Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Тарихи тұлғаларымызды түгендеу-өзекті мәселе

13222
Қазақстан мемлекетінің өз тарихын түгендеу әрі жаңаша пайымдау бағытында стратегиялық саясатты жүзеге асырып келе жатқаны баршамызға аян.

Қазақстан мемлекетінің өз тарихын түгендеу әрі жаңаша пайымдау бағытында стратегиялық саясатты жүзеге асырып келе жатқаны баршамызға аян. Дейтұрғанмен қолға алына қоймаған тұтас тақырыптар мен зерделенбеген дүниелер әлі көп,объективті және субъективті себептерге байланысты есімі көмескі тартып,елге еткен еңбектері айшықталуды күтіп жатқан қайраткерлеріміздің қарасы калың екені де кәміл.Айтылған санаттағы жұмыстарды атқаруға большевиктік  қағидалар мен әдіснамалар шекпенінен шыға қоймаған кәсіби тарихшылар ғана емес,ғылыми зерттеулердің әдіснамалық құралдарын меңгерген басқа білім салаларының өкілдері,қоғамның басқа да креативті мүшелері атсалысса, нұр үстіне нұр болмақ.

 Ұлт тарихы бейнебір ұшан-теңіз, оған нәр жеткізіп тұратын өзендері мен жылғалары болатыны,әрине,түсінікті.Түрлі мамандық иелерінің қаламынан шыққан би-батырларымыз,жақсы-жайсаңдарымыз туралы еңбектер аталған қорек көздерінің бірі іспетті,оларды ғылыми тұрғыдан барынша сараланып,екшелгендерін ұлттық тарихымызды толықтыру ісіне жаратудан ұтылмасымыз анық. Әрине, осы азаматтардың басты мақсатын түсінбей немесе түсінуге өресі жетпей,жазғандарының мағынасын қасақана бұрмалап «әулетін әспеттеді», «есімін ешкім білмейтін біреуді дәріптеді»,т.с.с.желеумен  көпе-көрнеу төмендеткісі келетіндер ара-кідік кездесіп қалатыны да рас.Кеңестік кезеңде жалған қағидаттарға(мыс.Ермакты ұлттық батыр,Кенесарыны қарақшы деген сияқты)сүйенген тарих оқулықтарының  шырмауынан шыға алмай,игерген  білімдерін жүйелі жаңғыртып отыруды қажетсінбей, рухани тоқырауға ұшырағанын сезбей қалған пенделерді–бабаларының есімдерін әлдеқашан елден ерек шегендеп қойғандар,күні кешегі  кеңестік дәуір өкілдерін әлі ұлықтап бітпегендер,бұрынғылардың мұрасынан тыжырынып,өзгенің қаңсығына жалтақтаған нигилистер мен маргиналдар деп шартты түрде топтастырған жөн секілді.Ұлт мұраты жолында сан ғасырлар бойы егеулі найзасы қолдан түспей,аттары ауыздықпен су ішкен жаужүрек батырларымыз бен ел басқарған көсемдеріміздің елеусіз қалған  есімдерін қайта жаңғыртып, тәуелсіздік таңының атуына тамшыдай болып сіңген еңбектерін айтқанның,жазғанның несі айып дегіміз келеді бұндай «сыншыларға».

Жалпы Қазақстан тарихы жөніндегі үстірт пікірлердің көпшілігінің жеке тұлғалардың жете зерттелмеуімен тығыз байланыстылығы ғалымдар тарапынан соңғы кездері ғана  (Қазақ көтерілісі және азаттық мұраты. – Алматы, 2012.) көтеріліп жүр. Аталған мәселенің  уақыт өткен сайын өткірлене түсу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды.Кеңестік кезеңде ұлтымыздың қайраткер  тұлғаларының бірқатары өз дәрежесінде әспеттелгені қандай рас болса,сол кездегі ағымға қарсы болуы немесе іздеушісі болмауы салдарынан көптеген саңлақтарымыздың  көлеңкеде қалып қойғаны дәл сондай ақиқат.Соңғыларын  толық түгендеп болмай, тарихымыз тұтас жазылады деудің өзі артық.Сондықтан,қаржылық-кадрлық мүмкіндігі шектеулі орталық ғылыми ұйымдарға қарап,қол қусырып отырмай, аталған жүкті жұмыла көтергеніміз абзал.

Тарихи таным және өлкетану мәселелеріне байланысты жинақталған тәжірибе негізінде өз пайымдарымды ортаға салмақпын. Дәстүр бойынша тарихшылар көбінесе мұрағат деректеріне сүйенетіні белгілі. Қазақстанға қатысты (XVIII-ХХғғ.) шетел мұрағаттарындағы деректерді зерделегенде олардың отаршыл көзқарас тұрғысынан жазылғанын естен шығармау жөнінде жазылып та,айтылып та жүр. Өкінішке орай, бұл деректерді абсолютті шындыққа балайтын ғалымдар да бар.Адалын айтсақ,мұрағаттарда объективтілігі күмән туғызбайтын құжаттар да жеткілікті,тек тани білсек құба құп.Өздерінің ұлттық мүддесіне қайшы келетін осындай материалдар қорымен зерттеушілеріміздің жұмыс жасауына бүгінгі Ресейдің шектеу қойып отырғаны жасырын сырға жатпайды.

Назар аударатын тағы бір мәселе.Соңғы жылдары өлкетану саласы бойынша айдары ғылыми-танымдық деп көрсетілген  дүниелер жарық көре бастады. Сөз жоқ, бұл - құптарлық іс. Алайда көпшілігіне тән кемшіліктер де байқалады. Біріншісі, қаражаттың аз көлемде және қысқа мерзімге бөлінуіне байланысты.Салдарынан жаңа тарихи деректерді ғылыми айналымға ендіруге мүмкіндік беретін ғылыми–этнографиялық экспедицияларда, отандық және шетелдік мұрағаттарда жүйелі жұмыс жүргізілмейді. Шығатын қорытынды – бұлардың  деректік,тәжірибелік базасы осал. Екіншісі, тапсырысты тез орындап үлгеру мақсатында  авторлар негізінен кеңестік таптаурын материалдарды, жаңсақ тұжырымдарды пайдаланудан әріге ұзамайды. Өлке тарихына байланысты шыққан жаңа материалдар қосынын зерделеуге бұндай селқостық көзі қарақты қауымды өкіндірмей қоймасы анық. Есесіне ғылыми деңгейі сын көтермейтін осындай еңбектерді сапалы қағазға шығару, әрлеу-безендіру арқылы олқылығын бүркемелеуге ұмтылу басым. Қолымызға тиген аты дардай кітаптардың көпшілігінің мазмұны тек танымдық сипатта ғана болатынына таңырқамайтынымыз да сол себепті.Бұларды  жарияламас бұрын жетекші салалас ғылыми ұйымдардың арнайы талқылауынан өткізу-уақыт талабы.Баспагерлер осыны ескерсе екен.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың«Бабаларын қалтқысыз қастерлей білген халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақ»деген қанатты сөзі бар.Ендеше,бабаларымыздың жарқын істерін насихаттау- бесігіміздің бүтін, жеріміздің тұтас, тіл мен діліміздің,түптеп келгенде тәуелсіздігіміздің мәңгілік болуының басты кепілі.Өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиеттерді қалыптастыру, елдің тәуелсіздігін қастерлеуді үйрету үдерісінің бастау бұлағы-отбасы.Демек,жас өскінді ұлан-байтақ жерімізді білектің күші, найзаның ұшы, ақылдың амалымен сақтап,бізге жеткізуге үлес қосқан ата-бабаларымыздың өміршең үлгі-өнегесін сіңіру арқылы тәрбиелеу ең абыройлы міндетіміз болып қала бермек.

 «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген мәтел бар халқымызда. Бұрынғы даналарымыз  түп-тамырымызды білудің діңіміздің мықты болуының кепіліне балағаны күмәнсіз. Күні кешегі  ұлт шежіресін ұмыттырғысы келгендердің пиғылын нақты ұғынсақ,есігімізден сығалаған жаһандану үдерісінің болуы мүмкін сын-қатерлерін сауатты бағамдай алмақпыз.Түп тұқиянның рухани  мұраларын  келер ұрпаққа жеткізу әрбір азаматқа парыз десек,осынау төл қасиетіміздің ғылыми үрдістерге де қайшы келмейтіні айқын.

Тұтас тарихымызды қалыптастыру ісіне үлес қосу мақсатында жетінші атам- Жолай Ырысымбетұлы(1700-1770жж.)және оның танымал ұрпақтары жөнінде білетіндерімді баяндағым келеді.Жолай XVIII ғасырдың алғашқы ширегі мен ортасында ел қорғаған батыр, ұлт көшбасшылары қатарында халықты сыртқы жауға қарсы көтере білген би(Қазақ ру-тайпаларының тарихы.-Алматы,2010.-Т.-13, 2-ші кітап.).

Жолайдың өмірі және қайраткерлік жолының бастауында Әбілқайыр ханның қасындағы кезең тұр. Жолай жасауыл  Ханның ерекше тапсырмаларын орындайтын сенімді өкілі болғандығы туралы аз-кем деректер бұны айғақтай түседі(Қасымбаев Ж.,1999ж.,Ниетбаева К.А.,1993.,Дайрабай Т.,2008.).

Жоңғар шапқыншылығы салдарынан халық басына түскен талайлы тағдыр мен қиын-қыстау кезеңде тарих сахнасына көптеген көсемдер,қолбасшылар,би-батырлардың шығуы заңдылық.Дұшпандарға сан мәрте күйрете соққы берген олар  ұлтымыздың шынайы мақтанышына айналды.Ел тағдырына оң бетбұрыс әкелгендердің сапында Жолай жасауылдың болғаны басы ашық мәселе.

 1731жылғы 19 ақпанда Ресей патшайымы Анна Иоановна кіші жүзді Ресей қарамағына алу туралы грамотаға алғаш рет қол қойғанынан кейін патша әкімдігі 1740 жылға дейін Әбілқайыр хан бастаған старшындардан оқтын-оқтын ресейге адалдық туралы ант алып отырғанын айту ләзім.Жарық көрген құжаттарды зерделеу  ант беру рәсімдеріне Әлім-Шөмен  құрамындағы бірқатар рулардың ешқашан қатыспағанын көрсетті.Бодандыққа жан-тәнімен қарсы Шөмекей-Бозғұлдардың 1730 –жылдардың бас кезінде  орысқа бағынбау саясатын ұстанған Батыр сұлтанға қарайтын жерлерге(Сырдария өзенінің төменгі ағысы) қоныс аударуы  – өмір шындығы. Әбілқайыр ханның қазасынан кейін Жолай жасауыл  Шөмекей-Бозғұл,Шекті-Кішкене,Төртқара,Қарасақал рулары басшыларының қатарында Батыр сұлтанды хан көтеру рәсімін ұйымдастырушының бірі.Осы өңірді кейіннен басқарған  Батыр ханның мұрагерлері де Ресейге бодан болуға  барынша қарсыласты(Исмурзин Ж.,2008.).Дербес саясат жүргізген Батыр ханның жат-жұрттықтармен болған ұрыс-қақтығыстарына Жолай жасақтарының  қатысқаны туралы аңыз-әңгімелер ел аузында әлі де баршылық. Ел басына түскен ауыртпалықтар салдарынан Жолайдың өз кіндігінен шыққан он алты баланың бүгінге жетеуінен ғана ұрпақ  жетіп отыр.Бұған әрбір келесі ұрпақ деңгейіндегі тура осындай орны толмас шығындарды қосыңыз.Жүрек сыздайды.

Санамызда орныққан «Тектіден текті туады,тектілік тұқым қуалайды»деген түсінік өміршеңдігін жоғалтпайды,өйткені қоғамның тектілерге сүйенуі табиғи нәрсе ғой.Жолайдың бойындағы көшбасшылық,қайраткерлік қасиеттер тегінен дарыды деуге толық негіз бар.ХVI-XVII ғасырларда Жайық өзені бойын мекендеген оның бабаларының батыстағы қалмақтар,шығыстағы жоңғарлар шапқыншылығына тойтарыс беруде еңбегі елеулі.Ататек шежіресі былай тарқатылады:Шөмен-Шөмекей-Бозғұл батыр-Келдібай батыр-Сөйін би-Бекет би-Ырысымбет би. Адам саны көп Бекет руында  көрнекті билер мен батырлар да аз болмаған(Толыбеков С. Кочевое общество казахов в XVII – начало XX века. -Алма-Ата,1971.).Ел аузындағы әңгімелерде бұның бір себебі келесідей түсіндіріледі.Салқам  Жәңгірден кейінгі уақыт болса керек, қазақ қосындарының қалмақ бекінісіне бірнеше шабуылдары сәтсіз аяқталады.Дағдарысты сәтте Сөйіннің інісі Келменбет алынбастай қамалға ат ойнатып,бірінші кіреді.Теңдессіз ерлікке тәнті болған қолбасшы келте тонды батырға басты олжа үш қызды(ханның қызы,уәзірдің қызы мен тоқалы) тарту етсе, Келменбет өз кезегінде басты олжа- ханның қызын Ата жолымен ағасы Сөйінге сыйлайды. Міне,осы Желдербике анамыздың кенжесі-Бекет.Ресей деректерінде Сөйіннің(Суюн)орнына кейде Желдер(Джильдер,Эльдер,Жалтыр) есімін қолдану жағдайы кездеседі.Яғни, бұдан біз текті анамыздың  беделінің ел алдында тым биік болғанын байқаймыз. Негізі аналарымыздың атымен руды атау үрдісі ұлт шежіресінде әлімсақтан бар(Сейдімбек А.,2008.).

...Жаман қатын алсаңыз

Топқа кірер ұл тумас...деп,Бұқар жырау тегін айтпаған ғой,әсілі.

Сыр сүлейі Тұрымбет Салқынбайұлының «Жолай Алмасқа» атты толғауында қазақ тарихының көрнекті тұлғалары  Бекет би мен оның ұрпақтарының өнегелі жолы және жатжұрттық отаршылардың озбырлықтарына қасқая қарсы тұрған  қаһармандық іс-әрекеттері жырланған. Онда Бекеттің немересі Жолайға қатысты: 

...Бекеттің абзалы артық болғаны Жолай,

Батырлық һәм билікке туып қолай.

Ерімес ер сүйегі өзін айтып,

Атадан қозғамаса бермен қарай.

Алеке,артық өскен себептерің,

Бір жағы Хан сүйегі дейді солай...

-деп келетін жолдар бар. 

Би әрі батыр Кетебай шамамен 1730-1740 жылдар арасында дүниеге келіп, 1813-1815 жылдар шамасында өмірден озған мемлекет және қоғам қайраткері. Кетебай туралы мағлұматтар Қазақстан ұлттық энциклопедиясында, энциклопедиялық анықтамалықтарда, ғылыми, танымдық еңбектерде, Ресей дереккөздерінде келтіріледі.

Кетебай көрші елдермен болған соғыстарда ерлігімен, тапқырлығымен көзге түскен батыр, шиеленісті жанжалдардың ел мұратына сай шешілуіне араласқан би. Кетебайдың жеке мөрі Ресейдің Орынбор шебі мен Бұхар хандығы арасындағы сауда-саттық пен дипломатиялық қарым-қатынастың қауіпсіздігіне сенімді кепіл болған(1794 жылы жасалған мөр ҚР Орталық Мемлекеттік музейінде сақтаулы). Ор бекінісінен Бұхараға дейін жеткізетін 4 маршруттың  біреуін Кетебай жататын Шөмекей- Сөйін руы қадағалағанын ресей деректері растап отыр. 

«Қазақстан тарихына қатысты материалдар (1785-1828жж.)» атты1940 жылы шыққан  кітаптың 4- томында  «...1793 жылы Шөмекей руының 4 бөлігінде 6 мың шаңырақ бар,  Бұхараны базарлап, сауда-саттық етеді. Басшылары – Кетебай би,Қорен батыр, Айтілес би, Жәрімбет би...» деп жазылса,тағы бір дереккөзінде- Шөмекей-Келдібай руының белді би-батыры Кетебайдың, Қазалы және Ырғыз аудандарының ақсақалдарының айтуы бойынша, ұрпағы отызға жететіні туралы Орынбордың генерал-губернаторы Г.С.Волконскийге түскен 1803 жылғы  ақпар келтірілген.

1803 жылы Ресей патшасы сауда-саттық қарым-қатынасын бір ізге түсіру мақсатында Бұхар хандығына Я.П.Гавердовский бастаған дипломатиялық миссия жібереді.Сол жылы 23-шілдеде Орынбордан шығып, 6-қыркүйекте Арал маңына жеткен елшілікке  Батыр ханның немересі Әбілғазы Қайыпұлы(1789-1815жж. кіші жүздің шекті т.б.руларының ханы) шабуыл жасап, адамдарын тұтқынға алады. Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың маңызды құралы елшіліктерге тимеу ықылым заманнан парыз екенін тым жақсы білетін Кетебай би(сан мәрте елші қызметін атқарған),өзіне хабар тиісімен,Әбілғазының қолындағы тұтқындарды дереу босаттырып,14 қыркүйекте кері қайтарады.Бұл Кетебайдың өз заманында беделді би,сындарлы саясатшы болғанынының айғағы.  

Темір сұлтан(Әбілқайырдың немересі),  Кетебай би, Бүркітбай би бастаған қазақ жасақтарының 1810 жылы қазан айында Жаңадарияның сол жақ бетіндегі қарақалпақтарды шабуы нәтижесінде,олар Хиуа хандығының аумағына біржола көшкен( Материалы по истории каракалпаков.-М.-Л.,1935.-Т.7.).Яғни,жерімізді босатып,түпкілікті қайтаруға үлес қосқандардың қатарында Кетебай биді де атауымыз орынды.

Өтетілеу би Кетебайұлы(1760-шы ж.- 1845 ж.)XVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың орта кезеңінде жерімізді, ел-халқымызды сақтап қалу үшін күрескен қазақ қоғамының қайраткері. 1809-1827 жж. Сыр бойының төменгі ағысындағы қазақтардың ханы  Қасым Бөлекейұлының Орда биі болған. Ресейдің Орынбор шебі мен Бұхар хандығы арасындағы аумақта ресми күші мойындалған Өтетілеудің жеке мөрі(1830ж.жасатқан) бүгінде ҚР Орталық мұражайында сақтаулы.

Ел басқаруға ерте араласқан оның Орта Азия хандықтарымен болған шиеленісті жағдайларды оңтайлы шешуге қосқан үлесі ерекше. 1824-1833 жылдар аралығында Мұхаммед-Рахым, Аллақұл сынды Хиуа билеушілерімен Сыр өңірін тонауды тоқтату мәселелері бойынша  келіссөздер жүргізені туралы дерек (Демезон П.И., Виткевич И.В.,1834) айтылғанның бір дәлеліндей.

Қазақ елін азат ету жолында жан аямай күрескен Кенесары Қасымұлы 1841 жылы өзі бастаған сот-құқықтық реформалар  аясында Өтетілеуге граф атағын беріп, Шөмекейлердің құрметті биі етіп тағайындады (Бекмаханов Е.,1943).1844 жылы Кенесары жасауылдарының  Ресеймен байланысы бар Алтыбай Көбеков пен Жанғабыл Төлегеновке қарайтын ауылдарға зекет жинауға барғаны, олар ұйымдастырған қастандықтың нәтижесінде 95 жасақшы өлтіріліп, Наурызбай батырдың 5 адамымен қашып құтылғаны тарихтан азды-көпті белгілі. 1845 жылдың қысында Кенесары қаза тапқан Байтабын,Қанай т.б. батырлардың құнын Сырдария бойында көшіп жүрген Ж. Төлегеновтен даулауды сұрап Өтетілеу биге өтініш айтады. Денсаулығы сыр бергендіктен би өзінің орнына шешендігімен аты шыққан,ізбасар баласы Пірәліні (хан жіберген 2 адамға қосып)  аттандырса да, отарлаушыларға арқа сүйеген айыптылар ешқандай мәмілеге көнбей қояды.Келтірілген нақты деректерден біз Кенесары мен Өтетілеудің мұраттас тұлғалар болғанын бағамдаймыз.

Өтетілеудің тұлғалық бейнесі, қадыр-қасиеті, тарихи рөлі, тегі туралы мәліметтердің Сыр сүлейлерінің шығармашылығында көптеп кездесуі де оның өз заманында ұлт саңлақтары  қатарында болғанының жарқын дәлеліндей.

 Пірәлі би Өтетілеуұлының (шамамен 1800-1880 жж.)  ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы  еларалық мәселелерді шешуге тікелей араласқан  қайраткер және төл тарихымызда алтын әріптермен жазылған ұлт-азаттық қозғалысының белсенді  күрескері. ҚР Орталық мұражайында тұрған  Пірәлінің мөрі(1860 ж.жасатқан)-Қазақ даласындағы өзін-өзі басқару дәстүрінің жарқын белгісіндей.

Пірәлі бидің талай түйінді мәселелерді ел пайдасына шешкен шебер дипломат болғанына Мемлекеттік мұрағатта сақтаулы құжаттар куә.Кейбір құжаттарға кезек берейік. Сырдарияның төменгі ағысындағы бірқатар руларға 1845 жылы хан сайланған Елікей Қасымов  хиуалықтарда  1849-1852 жж тұтқында отырады.Одан қашып құтылысымен-ақ (1852 жылы маусым айында) Хиуа ханы Мұхаммед Аминге өзінің отбасын тұтқыннан босатуды сұрап хат жазып, оны тапсыруға Шөмекей руының биі Пірәлі Өтетілеуов бастаған 7 адамды жұмсайды. Елшілер Елікейдің отбасын босатып, сұлтанның Қарақұмдағы ставкасына аман-сау алып келеді.

 Хиуалықтар 1858 жылы зекет бермеген қазақтардың 1200 жылқысын айдатып алады.Сол жылы 16 маусымда Хиуа ханы Сейітмұхаммедке жіберілген арнайы елшілікті бастап барған Пірәлі би,жылқыларды қайтартады.Ел үшін атқарған жауапты миссиялары оның қайраткерлігінің бір ғана саласы.  

Сыр өңіріндегі ұлт-азаттық қозғалысты Жанқожа Нұрмұхамедұлы басқарғаны баршаға аян.Көрнекті қолбасшы Қазалыны қайта шаппақ ниетін жүзеге асыру мақсатында Пірәлі биге өтініш жасап,1857 жылғы 8 мамырда Бұхар әміріне және Қоқан ханына оқ-дәрі,зеңбірек, астық сұрауға жібереді(Казахско-русские отношения в 18-19 веках.-Алматы,1964).

1850-шы жылдардың ортасында қалыптасқан әскери-саяси жағдайды пайдаланып, орыс әскері Қазақстанның оңтүстігінде белсенді соғыс әрекеттеріне көшкені мәлім. Отарлаушылардың  қысымы мен жүгенсіздігі нәтижесінде кіші жүз қазақтары(200 ауыл)  1863 жылдың маусым айында билер Пірәлі Өтетілеуов пен Әли Мүсіреповтің  басшылығымен Қызылқұмға қоныс аударды(Қобландин Қ.И.,Меңдіқұлова Ғ.М.,2009). Бұхар мен Хиуа иеліктері саналғанмен аталған өңірде қандастарымыздың  ширек ғасырдай тәуелсіз болғаны тарихи шындық.

 «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» атты дерекнаманың 9-шы томында (Алматы: Ел-шежіре, 2008 ж.) Садық сұлтан мен Пірәлі бидің күрескерлік қызметіне қатысты көптеген материалдар келтірілген. Олардың тек кейбіріне тоқталайық. 1867 жылғы 3 мамырда Жаңадарияның сол жағасына Бұхар жақтан Садық сұлтан және Пірәлі би бастаған 1000 сарбаз келген. Бұларға қарсы №1 форттан  (кейіннен Қазалы) есаул Анчоков бастаған орыс әскері шығады. Қазалыдан 143 шақырымдай жердегі Сарбұлақтың маңайында 7-9 мамырда екі жақтың қатысуымен үлкен шайқас өтеді. Садық сұлтан мен Пірәлі би жағында соғысқан Түбекбай батыр, Қожеке батыр, Молдашер ахун, Пірәлінің баласы Алмас бастаған сарбаздар отарлаушыларды көп шығынға ұшыратып, шегінуге мәжбүр етеді.

Сыр сүлейі Тұрымбет Салқынбайұлының 1902 жылы Алмас би Пірәліұлына айтқан толғауынан үзінді:

...Пірекем заманында келген орыс.

Қазақтан қала салар етіп қоныс,

Көп айтқан қазақтарға тыңдамаған,

Бала үшін қылайық деп үлкен соғыс...

Зерделі қауымның бұл жолдардан кезінде дана бидің халық соңына ерген көшбасшы, азаттық жолындағы күрескер, яғни қазақ қоғамында салмақты  орны болғанын байқайтыны талассыз.

Арғынбай батырТаңатұлы шамамен ХІХ ғ. басында дүниеге келіп, 1860 жылдары өмірден озған. Ресей, Қоқан, Хиуа өктемдігіне қарсы күресте аты шыққан айбынды тұлға. Ордасы Қуаңдария бойындағы Тоғызбай құмында болған. Он тоғызыншы ғасырдың орта тұсында Сырдарияның сол жағасындағы, Қуаңдарияның бойындағы, Қызылқұмдағы қазақтар үш жақтан қысым көрген. Оның бірі – Ақмешіт, Күмісқорғаннан шығып оқтын-оқтын шабуылдаған Қоқандықтар, екіншісі Жаңадарияның бойындағы Бестамқаладан ауылдарды тұрақты тонап тұрған Хиуалықтар, үшіншісі – Сырдарияның төменгі ағысына бекініп алған (№ 1  форт) Ресей әскерлері. 1852 жылы Орынбор генерал-губернаторының алдында Ресейге адал қызмет етуге ант берген және оған арқа сүйеген Елікей хан Қасымұлы да осы ұлтарақтай жердегі халықты өзіне қаратпақ болған. 1856 жылы орын алған осындай оқиғалар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау Алмас Алматовтың «Қазына» атты  дастанында(Сыр бойы,1999.-10,12 наурыз) суреттеледі. Арғынбай батыр образы  тұтастай ашылған шығарманың көркемдік тұрғыдан құндылығы ерекше. Ел басына туған алмағайып заманда Арғынбай батырдың Пірәлі би Өтетілеуұлы, Жарылқап би Манасұлы, Қожеке батыр Мырзабайұлы, Түбекбай батыр Нәзікұлы, Молдашер ахун Жамұратұлы, Торыбай Меңей батыр және т.б. Сыр өңіріне танымал тұлғаларды жанына топтастырып, басқыншыларға үнемі тойтарыс ұйымдастырып отырғаны, өз басының жеке ерліктері, бітім-болмысы, түр-тұлғасы туралы әңгіме-аңыздар ел аузында өте көп. Ал халқымыздың жады- тарихи маңызды мәліметтер көзі.

Қожеке батыр Мырзабайұлы (1814-1895жж.) ел қамын жеген қайраткерлерімізбен  бірге ортақ жауға қарсы күрескен танымал тұлға.

1835 жылы Қызылқұм етегіндегі Бестөбе деген жерде Сырдарияның сол жағалығы мен Қуаңдария бойындағы халықтың көнгенінен зекет жинауға,көнбегенін тонауға шыққан хиуалықтардың жасағына қыстауға көшіп бара жатқан Мырзабай батыр ауылы тап болады. Қарт Мырзабай өз қосынын іркілместен жауға бастап, басқыншылардың басым көпшілігін қырғынға ұшыратады.Міне,осы ұрыста қылышымен талай жауды жер жастандырып,көзсіз ерліктің тамаша үлгісін көрсеткен жас Қожекенің даңқы бүкіл елге тарайды(Толыбеков С.,1959.,Темиргалиев Р.,2009.). Қожеке жастайынан бабаларының батырлық дәстүрін бойына сіңіріп өсті деуге толық негіз бар. Кейбір ғылыми еңбектерде кіші жүздің ірі Бекет аталығының көрнекті батырлары мен билері қатарында Кетебай,Мырзабай мен Еншібай болғандығы айтылады(Толыбеков С. Общественно-экономический строй казахов в ХVІІ-ХІХ веках.-Алма-Ата,1959.). Аталған үшеуі де би әрі батыр Жолайдың балалары болса,өз кезегінде Мырзабай батыр - Қожекенің әкесі.  

Ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті басшысы Жанқожа Нұрмұхамедұлының Сыр бойындағы Хиуа қамалдарына жасаған шабуылдарына белсене қатысқандардың бірі Қожеке.1844 жылы бейбіт халықтың ар-намысын таптаған  Хиуа құшбегі Бабажанның бекінісін алуға қатысқан Батыр,қолға түскен оны қазыққа отырғызғандар қатарында болады. Хиуаның тағы бір құшбегі Қожанияз  жұртқа салған салық мөлшерін ауырлатып,  зорлық-зомбылығын үдете бастайды.Намысты қолдан бермейтін Қожекенің  бір жолы Қожанияздың алыс-жақын маңайдағы жасауылдарын  жинатып, олардың айрықша қылмыс істегендерін халықтың алдында өлім жазасына кескені де ұрпақтан ұрпаққа жеткен айтулы оқиға.

Қожекенің Хиуалықтармен және Қуаңдария бойына оқтын-оқтын сұғынған Қоқандықтармен сан мәрте шайқасып,Кенесары,Жанқожа мен Садық Кенесарыұлының ресей отарлаушыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілістеріне де белсене атсалысқаны елін-жерін сүюдің шынайы үлгісі болып қала бермек.

Молдашер ахун Жамұратұлы(1825-1904 жж.)ұлт-азаттық қозғалысының  күрескері, ғұлама, жауырыны жерге тимеген балуан(Дайрабаев Т.,1995.,Игенбаева Р.,2010.).

Діни-ағартушылық ағымның түп қазығына айналған Бұхарадағы Көкілташ медресесін үздік тәмамдап, тағы екі жыл білімін жоғарылатып,  ахун шатырхатын алған ол  дін-исламды насихаттау,халық ағарту саласында аянбай тер төгеді.Еркіндік сүйгіш ата-бабаларының жатжұртықтарға тәуелді болмау ұстанымын өзіне темірқазық санаған Молдашерді Ресей билігінің  ықпалына түспеу үшін бар ғұмырын сарп еткен күрескерлеріміздің қатарында атауға толық негіз бар.Сыр өңірін тұтастай бағындырған отарлаушылардың қыспағына шыдамаған ол өз ауылдарымен бірге 1863 жылы Қызылқұмға қоныс аударады.Ахунның өз қаражатына қаздырған құдықтарының атаулары Өзбекстан Республикасының топонимикасында бүгінге дейін бар.

Жақсылық, ізгілік, елжандылық өнегесі,білім мен ілім тарату бағытындағы қажырлы еңбегі арқылы сол кездегі қоғамға танымал болған Молдашер Жамұратұлының  сан-салалы қызметін келесі ретпен топтастырғанымыз орынды: Бірінші, қазақ ауылдарының балаларын оқыту мақсатында мектептер ашып, молда ұстаған ағартушы. Екінші, ел-жұртты имандылыққа шақырып, дін-ислам жолын, мәдениеттілік пен салауаттылық, ізгілік пен адамгершілік қасиеттерді  насихаттаушы.Үшінші, Жанқожа батыр, Садық сұлтан бастаған ұлт-азаттық көтерілістеріне сарбаздар қосу,материалдық және рухани  қолдау көрсету арқылы жатжұрттық отарлаушылардың  басқыншылық саясатының өрістеуіне қолдан келгенше кедергі жасаған қайраткер.Төртінші, жұртын отырықшы ету  (құдық қаздыру, егін егуді ұйымдастыру), олардың әл-ауқатын көтеру мақсатында керуен тартып, саудамен айналысуына ықпал жасау жолымен әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеткен тұлға.

Түбекбай батыр Нәзікұлы (1830-1902 жж.) ұлт-азаттық қозғалысының  күрескері.Сыр өңіріне көз алартқан жат жұрттықтармен соғыстарда батырлығымен жастайынан көзге түскен оның,әсіресе, ресей отарлаушыларымен күресі ерлік эпопеясының даңқты беттері. 1863 жылы Пірәлі би бастаған көш құрамында Қызылқұмға қоныстанған Түбекбай батыр Бұхар әмірі Абдул Мұзаффарда мемлекеттік қызметте болады. 1867 жылдан бастап оның өмір жолы алты жылдай Ресей отаршыларына қарсы ымырасыз күрескен Садық сұлтанмен тығыз байланыста өрбиді. Абдул Мұзаффардың орыстармен келісіміне наразы болған Садық 1869 жылы Кермене, Нұрата, Жызақты басып алады және бұл қалаларға бек етіп Түбекбай, Темірбай, Еспенбет батырларды тағайындайды(Әлқожаұлы Ж.,1996.,Тілеумұратұлы С.,2003.,Өтебаев Қ.,2009.). Ресей әскерлерімен болған сұрапыл шайқастар нәтижесінде жеңіліс тапқан Сұлтан Хиуа ханы Әміремен одақтасады. Түбекбай батыр да 1870-1873 жж. Үргеніште мемлекеттік қызметте болады.1873 жылы мамыр айында генерал Бардовский мен полковник Ломакин басқарған ресей әскерінің Хиуаға жасаған шабуылынан  Садық бастаған әскердің түбегейлі жеңіліс табуы- сол күндердің ащы шындығы.

 Ақмырза ишан Төсұлы( 1881 -1930жж.)  алған білімі, тамыр терең тектілігі, қабілет-қарымы, қажыр-қайраты, ізденімпаздығы арқасында кемел биікке көтерілген діни қайраткер және ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі.  Ақмырза Көкілташ медресесінде араб, парсы тілдерін үйреніп, шығыс ойшылдарының тарихи, әдеби, діни еңбектерін зерделейді. Стамбул(Түркия),  Кабул, Герат(Ауғанстан) және Қазан, Уфа(Ресей) қалаларында тіл үйреніп, мешіттерде ілім беру үрдісі мен дәріс беру әдістемелерімен танысады(Кеніштайқызы Г.,Бітімбай А.,2011.).Сөйтіп, қолына ислам ғұламаларына берілетін ең жоғарғы лауазым «Ахун» шатырхатын алып 18 жылдан соң(1910 жылы) елге оралады. Ол шағын денелі, сарғыш өңді, шоқша сақалды,үнемі ақ койлек киіп, ақ сәлдемен  жүретін кісі болыпты.

Ақмырза Қызылқұмдағы Жаңақала ауылының маңайында өзіне арнап салдырған мешіттерде  балаларды ұл-қыз деп бөлмей арабша, латынша сауатын ашып, білім нәріне сусындатқан(Нұртайұлы С.,1997.).Алдындағы қазақ ағартушыларының мұраттас ізбасары кемеңгер ұстаздың:-«Халқым,балаларды қашанғы қой соңынан салпақтатып қоясыңдар. Білімді мыңды жығатын заманға келе жатырмыз. Елін қорғар, оған шамасы келмесе өзін қорғар білім алсын-дағы. Алла тағала иіс алмас надандықты, ұйқылы-ояу күн кешуді, құрсақ толып, құлқын тойғаннан өзге тоят іздемес қамсыздықты біздің маңдайымызға жазып қоймаған шығар» – деген үндеуінен қазақ қоғамының алдындағы міндетті айқын түсінгенін аңғарамыз. Қасындағы еліне  тал егіп,  қауын өсіру арқылы үлгі көрсетіп,аурмау-сырқамаудың бірден бір жолы тазалық екенін айтудан жалықпаған кісі.

Шығыс ойшылдарының еңбектерімен етене таныс Ақмырзаның  ғылым тылсымына тереңдей түсіп,қоғам мен адам дамуының мәңгілік пәлсапалық сұрақтарына жауап іздегенін  уақыт биігінен байқағандаймыз.Көзі көргендердің айтуы бойынша Имам Әбу Ханифа мәзһабына жататын ишанның жазған еңбектері аз болмаған.Бірақ бізге жетіп отырғаны  Иман, Ислам, Ықлас деген бөлімдерден тұратын «Түркі иман» және «Хадис»  атты кітаптары (Өтебаев Қ.,2009.).

Патшалық Ресейдің тамырын тереңнен алған отарлау саясатының мақсаты мен салдарын жақсы түсінген Ақмырзаның Қазан төңкерісінен кейін де Кеңес үкіметінің ымыраға келмес ашық жауы болғанын және халықтың арасында тәуелсіздік идеясын тарату бағытында үздіксіз үгіт-насихат жүргізгенін дәлелдейтін құжаттар мемлекеттік мұрағатта жеткілікті.

Кеңестік биліктің 1928 жылдан бастап жүргізген байлар мен ортан қол шаруаларды тәркілеу, ұжымдастыру саясаты қазақ халқының мыңдаған жыл қалыптасқан қоғамдық құрылымын бұзып, күнкөріс көзі малынан айырғаны 1931-1932 жылдардағы халықты ойсыратқан ашаршылыққа ұрындырғаны әлемге аян ақиқат.Аталған кезеңде Қызылқұмда белең алған есепсіз зорлық-зомбылық жанына батқан ел азаматтары бас көтеріп, Ақмырзадан өздерін басқаруды сұрайды.Ат ойнатқан белсенділер көтерілісшілерге қарсы Қазалыдан әскер шақыртады. Жазалаушылармен алғашқы соғыс 1930 жылғы 14-наурызда Қарақ елді-мекені маңында болып, онда көтерілісшілер 170-тей адамынан айрылады. Күші мен қаруы басым әскерлермен (басшылары: Жалудь, Цуканов, Ж.Альшанский) бірнеше мәрте соғысып, титықтаған көтерісшілердің 1930 жылғы 26- наурызда болған соңғы шайқаста 107-сі өліп,150-дейі жараланса, 200-ге жуығы құтылып кетеді(Омарбеков Т.,1997. ). Қызыл жендеттер Ақмырзаны  қорлап өлтіріп,онымен қоймай медресесіндегі барлық діни кітаптарын өртеп,мешітін қиратып кетеді. Көтеріліске қатысушылардың қолға түскендері  қатал жазаланады( 10 адам ату жазасына, 40-тан астам адам 10 жылға дейінгі мерзімге кесіледі),аман қалғандары Ауғанстан,Иран,Пәкстан, Түркия асады.

Ақмырзаның қолына қару алдырған қорғансыз халық мұңы, ел мүддесі. Өйткені, байыпты зерттеулер оның азаттық жолындағы күресінде Сыр өңірі халқының барлық әлеуметтік топтары болғанын дәлелдеп отыр(Байқадамов Н.,2001.).

Жетпіс жылдан астам уақытқа созылған кеңестік билік жат идеологияны күштеп таңу арқылы халқымызды көшбасшы тұлғаларынан, тілі мен дінінен, тарихы мен мәдениетінен, басқа да ұлт ретінде ұстап тұрған құндылықтарымыздан айыруға тырысты. Қазақ қоғамының тірегі, қорғаны болған батырлар мен билеріміз реакцияшыл, кертартпаға баланып, оларды санамыздан өшірудің сан түрлі амалдарын қолданғаны да рас.

Отарлаушыларға вассалдыққа немесе коллаборционизм дертіне ұрынбай ең әуелде елдің тұтастығы үшін күрескен,кейін азаттық мүддесіне жан берген  тұлғаларымыз туралы жазғанда біздің көздейтініміз, кейбіреулер айтқандай «есе қайтару»емес,керісінше,өткеннің қауіпті қателіктерінен тағылым алу,оның ащы сабақтарының қайталануына енді жол бермеу, ешқашан болдырмау.

Бүгінгі күні өзіндік өмір өлшемі мен тыныс-тіршілігі бар, бағыт-бағдары айқын  Қазақстан халқы болашақты баянды етуге бағытталған көптеген жасампаз шараларды атқаруда. Олардың ең маңыздылары қатарында жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру міндеті тұр десек қателеспейміз. Осы тұрғыда ынталы ізденістеріміз Қазақ Мемлекетінің тарихи бейнесін жасау сынды ұлы теңізге  тамшы болып қосылса - мақсаттың орындалғаны.

Қали ОМАРОВ –1962 жылы дүниеге келген, география ғылымдарының кандидаты,академиялық профессор, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,ҚР Журналистер одағының мүшесі,С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін,Қызылорда гуманитарлық университетін бітірген.

Ғалымның  Сыр өңірінің тарихи тұлғалары туралы жазылған ғылыми мақалалары мен очерктерінде қазақ халқының талайлы тағдырына қатысты келелі ойлар айтылады. Тауқыметті тарихымыздың «ақтаңдақтарын» ақиқат тұрғысынан бағалай білетін  публицист ретінде  ұрпақ тәрбиесі, жастардың болашағы сынды өзекті мәселелерді көтеріп келеді. Бұл салаларда оның 1 ғылыми-танымдық кітабы жарық көріп, 50-ге жуық еңбегі  «Қазақ тарихы», «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысы», «Ақиқат», «Жалын» журналдарында, «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Дала мен қала», «Айқын» «Түркістан», «Сыр бойы» т.б.республикалық газеттерде, бірнеше ғылыми  конференциялар жинақтарында жарияланған.

Қали ОМАРОВ,

ғалым-публицист,ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері. 

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің академиялық профессоры.

Тел.:8724 2 26-15-57

Ұялы:87017246998