Тан империясының билеушілері түркі-алтай тілінде сөйлегені рас па?

Бөлісу

08.10.2026 220

Тан әулетінің тегі түркі-алтай көшпелі халықтарына тиесілі болған. 


Тан империясының бастапқы кезіндегі орда тілі қандай тіл еді?

Біріншіден, Ли Шиминнің қай тілде сөйлегенін бағаламас бұрын, оның этникалық тегін анықтауымыз керек. Қытай тарихындағы ең ұлы әулеттердің бірі — Тан әулетінің қаны толығымен хань қытайларына жатпайтын; тіпті оның құрамында хань емес, атап айтқанда, көшпелі халықтардың өкілдері де болды («хань емес» термині кемсітушілік емес, басқа этникалық азшылықтарға арналған жалпы термин). Сюй Цзянвэй сияқты танымал қазіргі заманғы тарихшылардың зерттеулеріне сәйкес, Тан әулетінің тегі түркі-алтай көшпелі халықтарына тиесілі болған. Әрине, мұнда айтылған түріктер — сол кездегі Солтүстік Азияның моңғол нәсілді түркілері, олар шаманизмді ұстанған, кейін ислам дінін қабылдаған, ал келбеті парсыларға ұқсайтын түркі тектестерге жатпайтын.

Тан императоры Гаоцзудың жетінші буын атасы Ли Юань Цзинь әулетінің соңында Чжанье аймағындағы (бұрынғы Юэчжи аумағы) Батыс Лян патшалығының «Лянву Чжао патшасы» болған Ли Хао деп аталған. Батыс Лян патшалығын Сяньби көсемі Туфа құрып, кейінірек оны Оңтүстік Сионнудың (ғұн тәңірқұтының) Шаньюйі Джуцюй Менсюнь қосып алды. Солтүстік Вэй әулетінің тарихы бойынша, Батыс Лян құлағаннан кейін, Ли Гаоның ұрпағы Ли Фан Алтай тауларындағы жужандардан пана іздеді: «Фанның аты — Шицзю (Сюйту), сондай-ақ Уцзян деп те аталады, Ивуға (Алтай таулары) қашып, жужандар хандығының адамына айналды». Осылайша, Ли Фанның ұрпақтары осы кезден бастап жужандардың генін ала бастады.

Ли Фанның ұлы кейінірек Туоба руының (табғаштардың) қол астындағы Солтүстік Вэй әулетіне қосылып, «Батысты қорғайтын генерал» атанды, содан кейін Солтүстік Вэй билігі кезінде мұрагерлік дворян атағын иеленді. Солтүстік Вэй сяньби халқына тиесілі болды. Сондықтан Ли Тан әулеті де сяньбилердің генін өз қанына қосты.

Тан императоры Гаоцзудің атасы, Ли Фанның ұрпағы Ли Ху деп аталған. Ол Батыс Вэй әулетінің «мемлекеттің сегіз тірегінің» бірі болған және сонымен қатар «Тан герцогы» атағын иеленген. Ли Худың әйелі сяньби этникалық тобынан шыққан Дугу руынан еді. Ли Юаньның әкесі Ли Биннің әйелі, яғни Ли Юаньның анасы да Дугу деп аталған. Ол әйгілі қолбасшы Дугу Синьнің қызы және сяньби болған. Сондықтан Ли Юань мен оның әкесі Ли Бин сяньби тілінде сөйлеген болуы мүмкін. Ал Ли Юаньның ұлы Ли Шимин қай тілде сөйлеген? Бұл оның анасы, Ли Юаньның әйелінің этникалық тегіне тікелей байланысты болды.

Ли Юаньның әйелі тарихи түрде императрица Доу ретінде белгілі болған. Императрица Доу кім болған? Ол хань қытайы ма еді? Тарихи сарапшы Сюй Цзянвэйдің айтуынша, ол хань қытайы емес, сондай-ақ сяньби болған. «Доу» тегі хань қытайларының тегі сияқты көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде бұл — «Дугу» тегінің бірінші «Ду» буынының омофоны. Басқаша айтқанда, Ли Шиминнің әкесі, атасы және үлкен атасы таза хань қытайлары емес еді; ал анасы, әжесі және үлкен әжесі сяньбилер болатын. Сонымен, Ли Шимин бала кезінен хань қытай тілінде сөйледі ме? Керісінше, оның сяньби тілінде сөйлегені әбден мүмкін. Өйткені ол толығымен сяньбиленген ортада өсті.

Дегенмен, дәстүрлі деректер бойынша Тан императоры Гаоцзу Ли Юань Батыс Хань әулетінің қолбасшысы Ли Гуанның 23-ші буын ұрпағы болған (бұл толық дәлелденбеген). Ли Гуан хань қытайы болған, яғни Ли Шиминнің әкелік шежіресінің бір тармағы хань қытайына тіреледі. Алайда бұл есеп Ли Юаньның жетінші буын ата-бабасы Ли Гаоға негізделген, ол өзін Ли Гуанның 16-шы буын ұрпағымын деп мәлімдеген. Бұл тұжырымды қазір растау мүмкін емес. Ли Гао (351–417), Сюаньшэн, сондай-ақ Чаншэн деп те аталады, Лунсидің (қазіргі Циньань, Ганьсу) Ченджи қаласынан шыққан және Он алты патшалық кезеңіндегі Батыс Лян режимінің негізін қалаушы болған. Кейінірек сарапшылар оның хань қытайларына жақынырақ көрину үшін хань қытайлық ата-тегін әдейі ойдан шығарғанын, шын мәнінде сяньби болғанын болжайды.

Бұл болжам дұрыс болмағанның өзінде де — яғни Ли Гао шынымен Ли Гуанның ұрпағы болса да — оның ұрпағы Ли Фан Алтай тауларындағы жужандардан пана іздеді; содан кейін Ли Фанның ұлы Солтүстік Вэйдің Туоба руынан (табғаш, сяньби) пана тапты; ал оның ұрпағы Ли Ху (Ли Юаньның атасы) Батыс Вэйде беделді уәзір болды. Ли Юаньның қанына сяньбилік элементтер қатты әсер еткен. Шын мәнінде, Ли Юаньның сяньбише есімі де болған («Да Е»), бұл хань тіліндегі есім емес, стандартты көшпелі атауды білдіреді. Сонымен қатар, Ли Юаньның әкесі де, Ли Юаньның өзі де сяньби әйелдеріне үйленді, яғни Ли Шиминнің қаны мейлінше сяньбиленген еді. Сондықтан оның хань қытайлық тегі өте аз болды деуге болады. Ол бала кезінде сяньби тілінде сөйлегені анық.

Сяньбилер — ғұндардан кейін Моңғол үстіртінде танымал болған ежелгі көшпелі халық, алтай тілдерінің моңғол тармағына жатады. Вэй, Цзинь және Он алты патшалық кезеңінде әртүрлі сяньби тайпалары Орталық жазықтағы хаосты пайдаланып, Мурун, Янь, Батыс Цинь, Оңтүстік Лян және Дай сияқты мемлекеттерді құрды. 385 жылы Туоба (тобғат немесе табғаш) тайпасы Солтүстік Вэй әулетін құрып, 439 жылы Солтүстік Қытайды біріктірді. 493 жылы Солтүстік Вэйдің императоры Сяовэнь (Туоба Хун) астананы Лоянға көшірді. 534 жылы Солтүстік Вэй Шығыс Вэй және Батыс Вэй болып бөлінді. 557 жылы Солтүстік Чжоу Батыс Вэйдің орнына келді. Сяньби халқы жалпы саны он мемлекет құрды. Сонымен қатар, Цинхай және Ганьсу аймақтарында сяньбидің Мурун тайпасының бір тармағы болып табылатын Туюйхун (тұйғын) мемлекеті де болды.

581 жылы Ян Цзянь өзін император деп жариялап, әулет атауын Суй деп өзгертті, ал Солтүстік Чжоу әулеті құлады. Кейіннен негізінен сяньби халқынан тұратын бұл мемлекет жойылғанымен, олардың ұрпақтары қалып қойып, кейінірек хань қытайларымен біріге бастады. Бұл кірігу процесі Тан әулетінің көтерілуімен тығыз байланысты болды.

Дегенмен, Тан әулетінің басында сяньби халқының этникалық әдет-ғұрыптары мен тілдік ерекшеліктері әлі де айқын сақталды, өйткені ол заманда стандартты қытай тілі кеңінен тарамаған еді. Егер Тан патшалық отбасында сяньбидің күшті белгілері сақталған болса, олардың тілі де сяньби ықпалын көрсетер еді. Бұл айтылғандар тек Ли Шиминнің тегі мен этникалық шығу тегіне ғана негізделмеген, ол сяньби тілінде еркін сөйлей алғанын дәлелдейді. Оның қытай тілін де білген-білмегенін басқа тұрғыдан талдау қажет.

Біріншіден, Ли Шиминнің әйелдеріне келетін болсақ, оның бәйбішесі императрица Чжансунь болатын. Танның жаңа кітабына сәйкес, «Император Тайцзунның әйелі императрица Чжансунь Хэнаньның Лоян қаласынан шыққан. Оның ата-бабалары Солтүстік Вэйдің Туоба руынан шыққан, кейінірек император руының басшысы болғандықтан, оларға Чжансунь атағы берілген». Солтүстік Вэй императорлық руының мүшелері болып табылатын Чжансунь отбасына император Сяовэнь билігі кезінде осы тегі берілген. Зерттеулер бұл әулеттің де сяньби екенін көрсетеді. Ли Шимин неге сяньби әйеліне үйленді? Мұның көп себебі бар, соның ішіндегі басты факторлардың бірі — ортақ тіл мен мәдени жақындық еді.

Тан империясындағы тіректі ақсүйектер мен әскери билікті ұстаған әулеттердің арасында да сяньби тектілер басым болды. Атап айтқанда:

Сяньби текті әулеттер:

30–50%Хань текті, бірақ сяньби/дала ақсүйектерімен араласқандар: 30–40%Басқа текті (түркі, цян, соғды және т.б.) араласқандар: 10–20%

Бұл деректер де Ли Шиминнің бала кезінде сяньби тілінде сөйлегенін, ең болмағанда қытай тілімен қатар көшпелілер тілін де жақсы білгенін көрсетеді.

Танның ескі кітабына сәйкес, 626 жылы Елік қаған бастаған Түрік қағанаты Тан әулетіне басып кіріп, Чанъаньға қарай жылжып, қалаға жақын жердегі Угун қаласын басып алды. Елік қаған өз генералы Чжиши Силиді Чанъаньдағы Тан сарайына қауіп төндіру үшін жіберіп, өзі қала сыртындағы Вэй өзенінің солтүстік жағалауына үлкен әскермен барды. Тан императоры Тайцзун Ли Шимин Чжиши Силиді тұтқындап, содан кейін Чансун Уцзи, Фан Сюаньлин және Хоу Цзюньцзиді қоса алғанда, алты адамды Вэй өзенінің оңтүстік жағалауына бастап барып, шығыс түріктерімен кездесті де, уәдені бұзғандары үшін олардан түсінік талап етті. Сол кезде Ли Шимин өз адамдарын жіберіп, өзеннің арғы бетіндегі Елік қағанмен тікелей сөйлесті.

Цзелимен (Елік қағанмен) келіссөздер жүргізіп жатқанда, Ли Шимин генерал Юйчи Гунды әскермен бірге Цзиньянға жіберді. Юйчи Гунның әскері түркілердің сол қанатын батыл түрде жеңіліске ұшыратты. Жеңіліске ұшырағанын білген Елік қаған амалсыздан келісімге келуге мәжбүр болды. Екі жақ Вэй өзенінің көпірінде ақ боз атты құрбандыққа шалып, ант берсті (бұл көне түркі-моңғол салты еді, кейін 1199 жылы Жамұқа мен Шыңғыс ханға қарсы 13 ру одағы құрылғанда да ақ боз ат шалған). Ли Шиминнің түрік қағанымен аудармашысыз, тікелей сөйлесе алуы оның түркі тілін жеттік білгенін айқын дәлелдейді. 552 жылы құрылған Түрік қағанатының кейбір кезеңдердегі орда тілі сяньби тілімен қатар жүргенін 587 жылғы Бұғыты кешеніндегі Таспар қағанның құлыптасы мен 589 жылғы Нири қағанның құлыптасындағы жазулар да растайды.

Тарихи жазбалар Ли Шиминнің Яошань, Цишань және Лишань сияқты жерлерде жиі аң аулағанын, яғни көшпелі өмір салтына тән әдеттерді ұстанғанын көрсетеді.

Сонымен қатар, Ли Шимин Сюаньву қақпасындағы төңкерісті жоспарлаған төрт негізгі тұлғаның бәрі көшпелі тектен шыққан еді:

Чжансунь Уцзи

— императрица Чжансуньның ағасы, сяньби.Фан Сюаньлин — ата-бабасы Солтүстік Вэй әулетінің қолбасшысы болған, Чжансунь руымен туыс.Юйчи Гун — сарапшылар оның рун-ди текті түрік екенін анықтаған.Кутутун — ата-бабалары кумокси этникалық тобынан шыққан, типтік ху және түркі халқы.

Басқаша айтқанда, Ли Шиминмен бірге мемлекеттік маңызды қадамдарды жоспарлаған жақын адамдарының бәрі түркі-көшпелі тілдерінде сөйлеген. Ли Шиминнің бұл тілді білмеуі мүмкін емес еді, өйткені мұндай құпия әрекеттерге бөгде адамдарды немесе аудармашыларды қатыстыру мүмкін емес еді.

Оның үстіне, Ли Шиминнің шығыс және батыс жорықтарындағы қатал қолбасшыларының көбі (Ашина Дуэр, Ашина Миша, түркі тиеле тайпасының көсемі Циби Хели, Шығыс жорығының ханы Симо және т.б.) хань емес ұлт өкілдері болды.

Тан патшалық әулетінде қандас туыстар арасындағы некелер (мысалы, Ли Шиминнің өз ағасының әйелін алуы, кейінгі императорлардың осындай қадамдары) кейінгі дәуірлер үшін оғаш көрінгенімен, көшпелі халықтардың дәстүрлері мен сяньбилердің салты тұрғысынан бұл қалыпты жағдай саналып, әулеттің көшпелі тамырынан хабар берді.

Тан императоры Тайцзунның өзін «Тәңір қаған» деп атауы — оның көшпелі әлеммен идеологиялық байланысын көрсететін басты айғақ. Моңғол үстіртіндегі Күлтегін стеласында (732 ж.) Тан әулеті мен түркілер арасындағы қарым-қатынас «ант берген әке мен бала» ретінде суреттелген. Тан әулетінің көшпенділерге деген бұл ерекше ашықтығы олардың түпкі тамырының далалық мәдениетпен байланысты екенін айқындайды.

Тан империясының «Ұлы Жібек жолы» саудасының тізгіні тек қытайлардың емес, ортаазиялық соғдылардың қолында болды. Саяси билік сяньби әскерилері мен кейін қосылған түркі ақсүйектеріне тиесілі еді. Миллиондаған халқы бар астана Чанъаньда он мыңдаған түріктер мен соғдылар өмір сүрді.

Алайда VII ғасырдың соңы мен VIII ғасырдың басына қарай сяньби тілі бірте-бірте қолданыстан қалып, Тан империясы түбегейлі қытайланды, тек далалық тайпалар өз тілін сақтап қалды. Қазіргі қытай тіліндегі мыңдаған түркі-моңғол сөздері — осы тарихи үдерістің айқын дәлелі.

Ерзат Кәрібай,

 зерттеуші

Бөлісу