Волонтерлік қоғамды қалай өзгертеді?

Бөлісу

18.01.2026 6393

Волонтерлік – қоғамның әлеуметтік, экологиялық, гуманитарлық мәселелерін шешуге бағытталған маңызды әлеуметтік белсенділік. Жаһан бойынша волонтерлікке қатысатын адамдардың саны өте көп. Түрлі есепке сәйкес, әлемде айына кемінде 860 миллионға жуық адам волонтерлік қызметпен айналысады. Бұл жұмысқа жарамды халықтың шамамен 15%-ын құрайды. Мұндай статистика волонтерлік қызметтің кең тарағанын және қоғамдағы қажеттілікті көрсетеді.


Халықаралық деңгейде волонтерлік қызметті жүйелі әрі институционалдық негізде ұйымдастыратын басты құрылымдардың бірі – United Nations Volunteers (UNV) бағдарламасы. Бұл ұйым Біріккен Ұлттар Ұйымының жүйесіне кіріп, волонтерлерді бейбітшілік орнату, тұрақты даму, гуманитарлық көмек және дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру бағытындағы жобаларға тартады. UNV аясындағы еріктілер табиғи апаттардың салдарын азайту, қауымдастықтардың орнықтылығын арттыру, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін қолдау, жастар мен әйелдердің мүмкіндігін кеңейту секілді салаларда жұмыс істейді. Бағдарламаның ерекшелігі – волонтерлердің тек қысқа мерзімді көмек көрсетумен шектелмей, жергілікті қоғамдастықтармен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуына басымдық берілуінде. UNV мамандары мемлекеттік мекемелермен, халықаралық ұйымдармен және үкіметтік емес сектор өкілдерімен бірге жұмыс істей отырып, жергілікті кадрлардың әлеуетін арттыруға да үлес қосады. 2023 жылы UNV әлемнің түрлі аймақтарында 56-дан астам серіктес ұйыммен бірлесіп, шамамен 13 мың волонтерді іске жұмылдырды. Бұл көрсеткіш волонтерлік қызметтің халықаралық саясат пен жаһандық даму күн тәртібіндегі маңызын айқын аңғартады.

Қазақстанда да волонтерлік қозғалыстың дамуы соңғы жылдары тұрақты әрі жүйелі сипат алды. Егер 2019 жылы ел бойынша 50 мыңнан астам волонтер ғана тіркелсе, кейінгі кезеңде бұл көрсеткіш бірнеше есе өсіп, 275–300 мыңға жуық белсенді еріктіге жетті. Мұндай серпін азаматтық белсенділіктің артуымен, волонтерлік қызметтің институционалдық тұрғыда қолдау табуымен және қоғамдағы әлеуметтік сұраныстың күшеюімен тығыз байланысты. Волонтерлік инфрақұрылым да айтарлықтай кеңейді. Қазіргі таңда Қазақстанда 755-ке жуық волонтерлік ұйым тұрақты түрде жұмыс істейді, ал 2 мыңнан астам бастамашыл топ әлеуметтік, экологиялық, білім беру және гуманитарлық жобаларды жүзеге асырып келеді. Бұған қоса, ерекше әлеуметтік топ ретінде қалыптасқан «Күміс волонтерлер» қозғалысы бар. Бұл – өмірлік тәжірибесі мол, зейнет жасындағы немесе орта жастағы азаматтарды біріктіретін қауымдастық. Бүгінде олардың саны 3,5 мыңға жуық, және олар көбіне әлеуметтік қолдау, тәлімгерлік, мәдени-ағартушылық бағыттарда белсенді.

Цифрландыру да волонтерлік қозғалыстың дамуына өз ықпалын тигізді. Елде QazVolunteer.kz онлайн платформасының іске қосылуы еріктілер мен ұйымдастырушылар арасындағы байланысты жеңілдетті. Платформа арқылы азаматтар волонтер ретінде тіркеліп, өз өңіріндегі немесе республикалық деңгейдегі жобаларға қатыса алады, ал ұйымдар қажетті еріктілерді ашық әрі тиімді түрде тартуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар Қазақстанда халықаралық ұйымдармен бірлескен волонтерлік жобалар да белсенді жүзеге асуда. Соның ішінде UNICEF бағдарламалары ерекше орын алады. Осы бастамалар аясында 10 мыңнан астам жас қазақстандық еріктілік қозғалысына тартылып, балалар құқықтарын қорғау, жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, экология және тұрақты даму салаларында нақты жұмыстар атқарды. Бұл жобалар қазақстандық волонтерлердің тек жергілікті емес, жаһандық әлеуметтік күн тәртібіне де араласа алатынын көрсетті.

Ал әлемдік тәжірибеде волонтерлік қызметтің ауқымы одан да кең. Көптеген елдерде еріктілер табиғи апаттардан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына, төтенше жағдайлар кезінде гуманитарлық көмек көрсетуге белсенді тартылады. Бұдан бөлек, бала құқықтарын қорғау, әйелдер мен жастардың мүмкіндігін кеңейту, әлеуметтік осал топтарды қоғамға бейімдеу, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін қолдау волонтерлік қызметтің негізгі бағыттарына айналған. Осылайша, халықаралық деңгейде волонтерлік тек әлеуметтік көмек құралы ғана емес, қоғамның орнықты дамуын қамтамасыз ететін маңызды ресурс ретінде қарастырылады.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, волонтерлік қызметтің қоғамға қосатын үлесі елеулі. Қазақстан бойынша жүргізілген есептерге сәйкес, 2022 жылы волонтерлер атқарған жұмыстың экономикалық құны кемінде 2,6 миллиард теңгеге бағаланған. Бұл көрсеткіш еріктілердің еңбегі тек моральдық немесе әлеуметтік маңызға ғана ие емес, сонымен қатар нақты экономикалық тиімділік әкелетінін дәлелдейді. Волонтерлердің әлеуметтік көмек көрсетуі, қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыруы, экологиялық және білім беру жобаларына қатысуы мемлекеттік және жергілікті бюджетке түсетін жүктемені азайтып, қоғамдық ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Халықаралық тәжірибе де волонтерліктің экономикалық әлеуетін айқын көрсетеді. Сараптамалық бағалауларға сәйкес, OECD елдерінде волонтерлік қызметтің жиынтық үлесі жалпы ішкі өнімнің шамамен 1,9 пайызына тең. Бұл көрсеткіш еріктілер еңбегінің ұлттық экономикалар үшін маңызды ресурс екенін аңғартады. Көптеген дамыған елдерде волонтерлік қызмет әлеуметтік саясаттың ажырамас бөлігі ретінде қарастырылып, оны қолдау арқылы қоғамдық әл-ауқатты арттыру мен тұрақты дамуға қол жеткізу көзделеді.

Бөлісу