2024 жылдың 7 қарашасында ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен «1920-1930 жылдардағы Қазақстан мен іргелес елдер аумағындағы балалар панасыздығының проблемасы» тақырыбында республикалық əдістемелік семинар өткізілді.
Онлайн және офлайн форматта өткізілген семинардың мақсаты: 1920-1930 жылдары отандық және шетелдік тарихнамада Қазақстан мен іргелес елдер аумағындағы балалар панасыздығы проблемасын зерделеудің теориялық және методологиялық негіздерін жетілдіру, сондай-ақ зерттеу тақырыбы бойынша жаңа деректерді анықтау, жинау және оларды ғылыми айналымға енгізу мәселелерін жан-жақты талқылау болып табылады.
Семинар жұмысына Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетіне қарасты ғылыми зерттеу институттарының қызметкерлері, республиканың жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, жас ғалымдар қатысты.
Іс-шараны Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры, ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Ермұқанұлы кіріспе сөзімен ашып, жобаның өзектілігіне тоқталды.
Басты баяндамашы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Оразгүл Хасенқызы Мұхатова семинар тақырыбы аясында терең тарихнамалық талдау негізінде мазмұнды баяндама жасап, салиқалы ой тұжырымдарымен бөлісті. Қатысушылар талқылау сәтінде қызығушылық пен белсенділік танытып, іс шара өз дәрежесінде өткізіліп, мақсатына жетті.
Осы орайда, зерттеу тақырыбының кейбір өзекті мәселелеріне қатысты баяндауды жөн санаймыз. Өткен ғасырдың 20–30 жылдарындағы Қазақстанда большевиктердің солақай саясатының салдарынан орын алған балалар панасыздығы мәселесі мен қорғансыз-босқын балалар жағдайын зерттеу өзекті болып табылады. Бүгінгі отандық тарихнамада большевиктер жүргізген түрлі саяси-экономикалық бастамалардың зардаптарын әшкерелейтін зерттеулер баршылық. Алайда бұл еңбектердің қатарында тарихи кезеңдегі қорғансыз балалардың пайда болуының алғышарттары мен олардың ауыр тағдыры және қоғамдық-әлеуметтік үдерістердің нәтижесінде пайда болған жаңа әлеуметтік институт — балалар үйінің қалыптасуының мәнін, кеңестік жүйедегі әлеуметтік және білім беру саясаты бойынша панасыздық пен балалық шақ мәселелеріне қатысты жүзеге асырылған реформалар мен оларды іске асыру тәжірибесінің тарихы көрініс тапқан іргелі зерттеулер жоқтың қасы. Арнайы зерттеу ретінде Г.Б. Сүгірәлімованың 2006 жылы даярланған «Қазақстандағы панасыз балалар: мәселені шешу тарихы, тәжірибесі, қорытындысы (1920–1940 жылдар)» атты диссертациясын атап өтуге болады. Ғылыми зерттеуде балалар панасыздығы мәселесінің тарихы зерттеліп, оларды әлеуметтік қорғауда кеңестік жүйенің құрылуы мен оның қызметінің негізгі бағыттары сипатталған. Керісінше, панасыздықты жоюмен айналысқан мемлекеттік және қоғамдық мекемелердің құрылымдық жүйесі, олардың қызметі, санитарлық жағдайы, ол жердегі психологиялық ахуал, әлеуметтік-педагогикалық факторлар үстірт қарастырылған. Сонымен қатар зерттеу жұмысында республикадағы көптеген облыстық архив қорларының және шетел архиві қорларының материалдары ғылыми айналымға енбеген.
Сонымен қатар, тақырып 1920–1930 жылдардағы қоғамдық-әлеуметтік мәселелер, әсіресе, аштық пен қылмысқа қарсы күрес аспектілері тұрғысында жанама түрде қарастырылды және хронология бойынша жүйеленбеген әрі нақты ғылыми тұжырым жасалмаған. Бұл бағытта зерттеулер негізінен, 1920 ж. басындағы және 30-шы жылдардағы ашыршылық тарихын кешенді зерттеу аясында (С. Смагулова, Б. Мусаева, М.М. Қозыбаева т.б.) статистикалық мәліметтер бойынша талданған және аймақтық сипаттағы (Г. Сактаганова, Т.А. Кариевой, С.М. Гиззатова т.б.) жекелеген ғылыми мақалалар жарияланған. Яғни, балалар үйінің пайда болуының өзі мемлекеттің ішкі саясатының даму бағыттарының келеңсіз тұстарын көрсетеді. Байқағанымыздый, бұл тақырып арнайы кешенді ғылыми-зерттеуге сұранып тұрған мәселе. Осы орайда, 2024-2026 жылдарға арналған Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсының нәтижесінде ауқымды мәселені кешенді зерттеу мүмкіндігі де берілді.
Бастапқы мәселе ретінде тоқталарымыз, 1920–1930 жж. Қазақстанда балалар панасыздығы тарихы үстірт зерделенсе да жекелеген тарихнамалық зерттеулердің бағыты мен мағынасына қарай мәселенің зерттелу деңгейін: кеңестік, посткеңестік отандық (тәуелсіздік жылдары) және шетелдік тарихнама деп шартты түрде үш топқа бөліп қарастырылғаны абзал. Алдыңғы спикеріміз баяндағандай, кеңестік тарихнама бойынша балалар үйінің қызметінің оң нәтижелеріне басымдық берушілік айқындалады. Кеңестік саясаттың теріс тараптары туралы сыни көзқарасқа ие зерттеулер 1980 жылдардың соңында «қайта құру» кезеңімен байланысты жандана түсті. Кеңес Одағының құлауымен ғылыми цензураның алынуына орай, жаңа идеялар мен көзқарастарға сүйенген еңбектер пайда болды. Жоба аясындағы іргелес елдергі балалар панасыздығы да зерттеу бағытының міндеттерінің бірі ретінде нысанаға алынуына байланысты шетел тарихнамасында аталған мәселенің зерттелуі өз алдына қарастырылғаны жөн.
Бұдан өзге, 1920-30-шы жылдардардағы ашаршылық барысындағы, яғни, трагедияға толы тарихи кезеңдегі елде панасыз балалар санының күрт өсуі, осы тұстағы Орталық балалар комиссиясының қызметі мен Кеңестік Қазақстанда балалар үйінің пайда болуына алып келген саяси-әлеуметтік себеп-салдарды айқындау және олардың жәй-күйі, қабылданған балалар саны, тәрбие мекемелерінің санитарлық жағдайы, моралдық-психологиялық ахуалы, өлім-жітімнің себептері мен балаларды құтқару мақсатындажүргізілген эвакуациялық жұмыстарды т.с.с. өзекті мәселелерді анықтау және оларды жаңа көзқарас тұрғысында пайымдау ісі маңызды.
Сондай-ақ, 1930 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргін саясатының ауыр салдарын, әсіресе ұлттық мүддені қорғау әрекеттерінің тұйықталуы жолындағы зардабын ұтымды зерделеу аса құнды болып табылады. Бұл бағыттағы зерттеу большевиктік билік тұсындағы қазақ қоғамындағы дәстүрлі отбасылық тәрбие институтының дағдарысы мен қорғансыз әлеуметтік топ – панасыз балалардың қалыптасуына жол ашқан кері әсерін жан-жақты ашуға мүмкіндік береді.
Балалар үйінің тарихын зерттеу нәтижесінде кеңестік биліктің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани және адам құқығы ауқымында жүргізген әрекеттерінің бет-бейнесі ашыла түспек. Осы орайда, Тәуелсіз Қазақстан жағдайында кеңестік кезеңдегі большевиктік биліктің панасыз балаларды мемлекеттік қолдау аясында қабылдаған декреттері негізінде нәтижелі жұмыс жасау жүйесін құрудағы мақсаты мен іске асырылу механизмдерін көрсету маңызды болып табылады. Өйткені, балалар үйі — кеңестік қоғамның әлеуметтік-мәдени құндылықтарының жемісі саналды. Алайда Кеңестік тарихнамада балалар үйінің пайда болуына әсер еткен саяси-әлеуметтік себептер мен ондағы моралдық-психологиялық ахуалдар талқыланбады. Неге десеңіз, панасыз балалар мәселесін зерттеу кеңестік биліктің идеологиясына сай келмеді. Себебі «кеңестер елінде балалар қорғалған, олардың әлеуметтік жағдайлары шешілген» деген қағида берік орнықты. Тек посткеңестік кезеңде балалар панасыздығының кейбір аспектілері зерделенді. Әсіресе Ресей және Украина зерттеушілерінің белсенділігі байқалады.
Сонымен қатар, КАССР Халық ағартукомиссары қызметі мен Орталық балалар комиссиясының жүзеге асырған шаралары жайлы мәліметтер және Алаш қайраткерлерінің өмір тарихына қатысты деректер мен зерттеулер негізінде аштыққа ұшыраған балаларға көмекті ұйымдастыру мен панасыздықты жоюға қатысты ұлт қайраткерлерінің ұстанымын зерделеу, қазақ зиялыларының бұл бағыттағы тағылымдық әрекеттерін айшықтау зерттеу жұмысын жаңа сапалық деңгейге жеткізері анық. Аштықпен күреске советтік партия қызметкерлерімен бірге ұлт қайраткерлері – Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мұхтар Әуезов және т.б.
Жалпы, дәстүрлі қазақ қоғамындағы қорғансыз балаларға деген өзіндік ұлттық ұстанымдар болғандығы даусыз. Осы ұстанымдардың тарихи тәжірибесін бүгінгі Қазақстан қоғамында дәріптеу де өзекті мәселе болып табылады. Зерттеу барысында бұл мәселеге кеңінен назар аударылып, дәйектелгені абзал.
Бұдан бөлек, ХХ ғ. 30-жылдардың басындағы аштық қыспағынан іргелес елдерге (Қырғызстан, Түркіманстан, Сібірге, Қытайға, Монғолия, Түркия т.б.) мәжбүрлі түрде ауа көшкен қазақтардың тағдыры, олардың арасындағы қорғансыз қалған жасөспірімдердің мәселесін шешудегі өзге елдің тәжірибесін де айшықтау өзекті. Бүгінгі таңда, аталған мәселе ХХ ғ. 20-30 жылдарындағы ашаршылық тарихына қатысты бірқатар зерттеу еңбектерінде қазақ халқының тарихындағы босқыншылық мәселесі ауқымында үстірт қарастырылып, кейбір архив құжаттары жинақтарында құнды деректер кездеседі. Мысалға, Е.Б. Сыдықовтың 2010 ж. жарық көрген «Гонимые голодом» атты құжаттар жинағында ХХ ғ. 30-жылдардың басындағы аштық қыспағынан Сібірге көшуге мәжбүр болған он мыңдаған қазақтардыңжағдайы туралы деректержинақталған. Жинақта 30-шы жылдардың басында СібіргеҚазақстаннан қазақтардың солкездегі құжаттарда көрсетілгеннен 30-40 %-ға артық яғни, қазақтың 100 мыңға жуығы көшіп кеткен деген болжам жасалған. Батыс және Шығыс Сібірге негізінен ортажәне ішінараұлы жүз қазақтары көшкен.
Әрине, аштық нәубеті салдарынан жаппай Сібірге бас сауғалаған қазақтардың балаларының да жағдайы аса мүшкіл болды. Аталмыш жинақта 50-ге жуық архив құжаттары – қараусыз қалған, жетім қазақ балаларының жағдайы, оларды балалар үйіне орналастыру немесе балалар үйін ашу сынды мәліметтер Батыс Сібір өлкелік балалар комиссиясының қатынас құжаттарында көрсетілген. Құжаттар жинағы 30-шы жылдардағы аштық салдарынан Сібірге бас сауғалаған қазақтардың балалары, олардың сондағы балалар үйіндегі жай-күйі туралы, Сібірдің қазақ балалары орналасқан аудандары мен қалалары туралы мол мәліметтер беретін бірден-бір еңбек болып табылады.
Сондай-ақ 2021 ж. Б. Әбдіғалиұлының редакторлығымен жарияланған «Ашаршылық. 1928-1934. Документалды хроника» атты құжаттар жинағында еліміздің батысына іргелес облыстарға (Орта Еділ өлкесі) бас сауғалаған қазақтардың балалары, олар орналасқан балалар үйлері туралы аз да болса, маңызды құжаттар келтіреді. Мұндағы құжаттардың көрсетуінше, 1931-1933 жылдары Орал және Ақтөбе облыстарыныңең шалғайаудандарында және Каспий жағалауының аштыққа ұшыраған қазақтардың 50 мыңнан астамы Орта Еділ өлкесінің 11 ауданына жан сауғалап, босып кеткен. БОАК жанындағы Балалар комиссиясының мәліметтерінше Орта Еділ өлкесіне бас сауғалаған 50 мың қазақтың 30 %-ы балалар екендігі анықталған.
Құжаттар жинағында БОАК жанындағы Балалар комиссиясының Орынбор және Сольилецк аудандарын тексеру нәтижелері ондағы қазақ балаларының жәй-күйінің аса мүшкіл фактілері анықталғандығы туралы мәліметтер келтіреді.
Сонымен қатар, ХХ ғасырдың 20-30-жж. басындағы жаппай ашаршылық кезеңіндегі қазақтардың Орталық Азия республикаларына мәжбүрлі көші-қоны, оның ішінде Қазақстанмен шектес қырғыз еліндегі босқындардың ахуалы, олардың қатарындағы қорғансыз балалар тарихына қатысты Қырғызстан республикасы Орталық мемлекеттік архивінен ғылыми айналымға қосуды қажет ететін бірқатар құжаттар табылды. Мәселен, 674-қ. 1-тізбе. 100-іс. 50-п. «Қазақстан балаларына көмек көрсету жоспары» сақталған. Осы аталған архив құжатымен танысу барысында Қырғыз АССР-індегі көмекке зәру балаларды шамамен анықтап, қолдау шараларын белгілеу жоспарланғаны анықталды. Яғни, балаларды тегін тамақтандыру, балаларды қабылдау үйін ұйымдастыру, жол ақыға қаржы бөлу, медициналық және санитарлық қызмет көрсету т.б. қолдау шаралары назарға алынған.
Сондай-ақ Қырғызстан республикасы ҚСҚ ОМА-де 10-қ. 1-тізбе. 559-іс. 46-п. Хаттамалар бюро Қыр. ОК ВКП(б) 7 шақырылымы отырысының № 21 хаттамасында Тоқмақтағы балалар үйіне қатысты құжат сақталған. Мұнда аталған мекеменің 1933 ж. маусым айында босқын-қазақ балаларға арналып ашылғандығы және ол жердегі орын алған келеңсіздіктер мен балалардың ауыр жағдайы туралы баяндалған.
Келесі назар аударылатын басты мәселе, әдіснамалық ұстаным. Қазіргі зерттеушілер үшін егеменді дамудың 30 жылында ұзақ уақыт бойы идеологиялық тұрғыдан тыйым салынған дереккөздердің қолжетімділігі, ғылыми зерттеу әдістемесінде көп нәрсе өзгерді. Бұл жұмыста дереккөздерді объективті сипаттау үшін қазіргі ғылыми білімге, соңғы теоретиктердің тұжырымдамалық әзірлемелеріне сүйенеміз. Кез-келген тарихи кезеңде жағымды да, жағымсыз да сәттер болады, зерттеуде оларды анықтау зерттеушінің объективті объективті міндеті болып табылады. Дереккөздерді жан-жақты талдау тарихи кезеңнің таразысында дәлелді фактінің басымдылығы көрінеді. Зерттеу кезінде кеңес кезеңінің тарихын мұқият сыни талдау қажет, билік қағазға көп «декларация» жасағандықтан, бұл шын мәнінде әрі қарайғы тарих көрсеткендей фантастика болып шықты. Бұл халықтың саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени өмірінің барлық тараптарына қатысты.
Қорытындылай келе, балалар панасыздығының тарихы кешенді зерттеулерді талап етеді. Сондықтан да оларды терең әрі шынайы зерттеу, орын алған проблемаларын айқындау архив қорларында жатқан құжаттарды ғылыми айналымға енгізумен тікелей байланысты. Ұсынылатын жобаны жүзеге асыру барысында 1920–1930 жж. кеңестердің саяси-әлеуметтік тәжірибелерінің салдарынан Қазақстанды жайлаған ашаршылықтардың нәтижесінде құруға мәжбүр болған – балалар үйі әлеуметтік институтының пайда болу алғышарттарын, алғашқы жылдардағы балалар үйінің жалпы жағдайын, панасыздар динамикасын анықтау міндеті туындайды. Сонымен қатар балалар панасыздығының Қазақстанмен іргелес Ресей Федерациясы, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен көрініс тапқандығын талдау отандық тарих ғылымында тың тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді.
Қазіргі ғылыми-зерттеу жұмыстарында ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде балалар үйінің пайда болуы – большевиктер жүргізген солақай саясаттың салдары сынды тұжырымдар орнығуы тиіс.
Кеңестік жүйеден мұраға қалған балалар үйлеріндегі жағымсыз жайттар қазіргі күннің өзінде де жойылмай отыр. Панасыз қалған балаларды қамқорлыққа алу әлемдік тәжірибенің бір бөлігі болып табылады. Сондықтан мемлекет тарапынан соңғы жылдары жетім балаларды әлеуметтік қорғау және оларды толыққанды отбасыларда (патронаттық) тәрбиелеу сынды бастамаларын негіздейтін зерттеулер аса қажет.
Айнагүл Кайпбаева
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының
жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к.