4 мамыр күні Астана қаласындағы Сарыарқа ойын-сауық орталығында отандық, тарихи «Алжир» (қармен жуылған қан) көркемфильмінің тұсаукесері өтті.
Тарихи туынды саяси қуғын-сүргін құрбандарының 80 жылдығына орай түсірілген фильмнің қоюшы-режиссері Әнуар Райбаев, басты рөлдерді сомдағандар: Светлана Фортуна, Қобыланды Болат, Анна Старченко және т.б.
Фильмнің басында Светлана есімді бойжеткен Ресейден Қазақстанның бас қаласы Астанаға, әжесі Надежда Васильеваның соңғы «аманатын» арқалап келеді. Ол аманатта, сонау қылышынан қан тамған сұрапыл қызыл «террор» жылдары (1937-1953 жж.) «АЛЖИР» (Акмолинский лагерь жен изменников родины) лагері тұтқыны болған, оның анасы Екатерина және әжесі Светлана Райкинахты аштық пен ажалдан, т.б. көптеген қиындықтан қорықпай аман алып қалған Әлихан Сейдахметов деген сол кездегі «АЛЖИР» лагерінде қатардағы жауынгерлік қызметін атқарған қазақ жігітін табу еді. Светлана әжесінің күнделігіне жүгіне отырып, бұрынғы «АЛЖИР» лагері маңындағы көптеген ауылдың бірінен сол кісіні іздеп табады. Ол – бүгінгі күні жасы тоқсаннан асқан ауыл ақсақалы. Светлана мен қарт Әлихан екеуі бүкіл фильм бойы, азапта өткен сонау сұрапыл жылдарды еске алып, қайта бастан кешеді.
Бұл фильмде Сарыарқа даласында бүкіл ССРО мемлекетінен келген «халық жаулары» аталған ел жайсаңдарының жұбайлары мен балаларының «АЛЖИР» лагерінде ажалмен арпалысып өткен өмірі мен тауқыметі, тағдыры баяндалады.
Көптеген күндер «сталиндік» пойызбен жол жүріп, күздің қара суығында Ақмола жеріне келіп, шағын теміржол торабынан ит жетектеген солдаттардың айдауымен екі қатар темір тормен қоршалған лагерьге келгенде басына шляпа, аяғына туфли киген әйелдердің зәресі көкке ұшады. Өйткені, ол лагерьдің басшысы НКВД майоры Головановтың лагерьде орнатқан қатаң тәртібі шектен тыс еді. Ол лагерьге келген тұтқындарды бірінші күннен бастап ұрып-соғып, қорлап-зорлап, асқан қатыгездікпен тәртіпке бағындырды. Ал көнбейді екен, лагерьдің ерекше «режимін» бұзғандарды, азаптың сан түрінен өткізіп, зынданға тастап ауыр жазалады. Зынданнан шыққандардың көбісі ұзаққа бармады.
Алыс-жақын туыстарынан хат-хабарсыз қалған әйелдердің өмірден түңілгені соншалықты, «психикасы» бұзылып, өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Ең сұмдығы – солдаттардың зорлауымен бойына нәресте біткен аналарға да еш аяушылық болмады. Лагерь тұтқындары емшектегі баласын арқалап жүріп, шала емізіп жұмыс істеуге мәжбүр болды. Өйткені, күндік «нормасын» орындамаса, тамақ жоқ. Нәтижесінде, темір тордың арғы жағында дүниеге келген нәрестелердің жартысынан көбісі, аштық пен суықтың құрбаны болды. Сол лагерьде туған балаларды үш жасқа толған күні-ақ олардың шыбын жанын шырылдатып, анасынан айырып, аты-жөнін өзгертіп, кең байтақ ССРО-ның балалар үйіне жіберіп отырды. Талай сәби «коммунизм» жайлаған кең-байтақ елде, із-түссіз ғайып болды. Лагерь маңайында орналасқан қазақ ауыл тұрғындары басына қатер төнерін біле тұра, шынайы жанашырлық білдіріп, барынша қолынан келген көмегін аямады. Өзі жарымай отырған қарапайым қазақ жапа шеккен «тұтқындарға» соңғы еті мен нанын, құрты мен майын бала-шағасының аузынан жырып беріп, қолынан келгенше көмегін көрсетті. Өйткені, сол кездегі қазақ аштықтың не екенін жақсы білді. Ел басынан күні кеше ғана ауыр қасірет ашаршылық өткен болатын.
Түрме басшысы, майор Г. Головановтың қаһарынан қаймықпай тұтқындарға қолынан келгенше көмек көрсете білген жас жігіт, қатардағы жауынгер Әлихан Сейдахметовтің батылдығы Светлананы таңқалдыратын. Ол қақаған қыстың күнінде дүниеге келген перзентті аман алып қалу үшін басын қатерге тігеді. Батылдық, адамгершілік, мейірімділік секілді ұлы қасиеттер көркемфильмнің басты мотиві болды.
Фильм «Қазақстан» телерадиокорпорациясының тапсырысымен түсірілген, қалың көрерменге 2017 жылдың 7 мамырынан бастап Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды қалаларының кинотеатрларынан көрсетіледі.
Әнуар Райбаев, фильмнің қоюшы режиссері:
Режиссер ретінде фильм тарихи жанрдағы менің алғашқы туындым деп айтуға болады. Фильмді аз уақыттың ішінде түсірдік. Туынды да басты көрсеткіміз, айтқымыз келгені – сол тарихта орын алған ащы шындықты халыққа сол күйінде жеткізе білу, көрген қиыншылық, азаптарын үтір-нүктесіне дейін бұлжытпай көрсету. Фильм сонысымен де ерекшеленеді. Тарихи мазмұны мен сапасы жағына келсек, шынын айту керек уақыт тығыз болғандықтан тарихқа толық шолу жасап, үңілдік деп айта алмаймын, дегенмен деректі құжаттар мен арнайы мамандар кеңестерін алдық. Қаржыландыру жағына келсек, көркемфильмнің бюджеті өте аз. Бірақ жалпы түрде фильмдік сапасы сын көтереді деген ойдамын. Фильм Ақмола (АЛЖИР) және Қарағанды (Карлаг) облыстарында түсірілді. Қорыта келе айтарым, біздің киноөнерде осы секілді ел басынан өткен оқиғаларды баяндайтын туындылардың санын көбейтуіміз керек. Себебі, біздің тарихымыз терең және тұнып тұрған орман, оны халыққа болған оқиға ізімен жеткізудің бір жолы осындай.
Қобыланды Болат, басты рөлді сомдаған актер:
Менің кейіпкерім өзіме жақын болды, Себебі Әлихан (лагерьде оны орыстар Алеша деп атаған) жанашыр, бауырмал, ұлтқа-дінге бөлінбейтін, сондай қиын-қыстау заманның өзінде өзге ұлт өкілдеріне қолынан келгенше көмектесіп, қол ұшын созып тұрды. Бұны ерлік деп бағалауға болады, себебі ол әскери адам болғандықтан, сезімге, жанашырлыққа жол бермеу керек-тұғын, берілген бұйрықты бұлжытпай орындау қажет. Соған қарамастан ол әскери міндетінен гөрі азаматтық парызын жоғары қойды. Менің негізгі мақсатым да сол – қаншама зұлым заман болса да, мейірім бар екенін көрсете білу, көрерменге жеткізе білу. Фильмге түсуде өте зор жауапкершілікті сезіндім, олай дейтінім, бұл – менің елімнің, халқымның тағдыры. Туындаған қиындықтарға келсек, фильм Алжирдің өзінде түсірілді және қыстыгүні сол жағы қиындау болды, дала қақаған аяз, ал фильм түсіріліп жатыр, сол кезде ауырып қалғаным да бар. Кейіпкерімді сомдау жағынан қиындық соқпады, себебі Әлихан менің жүрегіме жақын болды. Шынымды айтсам, бір жағынан мейірімді рөлді сомдасам да өте қиын жағдай, десе де, мен сол оқиғаның ортасында болғандай сезіндім. Ең бастысы тарихымызды, өткенімізді ұмытпау қажет екенін тағы бір түсіндім, себебі бүгінгі бейбіт заманның есебін кешегі ата-бабаларымыздың қанымен келгенін әрбір адам түйсіну керек-ақ.
Светлана Фортуна, басты рөлді сомдаған актриса:
Өз басым рөлді сомдауда көп қиындықты бастан өткердім деп айтқым келеді. Әсіресе, моральдық тұрғыдан. Менің кейіпкерім Надежда Васильева, оның күйеуі әскери адам болған, оған жалған жала жабылып «халық жауы» деп қамалады, ал Надежда кішкентай баласымен халық жауының әйелі деп айыпталып Алжирге айдауға жіберіледі. Алжирде Надежданың бастан өткізген сұмдығын айтып жеткізу ол бөлек әңгіме, ең басты Надежданың қиналғаны, кішкентай баласының көз алдында өлгені, бұнымен оның соры бітпейді. Лагерь ішінде жүріп Әлихан есімді міндетін атқарып жүрген қатардағы солдатпен махаббат құрып, одан аяғы ауыр болып қалады, ол баланы сақтап қалу үшін не көрмеді десеңізші?! Жалпы фильмді моральдық тұрғыдан ауыр деп есептеймін. Себебі, ол кездегі жазықсыз адамдардың көрген қиындығын түсіну, оны жүрегіңе қабылдау оңай іс емес. Жеке өз басыма қатты әсер етті, оның үстіне өзіңіз білесіз, біз өнер адамдары сезімтал болып келеміз. Және қатты әсер қалдыруының тағы бір себебі, туынды Алжирде түсірілгендіктен біз сол лагерь мұражайына қойылған киімдерді кидік, заттарды ұстап пайдаландық. Өзіңіз бір сәт ойлап көріңізші: тағдырлары қанмен жазылған жазықсыз құрбандардың киімін үстіңізге киюдің өзі қандай моральдық соққы! Фильмнен екі басты екі нәрсені ұқтым, алдымен қуандым: яғни қазіргідей бейбіт заманда өмір сүріп жатқаныма және сондай оқиғаны біздің өскелең жас ұрпақтарымыздың көрмегеніне, екіншісі фильм арқылы қаншама сұмдық заман болса да, адамдар зор қиыншылық көрсе де, махаббат, сүйіспеншілік, мейірім, адамгершілік болғанын және болатынын көрсете білдік. Біз өз кезегімізде бұндай тарихи оқиғаларды санамыздан шығармауымыз керек және бүгінгі бейбіт өмірімізді бағалауымыз қажет.