Кезінде Тұтанхамонның мазарынан да біздің әжелеріміз бояғандай қызыл, жасыл асықтардың табылғаны туралы әңгімелер тарады.
Тәуке ханның тұсында асық ойынына тыйым салынған. Бұл туралы белгілі археолог Ұлан Үмітқалиұлы айтты.
Археологтың айтуынша, асық ойыны ертеде тек балалардың ермегі ғана емес, үлкендердің де «Хан талапай», «Сасыр», «Құмар» сияқты қоғамдық рөлі бар ойыны болған. Асық құмарлығына салынып, үйір-үйір жылқысы мен жүздеген қойынан айырылғандар да кездескен. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой жайып, көтен жеген озар» деген мәтел содан қалған. Кейіннен, Тәуке ханның тұсында бұл ойынға шектеу қойылып, тек балаларға ғана ойнауға рұқсат берілген деген мәлімет бар», - дейді Ұлан Үмітқалиұлы Qazaqstan tarihy арнасына берген сұқбатында.
Асық культі және Шаған өзені бойындағы сенсациялық жаңалық
Тарихшының айтуынша, Абай облысы, Абай ауданындағы Шаған өзенінің бойында он жылға жуық қазба жұмыстары жүргізілген. Қазба жұмыстары барысында бұрын-соңды болмаған жаңалық ашылған.
«Бірде мен Астанаға кетіп, кешке жақын қазба басына қайта оралғанда, жігіттерден жаңалық сұрадым. Олар көңілсіз күйде: «Ештеңе жоқ, аға! Тек асықтар табылып жатыр», - деп жауап берді.
Ертеңіне таңертең шыдай алмай қазба орнына бардық. Сонда қола дәуіріне жататын, бүктетіліп жерленген ер адамның қаңқасын көрдік. Оның аяқ жағында 140 асық жатты. Оған қарама-қарсы жерленген әйел адамның аяқ жағынан 37 асық табылды.
Асықтарды суретке түсіріп, зерттей келе, олардың тек қойдікі емес, еліктің, арқардың, ешкінің де асықтары екенін анықтадық. Оның үстіне, олардың бәрі бірдей бүтін емес, бірі егелген, бірі тұмар сияқты тағып жүру үшін тесілген болып шықты», - дейді тарихшы.
140 асықтың құпиясы
«Ер адамның қасына неге 140 асық қойылған?» деген сауал археологтың ойынан шықпай қояды. Кейін Әлкей Марғұланның еңбектерін зерттеу барысында ертедегі ең үлкен ауылдарда 300-ге тарта адам тұрғаны, оның ішінде ер азаматтардың саны 150-ге дейін барғаны туралы статистикалық мәліметтерге тап болады.
«Негізінен қазақ дүниетанымында асық негізінен ер азаматпен байланыстырылады. Тағы бір айта кетерлігі, әдетте зират басына, яғни қайтыс болған адамды жерлеуге тек еркектер ғана барады. Осыдан кейін «бәлкім сол заманда жерлеуге келген ер азаматтар топырақ салудың орнына, марқұмға арнап бір-бір асық қойды ма екен?» деген болжам пайда болды. Ал тесілген асықтар -жақындарының мойнындағы тұмарын қимастықпен үзіп салғанының белгісі болуы мүмкін. Яғни осы жорамалға сүйенсек, Шаған өзені бойындағы жерлеу рәсіміне 140 адам қатысқан деген сөз.
Бұл жаңалық бізді қатты қызықтырғандықтан, қазақтың асыққа байланысты дүниетанымын түгел зерттеуге кірістік. Қазіргі уақытта өз басым «Асық - баланың ойыны емес, бабаның мұрасы» атты кітап жазып жатырмын», - дейді археолог Ұлан Үмітқалиұлы.
Ол сондай-ақ, асықтың ер азаматтың және елдіктің белгісі екеніне дәлел болатын бірнеше факторға тоқталады.
Түркі халықтарының көбінде асық - ер азаматтың символы. Мысалы, туыс адамдар ұл бала асырап алса - асық жілік, қыз бала асырап алса қары жілік ұсынады. Қырғызстанның Тоқмақ өңіріндегі Қарасу деген жерде бала көтермей жүрген әйелдер түнейтін орын бар. Олар өздерімен бірге асық пен моншақ ала барып, бұлаққа тастайды. Кейін бұлақтан қайта қолын салғанда моншақ ілінсе -қызды, асық ілінсе - ұлды боламын деп ырымдайды. Сол секілді қазақта келін босанғанда асық иіріп, алшы түссе «ұл табады» деген түсінік бар», - дейді ол.
Асық тек тұмар емес, елдік мәселелер мен дауларды шешетін құрал да болған. Оған мысал ретінде Орта жүз Арғын ішіндегі Қуандық пен Сүйіндіктің інісі Қаржас туралы аңызды айтуға болады.
«Арқада жұт болып, Қуандық пен Сүйіндіктің әкесі оңтүстікке ауады. Сол жақта бір байдың қызымен көңіл жарастырып, елге қайтарда аяғы ауыр әйелге: «Бала туса, атын Кәріжас (Қаржас) қой», - дейді.
Бала тоғыз жасқа келгенде әкесін іздеп Арқаға келеді. Оны тапқан ағалары Қуандық пен Сүйіндік «маған еншілес болады» деп дауласады. Сонда шешелері үйдегі алтын сақаны иіруді ұсынады. Сүйіндік «алшы, тәйке, бүк, шік түссе де менікі» деп озбырлық танытқанымен, сақа иірілгенде аттың ерінің қасына оңқысынан түседі. Осылайша, Қаржас Қуандықпен еншілес болады», - дейді археолог.
Асық ойынының кемі бес мың жылдық тарихы бар
Жақында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың археологы Әбдеш Тәшкенұлы мен Ринат есімді әріптестеріміз жүргізген қазба жұмыстары кезінде энеолит дәуіріне жататын 100-ден астам асық табылған. Тарихшының сөзінше, бұл - осыдан 5-6 мың жыл бұрынғы уақытқа келеді.
«Осыған қарап, асық дүниетанымының ең арғы тамыры біздің жерімізде жатқанын көруге болады. Орталық Азия ерте заманда үлкен миграциялық үдерістердің тоғысқан орталығы болып, көптеген құндылықтар біз арқылы әлемге тараған.
Біз тапқан асықтардың ішінде қызыл түске боялғандары болды (50-ден астамы). Оларды зерттегенде, құрамынан еті түрлі ингредиент табылды. Оның ішінде тастың қынасы, сиырдың жапасы, ұлудың қабықтары мен әктас (известь) бар. Осындай арнайы қоспаның арқасында бұл бояулар 36 ғасыр бойы бұзылмай сақталған.
Кезінде Тұтанхамонның мазарынан да біздің әжелеріміз бояғандай қызыл, жасыл асықтардың табылғаны туралы әңгімелер тарады. Ол кезеңде қазіргідей ұшақ пен көлік болмаса да, адамдар арасындағы байланыс өте жоғары деңгейде болған. Мысалы, жақында Маңғыстаудағы Қарашық қаласынан Рим империясының заттары табылды. Ал Зайсандағы Айнабұлақ деген жерден, яғни энеолит дәуірінен табылған біздің асықтардың уақыты Тұтанхамон кезеңінен әлдеқайда ерте мерзімге жатады», - дейді ол.
Асық ойын түрлері
Асық ойыны – қазақ халқының көнеден келе жатқан, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жеткен ұлттық спорттық және зияткерлік ойыны.** Ол тек балалардың ермегі емес, сонымен қатар мергендікке, ептілікке, жылдамдыққа және стратегиялық ойлауға баулитын тәрбие құралы.
Асық ойынының ережелері мен мақсатына қарай ондаған түрі бар.
Хан талапай
Бұл — негізінен кіші жастағы балаларға арналған, өте көңілді әрі жылдам ойын.
Ойын шарты - шашылған асықтардың ішінен «Ханды» (қызыл түске немесе ерекше түске боялған асық) тауып, қалған асықтарды мүмкіндігінше көп жинап алу.
Ойынды жүргізуші барлық асықты ортаға үйіріп тастайды. Егер «Хан» алшысынан түссе, ойыншылар «Хан талапай!» деп айқайлап, асықтарды таласып жинай бастайды. Егер «Хан» басқаша түссе, ойын кезекпен жалғасады.
Үш табан (Шеңбер)
Мергендік пен дәлдікті сынайтын ең танымал ойын түрлерінің бірі.
Ойын шарты - шеңбердің ортасындағы сызыққа (көнге) тізілген асықтарды сақамен атып, шеңберден шығару.
Сызықтан үш табан (немесе одан да алыс) қашықтықта тұрып, кезекпен асықтарды атады. Егер атылған асық шеңберден шықса, ол ойыншының олжасы болады. Сақа көн ішінде қалып қоймауы тиіс.
Бес асық
Бұл ойын көбінесе қыз балалар арасында кең таралған, саусақтардың моторикасын, зейінді және ептілікті дамытатын ойын.
Ойын шарты - бес асықты белгілі бір ережелер бойынша жерден бір-бірлеп, екі-екіден қағып алу.
Ойын бірнеше кезеңнен (бірінші, екінші, «жалақ», «төрттік», «тәу» т.б.) тұрады. Ойыншы бір асықты жоғары лақтырып, ол жерге түскенше жердегі асықтарды үлгеріп алуы және жоғарыдағы асықты қағып алуы керек.
Алты атар
Үлкенірек балалар мен ересектер арасында ойналатын, физикалық күш пен үлкен мергендікті талап ететін ойын.
Ойын шарты - ұзыннан-ұзақ тізілген асықтарды алыс қашықтықтан (мысалы, 5–6 метр) сақамен ұрып құлату.
Ойыншылардың әрқайсысында бірнеше мүмкіндік (ату құқығы) болады. Қашықтық алыс болғандықтан, бұл ойында сақаның салмақты әрі ірі (қорғасын құйылған) болғаны маңызды.
Томпай (немесе Омпа)
Асықтың ерекше тұрысына негізделген қызықты ойын түрі.
Ойын шарты - көннің ортасына «омпа» (тік) тұрғызылған асықты атып құлату.
Ортадағы тік тұрған асықты бірінші болып дәл тигізіп, құлатқан ойыншы көндегі барлық асықты иеленеді. Бұл ойын ерекше ептілік пен есепті талап етеді.
Асық ойынындағы негізгі позициялар (терминдер)
Ойын барысын түсіну үшін асықтың түсу қалпын білу маңызды:
Алшы — асықтың иірілгенде бүшік жағы төмен қарап, алшысы жоғары тұруы (ең тиімді, жеңісті қалып).
Тәйке — алшыға қарама-қарсы, тегіс жағының жоғары қарап түсуі.
Бүк — асықтың дөңес сырты жоғары қарап, етпетінен түсуі.
Шік — асықтың қуыс бауыры жоғары қарап, шалқасынан түсуі.
Асықтың тәрбиелік мәні
Асық ойыны жай ғана уақыт өткізу емес. Қазіргі таңда бұл ойын “ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне” енген.
Ол баланың:
Көз мергендігін (глазомер) жақсартады;
Қол-аяқ бұлшықеттерін шынықтырады;
Төзімділікке, ұстамдылыққа және командада жұмыс істеуге үйретеді.
Асық ойыны — қазақ мәдениетінің символы. Бүгінде бұл ойын тек ауылдық жерлерде ғана емес, қалалық мектептерде, тіпті халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстарда «Асық ату» спорт түрі ретінде жаңа серпінмен дамып келеді.