Алаш орда мұрасы мен Жошы ұлысының тарихи сабақтастығы талқыланды

Бөлісу

09.10.2026 153

2026 жылғы 9 қазанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Алаш орда: біртұтас түркі әлемнің қайта жаңғыруы және Жошы ұлысының тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми жиын қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және ЕҰУ жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының 20 жылдығына арналды.



Конференцияны Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың «Алаш» мәдениет және рухани даму институты мен «Алтын Орда өркениеті» кафедрасы, «Қазақ тарихи қоғамы» қоғамдық қоры және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдастырды. Жиынның негізгі мақсаты – Алаш қозғалысының саяси, зияткерлік және мәдени мұрасын түркі мемлекеттілігінің тарихи тәжірибесімен сабақтастыра қарастыру, Алаш қайраткерлерінің ұлттық мемлекеттілік туралы көзқарастарын зерделеу және Жошы Ұлысының тарихи мұрасын қазіргі ғылыми зерттеулер тұрғысынан пайымдау. Конференцияның пленарлық мәжілісін ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Құрылтайының депутаты Дихан Қамзабекұлы жүргізді.

Пленарлық мәжілісте Алаш тарихын жаңа деректер негізінде қайта зерделеу, ұлттық мемлекеттілік идеясының қалыптасуы, Алаш қозғалысының саяси субъектілігі және оның түркі халықтарының қоғамдық-саяси тарихымен байланысы секілді мәселелер қарастырылды.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, PhD докторы Сұлтан Хан Аққұлы «Алаш Республикасы: ескі және тың деректер, бейтарап саралау және әділ тұжырым» тақырыбында баяндама жасап, Алаш қозғалысы жайлы тың ойлар айтты:  

«Биыл тәуелсіздігіміздің отыз бес жылдығы аталып өтеді. Сонымен қатар, бұл жиын Қазақстанда Алаш қозғалысын зерттеу үшін құрылған Алаш ғылыми-зерттеу институтының жиырма жылдығына арналады. Енді мен ұзақ сөйлемей, баяндамамды қысқаша ғана баяндап өтейін. Баяндамамның тақырыбын «Алаш республикасы: ескі және тың деректерді саралау және әділ тұжырым» деп қойдым.
Ең алдымен, 1905 жылғы 9 мамырда Әлихан Бөкейхан бастаған алғашқы құрамның қазақ қозғалысын құруға қатысты ұсынысын атап өткім келеді. Бұл туралы Әлихан Бөкейханның орыс ғалымы Григорий Потанинге 1905 жылғы 11 мамырда жазған хатында айтылады. Онда: «Сібір облыстары қозғалысының негізінде қазақтың атқа мінер азаматтарын бас қосып, осы қозғалыстың филиалын құрамын деп сеніп отырмын», – деген мазмұндағы ой білдірілген.
Екіншіден, Алаш атауын тек қазақтың этнонимімен ғана байланыстыру жеткіліксіз. Біз осыған дейін зерттеуші ғалымдардың еңбектерінде Алаш атауының мағынасына қатысты түрлі пікірлерді кездестіріп келеміз. Алашты қазақтың этнонимімен ғана байланыстырып қоюға болмайды. XIII ғасырда қазіргі қазақ жерінде дүниеге келген түркі тайпалары бірлігінің атауы ретінде «Алты Алаш» ұғымын қарастыруымыз керек. Бүгін осы бағыттағы пікірімді ұсынамын.
Үшіншіден, Алаш және Алашорда мәселесіне тоқталайын. Өздеріңіз білесіздер, 1917 жылғы 5–13 желтоқсанда Орынборда өткен Екінші жалпықазақ-қырғыз съезінде Алаш автономиясын құру туралы тарихи шешім қабылданды. Назар аударсаңыздар, әдетте үкіметке арнайы атау берілмейді. Оны кеңес, министрлер кабинеті немесе үкімет деп атайды. Ал Алаш қайраткерлері үлкен сақтықпен әрі болашақты болжай отырып, Алаш республикасының үкіметіне, яғни Алашорда халық кеңесіне, «Алашорда» деген атау беріп отыр.
Бұл Алашорда атауының негізінде болашақта мемлекет Алаш республикасы емес, Алашорда мемлекеті деп аталуы мүмкін деген ой жатыр. Мысалы, 1919 жылы Жапонияға Алашорда үкіметі атынан жіберілген хатта: «Алашорда атауын біз XIII ғасырда жүз елу жыл өмір сүрген Жошы ұлысы немесе қазір Алтын Орда деп белгілі мемлекеттің құрметіне алып отырмыз», – деген мазмұндағы пікір айтылған. Яғни осыдан тура алты жыл бұрын Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінің төртінші нөмірінде Жошы ханның төрт ұлына жер бөліп бергені туралы жазады. Оның үлкен ұлына берілген жер қазіргі қазақ даласын және болашақта Алтын Орда деп аталатын империяның аумағын қамтыған. Жошы ханның қол астында алты ірі ру болғаны айтылады. Сондықтан «Алты Алаш» атауының шығуын осы тарихи жағдаймен байланыстыруға болады. Сонымен қатар, Жошы ұлысы Жошы ханның атымен аталған.
Демек, Жошы ұлысының негізін қалаушы Жошы хан болса, оның идеялық негізі Алты Алаштың ордасы, яғни Алашорда ұғымымен байланысты болуы мүмкін. Өздеріңіз білесіздер, Алтын Орда туралы зерттеулерде оның атауы мен тарихи орталығына қатысты түрлі пікірлер бар. Осы тұрғыдан алғанда, бұл мемлекеттің Алашорда деп аталуға тиісті болғаны туралы тұжырымды да қарастыруымыз керек.
Сонымен, Алаш және Алашорда республикасы мәселесін тек бірыңғай қазақ мемлекеттілігі тұрғысынан қарастырмай, қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек және басқа да түркі халықтарының тарихи байланыстары аясында зерделеу қажет. Егер Алашорда үкіметінің құрылуы мен біртұтас мемлекет құру туралы ұмтылысын осы тұрғыдан қарастыратын болсақ, онда халықтардың басын қосу, тарихи бірлікті қайта жаңғырту мақсаты болғанын көруге болады.
Үшіншіден, Алаштың құрылған кезеңіне қатысты мәселеге тоқталайын. 1917 жылғы 13 желтоқсаннан бастап 1920 жылғы 26 тамызға дейінгі аралықта Алаштың мемлекеттік құрылымына қатысты деректерді толық саралауымыз қажет. Ресейдің орталық билігіне тәуелді емес, федералдық биліктен тыс, классикалық егеменді республика құруға ұмтылғаны – тарихи тұрғыдан маңызды мәселе. Демек, бұдан былай әдебиеттерде, оқулықтарда және ғылыми зерттеулерде Алашты Кеңес үкіметінің идеологиялық ұстанымы мен саяси үгіт-насихатына сәйкес автономия ретінде ғана көрсетумен келіспей, оны Алаш республикасы немесе Алашшыл республика ретінде қарастыруымыз керек. Соған орай, 1917 жылғы 13 желтоқсанды егеменді ұлттық мемлекеттілікті қайта құруға бағытталған тарихи кезеңнің басталуы ретінде бағалау дұрыс болар еді деп ұсынамын.
Келесі мәселе – Алаш және Алашорда республикасының тарихи маңызы. XIII ғасырда қалыптасқан Жошы ұлысы мен оның тарихи-саяси маңызы қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасымен байланыстыратын тарихи әрі саяси көпір қызметін атқара алады.
Алаш республикасының тарихи маңызына тоқталғанда, Алашорданың большевиктермен арадағы 1918–1920 жылдардағы қарулы қақтығыстарын да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Біз бұл оқиғаларды әлі күнге дейін кеңестік идеология тұрғысынан талдап, азамат соғысы деп қарастырамыз. Негізінде, бұл оқиғаларды Кеңес үкіметін мойындамаған Алашорда билігінің өз аумағындағы саяси және әскери қарсыласуымен байланыстыра қарастыруымыз қажет.
Алаш үкіметінің большевиктерге қарсы күресін тарихи тұрғыдан әділ бағалауымыз керек. Бұл мәселеге қатысты көзқарасымыз әлі күнге дейін біржақты болып келеді», - деді ғалым.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ЕҰУ тарих факультетінің Алтын Орда кафедрасының меңгерушісі Махсат Алпысбес «Ұлттық тарих: Алаш қозғалысы көсемдерінің ел болу ұстанымы мәселесінің өзектілігі» тақырыбын талқылауға ұсынды.


«Бүгінгі осындай ғылыми шараға қатысуға ниет білдірген баршаңызға ризашылығымызды білдіреміз. Міне, бірнеше орталықтың бастамасымен бүгін ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына арналған конференцияны бастап отырмыз. Бұл шара бірнеше маңызды мәселеге арналған. Біріншіден, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 160 жылдығы. Екіншіден, Еуразия ұлттық университетінің құрылғанына 30 жыл және Алаш мәдениеті мен рухани даму институтының құрылғанына 20 жыл толып отыр.
Осы бастамалардың басында тұрған, бізге сөз берген профессор Дихан Қамзабекұлына үлкен рақмет айтамыз. Енді өздеріңіз білесіздер, менің қысқаша сөзімдегі негізгі мақсат – бүгінгі шараның міндеттерін ұйымдастырушы ретінде таныстырып өту. Сонымен қатар, конференцияны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен университет басшылығына алғысымызды білдіреміз.
Одан кейін осы университеттің іргесінде алғаш рет ашылып отырған «Алтын Орда өркениеті» кафедрасына тоқталғым келеді. Қазақстандық қоғамда тарихи сананың сапасын дамыту үшін не қажет десек, мемлекет тарихын насихаттап, толық зерделенбей қалған тарихи мәселелерді қозғауымыз қажет деп айтар едім. Міне, биылғы жылғы 19 мамырда «Алтын Орда – Ұлы дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет бірегейлігі» тақырыбында халықаралық симпозиум өтті. Бұл симпозиумды ұйымдастыруға мемлекет басшылығы қолдау көрсетті. Мемлекет басшысы, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та осы мәселеге ерекше назар аударды. Симпозиумға шетелден Алтын Орда дәуірін зерттеген көптеген тарихшы-мамандар мен ғалымдар қатысты. Қонақтардың қатарында Ұлы Ұлыс – Алтын Орда, Жошы ұлысының тарихын зерттеп жүрген танымал ғалымдар болды. Симпозиумның басты баяндамасында мынадай маңызды мәселе айтылды: жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда мыңдаған жылдарға созылатын Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз екені нақты көрсетілген. Өйткені біз мемлекет ісінде «Мәңгілік ел» идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз. Алтын Орда тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеу XIX ғасырда бастау алғанымен, әлі де шешімін таппаған мәселелер аз емес. Бұл – ғылым мен тарихшылар үшін маңызды міндеттердің бірі.
Әйгілі ғалымдар, соның ішінде осы университеттің аты берілген Лев Гумилев немесе қазақ тарихы мен мәдениетінің көрнекті зерттеушісі Әлкей Марғұлан Еуразияның кең даласының тарихы мен мәдениетін, көшпелілер тарихын зерттеуге үлкен үлес қосты. Олар әлемдік деңгейдегі ғылымға елеулі үлес қосқан тұлғалар. Олардың ғылыми ізденістері мен еңбектері қазақ тарихы мен Ұлы дала өркениетін шынайы деректер негізінде зерделеуге мүмкіндік береді.
Осындай бастамалардың аясында биылғы 1 қыркүйектен бастап Еуразия ұлттық университетінің жанынан «Алтын Орда өркениеті» кафедрасы жұмыс істей бастады.
Енді осы кафедраны қысқаша таныстырып өтейін. Бұл – алғаш рет құрылып отырған кафедра. Ол республика көлемінде ғылыми-әдістемелік орталық қызметін атқаруды мақсат етеді. Кафедра туралы қысқаша мәлімет беретін болсақ, оның алдына қойылған міндеттері мен мақсаттары бар. Біздің міндетіміз – ғылыми-әдістемелік бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру. Қазіргі кезде кафедраның ұжымы шағын болғанымен, алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Солардың бірі – білім беру бағдарламасын ашып, Алтын Орда мен әлем тарихын, дүниежүзі тарихын зерттейтін мамандар даярлау, медиевистика саласы бойынша білім алушыларды оқыту. Сонымен қатар, деректерді зерттеу жүйесін жетілдіруіміз керек. Шығыс деректері өте көп, соларды ғылыми айналымға енгізуіміз қажет», - деп, ғалым «Алтын орда» кафедрасының негізі мақсат-міндеттеріне айрықша тоқталды.


Алаш қозғалысының географиялық ауқымы мен халықаралық байланыстары да конференцияның маңызды тақырыптарының бірі болды. Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зайнидин Құрманов «Алаш» партиясының қырғыз (Пішпек) филиалы туралы баяндады.  Ғалым Алаш партиясының тарихын зерттеу мен оның саяси қызметіне тарихи баға беру мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, Алаш қозғалысы кеңестік кезеңдегі тарихи еңбектерде көбіне Кеңес өкіметінің басты қарсыластарының бірі ретінде сипатталып келді. Сондықтан Алаш партиясының тарихын біржақты идеологиялық түсіндіруден арылтып, тарихи деректер негізінде қайта зерделеу қажет. Ғалым Алаш партиясының тарихын зерттеуде дереккөздердің сақталуы мәселесіне де назар аударды. Оның сөзінен аңғарылғандай, кейбір зерттеушілер үшін партияның төл құжаттарының сақталмауы немесе оларға қол жеткізудің қиындығы елеулі кедергі болған. Осыған байланысты Алаш тарихын қалпына келтіруде естеліктерге, мерзімді баспасөз материалдарына және Қазақстанда жарияланған ғылыми еңбектерге сүйенуге тура келген. Сонымен қатар, ғалым тарихи тұлғаларды саяси тұрғыдан ақтау және олардың қоғамдық қызметіне әділ баға беру мәселесін көтерді. Ол осы бағытта ұзақ уақыт бойы жұмыс жүргізгенін, бірқатар тұлғалардың есімдерін ақтау мен олардың мұрасын ғылыми айналымға қайтару оңай болмағанын атап өтті.
Баяндаманың тағы бір маңызды қыры – тарихты зерттеудегі ғылыми және саяси ұстанымдардың арақатынасы. Ғалымның пайымдауынша, бұрынғы идеологиялық шектеулер тарихи тұлғалардың қызметін объективті бағалауға кедергі келтірген. Сондықтан олардың мұрасын қазіргі ғылыми талаптар тұрғысынан қайта қарастыру қажет. Алаш партиясының тарихын кеңестік идеология қалыптастырған бағалар шеңберінде ғана қарастырмай, қолда бар тарихи деректерді, естеліктерді және баспасөз материалдарын салыстыра отырып зерттеу керек. Сонымен бірге, Алаш қайраткерлерінің саяси қызметі мен тарихи мұрасына әділ баға беру, негізсіз айыптауларды қайта қарастыру және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру маңызды.

ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, заң ғылымдарының кандидаты Еркеш Нұрпейісов Әлихан Бөкейханның басқару нысаны мен Алаш Республикасының мемлекеттік құрылымы туралы көзқарастарын қарастырды. Башқұртстаннан қатысқан тарих ғылымдарының докторы, профессор Роза Буханова мен Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Илияс Айтмұхан Әлихан Бөкейханның саяси қызметін башқұрт ұлттық қозғалысының жетекшісі Ә.-З. Вәлиди Тоғанның естеліктері негізінде талдады. Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған Вәлиди Тоған естеліктеріндегі Алаш қайраткерлерінің саяси қызметіне тоқталды. Конференцияның халықаралық сипаты түркі халықтарының тарихын әртүрлі елдердің ғылыми дәстүрлері аясында зерделеуге мүмкіндік берді. Түрік-жапон орталығының басшысы Ердал Кучукалчин жапон ғалымдарының түркі халықтары мен Орталық Азия тарихына қатысты зерттеулерін тарихнамалық тұрғыдан қарастырды. 

Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдуақап Қара «Әлихантану: қалыптасу үдерісі және болашақ зерттеу бағыттары» тақырыбында баяндама жасады.


«Құрметті әріптестер, қадірлі қонақтар!
Ең алдымен, Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына арналған осы халықаралық ғылыми конференцияны ұйымдастырып отырған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басшылығына, Алаш мәдениеті және рухани даму институтына, «Алтын Орда өркениеті» кафедрасына, Қазақ тарихи қоғамына және осы шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін.
Бүгін мен Әлихан Бөкейхан мұрасын зерттеу, яғни әлихантанудың қалыптасу үдерісін бірнеше тарихи кезеңге бөліп қарастырып, соңында осы ғылыми бағыттың болашақтағы зерттеу міндеттеріне тоқталғым келеді.
Жалпы алғанда, әлихантануды бес кезеңге бөліп қарастыруға болады. Алтыншы кезең ретінде қазіргі технологиялық мүмкіндіктерді, атап айтқанда, жасанды интеллектіні және цифрлық тарих әдістерін пайдалану мәселесін қарастыруға болады.
Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі күні жасанды интеллект әртүрлі мамандық салаларына еніп жатыр. Ол біздің ғылыми зерттеулерімізде де қолданыла бастады. Сонымен қатар, цифрлық тарих немесе сандық тарих деп аталатын бағыт та кеңінен таралып келеді. Дегенмен, бұл әдістер әлі де қалыптасу және даму үстінде. Сондықтан жаңа әдістерді Алаш тарихын зерттеуде қалай қолдануға болатыны және олардың бізге қандай пайда әкелетіні туралы мәселеге қысқаша тоқталғым келеді.
Конференцияда баяндама жасауға он минут уақыт берілгендіктен, негізгі мәселелерге қысқаша тоқталайын.
Бірінші кезең – 1920–1930 жылдардың алғашқы жартысы.
Бұл кезеңде, өздеріңіз білетіндей, Алаш туралы бірқатар кітаптар мен еңбектер жарық көрді. Мысалы, Баршагоп Мартыненко және басқа да зерттеушілердің еңбектерін атауға болады. Алайда олар Алаш қозғалысын негізінен кеңестік идеология тұрғысынан қарастырды.
Мұнда бір парадокс бар. Алаш қозғалысын сынай отырып, сол еңбектерде оның саяси қызметіне қатысты маңызды деректер де жарияланды. Осылайша, Алашты идеологиялық тұрғыдан терістеу әрекеттерінің өзі кейінгі зерттеулер үшін белгілі бір дереккөздер қалыптастырды.
Екінші кезең – 1930 жылдардың екінші жартысынан 1980 жылдардың ортасына дейінгі уақыт.
Бұл – Алашты зерттеу аса қиын болған кезең. Алаш қайраткерлерінің есімдерін атауға тыйым салынды, олардың кітаптары оқылмады, еңбектері ғылыми айналымнан шығарылды. Мұндай жағдай 1980 жылдарға дейін жалғасты.
Қазақстанда Алаш туралы ашық түрде айту және оны ғылыми тұрғыдан зерттеу мүмкіндігі шектелгенімен, шетелдегі қазақ эмиграциясы арасында алаштану жалғаса берді.
Бұл ретте Зәки Уәлиди еңбектерін, сондай-ақ Мұстафа Шоқайдың «Яш Түркістан» басылымындағы мақалаларын атап өтуге болады. Алаш және Түркістан тарихына қатысты мәселелер шетелдегі эмиграциялық басылымдарда талқыланып отырды.
Сонымен қатар, 1950 жылдары Германияда және басқа да елдерде Түркістан тарихына қатысты ғылыми зерттеулер жүргізілді. Эмиграцияда, әсіресе Түркияда, қазақ зиялылары Алаш мәселесіне арналған мақалалар жазып, кітаптар шығарды. Олардың қатарында Хасан Оралтай, Халифа Алтай және басқа да азаматтар болды.
Үшінші кезең – 1980 жылдардың екінші жартысынан Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейінгі уақыт.
Бұл – бұрынғы тыйымдардың біртіндеп жойылып, Алаш қайраткерлерін ақтау үдерісі басталған кезең. Алаш тарихына қатысты мәселелер қоғамдық және ғылыми кеңістікке қайта орала бастады.
Қайта құру кезеңінде бұрын жариялауға мүмкіндік болмаған еңбектер жарық көріп, тарихтағы ақтаңдақтарды зерттеуге жол ашылды. Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне қатысты деректер қайта қарастырылып, олардың мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу басталды.
Төртінші кезең – Қазақстан тәуелсіздігі жылдарындағы әлихантанудың қалыптасуы.
Тәуелсіздік кезеңінде Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметіне, оның саяси және ғылыми мұрасына арналған зерттеулер кеңінен жарық көрді.
Бұл кезеңде Кенес Нұрпейісов, Мәмбет Қойгелдиев, Сұлтанхан Аққұлы, Дихан Қамзабекұлы және басқа да зерттеушілердің еңбектері ерекше маңызға ие болды. Олар Алаш қозғалысының тарихын, Әлихан Бөкейханның қоғамдық-саяси қызметін және оның ұлттық тарихтағы орнын зерттеуге елеулі үлес қосты.
Бесінші кезең – Әлихан Бөкейхан мұрасының деректік қорын жинақтау және жүйелеу кезеңі.
Бұл кезеңде Әлихан Бөкейханның мұрасына қатысты деректерді кең көлемде жинау, оларды жүйелеу, қайта тексеру және ғылыми айналымға енгізу жұмыстары жүргізілді.
Осы конференцияны ұйымдастыруға атсалысып отырған Сұлтанхан Аққұлының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Өздеріңіз білесіздер, Әлихан Бөкейханның мақалалары, хаттары және ол туралы деректерді қамтитын көптомдық жинақтар жарық көрді. Бұл еңбектер зерттеушілер үшін таптырмас ғылыми құрал болып табылады.
Мұндай жұмыстар тек Әлихан Бөкейхан мұрасымен шектелмейді. Мысалы, Мұстафа Шоқай туралы көптомдық еңбектер, Мәмбет Қойгелдиевтің Алашорда тарихына қатысты зерттеулері, сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы мен басқа да Алаш қайраткерлерінің шығармаларын жинақтау жұмыстары жарық көрді.
Мен өзім де докторлық диссертациямды жазу барысында «Яш Түркістан» журналының сандарын іздестіру кезінде көп қиындыққа тап болдым. Оның толық жинағын табу оңай болған жоқ. Материалдардың бір бөлігін кітапханалардан, бір бөлігін Анкарадан, тағы бір бөлігін жеке адамдардан іздеп жинауға тура келді. Нәтижесінде журналдың 117 санын түгендеп, диссертациямда пайдаландым.
Одан кейін басқа зерттеушілер де осындай қиындықтарға тап болмасын деген мақсатпен сол 117 санның фотокөшірмелерін жинақтап, электрондық тасымалдағышқа орналастырдым. Оны келген ғалымдарға тегін таратып, ғылыми айналымға енгізуге тырыстым.
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Осы уақытқа дейін әлихантанудың қалыптасу кезеңдеріне қысқаша тоқталдым. Енді алдағы уақытта Алаш тарихын зерттеуде цифрлық немесе сандық технологияларды пайдаланудың қандай мүмкіндіктері бар екеніне назар аударғым келеді.
Бүгінгі таңда тарихи деректердің үлкен көлемін жинау, оларды жүйелеу, өзара салыстыру және талдау үшін жаңа технологиялардың маңызы артып отыр. Жасанды интеллект пен цифрлық тарих әдістері Алаш қайраткерлерінің еңбектерін іздестіруге, мерзімді басылымдарды жүйелеуге, тарихи тұлғалар арасындағы байланыстарды анықтауға және бұрын зерттелмеген деректерді ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік бере алады.
Әрине, мұндай технологияларды қолданғанда деректердің түпнұсқалығын тексеру, тарихи контексті сақтау және ғылыми дәлдікке мән беру қажет. Жасанды интеллект зерттеушінің орнын алмастырмайды, бірақ оның жұмысын жеңілдететін қосымша құрал бола алады.
Сондықтан алдағы уақытта әлихантану мен жалпы Алаш тарихын зерттеуде цифрлық деректер қорын қалыптастыру, тарихи басылымдарды электрондық форматқа көшіру және оларды ғылыми тұрғыдан талдау бағыттарын дамыту қажет деп есептеймін», - деді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шақырылған профессоры, жапон ғалымы Ниномия Такаши «Шыңғыс-нама» шығармасының екі қолжазбасындағы морфологиялық және лексикалық ерекшеліктерді талдады. Ояма колледжінің Ұлттық технология институтының қауымдастырылған профессоры Хироюки Нагаминэ Османдық Ларидің «Мират әл-адвар уа миркат әл-ахбар» дерегіндегі Жошы ұрпақтарының сипаттамасына назар аударды. Бұл баяндамалар ортағасырлық жазба мұраларды тілдік және деректанулық тұрғыдан зерттеудің маңызын көрсетті. Жошы Ұлысының тарихи мұрасы конференцияның екінші ірі ғылыми бағытын құрады. Ұлы Даладағы саяси кеңістіктің ұйымдастырылуын, ортағасырлық мемлекеттік құрылымдардың тарихын және олардың тарихи тәжірибесін зерделеу тұрғысынан маңызды.
Конференция барысында Алаш қозғалысы мен Жошы Ұлысының мұрасын бір ғана тарихи кезеңнің шеңберінде емес, Ұлы Даладағы саяси және мәдени дәстүрлерді зерттеудің кең ауқымды мәселелерімен байланыстыра қарастыруға басымдық берілді. Алаш қайраткерлерінің ұлттық мемлекеттілік, қоғамдық басқару, тіл мен мәдениетті сақтау жөніндегі идеялары ХХ ғасыр басындағы тарихи жағдаймен сабақтастықта талқыланса, Жошы Ұлысының тарихы ортағасырлық мемлекеттік құрылымдар мен тарихи деректерді зерттеу аясында қарастырылды.


Ғылыми жиын аясында кітаптардың салтанатты тұсаукесері өтіп, конференция жұмысы қорытындыланды. Қатысушылар естелік суретке түсіп, халықаралық ғылыми кездесуді түйіндеді. Конференция Алаш мұрасын зерттеудің жаңа бағыттарын айқындау, тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу және Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Жапония, Моңғолия мен Башқұртстан ғалымдары арасындағы ғылыми байланыстарды дамыту тұрғысынан маңызды алаң болды. Жиында көтерілген мәселелер Алаш тарихын, Жошы Ұлысының мұрасын және түркі халықтарының тарихи-мәдени байланыстарын өзара сабақтастықта зерттеудің өзектілігін көрсетті.

Суреттер enu.kz алынды

Бөлісу