Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – кез келген мемлекеттің алдында тұрған басты мәселе. Өткен замандарда да бұл мәселеге билеушілер аса зор мән берген. Әр мемлекетте қарсыластың жоспары, оның әскери күші, қару-жарағы туралы ақпаратты жинаумен айналысатын барлау органдары болған. Барлау әскери іс-қимылды мейлінше тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Жиналған әскери ақпарат соғыс немесе бейбітшілік туралы салиқалы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Әскери барлау туралы пайымдай келе, Иран билеушісі Газан хан жаудың жоспарын білу үшін оған жансыздарды жіберу керек дегенді атап өтеді. Барлау моңғол мемлекетінің әскери жүйесінің маңызды бөлігі болған.
Моңғол армиясында әскери барлаумен арнайы тұлғалар - «жұртшылар» айналысқан. Олар барлаушылар мен тыңшылардың қызметіне жауап берген. Алдағы әскери іс-қимылдар театрын жете зерттеу моңғол әскери өнерінің мықты жағы болған, бұл іс те «жұртшыға» жүктелген. Соғыс басталғанға дейін моңғолдар қашықтыққа стратегиялық барлау жүргізіп, ықтимал дұшпанның қарулы күштерінің жауынгерлік әзірлігі мен әскери жағдайын анықтап алған.
Осындай барлаудың ең бір нәтижелі түрі – барлау жорықтары немесе күтпеген аңшылық. М.И. Иваниннің шығармасында былай делінеді: «жұртшы – офицерлердің бастығы еуропалық әскердегі генерал - квартирмейстерге сәйкес келген. Оның және оның командасының міндеті: жазғы және қысқы әскери көштерді орналастыру, әскердің қозғалуы кезінде де, соғыс қимылдары кезінде де көш (лагерь) тоқтайтын орынды тауып, белгілеу, хан мен қолбасшылар ордаларының орналасу орнын белгілеу, сондай-ақ әскердің тұрақтарын орналастыруға арналған жерлерді көрсеткен болуы керек, бұл үшін ерекше ережелердің болғаны сөзсіз. Елсіз сусыз жерлерде жорықта жүргенде, жұртшылар осы уақыт аралығына жететін су қорын, қанша азық-түлік алу керектігін анықтауға міндетті болған, қай жерде қандай су мен азық бар, олардың сапасын білуі керек болған. Отырықшы жерлерде олар егістікке зиян келтірмес үшін көштерін (лагерь) егілген жерлерден алысқа орналастырған».
Соғыс жағдайында барлаудың рөлі арта түсті. Оның жүргізудің әртүрлі үлгілері болған: тұтқындардан, қашқындардан, жергілікті тұрғындардан, жау тыңшыларынан жауап алу, жау тылына жорық жасау. Жорық кезінде моңғол әскерлерін әрқашан барлау бөлімшелері сүйемелдей жүрген. Мысалы, Жамұқаға қарсы шыққан керейттер мен моңғолдар әскері алдыңғы шепті барлауға бірнеше отрядтарын жіберген, олар өз кезегінде алдыңғы жаққа бірнеше отрядтарын жіберген, олар өз кезегінде алдыңғы жаққа рнеше тұрақты қарауылды қойған. Дұшпанның жақындағаны туралы хабар алған кезде қолға тіл түсіріп, одан жауап алған кезде Жамұқа да өз тыңшыларын жібергені анықталған.
Наймандармен шайқасар алдында Шыңғыс хан алдын ала «төбелерді басып алып, төрт жағын бақылау үшін салт аттыларын жібереді». Қытай аумағында болған әйгілі Хунэгэн-Дабаане шайқасы кезінде де Шыңғыс хан дәл осылай жасаған, қарсыластың қозғалысын бақылап отыру үшін әскерін екі отрядқа бөлген. Меркіт тайпасына қарсы жасалған жазалау экспедициясы кезінде Сүбедей-баһадүр меркіттердің жағдайын анықтау үшін өз авангардына Аличуді жүздігімен тағайындаған.
Орта Азияға жасалған жорық кезінде келе жатқан әскердің қозғалу жолын тексеру үшін және аумаққа жедел барлау жүргізу үшін әскердің алдында мың қолды салт атты жіберілген. Моңғол және түрік әскерінде бұл кең қолданылған тәжірибе болған, оның үстіне бұл аяқ астынан торуылға және басқа да күтпеген жайсыздықтарға түсіп қалудың алдын алудағы негізгі элемент болған.
Барлаушылардың қызмет түріне жау мемлекеттің саяси элитасын қолға түсіру бойынша жүргізілетін барлау акцияларын жатқызуға болады. Моңғол отрядтары Хорезмнен Ғазнаға дейінгі ұлан-ғайыр қашықтықты алып жатқан жерден Жәлел-әд-диннің ізін іздеді. Бір қалаға жақындасымен барлаушылар сұлтан туралы хабар ала отырып, оның ізінен бір таймаған. Барлық жаулап алған елдерде моңғолдардың іздеуші жеңіл отрядтары қаптап жүрген.
Тіпті Плано Карпини өзінің «Тарихында» моңғолдарды «шебер іздестірушілер» деп атап өткен. Түркілерде басып алуға дайындық кезінде тыңшылық пен барлау жүрізілген. Бұл мақсатта жансыздар (джасус) мен арнайы отрядтар (тали`а) жіберілген. Елге шабуыл жасар алдында моңғолдар барлау отрядтарын жіберген, олар терең барлау жүргізіп, жергілікті билеушілердің әлеуетті әскери күштерін, тұрғындардың қарсыласуға қабілеттерін зерделеген, жолдарды, бекіністерді және ауданның географиялық ерекшеліктерін зерттеген, бай қалаларын анықтаған.
Грузин шежіресінде Хорасан мен Ирак жерлерінен өтіп бара жатқан Жебе мен Сүбедейге «сол мемлекеттерді барлау туралы» бұйрық бергені айтылады. Солтүстік Иранның Рея қаласы көпесінің хатында Нисибин, Хабур, Ирбил мен Дакук қалаларына жақындаған татар отрядтарының басты мақсаты тонау болмағаны айтылады.
«Моңғолдар бар болғаны өлкеде оларға қарсы келе алатындар бар ма жоқ па соны ғана білгілері келді. Қайтып оралып, олар өз патшасына елде қорғаушылардың жоқтығын және өлкеде патша мен әскердің жоғын жеткізіп барды».
Далалық шайқастардың алдында қолбасшылар қарсыластың тактикалық диспозициясының рекогносцировкасын және әскерінің сапалық құрамын анықтау үшін жансыздарды жіберген. Тоқтамен қақтығыс кезінде Ноғай Тоқтаның қай жерде екенін өзімен қанша әскері барын білу үшін Бұға бастаған жүз салт аттыны барлауға жіберген. Барлау операциясы барысында бұларды аңдып, қоршап алып, қырып тастайды. Тек Бұға ғана аман қалып, Ноғайға жеңілісті айтып келеді. Көріп тұрғанымыздай, екі жақ та барлау ісімен айналысқан,, ақпарат жинап, жағдайды зерттеп келу үшін тыңшылар жіберілген. Алынған мәліметтер әскер басшылар үшін аса маңызды болған.
Алтын Орданың Орта Азияның билеушісі Әмір Темірмен жүргізген соғысы кезінде әскери барлау негізгі рөл ойнаған. 1376-1377 жж қыс кезінде Темір әскері Дешті Қыпшақты бетке алып, Отырарға келіп тоқтайды. Оған қарсы Орыс хан шығып, Сығанаққа келіп жетеді. Қыстың суығы әскери әрекеттерді үш айға тоқтатып қояды. Осыған байланысты екі қарсылас әскер де өңірдегі әскери ахуалды білу үшін барлау отрядтарын жібереді. Темір Мұхаммед сұлтаншах пен Мұбашширді жібереді. Тұтқындардың сөзінен жандарында жүз адамы бар екеуінің де аты Сатқын деген екі батырдың барлауға келгені белгілі болады. Отырардың жанында қарсыластардың барлаушы топтары қызу шайқасқа түсіп «Ақ Темір батыр мен Кепекші жұртшы кіші Сатқынды өлтіреді, ал үлкен Сатқынды Хиндушах қолға түсіріп, Темірге алып келеді».
Тоқтамыспен соғыс кезінде 1388 жылдың қысында Темір таңдаулы қырық жауынгерді барлауға жібереді. Сарыөзен деген жерге жеткенде олар дұшпанның күзетші жасағына жолығып, олармен ұрысқа түсіп, көбін өлтіріп, кері оралады. Темірдің Алтын Ордаға 1391 жылы жасаған жорығы кезінде далалық әскери барлау әсіресе белсенді жүргізіледі.
Әскербасылар барлаушы-күзетші отрядтарды әртүрлі бағытқа жібереді, барлаушылар аймақты барлап, тұтқындар алып, маңызды ақпараттарды қолға түсірген. Темірдің өзі маңызды нұсқаулықтар мен ақыл беріп отырған: тәжірибелі басшы алып, әскердің ізімен жүріп, олардың орналасуы туралы хабар алу, барлау жүргізу, сақтық пен аңдаушылық ережелерін сақтау, жаңсақтыққа жол бермеу. Осындай нұсқау алған ханзадалар мен әмірлер жол бойы барлау жүргізіп отырып, ұзақ жорықтар жасаған.
Тобыл өзеніне жақындағанда күзетші бекеттер 70 жерден от көргендерін, бірақ та қанша тырысқандарымен ешбір із таба алмағандарын жеткізеді. Бұны ести салып Темір шұғыл жолға шығады. Қарсыластың орналасқан жері мен оның ұрыстық дайындығы туралы маңызды ақпаратты тұтқындардың жауабынан алуға болар еді. Қарсыласқа жақындаған сайын тұтқын алу бойынша іздестіру шаралары жүргізілді, бұл әрекеттер кейде бірнеше күнге дейін созылды. Біршама уақыттан кейін барлаушылар хабары бар тұтқынды қолға түсіреді.
Ол Тоқтамыс хан туралы хабары жоқтығын, бірақ жақындағы орманда сауытты 10 салт аттының барын айтады. Темір ормандағы 10 адамды алып келуге 20 салттымен Құмар есауылды аттандырады. Құмар жолға шығып, жаңағы 10 салттымен ұрысқа түсіп, кейбірін өлтіріп, қалғанын Темірге тұтқындап алып келеді.
Берілген жауаптардан Темір Тоқтамыстың әскерінің қайда екенін біледі. Алтын орда ханының қарауыл бөлімшелерімен салыстырғанда Темірдің барлаушылары нәтижелі жұмыс жасайды, олар қарсылас туралы нақты әрі шын мәліметтер беріп отырған.
Темір Сүнжек батыр мен Арғын шахты барлауға жібереді, олар қанша тырысқандарымен қарсыластың бірде-бір ізін таба алмайды. Бұдан соң Темір Мұбашширді тағайындап, оған жау туралы хабар білгенге дейін қайтып оралмауын тапсырады. Жанына батыл жігіттерді ерткен Мұбашшир жолға шығып, алыстан орманның ішінде түтін көреді. Шуды естіген ол бір адамын барлауға жіберіп, бұның жау отряды екенін біледі. Жауды жеңіп, 40 кісіні тұтқынға түсіреді.
Темір Мұбашшир мен оның жауынгерлеріне патша рақымын көрсетіп, сый жасайды, ал тұтқындардан Тоқтамыс хан туралы сұрап біледі. Олар Тоқтамыс хан әскердің жиналуына бұйрық бергенін, бірақ оларды таба алмай, дала мен орман кезіп жүргендерін айтады. Оларды тыңдап алған Темір өлтіруге бұйрық береді. Темір өз қарсыласы туралы бәрін біліп алды, бұл енді алдағы шайқасқа жақсылап дайындалуға мүмкіндік береді.
Көріп отырғанымыздай, сұрақ-жауаптан кейін тұтқындар өлтіріліп отырған, бұл сақтық үшін жасалған. Барлауға батырлар арасынан дайындығы мейлінше жауынгерлер іріктеліп алынған. Барлауға қатысты әскери-тактикалық ережелер моңғол кезеңінен кейін де ұзақ уақыт сақталған.
Осылайша тактикалық барлау барлық белсенді әскери қимылдарда ілесе жүрген және моңғол мен түркі әскерлерінің әскери операциялар жүргізудің құралдары мен тәсілдерін таңдау үшін сенімді бағдар қызметін атқарған.
Армия барлауы соғыстың маңызды құралы, оның көмегімен әскербасылар өздерінің әскери ой-ниеттерін жоспарлап, жүзеге асырған, сонымен қатар жаудың жоспарын да бұза алған. Дер кезінде алынған және командалық құраммен дұрыс қолданылған құнды әскери ақпарат жеңістің басты шарттарының бірі болған.