«Моңғолдың құпия шежіресінде» Шыңғыс ханның есімі қате жазылған ба?

Бөлісу

20.02.2026 1997

Моңғолдардың арасында Шыңғыс есімді ер адамдар сирек.


Түркия Республикасының үшінші ірі қаласы, ірі мәдениет және ғылым орталығы - Измир қаласының орталық алаңында Шыңғыс ханның ескерткіші бар екен. Түрік халықтарының арасында Шыңғыс (Cengiz) есімі өте кең таралған, статистика бойынша 20 мыңнан аса адам осы есімді иеленген. Құбылай есімділер де бірнеше мың. Бір жарым мың жыл бұрын Моңғол үстіртінен батысқа қоныс аударған олардың арасында Орхон, Туул сияқты есімдер де кездеседі.

Шыңғыс (Chinggis/Chingiz) есімі Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан секілді түркі тектес халықтар арасында да жиі ұшырасады. Бізге жақсы таныс кеңестік қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов бар. Ал моңғолдардың арасында Шыңғыс есімді ер адамдар сирек.

Соған қарамастан, Шыңғыс ханның шын есімі немесе көпшілік пікірінше бала күнгі аты саналатын Тэмүүжин соңғы жылдары Моңғолияда кең таралған. Статистика бойынша шамамен 7 мыңға жуық Тэмүүжин бар, яғни әрбір 420 азаматтың бірі ұлы ханның есімін иеленген. Тэмүүжин есімділерді жақындары Тэмка, Тэмүү, Тэмүүхэй, Тээгий деп қысқартып атайды. Ал дыбысталуы ұқсас Тэмүүлэн есімі шамамен 15 мың адамда тіркелген, бұл екі есе көп.

Кейбір тарихи деректерде Есугей батыр татар тайпасының Тэмүүжин-Үгэ атты батырын тұтқындап әкелген кезде ұлы дүниеге келгендіктен, соның атымен атағаны айтылады. Бұл моңғолдардың жаңа туған балаға «жаудың атын беру» дәстүрімен байланысты болуы мүмкін деген жорамал бар.

Тэмүүжин есімі көне моңғол-түрік тіліндегі «Темір» (Temür) сөзінен шыққан. Ұйғыр жазулы моңғол әліпбиінде темір «тэмүр» деп жазылады. Бұл тек металл атауы ғана емес, күш-қайрат пен беріктіктің нышаны. 1162 жылы туған Шыңғыс хан осы есіммен әлем тарихында мәңгі қалды. Бүгінде де моңғолдар балалары батыл, қайсар болсын деген ырыммен осы есімді қояды. Тэмүүжин атауы «Темірші» немесе «Темірдей берік адам» деген мағынаны білдіреді.

Бұл есім алғашында ұйғыр жазулы моңғол әліпбиімен жазылған болуы ықтимал. Кейін «Моңғолдың құпия шежіресі» қытай иероглифтерімен транскрипцияланған. Мағына жағынан алғанда, адамзат тарихында ең кең таралған есімдердің бірі - «темір», «темірші», «ұста» ұғымдары.

АҚШ-та екі миллион Смит, Англияда жарты миллион адам бар. Неміс тіліндегі Шмидт те сол мағынаны білдіреді. Францияда Фабр, Италияда Ферраро, Испанияда Эрреро, Португалияда Ферро, Ресейде Ковалёв, Кузнецов, Хорватияда Ковач, Польшада Ковальский, Украинада Коваленко, араб елдерінде Хаддад, Жапонияда Кажия, парсы тілінде Заргар, түрікше Демирчи, Грузияда Мхедишвили, Арменияда Тарпинян - бәрі де «темір», «ұста» мағынасын береді.

Моңғол және түркі тілдерінде «р» дыбысы анық айтылады. Егер Тэмүүжин есімі «тэмүр» (темір) сөзінен шықса, онда неге соңғы «р» дыбысы түсіп қалған? 1206 жылға дейін, қырық жасына дейін Шыңғыс хан Тэмүжин аталып келсе, моңғолдар сол уақытқа дейін есімін «р»-сыз айтқан болуы мүмкін бе? 1240 жылы, яғни Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейін шамамен он жыл өткен соң жазылған «Моңғолдың құпия шежіресінде» есімі қате өзгертілуі мүмкін бе?

Қытай тілінде сөз соңындағы «р» дыбысы таңбаланбайды, сондықтан «Temür» сөзі «Tie-mu» түрінде берілген. Юань әулеті құлағаннан кейін, 1382 жылы Мин әулетінің бас кезінде «Моңғолдың құпия шежіресі» моңғол тілінен қытай иероглифтерімен көшіріліп сақталған. Сол нұсқада Тэмүржин 铁木真 - Тэмүжин деп жазылған.

Ұйғыр жазулы моңғол әліпбиі Шыңғыс хан дәуірінде ұйғыр жазуынан алынған делінеді. Алайда XIV ғасыр басында Чойжи-Одсэр бірыңғай емле жасағанға дейін бұл жазу толық қалыптаспаған болуы мүмкін.

Сондықтан да табылған жалғыз ескерткіш - Шыңғыстың тас жазуын ғалымдар әртүрлі оқиды. «Моңғолдың құпия шежіресінің» моңғолша түпнұсқасы жоғалған деген болжам бар. Кейбір зерттеушілер оны әуелде жазбаша емес, ауызша тараған шығарма болған деп санайды. 1368 жылы Юань империясы құлағанға дейін әлемде үстемдік еткен моңғолдардың өз тарихының басты туындысын жоғалтып алуы қаншалықты қисынды?

Мин әулетінің алғашқы императоры Чжу Юаньчжан моңғолдардың жүз жылдық үстемдігін жек көргендіктен, моңғол тіліндегі түпнұсқаны жойған болуы мүмкін бе?

Қытайша «жэнь» (rén) 人 - «адам» деген мағына береді, сондай-ақ «ізгілік», «қайырымдылық» ұғымдарын білдіреді. Моңғол тілінде -чин, -ч жұрнақтары кәсіп немесе текті білдіреді: төмөр+чин, уул+чин, дуу+чин, найраг+ч, зохиол+ч. Ал -жин жұрнағы кейде мал жынысын білдіретін сөздерде кездеседі. Осыдан «Тэмүүжин әйел есімі болуы мүмкін» деген жорамал да бар.

Бірақ басты сұрақ: неге «Төмүрчин» (Темірші) емес, «Тэмүүжин»? Түрік тілінде темірші - Demirci (демир - темір, -чи - кәсіптік жұрнақ). Қытай тіліндегі jin (金) - «алтын» дегенді білдіреді, алайда Тэмүүжин есіміндегі 真 иероглифі тек дыбыстық сәйкестік үшін алынған болуы ықтимал. Демек, қытай транскрипциясы Tie-mu-zhen (铁木真) моңғолша бастапқы дыбысталудың Тэмүржин болғанын меңзейді.

Қытай жазуын қабылдаған жапондар «адам» сөзін «хито» деп оқығанымен, өздерін «нихон-жин» деп атайды. Мұндағы -жин жұрнағы да тиесілік мән береді. 職人 (shokunin) - шебер, ұста.

Тэмүүжин, Шыңғыс сияқты есімдердің мағынасы, бастапқы дыбысталуы мен шығу тегі әлі де тереңірек зерттеуді қажет етеді.

Моңғол тарихшысы 

Бат-Эрдэнийн Батбаяр (Баабар) 

Мақаланы қазақша аударған 

Сайран қажы Қадырұлы

Бөлісу