Мемлекет тарихы институтында «2026 жылғы республикалық референдум: мемлекетті дамытудың жаңа бағдарлары» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға тарих, саясаттану, әлеуметтану және экономика саласының ғалымдары мен сарапшылары қатысты.
Іс-шара барысында саясаттану PhD докторы, қауымдастырылған профессор, Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов жаңа Конституцияны үш негізгі тұрғыдан қарастыруға болатынын айтты. Оның сөзінше, бұл өзгерістерді тек құқықтық немесе саяси қырынан ғана емес, сонымен қатар идеологиялық, символдық және болашақ даму траекториясы тұрғысынан бағалауға мүмкіндік береді.
Ғалымның пікірінше, жаңа Конституция Қазақстандағы мемлекеттік идеология эволюциясының келесі кезеңін білдіреді. «Бұл – институционалдық тереңдеу сатысының басталуы. Шын мәнінде, тәуелсіздік жылдары қалыптасқан мемлекеттік идеологияның жетілу кезеңі», – деді Нұрбек Пұсырманов.
Сонымен қатар ол жаңа Конституцияның символдық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл құжат белгілі бір дәуір ауысымының белгісі болып табылады және қоғамның ортақ тарихи жадын жаңартуға бағытталған саяси-символдық қадам саналады.
Сарапшының айтуынша, жаңа Конституция аяқталған жоба емес. Керісінше, ол демократиялық дамудың бастапқы нормативтік кезеңдерінің бірі. «Конституцияны тірі организм ретінде қарастырсақ, ол қоғаммен бірге өзгеріп, қоғаммен бірге дамиды. Сондықтан оның нормаларының тиімді жұмыс істеуі бірқатар институционалдық факторларға байланысты», – деді ол.
Олардың қатарында Конституциялық соттың тәуелсіздігін күшейту, партиялық бәсекелестікті дамыту және азаматтық қоғамның шешім қабылдау процестеріне қатысу тетіктерін кеңейту маңызды екені айтылды.
Тарих ғылымдарының кандидаты, Еуразия интеграция институты департаментінің басшысы Арман Ешмұратов Конституция нормаларын іске асыруды дұрыс түсіндірудің маңызын атап өтіп, арнайы әдістемелік құжат әзірлеу қажеттігін айтты.
Ал PhD, жас ғалым Еркебұлан Жұмашов exit poll нәтижелеріне тоқталып, бұл халық тарапынан көрсетілген үлкен сенім мен мандат екенін атап өтті.
Өз кезегінде тарих ғылымдарының докторы Ғани Қарасаев жаңа Конституция ұлттық экономиканың дамуына серпін беріп, елде жаңа өндірістердің ашылуына ықпал ететініне сенім білдірді.
Дөңгелек үстел қорытындысында ғалымдар мен сарапшылар жаңа Конституция ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжат екенін атап өтті.