Жыл сайын 4 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні атап өтіледі. Бұл күн тәуелсіз еліміздің басты нышандары – Ту, Елтаңба және Әнұранның қабылданған күні ретінде тарихта қалды.
Мемлекеттік рәміздер – кез келген елдің егемендігін, ұлттық ерекшелігін және рухани құндылықтарын танытатын қасиетті белгілер. Солардың ішінде Елтаңба халқымыздың дүниетанымын, мәдениетін және тарихи жадын бейнелейтін ерекше рәміз ретінде дараланады.
Елтаңбаға көбіне мемлекеттік мекемелердің қабырғасында ілулі тұрған белгі ретінде қараймыз. Алайда оның әрбір сызығы мен әрбір бейнесінің астарында терең мағына жатыр. Елтаңба – жай ғана графикалық сурет емес, ол халықтың өткенін, бүгінін және болашаққа деген үмітін тоғыстырған көркем туынды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы 1992 жылғы 4 маусымда қабылданды. Оның авторлары – сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Егемендік алғаннан кейін жаңа мемлекеттің болмысын танытатын рәміз жасау оңай міндет болған жоқ. Өйткені ол ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениетті де, жас мемлекеттің болашаққа деген ұмтылысын да қатар көрсетуі тиіс еді.
Осы тұрғыдан алғанда қазіргі Елтаңба өз міндетін толық атқарып келеді.
Елтаңбаның дәл ортасында шаңырақ орналасқан. Қазақ үшін шаңырақтың орны ерекше. Ол – отбасының, әулеттің, бірліктің және ұрпақ сабақтастығының белгісі. Қазақ тілінде «шаңырағың биік болсын», «қара шаңырақ» деген ұғымдардың болуы да осының дәлелі. Елтаңбадағы шаңырақ Қазақстанды ортақ үй ретінде бейнелейді. Әртүрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан елдің басты құндылығы – бірлік пен келісім екенін аңғартады.
Шаңырақтан жан-жаққа тараған уықтар күн сәулесін елестетеді. Олар мемлекеттің өсіп-өркендеуін, халықтың ортақ мақсатқа жұмылған күшін білдіреді. Көшпелі мәдениеттен бастау алатын бұл бейне қазақ халқының дүниетанымымен тығыз байланысты. Киіз үй – қазақ өмірінің ажырамас бөлігі болса, шаңырақ сол өмірдің өзегін құрайды.
Елтаңбаның екі жағында қанатты тұлпарлар бейнеленген. Тұлпар – қазақ фольклоры мен мифологиясында ерекше орын алатын образ. Батырлар жырында тұлпар әрдайым еркіндіктің, күш-қуаттың және жеңістің серігі ретінде суреттеледі. Ал Елтаңбадағы қанатты тұлпарлар елдің асқақ арманы мен биік мақсаттарын білдіреді. Қанат – шексіз мүмкіндіктің, дамуға ұмтылыстың белгісі. Сондықтан тұлпарлардың бейнесінен тек өткен тарихты ғана емес, болашаққа бағытталған сенімді де көруге болады.
Елтаңбаның жоғарғы бөлігіндегі бес бұрышты жұлдыз да кездейсоқ таңдалмаған. Жұлдыз ежелден адамзат үшін жол көрсетуші белгі саналған. Қазақ халқы да жұлдызға қарап бағыт түзеген
Сондықтан Елтаңбадағы жұлдыз Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы орнын, ашықтыққа және өркениеттік дамуға ұмтылысын білдіреді.
Елтаңбадағы алтын және көгілдір түстердің де өзіндік мағынасы бар. Алтын түс – байлықтың, молшылықтың және жарқын болашақтың нышаны. Ал көгілдір түс бейбітшілік пен тұрақтылықты, ашық аспан мен тазалықты білдіреді. Бұл түстер Қазақстанның мемлекеттік туымен де үндесіп, рәміздердің тұтастығын айқындай түседі.
Қазақ халқының тарихында таңба ұғымының орны ерекше болғаны белгілі. Ру-тайпалардың өз таңбалары болды, олар арқылы халық өзінің тегін, тарихын және бірлігін таныды. Бүгінгі Мемлекеттік елтаңба сол көне дәстүрдің заманауи жалғасы іспетті. Ол ұлттық жадымыз бен тарихи сабақтастықтың көрінісіне айналды.
Қазіргі таңда Елтаңба мемлекеттік мекемелерде, білім беру ұйымдарында, халықаралық кездесулерде және ресми құжаттарда кеңінен қолданылады.