«Ауыл» газетінің ауылы

Бөлісу

01.07.2026 122

ХХ ғасырдың басында қазақ даласында дүниеге келген мерзімді басылымдар халықты білімге, өркениетке, елдік санаға үндеп, ұлт зиялыларының мінберіне айналды. Солардың ішінде «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті қазақ журналистикасының негізін қаласа, кеңестік кезеңде бұл дәстүр өңірлік басылымдар арқылы жалғасын тапты. Осындай тарихи маңызы зор басылымдардың бірі – 1923 жылдың 1 қыркүйегінде Қостанай қаласында жарық көрген «Ауыл» газеті.


Бұл басылым тек Қостанай өңірінің ғана емес, бүкіл қазақ ұлттық журналистикасының даму тарихында өзіндік орны бар газет болды.

«Ауыл» газетінің дүниеге келуі кездейсоқ құбылыс емес еді. Азамат соғысынан кейінгі ауыр жылдары кеңес өкіметі қазақ ауылдарына жаңа мемлекеттік басқару жүйесін енгізуге, халықтың саяси сауатын арттыруға және мемлекеттік саясатты ана тілінде түсіндіруге мүдделі болды. Алайда қазақ тіліндегі басылымдардың аздығы, ауыл халқының сауаттылық деңгейінің төмендігі, қазақ тілінде басатын полиграфиялық базаның жоқтығы бұл істі қиындатты. Соған қарамастан Қостанай губерниясының басшылығы қазақ тілінде тұрақты газет шығаруды күн тәртібіне қойды. Өйткені баспасөз жаңа қоғам құрудың маңызды құралы ретінде қарастырылды.

«Ауыл» газетінің тарихын түсіну үшін оның бастауында тұрған тұлға – Мұхамеджан Сералиннің өмір жолына тоқталу қажет. Қазақтың көрнекті публицисі, ақыны, ағартушысы Мұхамеджан Сералин ХХ ғасыр басындағы ұлттық журналистиканың негізін қалаушылардың бірі болды. Оның 1911–1915 жылдары Троицк қаласында шығарған «Айқап» журналы қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси және әдеби журналы ретінде тарихқа енді. «Айқап» қазақ қоғамындағы жер мәселесі, оқу-ағарту, әйел теңдігі, ұлттық мәдениет, әдебиет және қоғамдық даму мәселелерін алғаш рет жүйелі түрде көтерді. Журнал беттерінде Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бейімбет Майлин сияқты қазақ зиялыларының еңбектері жарияланып, ұлттық ойдың қалыптасуына зор ықпал жасады.

«Айқап» мектебінде шыңдалған Мұхамеджан Сералин кейін кеңестік кезеңде де қазақ баспасөзінен қол үзген жоқ. 1922 жылы ол Қостанай губерниясына қызметке шақырылып, губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Осы қызметпен қатар қазақ тіліндегі облыстық газет ашу ісіне белсене араласты. Сондықтан зерттеушілер «Ауыл» газетін идеялық және кәсіби тұрғыдан «Айқаптың» заңды жалғасы деп бағалайды. Егер «Айқап» қазақ қоғамын ұлттық жаңғыруға үндесе, «Ауыл» жаңа тарихи жағдайда ағартушылық бағытты сақтай отырып, өңірдегі қоғамдық өмірдің айнасына айналды.

Газетті шығару оңай болған жоқ. Ең алдымен қазақ қарпімен басатын әріптер, тәжірибелі терушілер, қағаз, баспа бояуы сияқты материалдық қиындықтар кедергі келтірді. Сол кезеңде Қостанайда араб қарпімен қазақша газет басатын мүмкіндік болмағандықтан алғашқы сынақ нөмірін Челябі қаласында шығару жоспарланды. 1922 жылдың маусым айында «Ауыл» атауымен алғашқы тәжірибелік нөмір жарық көрді. Бұл – қазақ тіліндегі Қостанай баспасөзінің алғашқы қарлығашы еді. Дегенмен материалдық қиындықтарға байланысты газет тұрақты шыға алмады.

Осы сәтсіз тәжірибеден кейін Қостанай губерниялық партия комитеті қазақ газетінің толыққанды редакциясын құруға кірісті. 1923 жылғы 14 шілдеде губерниялық комитет арнайы қаулы қабылдап, редакциялық алқаны бекітті. Газеттің жауапты редакторы болып Мұхамеджан Сералин тағайындалды. Жауапты хатшылық қызметі қазақ әдебиетінің болашақ классигі Бейімбет Майлинге жүктелді. Сонымен бірге редакция құрамына В. Забиров пен А. Иралин енгізілді. Бұл ұжым кейін Қостанайдағы қазақ журналистикасының алғашқы кәсіби мектебін қалыптастырды.

Газеттің жарық көруі үшін техникалық база жасау да үлкен еңбекпен жүзеге асты. Мұхамеджан Сералиннің бастамасымен Қазан, Орынбор және Уфа қалаларынан араб қарпіндегі қазақ шрифті жеткізілді. Қазан баспаханасынан бірнеше пұт әріп әкелініп, Қостанай типографиясында қазақ тіліндегі тұрақты басылым шығаруға мүмкіндік туды. Бұл өңірдегі қазақ полиграфиясының қалыптасуындағы маңызды кезең болды. Сол уақыттағы куәгерлердің естеліктерінде жаңа газет басылып жатқан кезде қазақ оқығандарының типографиядан шықпай, әр жолын бірге қарап, түзетіп отырғаны айтылады. Бұл қазақ қоғамының ана тіліндегі басылымды қаншалықты сағынғанын көрсетеді.

Ақыры 1923 жылдың 1 қыркүйегінде Қостанай қаласында «Ауыл» газетінің алғашқы тұрақты саны жарық көрді. Бұл күн Қостанай облыстық қазақ баспасөзінің туған күні саналады. Алғашқы кезеңде газет аптасына екі рет шығып, таралымы бірнеше жүз дана болса, аз уақыт ішінде оның таралымы бірнеше мың данаға жетті. Газет ең алдымен ауыл мұғалімдеріне, болыстық мекемелерге, кооперативтерге және жергілікті кеңестерге таратылды.

«Ауыл» газетінің басты мақсаты – ауыл тұрғындарын қоғамдық өмірге тарту, сауаттылықты арттыру және жаңа қоғамдық өзгерістерді түсіндіру болды. Басылым беттерінде ауыл шаруашылығы, егіншілік, мал шаруашылығы, кооперация құру, жер қатынастары, білім беру, денсаулық сақтау, әйел теңдігі, жастар тәрбиесі сияқты мәселелер тұрақты жарияланып отырды. Сонымен бірге газет қазақ тілінің мемлекеттік басқару ісіндегі қолданылуын насихаттап, іс қағаздарын ана тілінде жүргізудің қажеттігін көтерді.

Газеттің маңызды қызметінің бірі – ағартушылық болды. ХХ ғасырдың 20-жылдарының басында қазақ халқының сауаттылық деңгейі өте төмен еді. Осыған байланысты газет халықты мектеп ашуға, балаларды оқытуға, мұғалімдерді қолдауға шақырды. Басылым беттерінде оқу бағдарламалары, мұғалімдердің тәжірибесі, ауыл мектептерінің жағдайы туралы мақалалар үздіксіз жарияланып отырды. Бұл қазақ ауылындағы мәдени жаңғыруға үлкен ықпал етті.

«Ауыл» тек саяси немесе шаруашылық тақырыптармен ғана шектелген жоқ. Оның беттерінде әдебиет пен мәдениетке де кең орын берілді. Газет қазақ ақын-жазушыларының өлеңдері мен әңгімелерін жариялап, жаңа әдеби үрдістерді насихаттады. 1930 жылғы 27 қаңтардағы санында Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясына арналған рецензияның жарық көруі басылымның әдеби өмірге белсенді араласқанын көрсетеді. Бұл «Ауылдың» әдеби сын мен театр мәдениетінің дамуына да үлес қосқанын дәлелдейді.

Газеттің шығармашылық деңгейінің көтерілуіне Бейімбет Майлиннің қосқан үлесі ерекше болды. Ол жауапты хатшы ғана емес, публицист, фельетоншы, ұйымдастырушы ретінде редакция жұмысының барлық саласына араласты. Майлин ауыл өмірін терең білетін қаламгер ретінде қарапайым халықтың тыныс-тіршілігін, тұрмысын, еңбек адамдарының мәселелерін әсерлі тілмен суреттеді. Оның көптеген очерктері мен мақалалары кейін қазақ публицистикасының үздік үлгілеріне айналды. Сол себепті Қостанай губерниялық комитеті Майлинді басқа қызметке ауыстыру жөніндегі ұсыныстарға бірнеше рет қарсы болып, оның редакцияда қалуын талап еткен.

Газеттің тағы бір маңызды ерекшелігі – оның жергілікті тілшілер желісін қалыптастыруы болды. Ауылдық жерлерден тұрақты хат жазатын қоғамдық тілшілер көбейіп, өңірдегі әлеуметтік мәселелер, шаруашылық жаңалықтары, мәдени іс-шаралар туралы мәліметтер үздіксіз жарияланып отырды. Бұл қазақ баспасөзіндегі қоғамдық журналистиканың қалыптасуына ықпал етті.

Әрине, газет қиындықсыз өмір сүрген жоқ. Қағаздың жетіспеуі, қаржы тапшылығы, қазақ қарпіндегі әріптердің аздығы, тәжірибелі терушілердің жоқтығы редакция жұмысына кедергі келтірді. Кей кездері бір газет нөмірін бірнеше күн бойы теруге тура келді. Дегенмен редакция ұжымы барлық қиындықты еңсеріп, басылымның тұрақты шығуын қамтамасыз етті. Мұның өзі қазақ зиялыларының ұлттық баспасөзге деген жауапкершілігін көрсетеді.

«Ауыл» газетінің алғашқы кезеңдегі тарихын сөз еткенде есімі міндетті түрде аталуға тиіс тұлғалардың бірі – Жағыпар Сұлтанбеков. Қазақтың алғашқы кеңестік қайраткерлерінің қатарынан орын алған ол басылымның ұйымдастырушылық мәселелерін шешуге белсене араласты. Архив құжаттарына қарағанда, Қостанай губерниялық атқару комитетінің мүшесі ретінде Ж. Сұлтанбековке қазақ тіліндегі газетті шығару ісін жолға қойды. 

1928 жылдан бастап әкімшілік реформаларға байланысты «Ауыл» округтік газетке айналды. Кейін тарихи кезеңдердің талабына сәйкес оның атауы бірнеше рет өзгерді. Алдымен «Колхоз жолында», одан кейін «Социалды еңбек», «Сталин жолы», «Большевиктік жол», «Коммунизм таңы» деген атаулармен жарық көрді. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін басылым тарихи жаңғыру кезеңіне қадам басып, «Қостанай таңы» деген атауға ие болды. Осылайша бүгінгі облыстық «Қостанай таңы» газетінің бір ғасырлық тарихы дәл осы «Ауыл» газетінің алғашқы санынан бастау алады.

Бүгінгі күні «Ауыл» газеті – тек өткеннің ескерткіші ғана емес, Қостанай өңірінің қоғамдық, саяси және мәдени тарихын зерттеудегі аса құнды дереккөз. Оның беттерінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың тұрмыс-тіршілігі, қазақ зиялыларының қызметі, ұлттық мәдениеттің өркендеуі жөнінде мол мәлімет сақталған. Сондықтан «Ауыл» газетін зерттеу – қазақ журналистикасының ғана емес, ұлттық тарихтың, әдебиеттің, өлкетанудың және қоғамдық ойдың даму жолын танудың маңызды бағыты болып қала береді.

Ғасырлық тарихы бар бұл басылым қазақтың баспасөз дәстүрін сақтап қана қойған жоқ, Мұхамеджан Сералин қалыптастырған ағартушылық бағыт пен Бейімбет Майлин орнықтырған шынайы публицистикалық мектепті кейінгі ұрпаққа жеткізді. Сондықтан «Ауыл» газеті Қостанай өңіріндегі қазақ руханиятының алтын арқауы әрі ұлттық журналистиканың өміршең сабақтастығын дәлелдейтін бірегей тарихи құбылыс ретінде бағалануға лайық.

Бөлісу