Олжас Сүлейменов – ақын, Қазақстанның халық жазушысы, лингвист-зерттеуші, түрколог, танымал саясатшы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. 1936 жылы 18 мамырда Алматы қаласында дүниеге келді. Олжас Сүлейменов кадрлық әскерилердің алғашқы буынының отбасынан шыққан. Оның әкесі – Бірінші Қазақ кавалериялық полкінің офицері. Сталиндік қуғын-сүргін Сүлейменовтер отбасын да айналып өтпейді. Олжас бір жасқа толғанда әкесі Омар сол кездегі Қызыл Армияның басшылық құрамының үздік өкілдерінің көбі сияқты атылып кете барады. О. Сүлейменовтың әке жағынан ата-бабасы ақын, музыкант, жауынгер болса, ал шешесі жағынан – құрылысшы-саманшылар болған. Олжастың атын Абылай ханның атты әскерінің оң қанатын басқарған жетінші атасы Олжабай батырдың құрметіне қойған.
Олжас 1954 жылы Мәншүк Мәметова атындағы №28 орта мектепті аяқтаған соң, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің геологиялық барлау факультетіне оқуға түседі. Алайда ақындық қасиет оны өзінің өмір жолын қайта қарастыруға: инженер-геолог дипломын ысырып қоюға мәжбүрлейді. Ол 1958 жылы Мәскеудегі А.М. Горький атындағы Әдебиет институтының Жоғары әдебиет курстарына оқуға түседі. Курстарды аяқтаған соң «Простор» журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Қазақфильм» киностудиясының сценарлық-редакциялық алқасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы, Қазақстан Кинематографистері одағы басқармасының бірінші хатшысы, ССРО Жазушылар одағының хатшысы болып қызмет етті. 1991-1994 жылдары О. Сүлейменов шығармашылық жұмыста болды. Ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Табиғатты пайдалану және экология комитетінің мүшесі, 1995 жылдан бастап 2001 жылға дейін Қазақстан Республикасының Италиядағы Төтенше және өкілетті елшісі, кейін Грекияда, Мальтада дипломатиялық қызметтерде болды. 2001 жылдан бастап Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО-дағы (UNESCO) тұрақты өкілі.
Саяси қайраткер ретінде О. Сүлейменовтың беделі өте зор. Ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 10-шы және 13-ші шақырылымдарының депутаты, ССРО Жоғарғы Кеңесінің 11-ші шақырылымының депутаты, ССРО Халық депутаты (1989-1991). Олжас Сүлейменов 1-ші дәрежелі «Барыс», Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, «Даңқ белгісі», медальдермен марапаттаған. Ол ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстанның Лениндік комсомол сыйлығының лауреаты, «Тарлан» сыйлығының лауреаты.
О.Сүлейменовтың еңбек жолы Қазақстанның екі ірі одағымен – Жазушылар одағы және Кинемотографистер одағымен тығыз байланысты. Алматыда Азия мен Африка елдері жазушыларының 5-ші конференциясын өткізуді бастамалаған және ұйымдастырған осы Олжас Сүлейменов болатын. Соның кезінде қазақ кинемотографиясы кәсіби және талантты кино ретінде әлемдік танымалдыққа ие болды. «Қазақфильм» киностудиясы как «Қыз-Жібек», «Үрейлі таң», «Асудағы атылған оқ», «Көксерек» сияқты фильмдерді шығарған.
Аз уақытта Семей полигонындағы жарылыстарға тоқтау салуға қол жеткізген «Невада – Семей» қозғалысын құруы Олжас Сүлейменовтың қоғам қайраткері, саясаткер ретіндегі ерекше еңбегі болып табылады. 1991 жылдың 28 тамызы Қазақстан президенті Н.Назарбаев полигонды жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Көлемді мемлекеттік және қоғамдық жұмыстармен айналысып жүрсе де, Олжас Сүлейменов, өзінің бірінші кезекте ақын, жазушы екенін есінен шығарған емес. Шығармашылық жұмыс – оның өмірлік серігі. Олжас – көптеген кітаптары түрлі тілдерге аударылып, басылып шыққан бүкіл әлемге танымал автор. Қазақ бола тұра, ол орыс тілінде жазса да, қазақ ақыны болып қалатыны сөзсіз. Ол өз халқын, өз отанын шын жүрегімен жақсы көреді. Ол және де барлық адамзатқа адал, ол - Жердің үлкен патриоты.
О. Сүлейменов поэзиясы бізді шындыққа, халықтың тарихи қалыптасуын түсінуге үйретеді. Шығармашылық қиял ақынды ғасырлар тұңғиығына тартады, оның сергек құлағы жүзжылдықтар астында қалған ат тұяғының дүбірін естиді, көзі уақыт түнегінен қаһарлы шайқастардың ұшқынын шалады. Біз кімбіз, қазақтар, қайдан келдік, жарық дүниеге не үшінкелдік? Өзімізбен не әкелдік, әлемге не бердік? Олжас осы сұрақтар төңірегінде көп ойланады. Осы тұрғыдан алғанда, ақынның өз халқының тарихына деген көзқарасын жүрек призмасынан өткізу арқылы беретін «Жүректі қайтіп қуантам?» өлеңі, ең үздік өлеңдерінің бірі.
О. Сүлейменовтың өлеңдері ой тереңдігімен, көп ауқымдылығымен, философиялылығымен және тартыстылығымен ерекшеленеді. Оларда жарқын мәнерлілік, көзге көрінетін образдылық, жеңіл әзіл, ащы сатира, күтпеген бетбұрыс және көптеген басқа қырлары бар. Ақындық шығармалары оқырмандар мен сыншылардың жоғары бағаларына ие болды. Оның шығармашылығы туралы М.О. Әуезов, К. Симонов, Р. Гамзатов, Ғ. Мүсірепов, Ш. Айтматов, Э. Межелайтис сияқты сөз шеберлері жазды. Өлеңдері мен поэмаларының алғашқы кітабы «Арғымақ» 1961 жылы жарық көрді. Осы жылы оның «Адамға табын, Жер енді!» поэмасы басылып шықты, ол совет поэзиясының үздік шығаралары қатарына кірді және О.Сүлейменовке кең танымалдылық әкелді. Бұл адам мен адамзаттың әнұраны. Поэмада ақынның адам тағдыры, оның ниет-пиғылы туралы ойлары суреттеледі. Ақынның әйел затына деген көзқарасы ерекше сипатталады. Әйел ол үшін – бірінші кезекте Ана, өмір, бастаулардың бастауы. Кейінгі жылдар О.Сүлейменов үшін өте жемісті болды. 1962 жылы «Нұрлы түндер», одан кейін «Түн – Париждің қызындай», «Доброе время восхода», «Мешін жылы», «Таңдамалы лирика», «Қыш кітап», «Повторяя в полдень», «Әр күнің сенің – таң», «Жұмыр жұлдыз», «От өрімдер», «Айқын жағалау», «Аз и Я», «Язык письма» жыр жинақтары жарық көреді. «Қыш кітап» – Олжас Сүлейменовтың ең маңызды шығармаларының бірі. Бұл - адамды бәрінен биік қоятын ежелгі махаббат оқиғасы. Бұл кітап терең мағынаға ие, ол терең тарихи байланыстарға құрылған, онда шығыстың рухани-философиялық дәстүрі бар. «Аз и Я», «Язык письма» кітаптары мен мақалалары түркі, славян және басқа мәдениеттердің өзара қарым-қатынасына арналған, өзінің өткір өзектілігімен, қызуы басылмаған пікір-таластар туындатты және түркі мәдениеті тарихына жаңа көзқарас қалыптастыруға ықпалдасады.
О. Сүлейменовтың әдеби дарыны кинодраматургияда да кеңінен ашылды. Оның сценарийлері бойынша «Атамекен», «Көгілдір маршрут», «Қыс – қолайсыз кезең», «Адамды қабылдаңыз», «Соңғы асу» көркем фильмдері және бірқатар деректі фильмдер түсірілді.
О. Сүлейменов публицист ретінде де кеңінен танымал. Оның қаламынан ақынның өмірлік қағидаты мен азаматтық ұстанымын ашатын, бүгінгі күнгі көкейкесті тақырыптарына арналған көптеген мақалалары шықты.
Оның шығармашылық бейнесін талантының тағы бір қыры толықтыра түседі. Олжас Сүлейменов – ірі лингвист-зерттеуші, түркітанушы. О. Сүлейменовтың өзі шығармашылық кредосын былайша білдереді: «Тарихпен және лингвистикамен бір ғана мақсат үшін айналысу – өз халқымның ішіндегі өз орнымды және халқымның адамзат ішіндегі орнын анықтау».
Олжас Сүлейменовтың шығармашылық бай, жарқын өмірі оның жеке мұрағатында бейнеленді, ол 1996 жылы сыйлық ретінде Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатына мемлекеттік сақтауға берілді.
Ақын, ойшыл Олжас Сүлейменовтың тұлғасы – халық тарихының бір бөлігі, оның ұлттық мақтанышы деп есептеуге болады.