Соңғы жеті жылда Қазақстанның мәдениет саласы бірнеше бағыт бойынша айтарлықтай өзгерді. Елімізде театрлар, музейлер, кітапханалар мен ауылдық клубтар салынды, отандық кино дамып, мәдениет ұйымдарының материалдық базасы жаңартылды. Сонымен қатар қазақстандық өнер халықаралық алаңдарда жиі көрініп, еліміздің тарихи-мәдени нысандары мен дәстүрлері ЮНЕСКО деңгейінде мойындала бастады, деп хабарлайды e-history.kz порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Бұл кезеңді жекелеген іс-шаралармен ғана емес, жалпы үрдістер тұрғысынан бағалайтын болсақ, екі негізгі бағытты байқауға болады. Біріншісі – ел ішіндегі мәдени инфрақұрылымды кеңейту. 2019-2026 жылдар аралығында Қазақстанда 312 жаңа мәдениет нысаны пайдалануға берілді. Екіншісі – көрмелер, кинофестивальдер, Мәдениет күндері, шетелдегі мәдени орталықтар және ұлттық мұраны халықаралық деңгейде насихаттау арқылы Қазақстан мәдениетінің шетелдегі танымалдығын арттыру.
Мәскеу мен Венадан Париж бен Бейжіңге дейін
Соңғы жеті жылда Қазақстанның халықаралық мәдени жобаларының географиясы айтарлықтай кеңейді.
2019 жылдың өзінде Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі бірнеше шетелдік көрме ұйымдастырды. Мәскеудегі Зураб Церетели атындағы өнер галереясында «Алпысыншылар. Түркі романтизмі» көрмесі, Санкт-Петербургтегі Ресей өнер академиясында «Сергей Калмыковтың жұлдызды тостағаны» көрмесі өтті. Ал Венецияда «Қазақ даласының ырғақтары» көрмесінде қазақстандық графика өнері таныстырылды.
2020 жылы Қазақстан шетелдік мәдени жобаларды қабылдай бастады. Ұлттық музейде «Үнді сариі: өшпес сұлулық» атты халықаралық көрме ұйымдастырылды. Бір жылдан кейін Әзербайжанның Ұлттық музейімен бірлесіп, «Алматы – Баку. Көктем. Еуразиялық өнер одағы» атты виртуалды көрме өткізілді.
Кейінгі жылдары қазақстандық жобалар Венеция биенналесінде және Париждегі Гиме Азия өнері музейінде таныстырылды. Қытайдың Тяньцзинь музейінде «Алтын адам және Ұлы дала» көрмесі өтті.
Сонымен қатар ірі халықаралық жобалар Қазақстанға да әкелінді. Астанадағы Ұлттық музейде Леонардо да Винчидің «Сұлу ханшайым» картинасы таныстырылып, «Якутия қазыналары» көрмесі ұйымдастырылды.
2025 жыл халықаралық мәдени байланыстар тұрғысынан ерекше маңызды болды. Третьяков галереясында Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қорынан алынған туындылардың көрмесі өтті. Ал 2026 жылы оған жауап ретінде «Дәуір мұрасы. Третьяков мемлекеттік галереясының ХХ ғасыр өнері» атты көрмені өткізу жоспарланған.
2025 жылдың наурызында Алматы мен Астанада өзбек ұлттық өнерінің көрмелері – «Орал Тансықбаев. Туғанына 100 жыл» және «Тігістегі мұра: Өзбекстанның кесте және тігін дәстүрлеріне саяхат» атты жобалар ұйымдастырылды.
Қытаймен мәдени ынтымақтастық та кеңейді. Ұлттық музейде Қытай Жібек музейімен бірлесіп, «Жібек жолы: мәдениеттер диалогы» халықаралық конференциясы және «Жібек және Жібек жолы: Қытайдан Қазақстанға дейін» көрмесі өтті.
Оған жауап ретінде Қытайдың Ұлттық музейінде «Өркениеттер шоқжұлдызы: Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің мәдени мұрасы» көрмесі ұйымдастырылды.
Халықаралық музейаралық ынтымақтастық 2026 жылы да жалғасты. Қазақстанда «Қазақстан – Франция 2026» музейтану форумы – Халықаралық Қазақстан музей конгресі өтті. Мамыр айында Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі Әзербайжанның Ұлттық өнер музейінде «Мәдениеттер диалогы: Қазақстан – Әзербайжан» көрмесін ұйымдастырды.
Тамыз айында Қазақстанның Орталық мемлекеттік музейі Бейжіңдегі Қазақстанның Мәдени орталығында «Ғасырлар ізімен: Қазақстан тарихының бейнесі» атты фотокөрмені таныстырды. Желтоқсан айында Ұлттық музейде жапондық Ямасиро жеке коллекциясынан алынған «Самурай» көрмесін ашу жоспарланған. Ал 2027 жылы көрмені Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейде өткізу көзделіп отыр.
Қазақстан мәдениеті шетелде тұрақты алаңға ие бола бастады
Қазақстан мәдениетін шетелде насихаттаудың тағы бір бағыты тарихи тұлғаларға арналған жобалармен байланысты болды.
Ашхабадта Құрманғазы мен Абайға арналған ескерткіштер орнатылды. Душанбе мен Қазан қалаларында Абайдың бюсттері бой көтерді.
Алайда жүйелі қадамдардың бірі – 2025 жылы Бейжіңде Қазақстанның Мәдени орталығының ашылуы. Жекелеген көрмелер мен концерттерден ерекшелігі – бұл Қазақстан өнерін тұрақты түрде таныстыруға және Қытаймен мәдени байланыстарды дамытуға мүмкіндік беретін шетелдегі тұрақты алаң.
Сол жылы Ақтау Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін алды.
Осы жылдары қазақстандық өнерпаздар Италия, Ресей, Беларусь, Латвия және Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық байқауларда Гран-при және жүлделі орындарға ие болды. Олардың қатарында Айгерім Алтынбек, Александр Лим, Алмагүл Батталиева, Ержан Максим және El Voice тобы бар.
Халықаралық деңгейдегі ең танымал оқиғалардың бірі – Димаш Құдайбергеннің Нью-Йорктегі Madison Square Garden сахнасында өнер көрсетуі. Концертке мыңдаған көрермен жиналды.
Қазақстан ЮНЕСКО арқылы нені насихаттап жатыр?
Қазақстанның халықаралық мәдени кеңістіктегі белсенділігі тек концерттер мен көрмелермен шектелмейді. Тарихи және материалдық емес мәдени мұраны халықаралық деңгейде мойындату бағытында да жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, Қазақстан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізімінде 15 тарихи және мәдени ескерткішті қамтитын төрт номинациямен ұсынылған.
Олардың қатарында Түркістан облысындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және Таңбалы археологиялық ландшафтының петроглифтері бар.
2026 жылы Пусанда өткен отырыста «Маңғыстау түбегінің жартас мешіттері» номинациясы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілді. Оның құрамына Бекет ата, Қараман ата, Шопан ата, Шақпақ ата және Сұлтан епе жерасты мешіттері кіреді.
ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне қазақтың 14 ұлттық мәдени элементі енгізілген. Оның алтауы тек қазақ мәдениетінің мұрасы ретінде көрсетілсе, тағы сегізі басқа мемлекеттермен бірлескен номинациялар ретінде ұсынылған.
Олардың қатарында домбырада күй орындаудың дәстүрлі өнері, киіз үй жасаудың дәстүрлі білімі мен шеберлігі, сондай-ақ айтыс бар. 2024 жылы бұл тізімге беташар енгізілді.
2026 жылы ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасын 2026-2028 жылдары ілгерілету жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Сонымен қатар «Ұлы Жібек жолы» және «Үстірт» нысандары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мәдениет саласының ішінде не өзгерді?
Халықаралық жобалар мәдени саясаттың ең көзге түсетін бөлігі болғанымен, соңғы жылдары ел ішіндегі өзгерістер мәдениет мекемелері мен сала қызметкерлерінің мәртебесіне де қатысты болды.
Сол шешімдердің бірі – «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағын қайта енгізу. Бұл атақ араға шамамен үш онжылдық салып қайта жаңғыртылды.
Осы кезеңде республикалық деңгейдегі он мәдениет ұйымына ұлттық мәртебе берілді. Олардың қатарында алғашқылардың бірі ретінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры және Михаил Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры бар.
2025 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестріне ұлттық мәртебе берілді.
Жаңа шығармашылық ұжымдар да пайда болды. «Гүлдер» ансамблі қайта жаңғыртылды. 2024 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы жанынан Мемлекеттік классикалық гитаристер квинтеті, ал Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» жанынан «Бірлік» көпұлтты шығармашылық ұжымы құрылды.
Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов және Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойлары ірі мәдени оқиғаларға айналды.
Түркістанның елдің рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы ретіндегі ерекше мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекіту де маңызды шешімдердің бірі болды. Бұл шаралар қаланың тарихи келбетін сақтауды және оның мәдени әлеуетін дамытуды көздейді.
2024 жылы өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары да ауқымды мәдени бағдарламамен сүйемелденді. Оның қатарында ашылу және жабылу салтанаттары, сондай-ақ Димаш Құдайбергеннің концерті болды.
Ұлттық тарих театр сахнасына қайта оралды
Соңғы жылдардағы тағы бір маңызды үрдіс – қазақ тарихына, әдебиетіне және ұлттық сюжеттерге негізделген қойылымдардың көбеюі.
2021 жылы «Астана Балет» театры «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» балетін ұсынды. Ал 2026 жылы «Алтын гүл» балетінің тұсауы кесілді.
2023 жылы Калибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрында «Жошы хан» тарихи драмасы сахналанды.
2025 жылы «Астана Опера» сахнасында «Ақбақ. Қыпшақ қызы» операсының премьерасы өтті. Ал 2026 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының желісі бойынша «Ақбала» балетін ұсынды.
Ұлттық тақырыптар дәстүрлі форматтармен ғана емес, опера, балет және драмалық театрдың заманауи тілі арқылы да кеңінен таныстырыла бастады.
Қазақстан киносы: мемлекеттік қолдаудан 30 млрд теңге кассалық жинаққа дейін
Мәдениет саласындағы өзгерістердің тағы бір ірі бағыты – кинематография.
Саланы мемлекеттік қолдаудың жүйелі негізін 2019 жылғы 3 қаңтарда қабылданған «Кинематография туралы» заң қалыптастырды. Мемлекеттік қолдау кино өндіруге, прокатқа шығаруға, насихаттауға және ұлттық киноны халықаралық деңгейде таныстыруға бағытталған.
2019-2025 жылдар аралығында мемлекеттік қолдаудың арқасында 149 кино жоба жүзеге асырылды. Оның 124-і аяқталды.
Мемлекеттік қолдау қаражатының шамамен 30 пайызы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының жобаларына бағытталады. Бұл ретте бірлесіп қаржыландыру қағидаты қолданылады: қаражаттың жартысы мемлекеттік қолдау болса, екінші жартысы жеке инвестициялар есебінен қамтамасыз етіледі.
Отандық фильмдердің прокаттағы саны да артып келеді. 2024 жылы экранға 94 қазақстандық фильм шықса, 2025 жылы олардың саны 103-ке жетті.
2025 жылы қазақстандық фильмдердің жалпы кассалық жинағы шамамен 30 млрд теңгені құрады. «Қайтадан» фильмінің кассалық түсімі 1 млрд теңгеден асты.
Соңғы жылдардағы елеулі фильмдердің қатарында «Капитан Байтасов», «Фейковый Арман», «90+1», «Тарлан», «Игроманка», Joqtau, «Ароматты жүрек» және «Тезек» картиналары бар. 2026 жылы бұл қатар «Гипноз», «Жұмақ билеті», «Күзгі самал», «Құт», «Оның әкесіне, менің арғы атама, оның атасына арналған пряниктер» және басқа да жобалармен толықты.
Анимация саласы да дамып келеді. 2026 жылы «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі аясында ұлттық мәдениет пен дәстүрге негізделген, негізінен балалар мен жасөспірімдер аудиториясына арналған «Тазы» жобасы өндіріліп жатыр.
Қазақстандық фильмдер халықаралық фестивальдерге жол тартуда
Ішкі кино нарығының өсуі қазақстандық фильмдерді шетелде насихаттаумен қатар жүріп келеді.
«Ақын» фильмі Токио халықаралық кинофестивалінде үздік режиссура жүлдесін алды. Фархат Шариповтің «Схема» картинасы Берлин кинофестивалінің Generation секциясында Гран-приге ие болды. Ал «Адемокиді оқыту» фильмі Варшава кинофестивалінде NETPAC жүлдесін алды.
«Бауырына салу», «Талақ», «Айқай», «Әбіл», «Шатыр азаматтары», «Қажымұқан», «Жеңімпаздар мәреден көрінеді», «Оның әкесіне, менің арғы атама, оның атасына арналған пряниктер» және басқа да фильмдер халықаралық марапаттарға ие болды.
Тек 2024 жылдың өзінде жеті ұлттық фильм жалпы саны 34 халықаралық жүлде алды. Ал «Бауырына салу» фильмі Қазақстан атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылды.
Бүкіләлемдік зияткерлік меншік ұйымының Global Innovation Index – 2024 деректерінде де Қазақстанның нәтижесі көрсетілген. «Ұлттық көркем фильмдер» көрсеткіші бойынша Қазақстан 61-орыннан 31-орынға көтеріліп, Үндістан және Иранмен бірге Азияның үздік үштігіне енді.
Қазақстандық кино күндері Франция, Италия және Норвегиядан бастап Жапония, Сингапур, Түркия, Әзербайжан және Өзбекстанға дейінгі 30-дан астам елде өткізілді.
Сонымен қатар Қазақстан шетелдік түсірілімдерге арналған алаң ретінде де дамып келеді. Елде шетелдік киножобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Джеки Чан қатысатын «Құдайдың сауыт-сайманы» фильмінің түсірілімдері, сондай-ақ ресейлік, үнділік және мысырлық жобалар бар.
Тағы бір маңызды үрдіс – қазақ тіліндегі контентке сұраныстың артуы. Атап айтқанда, Disney компаниясы өз қаражаты есебінен бірқатар ірі шетелдік фильмдерді қазақ тіліне дубляждап жатыр.
Жеті жылда 312 мәдениет нысаны салынды
Халықаралық жобалар мен кино – өзгерістердің бір бөлігі ғана. Көпшілікке онша байқала бермейтін екінші бағыт – мәдени инфрақұрылым.
Қазір Қазақстанда 3 092 мәдениет нысаны жұмыс істейді.
2019-2026 жылдар аралығында тағы 312 нысан салынып, пайдалануға берілді.
Олардың басым бөлігін мәдениет үйлері құрайды – 161 нысан. Сонымен қатар екі мәдениет сарайы, 89 ауылдық клуб, үш театр, 15 музей, «Руханият» орталықтары, өнер және мәдени-демалыс мекемелерін қоса алғанда 32 орталық, сондай-ақ 10 кітапхана салынды.
Құрылыс жұмыстары бірнеше бағыт бойынша және әртүрлі қаржы көздері есебінен жүргізілді. Олардың қатарында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы, AMANAT партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының жол картасы, аумақтарды дамыту бағдарламалары мен кешенді жоспарлары, сондай-ақ арнайы мемлекеттік қор, жергілікті бюджеттер және инвестициялар бар.
Ұсынылған материалдарға сәйкес, мәдени инфрақұрылымды одан әрі дамыту «Әділет» партиясының бағдарламасында да қарастырылған. 2031 жылға дейін тағы 202 мәдениет нысанын салу жоспарланып отыр.
Жаңа театрлар мен музейлер қайда салынып жатыр?
Театр инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінуде.
Астанадағы Калибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театры, Түркістан музыкалық-драма театры және Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры жаңа ғимараттарға көшті.
Қазіргі уақытта Ақтөбе мен Қонаев қалаларында жаңа драма театрларының ғимараттары салынып жатыр.
Сондай-ақ Шымкентте опера театрының, Қызылордада драма театрының, Семейде музыкалық-драма театрының құрылысы бойынша жобалар пысықталуда.
Сонымен бірге Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры қайта жаңғыртылып жатыр.
Өзгерістер музей және тарихи-мәдени инфрақұрылымды да қамтиды.
Түркістан облысында «Ордабасы», «Гаухар ана» секілді визит-орталықтар пайда болып, дамып келеді. Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу орталығы құрылды.
Тағы бір ірі жоба – «Бозоқ» ашық аспан астындағы археологиялық паркі. Ол қазіргі Астана аумағының көне тарихымен байланысты тарихи-мәдени нысандарды сақтауға және жаңа мәдени-тарихи кеңістік қалыптастыруға бағытталған.
Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде демеушілер қаражаты есебінен күрделі жөндеу жүргізілді.
Кітапханалар мен шығармашылық білім беру жүйесі де жаңаруда
Өзгерістер театрлар мен музейлермен ғана шектелмейді.
Өңірлерде кітапханалар салынып, қолданыстағы ғимараттар жөнделіп, олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2027 жылға дейін кітапханаларды жаңғырту жөніндегі жол картасы жүзеге асырылып жатыр.
Алматыда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі студенттеріне арналған 500 орындық жатақхананың құрылысы басталды.
Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі қайта жаңғыртылуда. Сонымен қатар үш мамандандырылған музыка мектебінің жаңа ғимараттарын салу мәселесі пысықталуда.
Өңірлердегі шығармашылық білім беру жүйесі де дамып келеді.
Петропавлда Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігі ашылды. 2026 жылы оған арналған 600 орындық жаңа оқу ғимаратының құрылысы басталуы тиіс.
Шымкентте жаңа Мәдениет және өнер университетін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар өңірлік мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Бұл жұмыс «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырылып келеді. Бұл бағытта ауылдық елді мекендерге ерекше назар аударылған.
Ғимарат салудан мәдени қатысуға дейін
Жеті жылдық нәтижені біртұтас картина ретінде қарастыратын болсақ, өзгерістер бірден бірнеше деңгейде жүргенін көруге болады.
Бірінші деңгейде мәдени инфрақұрылым кеңейді: клубтар, кітапханалар, музейлер мен театрлар салынды, қолданыстағы мекемелер жаңғыртылды және шығармашылық білім алуға жағдай жасалды.
Екінші деңгейде саланы қолдау тетіктері өзгерді. Киноға мемлекеттік қолдау жүйесі дамыды, жаңа шығармашылық ұжымдар құрылды, мәдениет мекемелеріне ұлттық мәртебе берілді. Ұлттық тарих театр репертуарына бұрынғыдан да белсендірек оралды.
Үшінші деңгейде Қазақстанның халықаралық мәдени кеңістіктегі орны нығайды. Қазақстан өнері шетелдік көрмелер мен фестивальдерде жиі таныстырылып, ұлттық мұра ЮНЕСКО арқылы насихаттала бастады. Бейжіңде тұрақты мәдени орталық ашылды. Отандық фильмдер мен қазақстандық өнерпаздар әлемнің ірі мәдени алаңдарына шықты.
Осылайша мәдени саясат біртіндеп жекелеген концерттер, көрмелер немесе ғимараттар салу шеңберінен шығып келеді. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, қазіргі бағыт бір мезгілде тарихи мұраны сақтауды, ел ішіндегі мәдени инфрақұрылымды дамытуды және Қазақстанның шетелдегі мәдени ықпалын арттыруды көздейді.