«Өр Алтай – түркілердің атамекені»: ғалымдар түркі өркениетінің тарихи тамырын зерделеді
Бөлісу
26.09.202692
25 қыркүйек күні Бурабайда «Өр Алтай – түркілердің атамекені» атты III халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Ғалымдар түркі халықтарының ерте тарихын, Өр Алтайдың археологиялық мұрасын, тіл мен мәдениетке қатысты зерттеулерді талқылады.
Пленарлық отырысты модератор, Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашты. Ол сөзін Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтудан бастады.
Министр бұдан кейін конференция жұмысын жалғастырып, қатысушыларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысы үндеуінде алғашқы екі конференцияның Ресейдің Алтай Республикасында өткенін және олардың түркі өркениетінің бастауларына қатысты ғылыми талқылауды дамытуға ықпал еткенін атап өтті.
«Ресейлік тарихшылар, шығыстанушылар мен түркітанушылар бұл маңызды тақырыпты ұзақ жылдар бойы нәтижелі зерттеп келеді. Олардың түркі халықтарының жазба ескерткіштерін, рухани және материалдық мәдениетін зерделеуге қосқан үлесін жоғары бағалаймын», делінген Президенттің құттықтауында.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы ғылыми байланыстың жалғасы ретінде үшінші конференцияны Қазақстанда өткізуді ұсынғанын жеткізді. Жиынның Бурабайда ұйымдастырылуына да арнайы тоқталды.
«Ресейлік бастаманың ерекше маңызын ескере отырып, үшінші конференцияны Қазақстанда өткізуді ұсындым. Форумның табиғатымыздың інжу-маржаны саналатын Бурабайда өтуі символдық мәнге ие. Бұл өңірде жылқыны қолға үйрету тарихымен байланысты Ботай мәдениетінің ескерткіштері орналасқан. Ал ежелгі Алтай түркі әлемінің бесігі ретінде адамзат тарихында ерекше орын алады. Осы кеңістікте Орталық Еуразия халықтарының дүниетанымына, тілдері мен мәдениеттеріне ортақ дәстүрлер қалыптасты», делінген Президент сөзінде.
Құттықтауда Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолияны біріктіретін «Трансалтай диалогы» бастамасы да аталды. Мемлекет басшысы оны тарихи-мәдени мұраны зерттеу мен елдер арасындағы гуманитарлық байланысты кеңейтуге мүмкіндік беретін бағыттардың бірі ретінде сипаттады.
«Ғылыми қауымдастықтың алдында күрделі де маңызды міндет тұр. Түркі өркениетінің тарихи рөлі мен оның даму жолына қатысты ортақ ғылыми көзқарас қалыптастыру. Бүгінгі конференция халықаралық ғылыми диалогты жаңа идеялармен және ұсыныстармен байытады деп сенемін», делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Сондай-ақ Ресей Федерациясы Президентінің гуманитарлық саладағы мемлекеттік саясат жөніндегі басқармасының басшысы Владимир Бочарников та сөз алып, Ресей Президенті Владимир Путиннің конференция қатысушыларына жолдаған құттықтауын оқыды.
«Өткен жылдар ішінде конференция халықаралық деңгейде танылып, түрлі елдердің ғалымдарын, мәдениет және білім беру саласының өкілдерін, билік пен қоғам қайраткерлерін біріктірді. Оның алаңында түркітану мен алтайтану саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелері талқыланып, Еуразия халықтарының бай мәдени мұрасын сақтауға бағытталған бастамалар ұсынылып келеді», делінген Ресей Президентінің құттықтауында.
Владимир Путин конференция нәтижесінде жаңа бірлескен жобалар қолға алынып, халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық нығаятынына сенім білдірді.
25 қыркүйекте өткен конференцияға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Швеция, Германия, АҚШ, Әзербайжан, Бельгия және Болгариядан келген ғалымдар, зерттеушілер мен сарапшылар қатысты. Осылайша жиын 12 елдің өкілдерін, соның ішінде жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарының мамандарын бір алаңға тоғыстырды. Олар түркі өркениетін зерттеудің тарихи қырларын, Еуразия кеңістігіндегі түркі тілдерін, Өр Алтай археологиясын, өңір халықтарының этнографиясы мен мәдени бірегейлігін талқылады. Тарихи білімді оқыту және ғылыми тұжырымдарды көпшілікке түсіндіру мәселесіне де жеке секция арнады.