Бурабайда шетелдік ғалымдар Өр Алтайдың түркі өркениетіндегі тарихи рөлін талқылады

Бөлісу

26.09.2026 99

Бурабайда «Өр Алтай – түркілердің атамекені» атты III халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға Қазақстанды қоса алғанда 12 елден келген ғалымдар, зерттеушілер мен сарапшылар қатысты. Олар түркі халықтарының ерте тарихын, тілдері мен мәдениетін, сондай-ақ Өр Алтай мұрасын зерттеуге қатысты мәселелерді талқылады. 


Ош мемлекеттік университеті Шығыстану институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Байболот Абытов конференцияға түркі және көшпелі өркениет ұғымдарының арақатынасы туралы баяндамамен келген. Оның айтуынша, бұл екі ұғымды жиі бір мағынада қолданғанымен, олардың аясын ажырата қарастыру қажет. 

«Менің баяндамам “Түркі және көшпелі өркениет: мәселенің қойылуы және ұғымдардың арақатынасы” деп аталады. Бұл тақырып тереңірек зерттеуді қажет етеді. Көп жағдайда түркі өркениеті мен көшпелі өркениетті бір нәрсе деп түсінеді. Алайда олардың арасында байланыс болғанымен, екеуі толықтай бір ұғым емес. Түркі өркениетінің бәрін көшпелі деп, ал көшпелі өркениеттің бәрін түркі өркениеті деп қарастыруға болмайды. Бүгін әр елден келген ғалымдар өз зерттеулерінің нәтижесін ұсынып, осы сияқты мәселелерді бірге талқылайды», деді Байболот Абытов.

Ғалым Қазақстан мен Қырғызстан зерттеушілерінің осы тақырыптағы ғылыми талқылауды дамытудағы рөліне де тоқталды. Оның пікірінше, «түркі өркениеті» және «көшпелі өркениет» ұғымдары әр елдің ғылыми ортасында әртүрлі қолданылады. Сондықтан олардың мазмұнын нақтылау және зерттеу нәтижелерін халықаралық деңгейде таныстыру маңызды.

«Бұл ұғымдар Қазақстан мен Қырғызстандағы ғылыми еңбектерде жиі кездеседі. Ал өзге елдердің зерттеушілері оларды әрқалай түсінеді немесе басқа ғылыми ұғымдарды қолданады. Жақында Қытайдың Қоғамдық ғылымдар академиясынан келген делегациямен әңгімелескенде де осы мәселені көтердім. Сондықтан Қазақстан мен Қырғызстан ғалымдарының міндеттерінің бірі – түркі және көшпелі өркениет туралы зерттеулерді кеңірек таныстырып, бұл ұғымдардың нені білдіретінін ғылыми тұрғыдан түсіндіру», деді ол.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Аманжолұлы конференцияны Алтайды зерттейтін түрлі сала мамандары үшін маңызды кездесу деп бағалады. Ол жиында тарихшылармен бірге тілтанушылар мен археологтар да өз зерттеулерін ұсынатынын айтты.

«Алтай тақырыбы бірнеше елдің тарихын байланыстырады. Бұл тек Қазақстан мен Ресейге қатысты мәселе емес. Қырғызстан, Моңғолия және Қытай аумағындағы Алтай өңірі де ортақ зерттеу кеңістігіне кіреді. Алдыңғы екі конференция Ресейдің Таулы Алтай өңірінде өтті, үшіншісін Қазақстанда өткізіп отырмыз. Бүгін Алтайды зерттеп жүрген белгілі тарихшылар, тілтанушылар мен археологтардың баяндамаларын тыңдаймыз. Мұндай талқылау қазақ халқының ежелгі тарихы мен шығу тегіне қатысты мәселелерді қарастыру үшін де маңызды», деді профессор.

Еркін Аманжолұлының айтуынша, конференцияда түркі тілдерінің қалыптасуы және олардың басқа тілдермен ықтимал тарихи байланыстары да сөз болады. Ол бұл мәселелер бойынша ғалымдардың тұжырымдарын тыңдауға қызығушылық білдірді.

«Түркі тілдерінің арғы тарихы қандай, олар қалай қалыптасты, моңғол және маньчжур тілдерімен байланысы қаншалықты деген сұрақтар бар. Осы мәселелермен айналысатын ғалымдар бүгін конференцияға қатысып отыр. Олардың зерттеу нәтижелерін тыңдап, қандай жаңа тұжырымдар ұсынылатынын көреміз», деді ол.

Ресей Федерациясы Президентінің гуманитарлық саладағы мемлекеттік саясат жөніндегі басқармасының бастығы Владимир Бочарников конференцияның үшінші рет өтіп жатқанын, ал биыл алғаш рет Ресейден тыс жерде ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның сөзінше, өткен жылғы жиында конференция өтетін елдердің аясын кеңейту туралы шешім қабылданған.

«Өткен конференцияда жиынның географиясын кеңейту қажет деген шешімге келген едік. Қазақстандық әріптестеріміз бұл ұсынысты қолдап, биыл үшінші конференцияны Бурабайда өткізіп отыр. Қатысушылар құрамы да кең: мұнда алтайтану және түркітану саласының мамандары, университет ректорлары мен мемлекеттік органдардың өкілдері бар. Бүгін түркі өркениетінің қалыптасуы, Алтайдың оның тарихындағы орны және басқа да маңызды мәселелер бойынша мазмұнды пікір алмасу болады деп үміттенемін», деді Владимир Бочарников.

Ол конференция шеңберіндегі бірлескен жұмыстардың бірі ретінде «Түркі өркениетінің шежіресі» басылымын атады. Оның айтуынша, басылым томдары кезең-кезеңімен жарық көріп жатыр, биыл үшінші томын шығару жоспарланған.

«Біз әріптестерімізбен бірге “Түркі өркениетінің шежіресі” жобасын жүргізіп келеміз. Оның томдары біртіндеп жариялануда, биыл үшінші томы жарық көреді. Осындай кездесулер ортақ зерттеулерді талқылауға және алдағы жұмысты жоспарлауға мүмкіндік береді. Сондықтан конференция жалғасын табады», деді ол.

«Өр Алтай – түркілердің атамекені» конференциясы 25 қыркүйекте өтті. Оның бағдарламасында түркі өркениетінің тарихы, Еуразиядағы түркі тілдері, археологиялық зерттеулер, этнография және тарихи білім беру мәселелеріне арналған секциялар бар. 

Бөлісу