Үш мың жылдық сапардың жаңа бейнесі: Кристофер Ноланның «Одиссеясы»
Бөлісу
24.07.202661
Қазақстан кинотеатрларында Кристофер Ноланның «Одиссея» фильмі прокатқа шықты. Гомердің адамзат әдебиетіндегі ең көне әрі ықпалды дастандарының біріне негізделген туынды елімізде 23 шілдеден бастап көрсетіле бастады. Фильмнің әлемдік премьерасы 6 шілдеде Лондонда өтіп, халықаралық прокаты 17 шілдеде ашылған еді. Үш мың жылға жуық уақыт бұрын қалыптасқан оқиғаны Нолан ауқымды актерлік құрам, шынайы түсірілім алаңдары және жаңа IMAX технологиялары арқылы экранға шығарды. Алайда «Одиссея» тек теңіздегі сапар, құбыжықтар мен шайқастар туралы шығарма емес. Оның өзегінде соғыстан оралған адамның туған жерін, отбасын және бұрынғы болмысын қайта табуы жатыр. Сондықтан фильм кейіпкерлерін түсіну үшін алдымен оның негізіне айналған Гомер дастанының қалай қалыптасқанына назар аудару қажет.
Абайлаңыз, төменде спойлер болуы мүмкін
Гомердің «Одиссея» дастаны б.з.д. VIII ғасырда жазылды. Ол «Илиадамен» бірге антикалық әдебиеттің ең көне әрі маңызды эпикалық ескерткіштерінің қатарына жатады. Дастанның қалыптасуы Эгей теңізінің шығыс жағалауындағы Иония аймағымен байланыстырылады. Бізге жеткен «Одиссея» 24 жырдан және 12 мыңнан астам гекзаметр жолынан тұрады. Оқиға Троя соғысы аяқталғаннан кейін басталады. Итака патшасы Одиссей он жылға созылған соғыстан елге қайтып келе жатып, тағы он жыл бойы теңізде адасады. Дастанның негізгі өзегі үш кейіпкердің тағдыры арқылы ашылады. Бірінші желіде Одиссейдің туған жері Итакаға жету жолындағы сапары баяндалады. Екінші желіде әкесін көрмей өскен Телемахтың есейіп, ел басқаруға дайын мұрагерге айналуы көрсетіледі. Үшінші желі Пенелопаның отбасын, сарайды және патшалық билікті сақтап қалу жолындағы күресіне құрылған.
Нолан «Одиссеяны» қалай түсірді?
Universal Pictures Кристофер Ноланның Гомер дастанын экранға бейімдейтінін 2024 жылдың желтоқсанында ресми хабарлады. Фильмнің сценарийін Нолан өзі жазып, жұбайы әрі тұрақты шығармашылық серіктесі Эмма Томаспен бірге продюсерлік етті. Жобаны олардың Syncopy компаниясы мен Universal Pictures жүзеге асырды. Негізгі түсірілім жұмыстары 2025 жылы жүргізіліп, барлығы 91 түсірілім күніне созылды. Бастапқы жоспар 100 күнге есептелгенімен, команда жұмысты кестеден тоғыз күн бұрын аяқтаған. Түсірілім кезінде екі миллион футтан астам IMAX пленкасы пайдаланылды. «Одиссея» толықтай IMAX пленкалы камераларымен түсірілген алғашқы толықметражды фильм ретінде таныстырылды.
сурет: Universal
Фильм Марокко, Грекия, Италия, Исландия, Шотландия және АҚШ аумағында түсірілді. Мароккода Троя көріністері жасалса, Грекия мен Италияның жағалаулары Одиссейдің Жерорта теңізіндегі сапарын бейнелеуге пайдаланылды. Шотландиядағы ормандар, құздар мен көне қамалдар Кирканың аралы тәрізді мифтік кеңістіктерге айналды. Кейбір суасты және техникалық күрделі көріністер Universal студиясының Лос-Анджелестегі су павильонында түсірілген.
сурет: Universal
Түсірілім операторы – Ноланмен «Дюнкерк», «Тенет» және «Оппенгеймер» фильмдерінде жұмыс істеген Хойте ван Хойтема. Монтажды Дженнифер Лейм жасаған, ал музыканы «Тенет» пен «Оппенгеймердің» композиторы Людвиг Йоранссон жазды. Музыкада ежелгі грек үрмелі аспабы саналатын авлос дыбысы, адам дауысы, синтезатор және табиғи ортадан алынған үндер біріктірілген. Фильмнің ұзақтығы – 2 сағат 53 минут. Өндіріс бюджетін америкалық салалық басылымдар шамамен 250 миллион доллар деп бағалады. Бұл – Кристофер Ноланның осы уақытқа дейін түсірген ең қымбат жобасы.
Мэтт Дэймон – Одиссей
Гомер дастанындағы Одиссей – мінсіз қаһарман емес. Ол Итака патшасы, тәжірибелі жауынгер және Трояны алуға мүмкіндік берген ағаш ат айласының авторы. Оның негізгі қаруы – білектегі күшімен қатар, қарсыластың ниетін алдын ала аңғару, тығырықтан амал табу қабілеті. Алайда осы қасиеттерімен қатар оның бойында өркөкіректік, атаққұмарлық және өз шешімдерінің салдарын кеш түсіну де бар.
сурет: Universal
Фильмде Мэтт Дэймон ойнаған Одиссейдің айлакерлігінен гөрі, соғыстан кейінгі психологиялық және физикалық күйі көбірек алға шығады. Кейіпкер үйге қайтып бара жатқан жеңімпаз ретінде емес, өзінің бұйрықтары мен әрекеттерінің салмағын арқалаған қолбасшы ретінде көрінеді. Дэймонның айтуынша, фильм басында түсініксіз көрінетін кейбір шешімдердің себебі оқиға соңына қарай оның өткен өмірі мен кінә сезімі арқылы ашылады. Гомердегі Одиссей Полифемге өзін «Ешкім» деп таныстырып, құбыжықты сөзбен алдаса, Ноланның нұсқасында бұл айла қолданылмайды. Осы өзгеріс экрандағы Одиссейді сөз бен қулықтың шеберінен гөрі, қауіп-қатерге денесімен төтеп беретін, шайқастан шаршаған адам ретінде көрсетуге мүмкіндік береді.
Энн Хэтэуэй – Пенелопа
Дастандағы Пенелопа көбіне адалдық пен шыдамның символы ретінде танылады. Бірақ ол күйеуін үнсіз күткен әлсіз әйел емес. Одиссейдің жоқтығын пайдаланған 108 үміткер оның сарайына орналасып, Итака байлығын тұтынып, Пенелопаны жаңа күйеу таңдауға мәжбүрлейді. Патшайым түрлі амал арқылы шешім қабылдауды кейінге қалдырып, ұлы мен патшалықтың қауіпсіздігін сақтауға тырысады.
сурет: Universal
Энн Хэтэуэй сомдаған Пенелопа фильмде ішкі сезімін ашық көрсетпейтін, бірақ сарайдағы жағдайды бақылауында ұстайтын билеуші ретінде бейнеленген. Актриса кейіпкерді тек «күтіп отырған әйел» қалпында қалдырмай, айналасында ешкім болмаған кезде оның қандай адамға айналатынын көрсетуге ұмтылғанын айтқан. Гомер нұсқасында Пенелопа оралған Одиссейді бірден мойындамайды. Ол күйеуін сынау үшін екеуіне ғана белгілі неке төсегінің құпиясын сөз етеді. Нолан фильмінде бұл сынақ алынып тасталып, Одиссей өзінің кім екенін Афина мүсіншесі арқылы дәлелдейді.
Том Холланд – Телемах
Одиссей Трояға кеткен кезде Телемах сәби болатын. Сондықтан дастан басталғанда ол әкесін аңыздар мен өзге адамдардың әңгімесі арқылы ғана білетін жас жігіт ретінде көрінеді. Әкесінің тірі не өлі екенін анықтау үшін Пилос пен Спартаға сапар шегіп, Нестор мен Менелайдан Троя соғысы туралы мәлімет жинайды.
сурет: Universal
Фильмде Том Холландтың Телемахы туралы желі Одиссейдің сапарымен қатар дамиды. Нолан бұл екі желіні бір жағынан туған жерге оралу, екінші жағынан есейіп, жауапкершілік алуға дайындалу хикаясы ретінде құрған. Телемах әкесінің атағына сүйеніп өмір сүретін ханзададан өз бетінше шешім қабылдайтын мұрагерге айналады. Дастанда әке мен бала Итакадағы Эвмейдің үйінде кездессе, фильмде олардың қауышуы әрекетке толы көрініске айналған. Антиной жіберген адамдар Телемахты ғибадатханада өлтірмек болғанда, қайыршы кейпіндегі Одиссей оны құтқарады. Кейін Телемах Итака тағына отырып, Одиссей мен Пенелопаға аралдан кетуге мүмкіндік береді.
Роберт Паттинсон – Антиной
Антиной – Пенелопаға үйленгісі келетін үміткерлердің ішіндегі ең өктемі. Дастанда ол Телемахты өлтіру жоспарын ұйымдастырып, Одиссей әулетінің билігін толықтай жоюға әрекет етеді. Одиссей сарайға оралғаннан кейін ең алдымен Антинойды садақпен атады.
сурет: Universal
Фильмде Роберт Паттинсонның Антинойы Итакадағы негізгі қарсылас ретінде алынған. Оның мақсаты тек Пенелопаға үйлену емес, Телемахты психологиялық тұрғыдан төмендетіп, өзін оның болашақ әкесі әрі жаңа патша ретінде қабылдату. Нолан кейіпкердің қатыгездігінен бөлек, қорқақтығы мен билікке өз күшімен емес, өзгенің әлсіздігін пайдалану арқылы жетуге ұмтылуын алға шығарған. Дастанда үміткерлер қарусыз отырған кезде Одиссей шабуыл жасайды. Фильмде финалдық қақтығыс екі жақ та қаруланған ашық шайқас түрінде берілген.
Зендея – Афина
Афина – даналық, соғыс өнері мен қолөнер құдайы. Гомер дастанында ол Одиссейдің басты қорғаушысы саналады. Афина кейде адамның бейнесіне еніп, Телемахқа ақыл береді, Одиссейді жасырады, әке мен баланың кездесуін ұйымдастырады және финалдағы қантөгісті тоқтатады.
сурет: Universal
Фильмде Зендея сомдаған Афина да Одиссейдің жолында бірнеше рет пайда болады. Алайда құдайлардың әрекеті дастандағыдай тікелей ғажайып түрінде емес, кейіпкерге бағыт-бағдар беретін, оның шешімдеріне әсер ететін рухани күш ретінде көрсетілген. Афинаның әр көрінуі Одиссейге белгілі бір сабақ беріп, оны ауыр шешімге дайындайды.
Ноланның нұсқасында Зевс, Посейдон және Гермес экранда жеке кейіпкер ретінде көрінбейді. Осы себепті Афина фильмдегі құдайлар әлемін адам оқиғасымен байланыстыратын негізгі тұлғаға айналған.
Шарлиз Терон – Калипсо
Калипсо – Огигия аралында тұратын нимфа. Гомер дастанында ол Одиссейді аралында ұстап, оған мәңгі өмір мен жас қалпын сақтауды ұсынады. Бірақ Одиссей Итакаға, Пенелопаға қайтуды қалайды. Калипсо оны өз еркімен емес, Зевстің бұйрығын Гермес жеткізгеннен кейін ғана босатады.
сурет: Universal
Фильмдегі Калипсоның бейнесі едәуір өзгертілген. Шарлиз Терон сомдаған кейіпкер Одиссейді лотос арқылы ұйытып, оның өткен өмірі мен үйге қайту мақсатын ұмыттыруға тырысады. Сонымен бірге ол тек тұтқындаушы ретінде емес, жалғыздықтан шаршаған және Одиссейге белгілі дәрежеде жанашырлық танытатын тұлға ретінде берілген. Ақырында оны құдайлардың бұйрығы емес, өзінің шешімімен босатады. Калипсо оқиғасы фильмнің едәуір бөлігін байланыстыратын баяндау шеңберінің қызметін атқарады. Одиссейдің өткен сапары мен Троядан кейінгі оқиғалар оның жоғалған жадын қалпына келтіруі арқылы көрсетіледі.
Саманта Мортон – Кирка
Кирка – Одиссей сапарындағы ең күрделі кейіпкерлердің бірі. Дастанда ол теңізшілерді сиқырлы сусын арқылы шошқаға айналдырады. Гермес берген шөптің көмегімен оның сиқырына қарсы тұрған Одиссей Кирканы жолдастарын адам қалпына қайтаруға мәжбүрлейді. Кейін Кирка қарсыластан одақтасқа айналып, теңізшілер оның аралында бір жыл тұрады.
сурет: Universal
Нолан фильмінде Кирканың адамдарды шошқаға айналдыруы сақталғанымен, әрекетінің себебі басқаша түсіндіріледі. Саманта Мортон сомдаған Кирка соғыстан келген ер адамдардың зорлықшыл, «хайуандық» мінезіне жауап береді. Оның сиқыры жай қастандық емес, ерлер әлемінің қатігездігіне бағытталған қарсылық ретінде көрсетілген. Кирканың өзгеру көріністерінде компьютерлік графикамен бірге грим, қуыршақтар және практикалық эффектілер қолданылған.
Лупита Нионго – Елена мен Клитемнестра
Лупита Нионго фильмде бірден екі рөлді – апалы-сіңлілі Елена мен Клитемнестраны сомдайды. Елена – Спарта патшасы Менелайдың әйелі. Оның Париспен бірге Трояға кетуі соғыстың басталуына себеп болған оқиға ретінде баяндалады. Клитемнестра – грек әскерінің қолбасшысы Агамемнонның әйелі.
сурет: Universal
«Одиссеяда» Телемах Спартаға келгенде Елена мен Менелай оны қарсы алып, Одиссейдің Троядағы әрекеттері туралы әңгімелейді. Клитемнестра оқиғасы Агамемнонның өлімі арқылы беріледі. Яғни соғыстан үйіне қайтқан патшаны әйелі мен оның сыбайласы өлтіреді.
Фильмде Нионгоның екі кейіпкері соғыстың әйелдер өміріне әкелген салдарын екі түрлі отбасылық тағдыр арқылы көрсетеді. Елена бұрынғы сұлулықтың символы ретінде емес, бетінің бір бөлігі тыртықтанған, соғыстан кейін тұйықталған әйел ретінде көрінеді. Клитемнестра желісі Агамемнонның тағдырымен байланысып, жеңіспен оралған қолбасшының өз үйінде қауіпсіз болмайтынын көрсетеді.
Джон Легуизамо – Эвмей
Эвмей – Одиссейдің адал малшысы. Итакадағы көп адам патшаның қайтып келетінінен үмітін үзгенде де, ол бұрынғы иесіне адалдығын жоғалтпайды. Қайыршы кейпіндегі Одиссейді өз үйіне кіргізіп, кім екенін білмесе де қонақжайлық көрсетеді.
сурет: Universal
Фильмде Джон Легуизамоның Эвмейі көру қабілетінен айырылған қарт адам ретінде бейнеленген. Бұл – көне деректерде зағип жыршы ретінде сипатталатын Гомерге жасалған ишара. Эвмей Одиссейді сыртқы бейнесі арқылы емес, мінезі мен өткенге қатысты белгілері арқылы тануға жақындайды. Кейіпкердің желісі дастандағы қонақжайлық пен адалдық ұғымдарын сақтайды. Одиссейдің патша мәртебесі мен атағы жоғалғанда да, оған адам ретінде құрмет көрсететін санаулы тұлғаның бірі – осы Эвмей.
Эллиот Пейдж – Синон
Синон Гомердің «Одиссеясында» жоқ. Ол Трояның құлауы туралы Вергилийдің «Энеидасында» баяндалатын кейіпкер. Гректер шегініп кеткендей көрінген кезде Синон Троя тұрғындарын ағаш атты қалаға кіргізуге көндіреді.
сурет: Universal
Нолан Синонды фильмнің Трояға арналған бөліміне енгізіп, «Одиссеяның» шекарасын Троя соғысы туралы өзге антикалық мәтіндермен кеңейткен. Эллиот Пейдж сомдаған Синон соғысқа Антинойдың орнына әскерге алынған адам ретінде көрсетіледі. Осы қосымша желі Итакадағы Антинойдың билікке ұмтылысын оның соғыс жауапкершілігінен қашуымен байланыстырады.