Қарқара жәрмеңкесі: базардан басталған жаңа саясат

Бөлісу

09.04.2026 42

Ахмет Байтұрсынұлының төте жазу үлгісімен, қырғыз тілінде жарық көрген «Эркин-Тоо» газетінің 1925 жылы 10 шілдедегі №34 санында жарияланған Василийдің мақаласы кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарындағы Жетісу өңіріндегі экономикалық, әлеуметтік және саяси өзгерістерді нақты бір оқиға – Қарқара жәрмеңкесі арқылы көрсететін маңызды дерек көздерінің бірі. Бұл мәтін жай ғана жәрмеңкенің ашылуын сипаттайтын ақпараттық хабар емес, кеңес өкіметінің шекаралық аймақтарда жүргізген жаңа экономикалық саясаттың, кооперативтік жүйені дамыту бағытының және идеологиялық жұмысының қалай жүзеге асқанын айқын аңғартатын публицистикалық материал ретінде бағаланады. Сондықтан мақаланы оқығанда оның сыртқы мазмұнына ғана емес, астарындағы саяси мәніне де назар аудару қажет. 


Жаркент уезді, Қарқара деген жерде (Қарақолынан 80 шақырым) Қарқара жәрмеңкесі ашылды, ашылған күні ертемен бастап әр қыстақтан қазақ, қырғыз, орыс демей жәрмеңкеге келе бастады. Сағат 2-ге дейін 20 000-дай кісі жиналды, сағат 2-1/2-де жәрмеңке комитетінің бастығы жолдас Каменов жәрмеңке ашылу туралы қуанышты мәжілісін ашты. Үстел айналасынан батырақ уәкілдері, болыстық атком, ауыл аткомдерінің төрағалары сайланып, Қарқара жәрмеңкесінің мақсаты туралы һәм құттықтап сөздер сөйленді. Сағат жармаркомның үйі алдымда он екі саржан биік алашта 15 кездік СССР деген белгісімен қызыл байрақ көтерілді. 

Жәрмеңке ашылды деп жарияланғаннан кейін халықтың бәрі «уралап» айқайласып интернационал көсемінің атын жаңғыртты. Мұнан кейін әртүрлі халық ойындары болды, аламан бәйге, аударыспақ, балуандар күресі тағы басқа ойындар болып жеңіске жеткендерге жүлде берілді.

Жетісу губерниясынан, Қарақол округі және ауыл-союздан үкімет, кооператив ұйымдары, мысалы: қырғыз саудасы, тері-терсек, жүн-жұрқа даярлау бөлімдері. Жетісу губерниясынан ішкі сауда ұйымдары қатынасты. Жақында шыны бұйымдарының тізбесі және қытай жақтан сауда фермалары келеді деп күтіліп отыр. Қарақол округінен қалалық кооператив, мергендер кооперативі, омарташылар кооперативі, қарыз иелері кооперативі және бірталай ауыл-қыстақ кооперативтері саудасын жүргізе бастады. Күншығысқа тән кездеме бұйымдары көп, бірақ ауыл қожалық аспаптары, қырғыз, қазақ батырақтарының үйіне лайықты шыны-шәйнек сияқты нәрселер азырақ болып тұр. Үкімет саудалары кездеме беріп өздеріне керекті заттарын алып жатыр. Жәрмеңкеге кіретін дарбазадан өткен малдың саны 8000, үкімет органдары 3000 пұттай жүн жинады. Астық, мал базары ашылды. Саудада жоқ ұйымдар: аңшылық білім ағарту ішінде жәрмеңкеге келген ат ойыны (цирк), көрініс көрсететін ойындарын көрсетіп жатыр, және де кітапхана, Ленин бұрышы ашылып жергілікті тілде газет-журнал, кітаптар көп болды. Балалар комиссиясы, осы сияқты басқа жәрдем жиятын ұйымдарға жетім балалар, ауру, жаралы болған қызыл әскерлер үшін жәрдем жиып бір қанша жер және кейбір базарлардан пайдаланып тұруға ордер берілді.

Шекараны ашу жәрмеңкеге жан бітірді

Қытай шекарасының ашылуы жәрмеңкені ерекше жандандырып жіберді, бұрынғы жылдарға қарағанда биылғы жылғы істің жемісі көбірек болса керек. Жәрмеңкеде ұсақ капиталдар үлкен істер атқарып жатыр. Жәрмеңке ашылғанға дейін де 800-дей жаңа сауда дүкендерінің желісін ашқан орыс тауарын, қытай тауары жібек, шай, тағы басқа, Қашқар бұйымдарына айырбастағысы келетіндер қаптап жүр. Мұнан басқа қытаймен болған әртүрлі байланыс арқасында саяси жөнінде қытай жұмыскер-диқандарымен бірге жол аша аламыз және бекіте аламыз, жәрмеңкенің қылған істері басынан бастап осы істер.

Василий

«Эркин Тоо» газеті №34. 10 шілде 1925 жылы, 1-бет

Мақалада суреттелетін Қарқара жәрмеңкесі – патшалық Ресей дәуірінен бері белгілі сауда орталықтарының бірі. Алайда 1920 жылдардың ортасына келгенде оның сипаты түбегейлі өзгерді. Кеңес өкіметі бұрынғы жәрмеңкелерді тек сауда алаңы ретінде ғана емес, жаңа экономикалық қатынастарды енгізетін, кооперацияны дамытатын, халықты мемлекеттік саясатқа бейімдейтін құрал ретінде пайдалана бастады. Василийдің мақаласында жәрмеңкенің ашылуына жиырма мыңға жуық адамның жиналуы, әртүрлі этностардың қатысуы, арнайы комитеттің құрылуы сияқты деректер келтіріледі. Бұл бір жағынан жәрмеңкенің ауқымын көрсетсе, екінші жағынан кеңестік биліктің бұқараны ұйымдастыру қабілетін насихаттауға бағытталған. Ашылу салтанатында қызыл тудың көтерілуі, интернационал ұрандарының айтылуы жәрмеңкенің тек экономикалық емес, саяси сипат алғанын аңғартады.

Мәтінде жәрмеңкенің ашылу рәсімінің ерекше сипатталуы да кездейсоқ емес. Халықтың «уралап» айқайлауы, интернационал көсемінің атын ұрандатуы – бұл табиғи эмоциядан гөрі кеңестік ритуалдың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай көріністер арқылы билік жаңа қоғамдық мінез-құлық үлгісін орнықтыруға тырысты. Яғни жәрмеңке – тек сауда орны емес, жаңа идеологияны жариялайтын сахнаға айналды. Оның үстіне ұлттық ойындардың, бәйге мен күрестің ұйымдастырылуы дәстүрлі мәдени элементтерді сақтай отырып, оларды кеңестік мазмұнмен ұштастыру әрекетін байқатады. Бұл – халықты бірден жатсындырмай, жаңа жүйеге жұмсақ көшіру тәсілі.

Мақаланың негізгі бөлігі жәрмеңкенің экономикалық қызметіне арналған. Мұнда әртүрлі кооперативтердің, мемлекеттік сауда ұйымдарының қатысуы кеңінен баяндалады. Қырғыз сауда ұйымдары, тері-терсек, жүн-жұрқа дайындау бөлімдері, омарташылар мен мергендер кооперативтері, қарыз ұйымдары сияқты құрылымдардың аталуынан сол кезеңде кооперацияның кең қанат жайғанын көруге болады. Бұл – жаңа экономикалық саясаттың тікелей көрінісі. Кеңес өкіметі жеке сауданы толық жойып жібермей, оны кооперативтік формаға түсіріп, бақылауға алуға тырысты. Мақалада тауар айырбасы, шикізат жинау, мал саудасы сияқты мәселелердің қатар жүруі ауыл шаруашылығына негізделген өңір экономикасының біртіндеп нарықтық элементтермен ұштасып отырғанын көрсетеді.

Сонымен қатар мәтінде тауар тапшылығы мен сұраныс мәселесі де жанама түрде көрініс табады. Автор кездеме бұйымдарының көп екенін, бірақ ауыл тұрмысына қажетті кейбір заттардың жетіспейтінін атап өтеді. Бұл кеңестік экономиканың сол кезеңдегі әлсіз тұстарын аңғартады. Яғни жәрмеңке қаншалықты дамып жатыр деп сипатталғанымен, өндірістік база әлсіз болғандықтан, қажетті тұрмыстық заттар толық қамтамасыз етілмеген. Мұндай мәліметтер мақалада ашық сын ретінде емес, жалпы жағдайды сипаттау ретінде берілгенімен, ол кезеңнің экономикалық қиындықтарын сездіреді.

Мақаланың маңызды тұстарының бірі – мәдени-ағартушылық элементтердің енгізілуі. Жәрмеңке алаңында кітапхана, «Ленин бұрышының» ашылуы, жергілікті тілде газет-журналдардың таралуы, цирк пен түрлі ойындардың ұйымдастырылуы – мұның бәрі кеңестік мәдени саясаттың бір бөлігі. Бұл жерде жәрмеңке тек сауда орны ғана емес, халықты жаңа мәдени кеңістікке тартатын орталыққа айналған. Әсіресе «Ленин бұрышы» секілді символикалық нысандар арқылы жаңа идеология күнделікті өмірдің бір бөлігіне айнала бастайды. Сонымен қатар жетім балаларға, жаралы қызыл әскерлерге көмек жинау сияқты әрекеттер кеңестік әлеуметтік саясаттың насихаты ретінде көрінеді. Бұл арқылы билік өзін халыққа қамқор, әлеуметтік жауапкершілігі бар күш ретінде көрсетуге ұмтылған.

Мәтіндегі ең өзекті мәселелердің бірі – Қытаймен шекараның ашылуы. Автор бұл оқиғаны жәрмеңкенің жандануымен тікелей байланыстырады. Шекараның ашылуы тек сауда көлемінің артуына ғана емес, халықаралық байланыстардың кеңеюіне жол ашқан. Қытайдан жібек, шай сияқты тауарлардың келуі, Қашқар бұйымдарының айырбасқа түсуі Жетісу өңірінің трансшекаралық саудадағы рөлін көрсетеді. Бұл кезеңде Кеңес өкіметі сыртқы сауданы толық орталықтандырып үлгермегендіктен, шекаралық аймақтарда белгілі бір деңгейде еркіндік сақталды. Соның нәтижесінде жәрмеңкелер халықаралық сауданың маңызды торабына айналды.

Сонымен бірге автор Қытаймен байланыс тек экономикалық емес, саяси маңызға да ие екенін атап өтеді. Қытай жұмыскерлері мен диқандарымен «бірге жол ашу» туралы айтылуы кеңестік интернационализм идеясын көрсетеді. Бұл – кеңес идеологиясының шекарадан тыс аймақтарға таралуына үміт артқанын білдіреді. Яғни жәрмеңке тек сауда емес, халықаралық революциялық идеялардың да таралу алаңы ретінде қарастырылған.

Жалпы алғанда, Василийдің бұл мақаласы Қарқара жәрмеңкесін сипаттау арқылы кеңестік қоғамның бірнеше маңызды қырын қатар көрсетеді. Біріншіден, ол жаңа экономикалық саясат кезеңіндегі кооперация мен сауданың дамуын бейнелейді. Екіншіден, жәрмеңке арқылы кеңестік идеологияның халық арасына қалай енгізілгенін көрсетеді. Үшіншіден, мәдени-ағартушылық шаралардың жаңа қоғам құрудағы рөлін аңғартады. Төртіншіден, шекаралық сауданың және халықаралық байланыстың маңызын ашады. Бұл тұрғыдан алғанда, мақала тек бір өңірдегі оқиғаны емес, тұтас дәуірдің сипатын беретін құнды дерек.

Қорытындылай келгенде, 1925 жылғы Қарқара жәрмеңкесіне арналған бұл мәтін кеңес өкіметінің ауылдық және шекаралық аймақтарда жүргізген көпқырлы саясатының айқын көрінісі. Жәрмеңке – сауда алаңы ғана емес, жаңа экономикалық жүйені енгізудің, халықты ұйымдастырудың, идеологияны таратуының, мәдени кеңістікті қалыптастырудың және халықаралық байланыстарды жолға қоюдың кешенді құралы ретінде көрінеді. Василийдің мақаласы осы өзгерістерді өз дәуірінің тілімен жеткізе отырып, бүгінгі зерттеуші үшін сол кезеңнің рухын, қайшылығын және бағытын түсінуге мүмкіндік береді.

***

Пайдаланған әдебиеттер: 

«Отанына оралған құжаттық қазына». IV том. Құжаттар мен материалдар жинағы. Астана: 2023. -268 б.

Бөлісу