Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#100шайқас: Бұқтырмадағы бұлқыныс

2440
#100шайқас: Бұқтырмадағы бұлқыныс - e-history.kz
Күшліктер тосқауылдай соғысып Ертістің ен тоғайына кіргенде топ iшiндe жүрген меркіт Тоқтабектің өңменіне үш бірдей уытты жебе келіп қадалып, ат-матымен омақасып жығылды

Темужін 1197-1198 жылдардың бірінде моңғол тайпалары арасында хан аталады, ал уақыт тілі 1206 жылға келгенде өзі бағындырған моңғолдар мен түрік тектес көшпенділердің құрылтайын шақырып, «Шыңғысхан» атағын алады. Бірақ қалай болғанда да бұл барлық түрік тайпалары толық бағынып болды деген сөз емес еді. Наймандардың бір бөлігі оған қарағанымен, бір бөлігі атамекен Орхон бойын тастап, Алтайдан ауып Алакөл, Балқаш, Жетісу, Есіл, Сырдария бойына және Ұлытау алқаптарына көшкен.

Бұл кез құдіретті Найман хандығының өз ішінен бүлініп, екіге жарылуға бет алған кезеңі болатын. «Айла-күшіңді маған емес, жауыңа жұмса» деп назаланған Таян ханнан қашқан тентек Күшлік бас сауғалап әкесінің інісі Бұйрық ханды паналайды. Соңына түскен Темужіннен қашқан меркіттердің ханы Тоқтабек те басында Таянхан мен бірге болып, кейіннен Бұйрық ханнан пана сұрайды. Осылайша Күшлік пен Тоқтабек Шыңғыс ханға бағынудан бас тартады, бас тартып қана қоймай, шапқыншылыққа қарсы күресе беруге бекінеді.

Бір кезде дәуірлеп тұрған ұлы Найман империясының қабырғасын Шыңғыс хан бір-бірлеп сөкті, ең алдымен жеңілсе де бағынбаған күйі Таян хан өледі, тақ мұрагері Күшлік шегіне жүріп ұрыс салып, Бұйрық ханға қосылады. Шыңғыс хан енді Бұйрық ханның көзін жоюды жоспарлайды. Бұл кезде Бұйрық хан ұлытаудың ішінде (Оңтүстік Алтай өңірінде) Сақсу бойында қаннен-қаперсіз аң аулап жүрген болатын. Шыңғысхан әскерлерінің тұтқиыл шабуылынан бұлтара алмады. Шыңғыс әскері оның жерін, елін, қатын-баласын және мал-мүлкін тегіс қолға түсіреді.

Ендігі кезек Тоқтабек пен Күшлікке келеді. Бұларды жазалау үшін Шыңғыс хан Жебе ноянның мұздай қаруланған жасағын аттандырды. «Дулыға» батырлар әфсанасында Т. Жұртбай: «Шолғыншылар бұл хабарды жеткізгенде Күшлік ханның соңына ерген ел қайғы-қасіреттен әлі де арыла алмай, Арай асуынан асқан бетте көшін тоқтатып, теңін шешкен еді. Құтырынған қасқырдан құтылдық деп ойлап, Күшлік хан Көккезеңге ғана күзет қойған еді. Шымбай ноянның қазіргі Қосағаш-Жазатыр арқылы орағытып өтіп, Тоқтаның алдынан шыққанын естігенде Көккезеңді қарауылсыз қалдырды да өзі соған көмекке ұмтылды. Ел-жұртқа қазіргі Қатонқарағай аңғарын сағалап, Тарбағатайға көшуді бұйырды. Ол Бұқтырманың Ертіске қосылар сағасындағы меркіттерге жете берген кезде қапы қалғанын білді. Шыңғыс ханның өзі басқарған түмен Көккезеңнен асып, артта қалған елін қырып-жойып, мұның жасақтарының соңынан түре қырып келеді екен. Күшлік пен Тоқтаның әскері бір-біріне қосыла алмайды. Ағынды Бұқтырма тасып жатыр еді» деп жазады.

Дәл осы кезде Күшліктің қол астында елдің батыс бөлігінен жиған жиырма мыңдай ғана құрама қол қалған екен. Профессор Т. Жұртбай «найман қолына меркіттер қосыла алмады» деп жазғанымен, кәсіби тарихшы ғалым Т. Зәкенұлы «Енді Меркіт қолының келуі оған (Күшлікке) үлкен медет болды» дейді. Тарихшы қаламгер Т. Зәкенұлының «Көк бөрілердің көз жасы» романында Шыңғыс ханға қарсы көтерілген Найман мен Меркіттің бірлескен әскерінің жан аяспас ақтық айқасын былайшы суреттейді:

«Нағыз айқас сонда басталды. Өзен суының бұл тұсы айғай салым жайдақ болғанымен дәл қазір ағаш басына шығып тасып жатыр екен. Ат сауырынан асып жатқан ағынды су а дегенде талай кiciнi жалмап кетті. Тайлы-таяғымен жапа-тармағай өзенге құлаған ел оған да қарамай, қолдарына салынды ұстап, ат жалына жармасып, арқан жалғасып, салға мiнiп ұлап-шұрқырап жүріп, ес кетіп, жан шыққанда қарсы жағаға жетті.

Көшкен елмен қоса бip кезде өзенге үйір-үйірімен қарасына сан жетпес қалың жылқы келіп құлады. Қалған ел сол жылқының арасымен бірден бipгe жалғасып, аман-сау қарсы жағаға шықты.

Күшліктер тосқауылдай соғысып Ертістің ен тоғайына кіргенде топ iшiндe жүрген меркіт Тоқтабектің өңменіне үш бірдей уытты жебе келіп қадалып, ат-матымен омақасып жығылды.

Қайран ер, денесі жер тартып, кеудесі қорғасындай ұйып жатып балаларымен қоштасты:

– Балаларым, − деді ол бip-eкi қайырып, − өміpi қияттарға еселеріңді жібермеңдер. Қолына түсіп қор болмаңдар!

Сөйтіп, елу жыл бойы Моңғолмен жауласып, бipдe бip күн аты белдеуден кетпеген хас батыр дегеніне жете алмай қас пен көздің арасында қапы кетті.

Мұны көріп ұлдарының бүгілмес белі бүгілді, төгілмес жасы төгілді. Сан-сапалақ айқасқа, жаңбырдай жауған жебеге қарамастан «әкеміздің басын жауға қорлатпаймыз» деп Тоқтабектің басын табанда кесіп алды да, ат жалына жарма­сып Ертістен жүзіп өттi.

Олармен бipгe өзенге ат қойған қалың қолдың біразы жол ортада оққа ұшып, суға кетіп, өңгесі өліп-талып жағаға жетті. Су бeтi бұрқыраған қызыл қанға боялды.

Бip кезде ел-жұртын арғы жағаға жиып-терген Найман мен Меркіттің батырлары артта қалған жауларына қайта қайырылды. Топ iшiнeн Тоқтабектің ұлы Қолтуған мерген Темүжіннің көзiнe көрсетіп тұрып, қылышын бұлғап айғай салды:

– Атаңа нәлет Темүжін, сенде кеткен кегім бар. Жер түбіне кетсем де қайырыла келіп соймасам, қаныңды iшiп тоймасам атым өшсін! − деп бip басы бip қысырдың тайына бepгiciз он екі тұтам сұр жебені суырып садағына салды. Сол сәт атын зулатып Күшлік ұлан да жетіп келді. Ол:

– Тарт, Қолтуған! Аяма! Қасқа маңдайдан қарыстыра пер! − деді.

Сол-ақ екен, адырнасын Epтicтi ендете толғаған Қолтуған атқан оғын ала өгіздей мөңіретті.

Темүжіннің төрт төбетінің бipi Сүбедей ысқырып жеткен ажал оғына көбелі қара қалқанын тосып үлгірді. Оқ дәл маңдайымнан тиген екен деп ойлаған Темүжін сасқалақтап аттан ауып  түсе жаздады.

Бойын билеп басын қайта көтергенде Қолтуғанның қасында тұрған Күшлік ер де алдаспан ауыр қылышын үйіріп айғай салды:

– Ей, Темүжін, жан тәтті ме екен? Сенде талайдың қан қарызы бар. «Ұры түн асқанша, бөpi қыр асқанша» деген, әуселеңді көрерміз әлi! Оған дейін жүнің жетіле тұрсын! − деді.

Өмipi басынан сөз асырмаған Темүжін ол екеуінің мына сөзін естіп қатты қорланды. Қасында тұрған Жебе мен Сүбедейге:

– Мына немелердің тілі шыққан екен. Тоқтабектің алты ұлын қасқырдың күшігіндей ғып iнiнeн қазып аламын деуші едім. Оным орындалмады. Таянның жалғыз бөлтірігі тұзағыма түспеді. Енді қусақ олар бізді өзеннен өткізбей құртады. Қайтсек екен? − деп тарықты.

Сонда Сүбедей батыр тізгінін тізесіне баса шарт жүгініп бүй деді:

– Хан ием, одан қам жемеңіз! Олар қақпанын сүйреткен құлжа, құрығын сүйреткен құлан сияқты. Ұзап қайда барар дейсің. Мына Жебе екеуімізді жіберсеңіз оларды тәубаға келтіріп, артынан ерген елімен қосып қырқымға айдаған қойдай ғып алдыңызға алып келейік! − деді.

– Ендеше, сәл сабыр етіңдер. Бұл Найман мен Меркіттің әypeci көп жұрт. Ел ішінен алыстап талай қиын қанкешумен осында − Қара Ертістің қапталына келіп тұрмыз. Мына кеткен бес садыра елдің барар жер, басар тауы қалмады. Енді сәл бөгеліп бас-аяғымызды түгендейік. Жүре бepiп артымызды жалаңаштап алмайық.

Темүжіннің бұл сөзін қоластындағылары да құп көрді. Күшлік пен Қолтуған қылышын кезек бұлғап жекпе-жекке шақырып тұрса да, өзеннен өтуге жүрегі дауаламай, мың сан балағатқа шыдап, ат басын кepi бұрды».

Күшлік аман қалған шағын топпен қоршауды бұзып құтылды да, Қарақытай (Батыс Лияу) жеріне қарай кетті. Бұқтырманың Ертіске құяр сағасындағы бұл бұлқыныс – ұлт тарихындағы шешуші, маңызды шайқас болғаны анық.

 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?