Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстанның бейбіт бастамасы

2402
Қазақстанның бейбіт бастамасы - e-history.kz
Қазақстан тәуелсіздіктің ең басында-ақ ядролық қарудан бас тартып, Семей сынақ полигонын жабу арқылы өзінің ізгі ниетін әлемге паш еткен еді

Қазақстанның қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын (ЖҚҚ) таратпау саласындағы саясаты халықаралық қауіпсіздікті нығайту, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, жаһандық мәселелер мен қақтығыстарды реттеудегі халықаралық ұйымдардың рөлін арттыру жолын ұсынуымен негізделетін Республиканың сыртқы саяси беталысымен айқындалады. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың адамзатты ядролық қарудан азат ету және ЖҚҚ таратпау тәртібін күшейтуге бағытталған саясаты халықаралық қоғамдастықтардың мойындауына ие болды және Қазақстанның қарусыздану, оны таратпау және ядролық қарусыздану саласындағы жаһандық көшбасылығын нығайтты. Елбасының алғашқы қадамдары жаһандық саясаттағы жаңа трендке айналды, тәуелсіз жолдың ең басындағы сол биіктікті, әлемнің көптеген елдері әлі күнге дейін бағындыра алмай келеді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңес шақыру туралы бастамасы 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясының мінберінен айтылды. 1992 жылғы 17-23 мамырда Президент Н.Назарбаев АҚШ-қа алғашқы ресми сапар жасады. ССРО мен АҚШ арасындағы қол қойылған Стратегиялық шабуыл құралын қысқарту мен шектеу туралы шарттың (СШҚ) заңды мәртебесі Вашингтондағы келіссөздердің басты тақырыптарының бірі болды. 1992 жылғы 23 мамырда Лиссабонда осы елдер мен АҚШ өкілдері төрт мемлекеттің аумағында орналасқан Стратегиялық Ядролық Күштерге қолданылатын стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту (СШҚ) мен шектеу туралы шарттың ережелерін іске асыруға олардың жауапкершілік аясын нақтылайтын бес жақты Хаттамаға қол қойды.  Лиссабон хаттамасында, сондай-ақ, Беларусь, Украина және Қазақстанның ядролық қаруға ие емес елдер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу міндеттемелері тиянақталды. 1991 жылы 30-31 шілдеде Мәскеуде Стратегиялық шабуыл құралын шектеу туралы шартқа (СШҚ-1) қол қойылып, 1994 жылдың 5 желтоқсанында күшіне енді.  СШҚ-1 Шартының әрекет ету мерзімі 2009 жылғы 5 желтоқсанда аяқталды.

Мемлекет басшысы алғаш рет БҰҰ-ның штаб-пәтеріне келді / Ақорданың фотомұрағаты

СШҚ-1 Шартына қосымша хаттаманың мәні мынада: - Беларусь, Украина және Қазақстанның ядролық қаруға ие емес елдер ретінде «мүмкіндігінше қысқа мерзім ішінде» Шартқа қосылуға міндеттеледі; - бұл хаттама 1993 жылы қаңтарда Джордж Буш пен Борис Ельцин қол қойған және бастиек бөлігі бөлінетін баллистикалық зымырандарды қолдануға тыйым салатын және сол күйі күшіне енбеген СШҚ-2 Шартымен бірге тараптармен бекітілуі керек; - бұрынғы ССРО-ның ядролық қару-жарағы «біріккен басшылықтың қауіпсіз, қатаң және сенімді қарауында қалатыны» көрсетілген; - барлық төрт мемлекет – Ресей, Украина, Беларусь және Қазақстан – СШҚ-1 Шартының тараптары деп танылып, өздеріне содан шығатын міндеттемелерді алды. Лиссабон хаттамасына қол қойып, Беларусь, Украина және Қазақстан СШҚ-1 Шартының тараптары деп танылып, ЯҚТШ-ға қосылып, ядролық қаруға ие емес елдер тізіміне енгізілді. Өз аумақтарындағы барлық стратегиялық ядролық қару-жарақты жоюға немесе Ресейге беруге міндеттелді.

Н.Ә. Назарбаев АҚШ-та / Ақорданың фотомұрағаты

Лиссабон Хаттамасына сәйкес, СШҚ туралы шартқа байланысты Қазақстан, Беларусь және Украина бұрынғы ССРО-ның құқықтық мұрагер мемлекеті ретінде Ресеймен және АҚШ-пен бірге Сақтау және инспекция жөніндегі бірлескен комиссия (СИБК) жұмысына қатысуға келісті. Бұл мемлекеттер өзара шарт әсер ететін шартпен белгіленген құралдарды қолдану шегі мен шектеулерін жүзеге асыру туралы келісімді бекітті. 1992 жылғы 2 шілдеде Қазақстан СШҚ туралы шартты және Лиссабон хаттамасын ратификациялады. 1993 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Ядролық қаруды таратпау туралы шартты ратификациялады. ЯҚТШ-ға қосылу еліміздің сыртқы саясатында елеулі оқиға болды. Әлемдік қауымдастық бұл акцияны қоштады. Көптеген мемлекеттер Қазақстанның жауапкершілігін және халықаралық істердегі кемелділігін, қазіргі заманның ірі мәселелерін шешуге конструктивті қатысуға ұмтылысын атап өтті.

Н.Ә. Назарбаев және Б. Клинтон / Ақорда фотомұрағаты

Қазақстан Лиссабон хаттамасына қатысушылардың арасында ядролық қаруды тасымалдауға қатысты ережені бірінші болып іске асырды – 1995 жылғы 30 мамырда Семей полигонындағы оқпанда орналасқан соңғы ядролық сынақ зарядын жойды.

1996 жылғы 21 сәуірде бір жылдан аса уақытқа созылған Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан 1216 ядролық қару-жарақ бірліктерін шығару процесі аяқталды.  Қазақстан жері ажал әкелетін ядролық мұрадан мәңгілікке құтылды. Ядролық арсеналды шығару бойынша өз міндетін орындаған соң, еліміз басқа – ядролық қару инфрақұрылымын жою – бұрынғы әскери өндірісті бейбіт жолға қою сияқты мәселеге жолықты. МАГАТЭ қамқорлығыме Қазақстанға техникалық көмек көрсетудің Үйлестіру жоспары әзірленді. Бұл жобаға Ұлыбритания, АҚШ, Швеция және Жапония қатысты.

ҚР Президенті БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында. АҚШ, Нью-Йорк қ./ Ақорда фотомұрағаты 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?