Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қола дәуірінің Алакөл тектес ескерткіштері

12993
Қола дәуірінің Алакөл тектес ескерткіштері - e-history.kz
Алакөл ескерткіштері Андрон мәдени қоғамдастығының ішінен ең алғаш рет М. П. Грязновпен аталмыш қоғамдастықтың батыс аймақтарына тиесілі деп бөлінген [2].

26.02.15

Ал Алакөл деген атау бұл ескерткіштерге К. В. Сальниковпен, таза кешенді (толық сипатқа сәйкес) көрсеткен, Алакөл қорымы бойынша берілген [8].

Алакөл тектес ескерткіштер Андрон мәдени қоғамдастығы аймағының басым бөлігінде айқындалған, тек қана Шығыс Қазақстанда, Батыс Сібірде және Орта Азияның кейбір аймақтарында осындай ескерткіштер әлі күнге дейін табылмады.
Алакөл ескерткіштеріне қатысты негізгі белгілерді қарастырып көрелік.
Алакөл қорымдары көп жағдайда үлкен (орташа есеппен 20–30 қабір) болады, шағын қорымдар өте сирек кездеседі. Қабірлері онша терең емес және көлемдері аса үлкен болмайды. Қабір үсті құрылыстары және қабірлері жағынан Алакөл ескерткіштерінің бөлек баламалары арасында біршама айырмашылық бар. Жалпыға ортағы — мәйіттер әдетті түрде сол баурайына бүгіліп жатқызылады, бүгілу дәрежесі орталы, қолдары беттерінің алдына қойылады. Мәйіттер басым жағдайда батысқа, сиректеу батыс-оңтүстік-батысқа бағытталады. Дегенмен мұнда біраз айырмашылық айқын көрінеді — алакөл ескерткіштерінің челябі баламасында бағытталу тұрақсыз. Магнитогорск баламасында солтүстікке бағыттау басым, тобыл баламасында шығысқа бағыттату әдетті, ал сольилецк баламасында шығыс, солтүстік-шығыс және батыс бағыттамалар қатар кездеседі [8, 45 б.].
Қабірге көп жағдайда бір мәйіт қойылады, бірақ жат жынысты, бір жынысты жұпты жерлеулер және анасымен сәбилерін қосып жерлеуді-де кездестіруге болады [8, 74 б.].
Алакөл жерлеу ғұрпының негізгі белгілерінің бірі — жылқының, сиырдың немесе қойдың сирақтарын және бассүйегін мәйітпен қою. Аталмыш жануарлардың терісі кей жағдайда мәйітпен қоса жерленген, болмаса жабылымның немесе үйіндінің шетіне қойылған. Марқұмның бет алдына немесе басының артына екі қыш ыдыс, сирек жағдайда одан көп қойылады, бала қабірлеріне бір ыдыстан салған [3, 102 б.].
Әйелдер, әдетті түрде, салтанатты киім-кешегімен және әшекейлерімен бірге қойылған — қолдарында қола білезіктер, шынтақтарында қола моншақтар, алтын жалатылған ілімдіктер мен сырғалар, кезінде сөзсіз керемет көйлекке тігілген көптеген алтын, қола қапсырмалар, сүйек, тас және т.б. моншақтар әйел қабірлерінде көптеп кездеседі [10, 93 б.].
Ерлердің қабірлеріне металл бұйымдар тек қана ерекше жағдайларда ғана қойылған, жиі түрде бұл екіжүзді пышақ, сирек түрде қару жиынтығы кездеседі: қанжар, найза ұшы, тас және қола жебе ұштары, тас немесе қола балта, шоқпар және т.б. [1, 24 б.].
Алакөл ескерткіштерінің қыш ыдыстарының басты белгілерінің бірі — иық жағынан кертпешке ие болуы. Аталған белгі алакөл ыдыстарын федоров ыдыстарынан бөліктеудің бірден бір белгісі болып келеді. Қыш ыдыс негізінен құмыра түрінде кең таралған [4, 36 б.].
Әр-түрлі аймақтардағы алакөл кешендерінің өзіндік ерекшеліктерін тағы бір атап өтіп, олардың сипаттамасын бөлек баламалар бойынша берген жөн. Мұны жағрапиялық орналасуына қарай және өзіндік белгілері негізінде жүзеге асыруға болады.
Челябі баламасы.
Орманды далалы алқаптарды қамтиды және біршама солтүстікте, Тобыл өзенінің ортаңғы, ағысына дейін, Челябі және Щадринск қалаларының маңындағы жапырақты ормандар аймақтарын алады. Ресейдің Курган қаласының аймағындағы, Тобыл, ағысының бойындағы қола дәуірінің ескерткіштері-де осы баламаға жақын келеді.
Аталған аймақтарда алакөл мәдениетінің белгілері басым жағдайда жерлеу ескерткіштері бойынша қалпына келтірілген, ал қоныстарда тек қана сан жағынан көп емес алакөл тектес қыш ыдыстар ғана айқындалған [8, 152 б.].
Жерлеу ғұрпына келетін болсақ марқұмдар бүгілген күйінде басым жағдайда сол қырымен жатқызылған, дегенмен кей жағдайда тізесі бүгіліп арқасында жатқан мәйіттер-де кездеседі. Бағыттатулары, жоғарыда аталғандай, тұрақсыз — егер Алакөл қорымында оңтүстікке бағыттау басым болса, Субботино, Черняк атты қорымдарда батыс бағыттама кең таралған [4, 61 б.].
Жерлеулер әдетті түрде жалғызды, бірақ жұпты және сәбилермен қоса жерлеулерді-де кездестіруге болады.
Жерлеу ғұрпының басты белгісі — жануарларды құрбандыққа шалуы: қабір ішіне немесе жабылым үстіне, кейбір жағдайда үйінді ортасына ұсақ малдың және жылқының бас сүйектерімен сирақтары қойылатын. Сонымен қатар итті қосып жерлеуде тіркелген. Үйінді үстінде еске алу асының қалдықтары — қыш ыдыстардың сынықтары көптеп кездеседі [8, 97 б.].
Ерлер жерлеулерінде табылымдар тек қана орталық жерлеулерден табылған, бұл негізінен қола пышақтар, қола және шақпақ тас жебе ұштары, қола шоқпар басы. Осы өңірдегі ең бай кешен Қорған қаласының маңындағы Царев обасынан табылған — бес қыш ыдыс, қола балта, қола біз және пышақ [8, 104 б.].
Әйелдер бай және көркем салтанатты әшекейлерімен жерленген — әр-түрлі пішіндегі қола білезіктер, киімге тігілген немесе жабыстырылған мыс, қола, сүйек моншақтар, қапсырмалар, домалақты және шоқы тәрізді ілімдіктер [10, 120 б.].
Челябі баламасының қыш ыдыстары өте көрікті келеді — олар маталы шаблонда жасалып, штрихталған пирамида, үшбұрыш, ромб және зигзаг түріндегі тегіс басылыммен әшекейленген [4, 62 б.].
Тобыл баламасы.
Зерттеушілер бұл баламаны Қостанай аймағындағы Тобыл және оның сілемі Ұбаған өзендерінің жоғарғы, ағыстары бойындағы далалық аймақта орналастырады.
Ескерткіштерде алакөл мәдениетінің белгілері айқындалған: Перелески, Евгеньевка, Алексеевка қорымдары және Конезавод, Загарино, Ұбаған- 2, Семиозерное, Садчиково, Алексеевка қоныстары.
Тобыл баламасының басты ерекшелігі — жерлеулердің шығысқа бағатталуы. Жерлеу ғұрпында, құрылыстарында, заттай мәдениетте және т.б. басқа баламалармен айтарлықтай үлкен айырмашылық жоқ [5, 41 б.].
Уйск-Увел баламасы.
Троицк қаласының аймағында, Аят өзенінің және Тобылдың сол сілемдері Үй және Увел өзендерінің аралығында айқындалған.
Бұл балама бірнеше қоныстардың (Қамболат-1, Мирный-4) және екі қираған қорымның (Черноозерье-1, Березовск) негізінде алакөл ескерткіштер санатына жатқызылған — аталмыш ескерткіштерде алакөл тектес қыш ыдыстар табылған.
Қарастырылудағы баламаның басты ерекшелігі — мұнда алакөл тектес ескерткіштердің өтпелі түрлері: Петров кезеңімен Алакөл кезеңінің ерте шағы аралығы айқын көрсетілген. Яғни бұл балама алакөл тектес ескерткіштердің ең ерте балаламаларының бірі болып келеді [5, 57 б.].
Магнитогор баламасы.
Орал өзенінің жоғарғы, ағысы жағындағы дала және орал қайың ормандары аймағында орналасқан.
Ескерткіштер Башни Тамерлана, Агаповка-2, Спасское-1-2 қорымдарында айқындалған. Дегенмен зерттеушілердің пайымдауы бойынша таза алакөл кешені тек қана Башни Тамерлана атты ескерткіште ашылды, қалғандары қола дәуірінің сруб мәдениетімен араластығын көрсеткен.
Бұл баламаның негізгі айырмашылығы — қола дәуірінің сруб және федоров мәдениеттерімен тығыз байланыс нәтижесіндегі жерлеу ғұрпындағы және заттай мәдениетіндегі өзіндік ерекшелігі [7, 147 б.].
Солтүстік Қазақстан баламасы.
Петропавл және Көкшетау маңындағыдалалы-орманды аймақтарды қамтиды. Есіл өзенінің және оның оң сілемдері Иман-Бірлік, Жабай, Арқалы және Шағалалы өзендерінің ортаңғы, ағысын алып отыр. Оңтүстік шекарасы Сілеті өзені болып келеді.
Ескерткіштер — Семипалатное, Новониколькое, Көкшетау қасындағы Ефимовка, Бурабай (Боровое), Чаглинка, Нұрмамбет және Новоникольское-1, Петровка-2, Явленка-1, Шалқар және т.б. [5, 64 б.].
Бұл баламаның басты ерекшелігі қыш ыдыс суреттемелеріндегі өзгешеліктер [3, 129 б.].
Батыс-Қазақстан баламасы.
Ор өзенінің және Орал өзенінің ортаңғы, ағысы аралығындағы далалық аймақта, Орск және, Ақтөбе қалалалырының ортасында орналасқан.
Бұл баламаның негізгі айырмашылығы — қола дәуірінің қожымберді мәдениетімен тығыз байланыс нәтижесіндегі жерлеу ғұрпындағы және заттай мәдениетіндегі өзіндік ерекшелігі [4, 89 б.].
Орталық-Қазақстан баламасы.
Сары-Арқаның кең аймағын алып жатыр — солтүстікте Теңгіз көлінен және Шідерті өзенінен оңтүстікте Балқаш көліне дейін, батыстағы Сырдарияның оң сілемінен және Сарысу өзенінен шығыстағы Жезқазған, Қарағанда, Қарқаралы аймақтарына дейінгі жер осы баламаға тиесілі деп есептелінеді.
Анықталған ескерткіштері көп, ең ірілері — Егіз Қойтас, Былқылдақ-3, Қарасай, Қарабие, Тасбұлақ және т.б.
Жерлеу ғұрпына келетін болсақ марқұмдар бүгілген күйінде сол қырымен жатқызылған, бастары батысқа бағытталған, дегенмен сирек түрде батыс-оңтүстік-батыс бағытталу кездеседі.
Жалғыз жерлеулер басым, бірақ жұпты жерлеулер және сәбилерді қосып жерлеулер-де кездеседі. Қабір немесе қоршаудың ішіне ұсақ малдың және жылқының бассүйегін және сирақтарын қою жиі кездеседі [6, 132 б.].
Бұл балама негізінен классикалық алакөл белгілерін батыс Қазақстан баламасымен, федоров мәдениетімен ортақтастықтарын көрсетеді.
Жоғарыда әр аймақтың баламаларына сипаттама бере келе Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Тапа ауылының солтүстік — батысына қарай 1 км жердегі құм төбеден қола дәуірінің ескерткіштері табылды.(1,2 3 — сурет). Қорымнан жерлеу ғұрыпы, қыш ыдыстардың түрлері және пішіндері, өрнек салу мәнерлері және қалған заттай мәдениеті барлық аталған аймақтар бойынша ортақ болып келеді және алакөл тектес ескерткіштер деп айтуға толық негіз бар [9]. Осы өңірге зерттеу жумыстарын жүргізіп, бөлек баламалар арасындағы басқа айырмашылықтарын анықтап, бағытталудағы және көп жағдайда туыстас тайпалардың әсерлерін анықтауымыз қажет.

Б.К. Шораев, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ – нің Археология және этнография ғылыми зертттеу орталығының ғылыми қызметкері 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Аванесова Н. А. Культура пастушеских племен эпохи бронзы Азиатской части СССР. — Ташкент, 1991
2. Грязнов М. П. Погребения бронзовой эпохи в Западном Казахстане // Казаки жинағы, 2 шығарылым, 1927
3. Евдокимов В.В., Варфоломеев В. В. Эпоха бронзы центрального и северного Казахстана. — Караганда, 2002.
4. Заднепровский Ю. А. Памятники андроновской культуры. Средняя Азия в эпоху камня и бронзы. — М-Л, 1966
5. Зданович С. Я. Культура финальной бронзы Северного Казахстана // гуманитарлық ғылымдар бойынша еңбектер жинағы. Қарағанды, 1974
6. Кадырбаев М.К., Курманкулов Ж. К. Культура древних скотоводов и металлургов Сары-Арки (по материалам Северной Бетпак-Далы). — Алма-Ата, 1992.
7. Киселев С. В. Племена андроновской и срубной кулдьтур // Әлем тарихы, т-1, 16 тарау. Мәскеу, 1955
8. Сальников К.В. К вопросу о стадиях в памятниках андроновской культуры Зауралья// 1 Уральское археологическое совещание. Молотов, 1948
9. Тажекеев А.А., Онгар А., Шораев Б. К. Тапа — памятник эпохи бронзы Северо-восточного Приаралья // Труды филиала Института археологии им. А. Х. Маргулана в г. Астана. — Астана, 2013. — Т. 2. (в печати).
10. Усманова Э. Р. Костюм женщины эпохи бронзы. Опыт реконструкций. — Лисаковск-Карағанды, 2010