Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Біржан мен Сара айтысы

6516
Біржан мен Сара айтысы - e-history.kz
Біржан сал Қожағұлұлы мен Сара Тастанбекқызы арасында болған айтыстың өнер тарихындағы маңызын әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған.

Жастайынан өнерге, оның ішінде ән айтуға құмар болған Біржан сал Қожағұлұлы 1834 жылы бұрынғы Көкшетау облысы, Еңбекшілер ауданында дүниеге келген. Табиғат ана Біржанның бойына «өнер» атты ұлы күшті төгіп бере салған-ды. Елді аралап, айтысқа түсіп, ән салып жүріп, көп ұзамай Біржан сал деген атаққа да ие болды. «Көкшетау», «Жанбота», «Жамбас сиыр» сияқты әндері қазақ музыкасының алтын қорына енген. Оның шәкірттерінің арасында Жаяу Мұса, Естай, Ақан секілді өнер өкілдері бар.

Сара Тастанбекқызына келетін болсақ, 1853 жылы Талдықорған облысы, Ақсу ауданында, Матай-Қатағай жерінде дүниеге келген. Ән мен күй, асқақ жыр өнерлі Сараны ынтықтырып, оны өз биігіне бастайды. Сара талай белгілі ақындармен сөз сайысына түскен, талай жүйріктерге алдырмаған.

Тарихи мәні әлі күнге дейін зор айтыс 1895 жылы Алматы облысының Қапал-Ақсу өңіріндегі Тоғызқұмалақ мекенінде өтеді. Бұл айтысты ең алғаш 1898 жылы Қазанда “Қисса Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны” деген атпен Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жариялады. Айтыстың алғашқы нұсқасы – 969 жол, 2-нұсқасы – 1080 жол.

Біржан мен Сара айтысының тақырыбы – әйел теңдігі. Айтыста феодалдық заманның қатал да ащы шындығы бейнеленген. Қазақ әйелдерінің аянышты, қайғылы хәлі суреттелген. Қалың мал – қазақ әйелдерін шырмаған ескіліктің мықты торы, айтыста сол қырсықты ескі әдет-ғұрыпқа, салт-санаға наразылық білдіріледі. Біржан Сараның осындай аянышты хәліне күйінеді.

Ақын қыз сол кездегі әйелдердің ауыр тұрмысын, әйелді тұтқын еткен дін тұзағына да наразылығын білдіреді. Айтыстың негізгі өзегі әйел бостандығы болса да, мұнда айтыстың дәстүрлі әдісі бойынша, өз ру басыларын, би-болыстарын дәріптеу, мадақтау сияқты қайшылықтар да кездеседі.

Соның өзінде де Біржан сөздерінде жаңа бағытқа аз да болса талпынудың бары байқалады. Халық айтыстары, негізінен, екі ақынның бір-бірінің қай жағынан болсын кемшілігін табуға құрылады. Бұл әдіс Біржан мен Сара айтысында да бар. Біржан Сараны сүріндіру үшін оның күйеуінің нашарлығын тілге тиек етеді. Ақыры, сол Жиенқұлдың айналасынан ұзатпай, Сараны жеңеді. Екеуі де айтыста өздерінің адамгершілік, ақындық сипаттарымен көрінеді.

Біржан да, Сара да – үздік өнер иелері. Бір-бірінің бойындағы осы қасиеттерді қапысыз тани біледі. Өлшеусіз талант әрі әнші екі саңлақтың шешен сөздері – өзінің көркемдік жағынан бүгінге дейін үлгі. Бұл айтыстың сөздері анықтық, тазалық, дәлдік жағынан, көркемдік, сұлулық жағынан да қазақ әдебиетінің төрінен орын алады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?