797 жылдары хан болған Есім Нұралыұлының жəне Теректі ауданынан 1805-1809 жылдары хан болған Жантөре Айшуақұлының құлпытастары табылған болатын, – дейді Ж. Сафуллин, – міне, екеуінің ортасында хан болған Айшуақ Əбілқайырұлының да құлпытасы табылып, аударылды. Құлпытасты аударған: Мұратбек Жахатов, Қазбек Қабжан».

Қазақ тарихының олжасы ретінде бағалануға лайық бұл қазына болашақта да зерттеле түседі деген ой бар.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?