Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҰЛТТЫҚ ТАРИХ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ ӘДІСНАМАЛЫҚ ДАҒДАРЫС

2777
ҰЛТТЫҚ ТАРИХ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ ӘДІСНАМАЛЫҚ ДАҒДАРЫС - e-history.kz
Әңгіме отандық зерттеушілердің ғылыми ізденістері көшпелі социумның қызмет ету негізіне қаланған әлеуметтік-генетикалық кодты ғылыми тұрғыдан тануға арналған тиімді аспапты анықтаумен байланысты

Заманауи зерттеушілер жаһандану үдерісі нәтижесінде  геоғылым шеңберінде «үлкен тарих» немесе  мета, әмбебапты, баламалы деп түрлендіре аталып жүрген тарихқа бет алғаны даусыз. Оған басты себеп – Адам, Уақыт, Кеңістік, Қоғамдық жүйе өлшемдеріндегі түбегейлі модификация.

Отандық тарихшылар қауымының жаңа буыны бүгінгі тарих бетін жанды дүниелерге, Адам және оның іс-әрекеті, қайраткерлігіне бұрып, ұлттық мемлекеттілігіміз бен мәдениетімізге тиесілі феномендерге терең  зерттеулер  жүргізу қажеттілігін толық түйсінді.  Десек те, кәсіби тарихшылар бола тұра, әдіснама турасында сөз қозғалар тұста, оның шын мәнінде не екені, қалай және қашан, қай жерде пайдалану қажеттігі жайлы өзара ортақ пікірге келмек түгілі, әдіснамаға тиесілі ой жинақтауға, жоғары дәрежеде ғылыми талқылаулар жүргізуге әлі де болса даярлығымыздың төмен екендігімен осы жерде жиылып отырған көпшілік келісер деп ойлаймын.

Заманауи отандық тарих ғылымында орын алып отырған әдіснамалық дағдарыс себептері турасында қоғамдық ой тарапынан туындар заңды сұраққа жауап ретінде төмендегі мәселелерге көңіл аударғым келеді:

Біріншіден, тарих ілімі философия тарихымен жиі шатастырып жататын тарих философиясы пәніне тиесілі, ғылымның барлық түрлерінің ішінара әрекеттесуін қамтамасыздандырушы шектес аралықта орналасқан әдіснама,  тіпті, арнайы шұғылданбаған кәсіби тарихшылар үшін де ауыр сала болып саналады.

Бүгінгі тарихшылар арасында әдіснаманы көбінесе дереккөздер пайдалану әдісімен байланыстырып, болмаса әдіснамалық аппаратты құрайтын, этимологиялық жағынан бір-біріне сабақтас «ілім» (теория), «әдіснама» («методология»), «әдіс» («метод») және «әдістеме» («методика») терминдерінің аражігін  ажырата алмайтын зерттеушілер де аз емес. Дегенмен, бұл да заңды құбылыс. Себебі, кешегі Одақ құрамында  саналы түрде жүргізілген саясатқа сай, отандық тарихшыларымыздың әлемдік тарихи ойдан оқшау даму үдерісінің орын алуы, одан қалды, қазақстандық  ғылымда жоғары талапты ілімдік зерттеулер жүргізуге арнайы бағыт-бағдар берердей белгілі бір дәстүр, мектептер қалыптастыру тәжірбиесінің жоқтығы, сонымен қатар, мамандықтар номенклатурасында  тарих ілімі – 07.00.01 шифрлы мамандығының мүлдем ескерілмеу фактісі заманауи зерттеушілеріміздің өз әдіснамалық таным ауқымын тек қана түрлі ақпарат құралдары арқылы қабылданған мәліметтер негізінде кеңейтуге мәжбүр болғандығын астын сыза айта кеткен жөн.

Екіншіден, соңғы жиырма жыл ішінде, отандық тарихшылар Ресей ғалымдары сияқты әлемдік тарихтың ілімі мен әдіснама мәселелерін талқылау  ісіне белсенді араласа қоймағанымен, қазақ халқының тарихы мен мәдениеті заңдылықтарының алуан түрлілігін ашуға құзіретті ғылыми таным құралдарын іздестірумен шұғылданды. Жалпы алғанда, зерттеушілер арасында классикалық, классикалық емес, постклассикалық, постмодернистік парадигмалар жайлы түсінік орнықты, бірізді, унитарлы-сатылық парадигма іргетасы болып табылар қоғамдық-экономикалық формациялар теориясымен қатар, әмбебапты-плюралистік ұстаным негізіне алынған салыстырмалы өркениеттер теориясы,  әлемдік жүйе, әлемдік экономика, т.с.с. әдіснамалық ұстанымдар  туралы азды-көпті талданымдар, зерттеулер баршылық деп қаншама ауыз толтыра айтқанымызбен, жаңа зерттелімдер әлі де болса, әдеттегі сандық көрсеткіштер, фактілер мен жетістіктер  желісін баяндаумен шектелуден түпкілікті арыла алмай келеді.

Заманауи зерттеушілердің жаһандық тарихи таным құрал-саймандарымен жеткілікті дәрежеде қаруланғандығы, қазақ халқының рухани және материалдық құндылықтары жайлы сансыз куәліктер  немесе, мирас ретінде жеткен мемлекеттілікке тиесілі атрибуттарына қарамастан, осы уақытқа дейін, төл өркениетіміздің  экономикалық, әлеуметтік, саяси жүйелері дамуының ішкі ерекшеліктерін қарапайым да және дәлелді тұрғыда қалың көпшілікке түсіндіре алмай келеміз.

Осы мәнмәтінде тарихтың екі қилы тағыдырын ажырата қарастырған белгілі антрополог Клод Леви-Стростың: «одна история – поступательная, приобретающая, аккумулирующая находки и изобретения для возведения цивилизаций, а другая история, возможно, равно деятельная и исполненная таланта, но ей не достает дара синтеза, являющегося преимуществом первой» деген тұжырым мәнін өзімізге қатысты түйсіну аса маңызды.

Одан қалды мемлекеттік бағдарламалар нәтижесінде жан-жақтағы ғылыми ой мұрасының орасан зор бөлігін жүйелендіру кезеңі аяқталды, тарихи дереккөз ретінде ауызша тарих тарих айту дәстүрі үлгілерін қолдану мәселесінің лайықты ғылыми негізі қаланды деп ұйғарғанымызбен, ұлттық тарихымызда қазықты болып табылар осы бір бағыт әлі де болса түпкілікті меңгерілмей қалып отыр. 

«Жанды» болып танылар ауызша және «тәнді» деуге тұрарлық жазбаша – екі бірдей дерек көздері  арасындағы өзара хронологиялық, сюжеттік, кеңістікті, әлеуметтік сабақтастықты да жалғастылықты байланыстары айқындалып, оларға іргелік тұғырына сай жеке дара талдау жүргізілмей келеді. Аталмыш мәселенің шынайы шешімі қазіргі заманғы отандық тарихнамада саралау мәдениетін қалыптастыруға алып келері хақ.Сонымен қатар, отандық тарихшылардың әлі де болса «тісі батыңқырамай жүрген», өзіне қатысты асқан дәлдік пен терең зерттеуді талап етер: дәстүрлі билік, қазақ жүздері феномені, қазақтың би, батыр, жыраулар дәстүр-институттары; қазақ мемлекеттілігінің дәстүрлері; көшпелі қоғамның өркениеттік құрылымындағы діннің рөлі, қазақ халқының рухани мәдениетіндегі тарихи сабақтастық, ұлттық тарих философиясы, төл өркениетіміз бен мәдениетіміздің табиғаты тәрізді бірқатар ілімдік мәселелер. Кең мағынасында қарастырар болсақ, бұл дүниелердің игерілуі қазақ халқының, одан қалды дәстүрлі қазақ қоғамының, Еуразия далалық аумағындағы көшпелілер өркениетінің рухани азығы, мәдени қазығы, діні, ділі, ғаламы төңірегіндегі ірі әрі даулы сауалдарға толыққанды жауап алуға себін тигізері сөзсіз.

Үшіншіден, бұрынғы идеологиялық кеңістікте өз танымы пәнін әркелкі түсіндіруге орай біршама абдыраушылыққа душар болған замануи зерттеушілердің бірсыпырасы осы күнге дейін  әдіснама дегенге сенімсіздік қарайтыны тағы бар. Бұл да негізсіз болмас... Себебі, тіпті таяу уақытқа дейін ең болмағанда «шағын» халықтар ретінде есепке алынбай, көзтасада қалып, ал ескеріле қалған жағдайда, мәдениетті елдерді «талқандаушылар», «ойрандаушылар» рөлінде қарастырылып келген түпкі атамыз –  Еуразия көшпелілерінің әлемдік ғылыми ойда ескерілмегені анық. Дей келе, қазіргі таңғы белгілі қандай да бір ғылыми парадигма болмасын ең алдымен, Батыс ғылыми ой-санасының нәтижесі екендігін, сол себепті оның ең алдымен, батыс қоғамдары өркениеттері мен отырықшы мәдениеттерін зерттеуге бағытталғандығын ескеруіміз керек. Кезінде А. Тойнбидің өзі «описание примитивных обществ как «народов, у которых нет истории», ошибочно и свидетельствует, прежде всего, об ограниченности наших возможностей» деп өз қателігін мойындап кеткен.

Десек те, ғалымдарымыз осы уақытқа дейін шебер пайдаланып келген тарихи материализм ұстанымын оның ғылыми қисынсыздығынан емес, қоғамдық-экономикалық формациялар ілімімен шекіспейтін квази-ғылыми анықтамалар салдарынан беделін түсіріңкіреп алса керек. Шын мәнінде, формациялар ілімі, қазіргі кезеңде әлем ғалымдарының басым бөлігі мойындауына орай кеңірек қолданыста жүрген өркениеттер, әлемдік-жүйе, әлемдік-экономика, жаһаннама ілімдері тәрізді небәрі қоғамдық дамудың баламалы тұжырымдамасы ғана болып табылады.

Әңгіме отандық тарих ғылымында қандай да бір жаппай түрдегі тұтастай тарихи даналық тұжырымдасын ойлап табу жайлы болып отырған жоқ, себебі отандық зерттеушілердің ғылыми ізденістері ең алдымен көшпелі социумның қызмет ету негізіне қаланған әлеуметтік-генетикалық кодты ғылыми тұрғыдан тануға арналған аса тиімді аспапты анықтаумен байланысты болып келеді.

Жалпы алғанда,  «Бір әдіснама – бір идеология» деген кешегі күн қағидатынан бас тарта отырып, әлемдік деңгейде қабылданып, мойынсұнған мәдени үлгілерден ерекше, өз сөзі, заңы, дәстүрі, өзіндік мазмұны мен табиғаты бөлек төл тарихымыз бен мәдениетіміздің ең алдымен өзіміз танып, зерттеп, насихаттап, бойымыздағы бодандық комплексінен түбегейлі арылып, еңсемізді көтере, бүгінгі жаһандық шеңбердегі 30 алдыңғы қатарлы мемлекет санатына кіруге талпыныс жасап отырған дәрежесі жоғары, терезесі тең мемлекет статусы тарапынан тарихымызды таразылауға толық мүмкіншілік туғанын түйсінер де сүйсінер шақ туды. Ендігі кезек, өркенін Еуразия далалық аумағының көшпелілер өркениетінен өрбітуші ортағасырлық дәстүрлі қазақ қоғамының бүгінгі заманғы тікелей мирасқоры – Тәуелсіз Қазақстанның жеткеншек ұрпағының жалындаған жас жүректеріне өз халқының тарихы мен мәдениеті үшін мақтаныш пен ұлтжандылық сезімдерін ұялатар, әрі мемлекетіміздің мәртебесін паш етердей, мазмұны тұғырлы да тұжырымды сомды, пәнаралық зерттеулер мен ғылыми жобалар жүргізу.

Қорытындылай айтсақ, әдіснама – ғылым дамуының үнемі жетілдірілуді талап ететін заңды өнімі. Сол себепті, отандық әдіснамалық кеңістіктегі орныға бастаған ой пікірлерге инвентаризация жүргізе отырып, оларды қажетіне қарай шебер де тиесілі пайдалану мақсатында жаңа буын зерттеушілерін әдіснамалық  мәдениетке баулу міндетін қолға алу шарт. 

Алтайы ОРАЗБАЕВА, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?