Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстандағы репрессиялық жазалау іс әрекеттеріне ұшыраған қазақ интеллигенциясының саны мен құрамындағы демографиялық мәселелер (1926-1959 жж.)

11936
Интеллигенция деп ой еңбегінің рухани болмысын меңгерген адамдарды айта отырып, олар қоғамдық өмірдің барлық салаларында қызмет етіп, олардың дамуын жетілдіріп, жеделдететін қозғаушы күш екені белгілі

Интеллигенция деп ой еңбегінің рухани болмысын меңгерген адамдарды айта отырып, олар қоғамдық өмірдің барлық салаларында қызмет етіп, олардың дамуын жетілдіріп, жеделдететін қозғаушы күш екені белгілі. Сонымен бірге интеллигенция қоғамның әлеуметтік — таптық құрамының бөлігі ретінде бір тұтас, ішкі бөліктермен тұтасып жатқан күрделі әлеуметтік топ. Интеллигенцияның топ ретінде қалыптасуының өзіне тән екі белгісі бар: мамандықты еңбек әдісі ретінде (еңбектің мазмұны бойынша) ой еңбегінің бір түріне жатқызылуына және топтық әлеуметтік қызметінің мәніне байланысты еді. Сондықтан кеңестендіру жылдарының зерттеу аралығындағы қазақ интеллигенциясының тарихын демографиялық жағынан қарастырудың негізінде, саяси қудалаулар мен репрессиялық зобалаңдарға ұшырату арқылы жазалау іс әрекеттерінің әкелген зардаптары, олардың саны мен құрамындағы өзгерістерді зерттеп білу, қоғам өмірін танып білудің алғы шартына жатады. Демек, 1920 — 1950 жылдардың аралығындағы қазақ интеллигенциясы жөніндегі демографиялық зерттеулер бүгінде тың деректер ұсынып, сол кездегі қоғамдық, әлеуметтік дамудың сырын жете білуге жол ашуда.

Дегенмен-де қазақ интеллигенциясының саны мен құрамы зерттеу аралығының 1920 жылдары негізінен пролетариат топтарының өкілдерінен құралып, кеңес үкіметінің мемлекеттік басқару жүйесіндегі басшылары маман қызметкерлердің тапшылығынан қазақ жұмысшылар мен шаруалардың арасынан алғыр, еңбекке тәжірибелі адамдарды басшылық қызметтерге тағайындаған еді. Бұл тәсіл, әсіресе, 1930 жылдардың ортасында кең етек алып, жүйеленудің үстінде болды. Сол жылдары орыстандыру саясатының елімізде жүргізілгені мәлім, соның салдарынан басшылық аппараттармен қызметтерге негізінен орыс ұлтының адамдары тағайындалып, мамандықтардың әр түрлі салаларында қызметтер атқарғаны белгілі. Бірақ, бұлардың арасында сауатты, білімі бар қазақтарда болып, олардың қатары бірлі жарым, саусақпен санарлықтай ғана болған екен. Енді, міне 1940–1950 жылдары республикамызда орта немесе жоғары оқу орындарының көптеп ашылуларына байланысты, олардан білім алып, маман ретінде қалыптасқан қазақ интеллигенцияның саны көбейіп келе жатса, ал олардың құрамында қазақтың білімді маман ерлері мен әйелдерінің саны өсіп келе жатқаны байқалады

1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағы бойынша Қазақстандағы интеллигенцияларының саны 13825 адам болып, олар республика халқының 0,2 пайызын құраған еді. Оның құрамында ерлері көбірек 10143, яғни 73,4 пайыз болса, ал әйелдері азырақ 3682, демек 26,6 пайыз болған екен [1]. 1939 жылғы санақта республикадағы интеллигенцияларының саны 354533-ке жетіп, өсімі 5,8 пайызға артса, оның ерлері басымырақ 258292, яғни 72,9 пайыз болып, ал әйелдері төменірек 96241, демек 27,1 пайыз болды [2]. 1959 жылы олардың қатары 772942 адамға көбейіп, өсімі 8,3 пайызға жоғарласа, оның ерлері азырақ 377599, яғни 48,9 пайыз болса, ал әйелдері көбірек 395343, демек 51,1 пайыз болған еді [3].

Осы кезеңде республика халқының санындағы интеллигенцияларының үлесі 1926 жылы 0,2 пайызды құраған болса, ал 1939 және 1959 жылдары аралығында 17,3 пайыздан 12,0 пайызға дейін кеміген. Әрине, интеллигенцияның сапалық көрсеткішінің маңыздысы — олардың қатарындағы жоғары білімі барлардың санының өсуі. Демек, 1920–1930 жылдардағы мамандардың білімі негізінен орта білімділер болып, 1939 жылы жоғары білімі бар мамандардың саны 16,8 мың адам болса, ал 1959 жылы 113,8 мың адамға, яғни 6,8 есе өскен. Сонымен 1926 және 1959 жылдар аралығында республикадағы интеллигенциялардың қатары 55,9 есе, яғни 8,1 пунктке артқан. Соның ішінде олардың сандық көрсеткіштері 1926–1939 жылдары 25,6 есе, демек 5,6 пунктке өссе, ал 1939–1959 жылдары 2,2 есе, яғни 2,5 пункт-деңгейіндегі артушылық байқалады.

Қазақстан интеллигенцияларының арасындағы 1926 жылы қазақ интеллигенциясының саны 1693 болып, яғни 12,2 пайызды құраса, ал орыстар қатары 9060 адамды құрап, демек 65,5 пайыз болса, яғни қазақтардың көрсеткіштеріне қарағанда орыстардың қатары 53,3 пайызға, демек 7367 адамға басымдау болған еді [4]. Ал 1939 жылығы қазақтар арасындағы интеллигенциясының саны 93518 адамды құрап, яғни 26,4 пайыз болған, оның қатарындағы ерлері 85441 болып, яғни 91,4 пайызға көбірек болса, әйелдері 8077 болып, демек 8,6 пайызға азырақ екен, ал орыстар қатары 182734 адам болып, яғни 51,5 пайызды құраса, оның арасындағы ерлері 113345 болып, яғни 62,0 пайызға басымырақ болса, әйелдері 69389 болып, демек 38,0 пайызға төменірек еді. Дегенмен қазақтардың санымен салыстырғанда орыстардың қатары 25,1 пайыз, яғни 89216 адамға көбірек болған екен[5]. 1959 жылы қазақ интеллигенциясының саны 148376 адам болып, яғни 19,2 пайызды құрап, оның ерлері 112027 болып, яғни 75,5 пайызға жоғарлаған болса, әйелдері 36349 болып, демек 24,5 пайызға төменірек екен, ал орыстардың қатары 441385 адамды құрап, яғни 57,1 пайыз болып, оның ерлері 210282 болып, яғни 47,6 пайызға азырақ болса, әйелдері 231103 болып, демек 52,4 пайызға басымырақ еді. Дегенмен қазақтарға қарағанда орыстардың қатары 37,9 пайызға, демек 293009 адамға басымдау болғаны байқалады[6]. Сондай-ақ осы аралықта республика халқының арасындағы қазақ интеллигенциясының үлесі 1926 жылы 00,3 пайызды құраса, ал 1939 немесе 1959 жылдар аралығында 1,5 пайыздан 1,6 пайызға дейін өскен екен. Сонымен 1926 және 1959 жылдар аралығында республикадағы қазақ интеллигенцияларының саны 87,6 есе, яғни 146683 адамға, демек 7 пунктке өссе, ал орыстардың қатары 48,7 есе, демек 432325 адамға өскенімен пайыздық көрсеткіші, яғни 8,4 пунктке азайған. Осы аралықта қазақ интеллигенцияларының саны орыстардың санынан 2,9 есе, демек 285642 адамға, және 1,4 пунктке аз болған. Соның ішінде 1926–1939 жылдары аралығында қазақ интеллигенцияларының қатары 55,2 есе, яғни 91825 адамға немесе 14,2 пунктке көбейсе, орыстар саны 20,2 есе, демек 173674 адамға артып, пайыздық көрсеткіші керісінше 14 пунктке кеміген болса, ал 1939–1959 жылдары аралығында қазақтар саны 1,6 есе, яғни 54858 адамға жоғарлап, пайыздың көрсеткіші керісінше 7,2 пунктке азайса, орыстар қатары 2,4 есе, демек 258651 адамға, және 5,6 пунктке көбейген екен. Енді қазақ халқының өзінің ішінде 1926 жылы қазақ интеллигенциясының саны 0,05 пайызды құраса, 1939 және 1959 жылдары олардың қатары 4,0 пайыздан 5,3 пайызға, демек 1,3 пунктке өскен екен.

Зерттеу аралығының жылдарында, дәл атап айтқанда: мәдени, ағарту қызметкерлері 1,5 есе, әдебиет пен өнер қызметкерлері 1,8 есе, зоотехник, мал дәрігерлер мен агрономдар 3,2 есе, барлық медицина қызметкерлері 3,5 есе, байланыс қызметкерлері 3,9 есе, инженерлер мен техниктер 4,9 есе, дәрігерлер 6,5 есе, ғылыми қызметкерлер 6,9 есе өскен еді. Демек, осындай демографиялық жағынан қарастыру сипатынан алып қарағандағы, және дерек мәліметтерінің сандық немесе пайыздық үлестерінің көрсеткіштері қазақ интеллигенциясының саны мен құрамында оң өзгерістердің бар екендігін байқатады.

Сонымен бірге 1926 немесе 1959 жылдар аралығында республикамызда жүргізілген кеңестендіру саясатының нәтижесі XX ғасырдың басында қалыптасып келе жатқан қазақ интеллигенциясына қарсы ұйымдастырылған, халқының бетіндегі қаймағы мен бас көтерер азаматтарын атқарған қызметтерін сылтаурату мен өтірік жала жабу негізінде жеке өмірлеріне қауіп төндіріп, саяси репрессияларға ұшырату арқылы, жер аудару, түрмеге қамау және асу немесе ату жазаларына кесілді. Енді сол саяси қуғындылар мен репрессияларға ұшыратылған қазақ интеллигенциясы құрамындағы азаматтарының тағдыры мен тағлымындағы демографиялық мәселелеріне тоқталамыз.

М. Голощекин 1925 жылдың қыркүйегіндегі республикаға өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып келгеннен кейін, ақ, істі қазақтың интеллигенция оқығандарымен күресуден бастады.

1926 және 1959 жылдары аралығындағы Қазақстандағы қазақ интеллигенциясына қарсы бағытталған іс-әрекеттер мен репрессиялау науқаны немесе «халық жауы» ретінде саяси репрессиялық жазалау: ату, асу, жер аудару немесе тұтқындап түрмеге жабу іс-шаралары кең көлемде 1929–1932 жылдары және ресми түрде 1926 жылдың өзінде-ақ басталған еді. Осы аралықта қазақ интеллигенциясының қатары орталықтың саясаты мен идеологиясына сай-деңгейде ғана дамытылып, қатаң бақылауда болғаны өз алдына, үздіксіз репрессияларға ұшыратылып отырды. Кеңестендіру жылдарының зерттеу аралығында қазақ интеллигенциясы саяси репрессиялық жазалаудың үш толқынын бастан кешкен екен: 1.1929–1932 жылдары алаш интеллигенциялары түрмеге қамалды, сотталды, атылды; 2.1937–1938 жылдары «халық жауларын» жою науқаны өтті; 3.1946–1953 жылдары «буржуазиялық ұлтшылдар», космополиттер жазаланды деген қайғы-қасіреттерге душар болғанын байқаймыз.

Қазақ халқы, әсіресе оның интеллигенция қауымы мен партия Кеңес орындарындағы басшылық қызметтегі белсенді азаматтары 1926–1930 жылдардағы қуғындауларға ұшырап, тек 1937–1938 жылдары 135 мың қазақ интеллигенциясы саяси репрессия зобалаңының құрбаны болып атылды [7].

1926 жылдың желтоқсан айында өткен БК(б)П-ның Қазақстан өлкелік комитетінің ІІІ пленумы өз шешімінде қазақ коммунистерінің арасында, атап айтқанда, республиканың жауапты партия және кеңес қызметкерлерінің арасында ауылдағы ауқатты топтардың ықпалын бейнелейтін, алашорда идеялогиясынан қол үзбеген адамдар бар деп көрсетіп, олар қазақ коммунистерінің арасындағы ұлтшылдық «оңшыл» және «солшыл» ауытқушылар деп айыпталды. «Оңшыл» және «солшыл» ұлтшылдық ауытқушылардың басшылары ретінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сейітқали Меңдешев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин және тағы басқа қазақ азаматтарының есімдері аталып, дөрекі сынға алынып, оларға қарсы, «идеялық күресті күшейту қажет» екендігі айтылды. Кешікпей-ақ бұл сын қазақ интеллигенциясына қарсы ашықтан-ашық қудалауға және айыптауға ұласты. «Ауытқушыларға» қарсы күрес «идеялық күрес» 1927–1928 жылдары жаппай жүргізіліп, оның барысында «ұлтшыл-ауытқушылар» саны тез қарқынмен өсірілді. Бұл «идеялық күрес» 1929 жылы маңдай алды қазақ интеллигенциясына қарсы ашық репрессияға ұласты.

Халықтың рухани мәдениетін, сақтаушы, қорғаушы және дамытушы болғандар жаппай түрмелерге жабылды, айдалды, атылды. 1926–1932 жылдары қазақ интеллигенциясының тарихында үлкен белестер болып қалғаны өз алдына, бірақ бұл жылдарда олар коммунисттік қысымның күшеюіне қолдарынан келгенше тойтарыс бере отырып, өз қызметтерін жалғастырды. Сол кездегі идеологиялық шабуыл, қызметтен ығыстыру түрінде жасалған қысым ﴾1928–1930﴿ жылдары партия органдары мен ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілдігінің бастамасымен ескі қазақ интеллигенцияны тұтқындауға ұласты. Мәселен қазақ қаламгерлеріне әр түрлі жала жабулар бойынша құрамында: Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Жұмағали Тілеулин, Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхаметжан Тынышпаев, Әбдірахман Байділдин, Біләл Сүлеев, Мағжан Жұмабаев, Хайретдин Болғанбаев, Ғазымбек Бірімжанов, Қошке Кемеңгеров, Ахметсапа Жүсіпов, Абдолла Байтасов, Мұхтар Әуезов, Жақып, Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Жұмахан Күдерин сынды ұлтымыздың біртуар азаматтары бар 150 қазақ оқығаны түрмеге қамауға алынды [8]. Нақтырақ айтқанда бір ғана 1930 жылдың күзінде 40 қазақ азаматы абақтыға қамалып, 15-түрлі мерзімге жер аударылған еді [9]. Осы тұтқынға алынғандардан Мұхтар Әуезов пен Әлімхан Ермеков сынды бірен-сарандары ғана аман қалды. Бұл бүкіл қазақ интеллигенциясына қарсы жасалған репрессияның алғашқы толқыны болса, ал 1929–1932 жылдары ескі интеллигенция өкілдеріне қарсы репрессияның алғашқы толқыны ұйымдастырылып, онда: Жүсіпбек Аймауытов, Диқан Әділев, Әбдірахман Байділдин, Ахметсапа Жүсіпов, Халел Ғаббасов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Үкілі Ыбырай сынды азаматтар қызылдар қолынан қаза тапқан болса, және тағы басқа қазақтың маңдай алды өкілдері репрессияға ұшыраған еді. Ал қалған қазақ интеллигенция қауымын 1937–1938 жылдардағы саяси репрессияға ұшырату арқылы асу, ату зобалаңы күтіп тұрды.

Қазақ мәдениеті мен ұлттық болмысына 1937 және 1938 жылдардағы жаппай саяси репрессияның тигізген зардабы өте ауыр болды. Бұл жылдары қазақ интеллигенциясына қарсы бұрын-соңды болмаған көлемде қызыл большевиктік шабуыл жасалды. Тарихи зерттеулерге қарағанда, осы жылдары ﴾1937–1938﴿ қызыл қырғында ең көп қаза тапқандар мемлекеттік және қоғам қайраткерлері болды. Ал осы азаматтардан соң, біздіңше, ең көп саяси репрессияға ұшыратылғандар — ұлттық ой еңбегінің интеллигенция өкілдері, ал олардың ішінен ең алдымен, ақын-жазушылар болды.

1937 жылы 11-ші тамыз күні Ілияс Жансүгіров тұтқынға алынды, 24-ші қыркүйекте Сәкен Сейфуллин тұтқындалды, Бейімбет Майлин 6-шы қазан күні темір торға түссе, ал 8-ші қазанда Ахмет Байтұрсыновтың ұсталғанына байланысты деректер бар. Сондай-ақ Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ғаббас Тоғжанов, Санжар Аспандияров, Темірбек Жүргенов, Абат Әлібаев, Әуелбек Қоңыратбаев, Мұстафа Қайыпназаров, Райымжан Мәрсеков, Орынбек Беков сынды сөз зергерлері мен қаламгерлерінен, олардың шығармашылық мұрасынан көз жазып қалған қазақ кеңес әдебиеті бір сәтте ортайып, жүдеп шыға келді. Сөйтіп жеке басқа табынудың құрбаны болып кеткендердің қаншама шығармалары, мәдениетке қосар үлестері өздерімен бірге мәңгі жоғалды.

Демек, қазақ халқының тұлғалы ұлдары 1937 жылы «халық жауы» деген айып тағылып, қасіретті қудалаудың құрбаны болды. Алайда «халық жауларының" негізгі көпшілігінің тағдыры КСРО Жоғары сот әскери коллегиясының үштігінің мәжілісінде шешілді. Бұл жылдары Кеңес өкіметін орнату мен нығайтуға қатысқандардың көбі: Абдолла Асылбеков, Сейітқали Меңдешев, Бәймен Алманов, Нәзір Төреқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Сабыр Шәріпов, Тұрар Рысқұлов халық жауы деп жарияланды.

Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Нығымет Нұрмақов, Сұлтанбек Қожанов, Ораз Жандосов, Әбілқайыр Досов, Садықбек Сапарбеков, Зейнолла Төреғожин, Сұлтан Сегізбаев, Ілияс Қабылов, Қайсар Тәштитов және басқада көптеген қазақ азаматтары өтірік жаламен жазаланып, сталиндік жендеттердің қолынан қаза тапты. Сонымен тағы бір құжатта 1937–1938 жылдардағы жазалау кезінде республикада БК(б)П-дан 9223 коммунист шығарылған деген деректер келтірілген. Жалпы осы жылдары 66 мың адам жапа шегіп, 22 мың азамат атылып, 44 мыңы түрмеге жабылған еді [10].

Саяси репрессияның 1937–1938 жылдардағы толқынында қаза тапқан, ақын жазушылардың басым бөлігі Қазан төңкерісіне дейінгі жылдарда қызмет еткен интеллигенция өкілдері еді. Олардың құрамында: Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Молдағали Жолдыбаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Санжар Аспандияров, Құдайберген Жұбанов, Жұмат Шанин, Халел Досмұхамедов, Елжас Бекенов, Біләл Сүлеев, Телжан Шонановтардың халық жаулары болып дүниеден өтуі — төңкеріске дейінгі ескі ой еңбегі интеллигенциясының түгелдей дерлік саяси репрессияның құрбаны болып, қаламгерлердің осы ұрпағынан аман қалғандардың некенсаяқ екендігін көрсетті. Ескі оқығандар бір басқа, ал Хамза Жүсіпбеков, Әбдірахман Айсарин, Қошке Кемеңгеров, Әуелбек Қоңыратбаев, Шәймерден Тоқжігітов, Ілияс Қабылов сынды және тағы басқа қаламгерлердің әдебиетке әкелген-де, саяси жау деп өмірлерін қиған да социализм болды.

Саяси репрессия жылдарының зобалаңы қазақ интеллигенциясының құрамындағы маңдай алды ер азаматтарының өмірлерін қиып жіберсе, ал қазақтың әйел интеллигенциясына өте ауыр соққы болып тиді. Бұл оқиға олардың сан жағынан өсуін тежеді. Олар өздері үшін-де, «халық жаулары» болып кеткен күйеулері үшін-де, жауапкершілікке тартылды. АЛЖИР-де қапаста ән айтып «Қалың қазақтың әйелдерінің тас болған жүрегін жылытып, көңілдеріне күн сәулесін ұялатқан» Жанбике Шанина, қамауда жүріп өлең жазған Күләндам Қожанова, Мағжан өлеңдерін тұтқын әйелдердің көңіліне медеу еткен Мәриям Есенберлина, 8 жыл бойы АЛЖИР мен Нижний Тагил лагерінде тұтқында жүріп дәрігерлік қызметпен айналысқан Дәмеш Жүргенова, бес баласынан айырылса да, өзгелерге сүйеніш бола білген Күнжамал Майлиналардың ерліктеріне кейінгі ұрпақ тағзым етеді. Қазақ әйелдеріне тән ең жақсы қасиеттерімен көрінген Гүлбахрам Сейфуллина, Мәриям Тоғжанова, Рәзия Мендешева, Әзиза Рысқұлова, Рабиға Аспандиярова, Бибіжамал Сырғабекова, Айша Қабылова және тағы басқа рухы қайсар қазақ әйелдері болды. Сонымен бірге қандықол сталинистердің қолынан Телжан Шонановтың жұбайы Шахзада Шонанова қаза тапты. Сондай-ақ түркі халық партиясы дегенді құрдыңдар деп айыпталғандардың қатарында Ғанижамал Қабдалиева 1937–1947 жылдары Сібірге айдауда болды [11].

1937–1938 жылдардағы сталиндік саяси репрессия кезінде құрбан болған осы айтулы азаматтарымыз жайлы бүркемеленген шындықты ашып, халыққа жеткізу жолында «Әділет» қоғамы игілікті істер атқарып келеді. Қоғамның алғашқы төрағасы марқұм Санжар Оразұлы Жандосовтың атына жіберілген құжат — КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегисының Алматы қаласында 1938 жылы, ақпан-наурыз айларында өткен көшпелі сессиясының азалы сыр шертетін қаралы тізімді жүйелей келгенде, аталып отырған жылдың 25, ақпанынан 13 наурызына дейінгі аралықта 631 адамның атылғанықталды. Жендеттер күн сайын орта есеппен 43 адамды атып отырған.

Атылған азаматтардың ұлттық құрамына назар аударсақ, қазаға ұшыраған 631 адамның 70–75 пайызы қазақ интеллигенциялары екен [12]. Халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын қайраткер ұлдарынан айырылғаннан кейін оның ұлттық интеллектісі мен күш-қуаты төмендейтіні анық. Тізімге қарағанда, ақпан-наурыз айларында сол кездегі қазақтың асыл арыстарының бас көтеретіндері ұсталып, атылған. Бәрі жоғарыда аталған таныс есімдер, ұлт қорғандары мен мақтаныштары еді.

Сондай-ақ, қазақ интеллигенциясының аяулы боздақтарының атылған сүйектері мен жатқан жерлерін анықтау, ол жерлерді аяқ асты етпей қастерлеп, құрмет тұту баршамыздың қарызымыз. Осы тұрғыдан зор ізденістердің нәтижесінде атылған 631 азаматтың бәрінің болмасада бірқатарының сүйегі Талғар ауданындағы Жаңалық деген жерден, бұрынғы Диқанбай қыстауының орнынан табылды. Көздеріне қан толып, адамдық ұсқынынан айырылған қарғыс арқалаған жендеттер мәйіттердің қабірлерін-де қазуға ерініп қораның ішінде атып, қабырға төбелерін мәйіттердің үстіне құлата салған деген деректер айтқандарымызға дәлел бола алады.

Репрессия мәліметтеріне арналған деректерге жүгінсек 1937–1938 жылдарда «Халық жауы» деген жаламен ересек азаматтардың арасында жазықсыз атылған қазақ азаматтары Одақ бойынша білімі бар, қызмет істеп жүргендер ішінде орташа көрсеткіштен 2 есе, дәлірек айтсақ грузиндерден 2 есе артық, орыстардан 3 есе дерлік, татарлардан 4 есе, ал өзбектерден бақандай 5 есе көп болды [13].

Қазақ халқының тарихынан 1937–1938 жылдардағы сталинизм сүргінінің (репрессияның) құрбандары жайындағы, ақиқат әлі түгел ашылып болған жоқ. ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенцияларының азаматтық, интеллектуалдық деңгейі аса жоғары болғаны жалпыға мәлім. Отызыншы жылдары жаңа қаулап өсіп келе жатқан қазақтың интеллигенциясы Коммунистік партия Кеңес өкіметінің жазалау органдарының жіті бақылауы жағдайында қызмет етті. Саяси-идеологиялық қысым олардың маман ретінде өсуіне жасанды қиындықтар тудырды.

Сталиндік репрессия кезінде қазақ халқының басшылық қызметтегі азаматтары мен қоғам-қайраткерлері болып жүрген бір туар азаматтары және, ақын жазушыларының ең таңдаулы өкілдері қаза тапты. Ұлтымыз өзінің аса дарынды, білімді, ұлтжанды асыл тұлғаларынан айырылды. Орны толмас шығынға ұшыратылған қазақ интеллигенциясының даму қарқыны бәсеңдеді. Кеңестік шығыстағы түркі халықтарының қатарындағы ең озық ойлы қазақ интеллигенциялары, халқымыздың ақыл-ойының қаймағына келген саяси репрессияның зауалы аса ауыр да қайғылы болды.

Яғни 1937–1938 жылдардағы саяси репрессиялық қанды қырғын жазықсыз жандарды жазалау, тұтқындап жер аудару, сотсыз содырлық жасап ату, жою жағдайлары кең өріс алып, еліміздің барлық жерлерін қамтыған болса, ал оның жалғасы соғыстан кейінгі 1940 жылдардың аяғы мен 1950 жылдардың басындағы сталиндік репрессияға ұласты. Бұл жолы «буржуазиялық ұлтшылдар» космополитизм мен күрес жолында сынның атқылауына творчестволық және ғылыми интеллигенция өкілдері түсті. 1940 жылдардың екінші жартысында қазақ халқы ауыз әдебиетінің 100 томға жуық құнды туындылары партия шешімімен қоғамға зиянды деп танылып, оларды пайдалануға тиым салынды. 1950 жылдары кітапхананың кітап қорларынан және сатылатын мекемелерден белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың, филолог Есмағамбет Исмайловтың, Мұхтар Әуезовтың, Сәбит Мұқановтың, Әбділда Тәжібаевтың, Ахмет Жұбановтың, Мәриям Хәкімжанованың туындылары алынып тасталды [14]. Сол жылдардағы еліміздегі жүргізіліп жатқан Кеңестік саясаттың нәтижесі тарихшы, филолог ғалымдарымыздың қаймақтары: Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменов, Есмағамбет Исмайлов, Қажым Жұмалиев, Ахмет Жұбанов және тағы басқалар қудалаудан тыс қалдырылмады. Ғылым Академиясының президенті, бүкіл әлемге белгілі ғалым-геолог Қаныш Сәтбаев пен жазушы Мұхтар Әуезов сынды халқымыздың көрнекті ұлдарын қызметінен айырып, уақытша болса да біраз репрессияға ұшыратып, республикадан кетуге-де мәжбүр етті. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы Қазақстан жерінде жүргізілген мұндай жағдайларды тек И. Сталиннің өлімі ғана кезекті жаппай саяси репрессияны тоқтатқанымен қазақ интеллигенцияларына деген саяси-идеялық күрес кейінгі жылдары да жалғасын тауып жатты.

Демек, 1940 жылдардың 2-ші жартысы мен 1950-ші жылдардағы жазушы, филолог және тарихшы педагог ғалымдарымыздың сол кездегі жағдайлары бойынша ұлт даярлаудағы орны айта қаларлықтай болған жоқ. Бұл құбылыс тарихи қалыптасқан жағдай еді. Өйткені әкімшіл-әміршіл жүйенің басқарудағы әдісі осындай келіссөздікке әкелді. Яғни біздің бүгінгі рухани саладағы қиыншылықтарымыздың бір ұшы нағыз қазақ мамандарының социалистік құрылыстан зорлықпен ажыратылғанында жатқан еді. Ал, 1920-шы жылдардың екінші жартысы мен 1930 жылдардың басындағы Кеңес өкіметінің қазақ интеллигенцияларының қалыптасып, өніп-өсуіне қарсы ұйымдастырылған күресі, Алаштың қазақ азаматтарына қызметтерін пайдаланды деген ұранды ұстанып оларға дөрекі сындар тағу арқылы қуғындау, түрмеге жабу мен жер аудару арқылы келген репрессия болса, адам көргісіз 1937–1938 жылдардағы қолдан жасалған қанды қырғын «халық жауы» деген және тағы басқа сылтаулар мен айыптаулар тағу арқылы асу, ату және қырып-жоюдың нәтижесіндегі саяси репрессия Қазақстандағы мыңдаған қазақтың маңдай алды ой еңбегі азаматтарының өмірін алып кетсе, ал соғыстан кейінгі және 1950-ші жылдарды толық қамтыған репрессия қазақ интеллигенцияларының басқан ізін, аңду, көне әдеби мұраларды саяси-идеялық тұрғыдан жаратпай тастау, еркін ойдың нышанына айналған тарихи тұлғаларды күйелеу тоқтамады. Міне осындай зұлмат саясаттардан соң Қазақстан интеллигенцияларының арасындағы қазақ интеллигенциясы сапалық жағынан әлсірегенімен, еңсесін көтеріп, көшпен бірге алға жылжудың үстінде болды.

Дегенмен-де бұл кезеңнің тағы бір ерекшелігі сол, жаңадан қалыптаса бастаған республика интеллигенцияларының арасындағы қазақ интеллигенциясы қауымының мүшелері зерттеу аралығының жылдарында жүргізілген саяси қуғындау салдары мен репрессиялардың зобалаңдары мен зардаптарын басынан өткізіп, сапалық жағынан бұрынғыдан да күйзеліске ұшырады. Сол бір қайғылы кезеңнен бері араға біраз жылдар түсті. Осы мерзімде бірнеше ұрпақ алмасып, өмір шындығы да өзгеріске ұшырады. Алайда, сол үресілі жылдардың қайғы-қасіреті қазақ халқының бүгінгі таңдағы санындағы кемшіліктеріне байланысты тарихи демографиялық жағынан қарағанда әлі сезіліп, біздің қазақ халқымыздың жадында мәңгілік сақталды, өйткені Голощекиндік геноцид пен Сталиндік террордың жазықсыз құрбандарының балалары мен туыстары ол күнді өмірде ұмытпайды.

Қорыта айтқанда 1926 — 1959 жылдар аралығында республика халқының арасында қазақтардың саны 27,1 пайызға кеміп, азайғандығы байқалады. Осылайша қазақ халқы өзінің ата жұртында отырып өз ана тілінен, ұлттық ерекшелігінен, өз мемлекеттігін сезінуден айырмақшы болған қауіпті қара сызықты алғаш рет аттаған еді. Демек, зерттеу аралығында Қазақстан интеллигенцияларының арасында қазақ интеллигенциясының саны мен құрамындағы өзгерістер байқалды. Яғни, бұдан қазақ мамандарының қызмет түрлерінің әр түрлі салалары бойынша қалыптасып, саны мен үлесі артып, қазақ интеллигенциясы қатарының өсіп келе жатқанын байқаймыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Всесоюзная перепись населения 1926 года: КазССР. Т 25, Москва: ЦСУ Союза, 1928, сс 65–74, 80.
2. ОММ. 698-қор, 21-тіз., 43-іс, 11–12, 45–46, 44-іс, 1–2,7–8 пп.
3. ОММ. 698-қор, 21-тіз., 225-іс, 537–554, 573–590 пп.
4. Всесоюзная перепись населения 1926 года: КазССР. Т 25, Москва: ЦСУ Союза ССР, 1928, сс.70–72
5. ОММ. 698-қор, 21-тіз., 43-іс, 11–12, 45–46, 44-іс, 1–2, 7–8 пп.
6. ОММ. 698-қор, 21-тіз., 225-іс, 537–554, 573–590 пп.
7. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін ﴾Очерк﴿. Алматы. Дәуір, 1994, 420 б.
8. Қабдолқайырұлы Ғ. Азаттық аңсаған Алаш // Ана тілі. 1992 жылдың 16 шілдесі.
9. Қойгелдиев М. Зұлматқа ұрындырған жол // Егемен Қазақстан. 1992 жылдың 22 маусымы
10. Тәтімов М. Парыз және парасат // Лениншіл жас. 1988 жылдың 1 қазаны
11. Дүкенбаева З. ХХ ғасырдың 20–40 жылдарындағы ұлт зиялылары: Оқу құралы. Павлодар, 2008, 167–168 бб.
12. Тәтімов М. Қазақ әлемі. Алматы, Атамұра, 1993, 32 б.
13. Омарбеков Т. ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері. Көмекші оқу құралы. — Алматы: ҚАЗ, ақпарат, 2001, 55 б.
14. Назарбаева Г., Әбжанов Х. Қазақстан: тарих, тұлға, теория. — Алматы: «Кітап баспасы» ЖШС, 2004, 83 б.

Жетпіс Талдыбаев, тарихшы, зангер


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?