Ашаршылық: тарихшы Сара Кэмеронның көзқарасы
18.03.2019 2735
АҚШ тарихшысы және Мэриленд университетінің профессоры Сара Кэмерон – тарихымызда "Ашаршылық" атауымен белгілі осы нәубетті зерттеген ғалым

Мен Кеңес Одағының соңғы жылдарында туып-өскен қазақтардың қатарына жатамын. Ол заманда соңғы буынның ұрпақтары бізді қойып, Қызыл Террорды бастарынан өткізген куәгерлерінің өздері де әлдебір сұмдық түстен оянғандай дел-сал күйде еді. Дегенмен, "Ашаршылық", "Жоқшылық", тіпті жанды түршіктіретін "кісі жеген" сияқты сөздерді жақын-алыс туыстардан, әсіресе сол кезеңді күнде есіне алатын әжемізден естіп өстім. Бірақ бұның ең сорақылығы, олардың басынан шынайы өткен бұл зобалаң маған мүлдем әсер етпейтін. Ол оқиғалардың түп-мағынасы менің Советтік идеологияның әсерінен мәңгіріп қалған санама ешбір жетпейтін еді.

Бұл масқара санасыздықтың себебі көп еді. Құлақпен естіген сұмдық жағдайларды мен өзім тұрып жатқан сол кездегі елмен, тарих пәнінен оқыған деректер және көрген кинофильмдердегі бейнелермен еш байланыстыра алмайтын едім. Тек 25 жасқа жеткенде ғана талай естіген "Ашаршылық" зобалаңының өз отбасымның қайғылы тағдыры екенін түсіне бастаппын. Менің туған атам мен әжем 1934 жылы Қытаймен табиғи шекара болып саналатын Алқабек өзенінің жағасында елді жайлаған аштықтан қашқан бірнеше отбасымен бірге қызылдардың қолынан қаза тапқан екен. Бұл қырғында 1000-ға жуық қазақ мерт болған деседі. Әкеміз 90 жылдарға дейін Кеңес Одағының ресми нұсқасына, яғни бұл бейбақтарды Қытай дүнгендері қырып салған деген жалған ақпаратқа сенетін. Бірақ олардың кімнің қолынан қаза болғанын жақсы білетін туыстары бұл жайлы әсте ұмытқан емес: Сол маңайда "Найман Қырылған" деген жердің бар екенін бала кезімізден естіп өскен едік.

АҚШ тарихшысы және Мэриленд университетінің профессоры Сара Кэмерон – тарихымызда "Ашаршылық" атауымен белгілі осы нәубетті зерттеген ғалым. Оның Йель университетінде осы тақырыпқа арналған докторлық диссертациясы екі ғылыми жүлдеге ие болыпты. Зерттеу нәтижесі - "Аштық жайлаған Дала: Ашаршылық, Зорлық және Кеңестік Қазақстанды орнату" атауымен 2018 жылдың қараша айында кітап болып шықты.

Мен Сара Кэмеронмен 2006 жылы Индиана Университетінде "Қазақ тілі және мәдениеті" пәнінен сабақ беріп жүргенде кездескен едім. Ол кезде Сара менің жазғы семестрдегі дәрісіме жазылып, студентім болған еді. Сол кездің өзінде Сара зерттеу жұмысын бастап кеткен еді.

Кітаптың жарық көргенін ести сала, дереу оқып шығып, Сарадан сұхбат беруін өтініп, қазақтардың көкейінде жүрген біраз сұрақтарды қойып отырмын.

Зәуре Батаева: Тарихи еңбегіңізді қазақи дүниетанымның негізі болып табылатын – "Өлі разы болмай, тірі байымайды" деген мәтелмен бастапсыз. Бұл мәтелді еңбегіңіздің этикалық-пәлсапалық түрткісі не алғышарты деуге бола ма? Ұлттық маңызы зор бұл зерттеуге шетелдіктердің кіріспеуі тиіс деп ойлайтын адамдарға не деп жауап берер едіңіз?

Сара Кэмерон: Түп негізінде, әрине, бұл кітаптың этикалық және пәлсапалық түрткісін осы мәтелмен жеткізуге болады . Ашаршылықтың тауқыметін тартқан қаншама адамның үні шықпай, олар жайлы ақпарат не ұмыт қалып, не мүлдем жоғалып кетті. Зұлмат жылдары қаза болған адам санының сұмдық үлкен екенін білеміз, бірақ бұл қасіретті оны басынан өткізген адамдардың санасы тұрғысынан түсіну қиын, әрине. Оқиғаны адам факторы тұрғысынан айқынырақ түсіну үшін, бұл кітапта қазақтардың өз дауысын барынша көп қолдануға тырыстым. Кітабым жазықсыз қаза болған жандардың рухына тағзым етуге аздаған өз үлесін қоса алса, менің көздеген мақсатым да сол деп айтар едім.

Кейбір қазақтардың өз тарихының ең бір "жанды" кезеңі жайлы шетелдіктің тарихи еңбек жазғанына күдікпен қарауы мүмкін екенін түсінемін. Бірақ кітапты оқыған соң, бұл күдігі сейіледі деп үміттенемін. Бұл маңызды тақырып жайлы жазу – мен үшін өте үлкен жауапкершілік. Мен бұл тақырыпты зерттеп, осы кітапты жазуға он жылдай уақытымды сарп еттім. Орыс, Қазақ тілдерін үйреніп, Ресей мен Қазақстанның мұрағаттары мен кітапханаларында ұзақ уақыт жұмыс жасадым. Ашаршылықты зерттеген әріптестерім - қазақ тарихшыларымен жиі кеңестім және менің еңбегім осы серіктестіктен көп нәрсе ұтқанын ерекше атап өткім келеді.

ҚОСЫМША МАҚАЛА: Ашаршылық ақиқатына жаңа көзқарас

Мысалға Америка тарихын алатын болсақ, оны әртүрлі ұлт өкілдері зерттегені белгілі. Aлексис Токвильдің "Америка демократиясы" атты еңбегі әлі күнге дейін Американың тарихы саласындағы ең іргелі еңбектердің бірі болып табылады. Бірақ Токвиль америкалық емес, француз екені баршаға аян. Мен, әрине, өзімді Токвильге теңеуден аулақпын. Бірақ, менің "сырт көзқарасымның" кейбір жағдайларда басымдылығы зор деп ойлаймын: қазақ мәдениетінде тәрбиеленген тарихшылар байқай алмайтын тенденциялар мен тақырыптар маған айқынырақ көрінуі мүмкін.

Сара Кэмерон

Зәуре Батаева: Кітабыңызды Қазақстанда 1929-1933 жылдары орын алған "Ашаршылық" зобалаңына арнапсыз. Қазақтар арасында "Ашаршылық" атауымен белгілі бұл кезең – өте аз зерттелген тақырып. Кеңестік Режим кезінде ең үлкен табу саналған бұл тақырыпты Кеңес тарихшыларына зерттеуге тыйым салынды. Бұл жайлы Қазақтар үйде ғана сыбырласып, бірен-саран батыл жазушылар ғана өз көркем шығармаларында бүркемелеп жаза алды.