Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түйе сеніп бойына...

3212
Түйе сеніп бойына... - e-history.kz
Қазақ әдебиетінің классикалық үлгісінде бүкіл түркі жұртының ғасырлар бойы тұтынған өрлеу стратегиясы жатыр. Жұдырықтай ғана жан иесі өзге алып қарсыластарынан озып, қалайша жыл басына айналды?

«Қазақтың есептерінде жылдан үлкен мүшел дегендер бар. Мүшел 12 жыл болады. Сол жылдардың аттары әр хайуанның аттарына ұқсайды. Мысалы: Әуелі жыл мүшелде тышқан, екінші сиыр, онан соң – барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит һәм доңыз. Сол жылдарды білетін қазақтарға кісінің қай жылда туғанын айтса, адамның жасын тауып береді».

«Қазақтың бұрынғыдан қалған сөзі» деген ертегі осылай басталады. Қазақ ертегілері топтамасының қайсы жылғы басылымында болсын осы мәтінді табарыңыз анық. Сондағы қисынға сүйенсек, хайуандар әуеліде жыл ағасы болуға таласып, асқақ дау құрыпты. Бірақ  «үміткер аң-жануарлардың ішінен тышқан айласын асырып, біріншілікке жеткен» дейді.

Жалпы, ол қисынды барша алаш баласы жатқа біледі. Тіпті бұл туралы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы балаларға арнап мультфильм де түсіріп тастаған. Ондағы қағілез тышқанның образы көбімізге етене таныс та. Ендеше, мұны неге айтып отырмыз?

Айтатынымыз, дәл осынау қазақ әдебиетінің классикалық үлгісінде бүкіл түркі жұртының ғасырлар бойы тұтынған өрлеу стратегиясы жатыр. Жұдырықтай ғана жан иесі өзге алымды да шалымды қарсыластарынан озып, қалайша жыл басы болу мәртебесіне ие болды? Оның старттық шамасымен кейіннен жеткен ұлы нәтижесі – үлкен айырма. Қалай десе де, ситуацияның контекстінен шығып, үстінен қарасаңыз, нағыз кереметті көресің. Егер ертегіні бажайлап оқысақ, одан ғасырлар тәжірибесі сіңірілген нешеме серпін тәсілдеріне қарық болар едік. Тіпті мұны шу дегеннен аңғаруға болады. Көшбасшылық теориясы тұрғысынан да көптеген фактілер табамыз. Тек көзің қарақты, көкірегің ояу болсын.

Баршаға аян, жылдар аталымы көшбасында тұру бәйгесінде қазіргі тілмен айтқанда, өзіндік сайлауалды науқанды басталып кетеді ғой. Яғни хайуандар өзінің жақсы жақтарын алға тартып, өз брендінің дәл осы мәртебеге лайықтылығын насихаттай бастайды. Олардың әрқайсысына дара тоқталып жату артық. Біреуі алысты жақын ететінін, енді бірі ауыр жүк көтергіштігін, тағы бірі қауіпсіздікке жауаптылығын, қысқасы, адамзат үшін пайдалы тұстарын айтып, бәсекелестік көрігін қыздырды. Сөйтсе, бұл тартыста дәл осы шарттар бойынша тышқанға нан қалмайды екен. Әрі алып, әрі шетінен бекзада жан-жануарлардың фонында көзге қораш, айтуға салмақсыз, бір нобайсыз бейнедей. Не істемек керек? Алайда, ол шарасыздыққа берілмейді, қайта дереу ақыл тауып, көпке былай деп жар шашады: «Бұл таласқанмен ешнәрсе өнбес, күнді қарап тұралық та, кім бұрын көрсе, сол жыл басы болсын» дейді. Бұл жерде түйенің өз биіктігіне сеніп, «менен бұрын кім көреді» деп, тышқанның сөзін қостайтыны мәлім. Осы тұстың мультфильмдік нұсқасы баршадан биік бойын малданған түйеге тышқан аузымен «түйеке, бұйыртса, көрерсің» деген сөзді айтады. Лебіз астарын түсінбегендер өздерінен көрсін, одан арғысы белгілі, бәрі де күншығысқа қарасып тұрады. Біраздан соң тышқан жорғалап, Ойсылқара баласының өркешіне шығып, күнді бәрінен бұрын көреді. Істің осы шешімі турасында халық тәмсілі «түйе бойына сеніп құр қалды» деп түйіндейді. Өз кезегінде таң шапағын бірінші хабарлап, жыл басы атанған тышқан қалай айласын асырған десеңізші?!

Рас, балалар үшін қызықты, ал үлкендерге жұтаң көрінуі мүмкін. Алайда, солай деп кесіп пішуге бола ма? Тереңірек үңіліп, талдама жасап көрсе қайтеді?

Біріншіден, жыл ағалығынан үміткер әрбір аң-жануардың тышқанға қарағанда артықшылықтары әшкере болып тұр. Хайуандардың пиар тұрғысында имиджі тоқ, беделдік һәм брендтік капиталы толымды. Бұл жағынан тышқан олардың бірде-біреуін ашықтан-ашық жеңе алмас еді.

Екіншіден, тиісінше күш те, бастама да, таңдау еркі де соларда болатын. Ал байғұс тышқанда осындай мықтылардың өзі құралпы тезегімен ойнағаннан басқа дәрмен болмады. Дегенмен, тышқанның басшылыққа алған іс-әрекетін қараңызшы. Алдымен ол «күнді кім бірінші көрсе, сол жыл басы болсын» деп ортаға идея тастайды. Ондағысы өз мүмкіндігін өзгелермен теңеудің қамы-дүр. Яки бастаманы зорлардың уысынан байқатпай суырып, өз қолына алды. Арғы мүддесі тереңде жатқан ол осылайша оқиға ағымын өзіне тиімді жағдаятқа бейімдеген. Және де осы дүрмектің ішінде түйе секілді ұлықты шапшаң мотивациялап, соның ығына құлаңқырай сөйлеп, өзі тастаған ұсынысты «тарпитын да қарпитын»  күштің екпінімен көпке өткізіп те жібереді. Сосын, ақырғы әрекетінде басынан ойға алған түпкі мұратын шебер орындап шығады. Саяси терминологиямен бергенде, өзінің кемшін мүмкіндігін мықтының мол әлеуетімен ұштастырып, барша мақсатына абыроймен жетті. Тышқан да болса түйедей ой түйіп, түйедей болса да тышқандай түйсігі жоқ қара күшті өзіне жұмыс істетеді, оны осындай жолдармен өз шарықтауының құралына айналдырды. Бұл тұста әрине, батылдық қасиеті мен мобилділіктің де жорғалаушы бойынан табылғандығы ұтысқа сеп.

Тоқсан толғаудан тобықтай түйін: Көшпенді өркениеттің төл перзенттері – Еділ, Шыңғыс пен Темір осынау басымдықтардың шебер орындаушылары десек қалай? Ғұн көсемінің герман тайпалары қуатын, Есугей ұлының Қытайды, Әмір Көрегеннің Иранды кешенді трамплин ете отырып пұшпаққа шығуына ата тарих куә:

  • Алдыңғы кезеңде бастаманы өз қолына алу, яғни өзгелерді өзіне тиімді ойынға тартып, өзі белгілеген ережеде рөлдер сомдату. Сондай-ақ жоспарды дүмімен диірмен тартқан алпауыттар арқылы заңдастырып, қабылдатып алу.
  • Соңғы акордта, ақырғы шешуші серпілісті мүдіріссіз орындау. Онда да ол мақсатқа қуаты зор «ақымақ» түйелерді жегу айласы.

Міне, бар болғаны осы, ешқандай сиқыр жоқ. 

Қашаннан түйелер бойына сенген, бірақ ақылды тышқандар жеңген. Сондықтан да қазақ әлі күнге «бой бергенше ой бер» деп Алласынан тілейді. Сөз орайында айта кетер және бір жайт, бұл мысалдан көшпенділер «жорғалаушы» деген ұғым тумаса керек, ондағы гәп – жағдайдың өрілуін аллегориялық мәнде түсіне білуде. Мұнда ресурстар жетімсіздігі жағдайында үлкен жетістіктерге жету схемасын жад ету бар. Әйтпесе орысша ойлап, бәрін тура мағынасында түсініп үйренгендерге аталған ертегі таптырмас дау-ошар көзі де бола алады.

Бабаларымыз материалдық тұрғыда жұтаң кешен мен адам контингентінің аздығына қарамастан, мыңжылдықтардың өнебойында өзінен әлденеше есе көп халықтар мен құдіреті жүздеген есе асып түсетін мығым мемлекеттерді бағындырды, тізе бүктірді. Ал осының бәрінде жаңағы шөкімдей ғана ертегідегі жеңіс кодтарының жатқандығы айдан анық.          

Құдайға тоба, бүгінгі Қазақстан Республикасы да ХХІ-да «Жүзжылдықтың жұлдызы» болудан үмітті. Себебі, біздің мемлекетіміздің өзегіне ежелгі көшпенділер дамуының өрлеу чипі жасырулы. Сол түйсік бізді қазір де бейсаналы түрде автоматты геосаяси әрекеттерге бастауда. Оны өзіміз сезбеуіміз де мүмкін. Бірақ, нәтижесі ширек уақытта үлкен трансформациялар кейпінде  хабар беріп те қалады. ЕҚЫҰ төрағалығы, Ислам конференциясы ұйымына басшылық, Украина мен Сирия мәселелеріндегі бітімгершілік, Түркия мен Ресей арасындағы арағайындық сынды азды-көпті жетістіктер әлі басы. Қазірдің өзінде Ресей, Қытай, АҚШ секілді «түйелер» Ақорданың есігінде кезекке тұрып, бір-бірімен жарыса, бізді ғасыр ағасы ету үшін тер төгуде. Өздерінше көздегендері де бар шығар. Әйткенмен, Құдай тағала олардың ертеңгі тағдыры үшін бетбұрысты осы мүддешілігін баянды қылғай. Олар қаруына, қарасанына сеніп жүре берсін және де байтағымыздың келешек бағы үшін сонысынан таймағаны тиімді. Біз бұған тек қана тілектеспіз. Қазақ елі ерте ме, кеш пе, осы қарқынымен әлі-ақ байырғы Алтын Орданың арнасына қайта толады. Бауырлас османлымен иықтасып, әлемге бишік үйіреді. Тірі боламыз, ірі боламыз. Ал еліміздің  көшбасшылық болашағына сенбейтіндер «Қазақтың бұрынғыдан қалған сөзі» ертегісін терең оймен қайтара оқып шықсын. Қала берді түркі әлемінде дүркіреген мемлекеттердің ежелден бүгінге дейінгі шежіресін зерттесін. Бізден кеңес сол.

Ерболат МАМЫРАЙХАН

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?