2025 жылдың 24 желтоқсанында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында көрнекті танымал ғалым ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор, Досмұхамед Кішібекұлы Кішібековтің 100 жылдығына арналған «Академик Досмұхамед Кішібековтің мұраларындағы философия, тарих, өркениет мәселелері және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Досмұхамед Кішібекұлы қазақ халқының тарихындағы ауыр да қаралы кезеңдердің бірі – аштықтың нәубетін, екіндүниежүзлік соғыстың сұрапыл тұстарын өз көзімен көргендердің бірі. Осындай қиын-қыстау жылдарды басынан өткізсе де, ерен еңбек пен табандылықтың арқасында ғылымның биік белесіне жете білген ғұлама ғалым.
Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз 99 жасына қараған шағында дүниеден озған еді. Бірақ білікті тәлімгер, талантты ұстаздың артына қалдарған бай мұрасы бүгінгі жас зерттеушілерге үлгі өнеге болары айдан анық. Оның көшпелі қоғамдағы философиялық мәселелерді кеңінен зерттеуі, ұлттық идеяны жан-жақты саралай білуі білім мен ғылымға деген шынайы сүйіспеншілігін көрсетеді.
Конференцияның негізгі мақсаты – отандық философия және тарих ғылымдарының дамуына үлес қосқан ғалым Д.К. Кішібековтің ғылыми мұрасын зерделеу, қазіргі заманғы рухани-мәдени, әлеуметтік-философиялық, тарихи мәселелерді және отандық ғылымдағы дәстүр сабақтастығын талқылау. Кемеңгер ғалымға арналған ғылыми іс-шараның модераторы - Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі З.Е.Қабылдинов болды. Аталған жиынның арнайы құттықтаулары Д.В. Сокольский атындағы Жанармай, катализ және элетрохимия институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА академигі – М.Ж. Жұрыновқа, институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі – О.И. Исмағұловқа т.б. берілді.
З.Е.Қабылдинов өзінің баяндамасында Досмұхамед Кішібековтің ғылыми мұрасының бай екендігіне ерекше тоқталып, әсіресе ғалымның «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты 7 томдық академиялық басылымның дайындалу барысында басты ғылыми кеңесші бола білгендігін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, оның қазақ халқының дүниетанымына терең бойлап, тарихын зерделей білудегі тұжырымды пікірлері мен ойларының маңыздылығына да тоқталды. Ал негізгі пленарлық отырыста аса көрнекті тұлғаның өнегелі өмірбаяны мен ғылыми зерттеу жұмыстарына арналған қызықты да тартымды баяндамалар оқылды. Аталған институттың Ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., - Д. Әлімғазы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Ғылыми кітапханасының директоры, ф.ғ.к., - Б.Ә. Оразалиев, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Қолжазба және мәтінтану» ғылыми-инновациялық орталығының директоры - А. Ә. Тұрғанбаев т.б. ғалымдар өздерінің баядамаларында Досмұхамед Кішібековтің ізденіске толы ғылыми еңбектері мен ұлағатты ұстаздық жолындағы қайраткерлік келбетіне ерекше тоқталды.
Конференцияға белгілі ғалымдар мен жоғарғы оқу орындарының ұстаздары, сонымен қатар Д. Кішібековтің шәкірттері, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері, докторанттар мен магистранттар қатысты. Осы институттың докторанттары А.А. Оралова мен А.Р. Бейсембаевадиссертациялық тақырыптары негізінде мазмұнды баяндамада жасады.
Іс-шара барысында Қазақстан республикасы өңірлерінің тарихы бойынша көптомдық архив құжаттары мен материалдар жинақтарының тұсаукесер рәсімі өтті.
Досмұхамед Кішібеков ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуге де жауапкершілікпен қараған дара тұлға. Сол текті ұрпақтың жалғастығы бүгінде өзіндік мол жемісі мен биік үлгісін көрсетуде. Артында қалған ұлдары ұрпақ сабақастығын арттыру мақсатында Досмұхамед Кішібековтің 100 жылдығына арналған конференцияда барынша үлкен жауапкершілік танытты. Ұлы Тимур Кішібеков көрнекті ғалымның кітапхана қорындағы кітаптарын Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының кітапханасына табыстады.
Конференцияда қазақ философия ғылымының бәйтерегіне айналған Досмұхамед Кішібековтің ізгі істерін жас ұрпаққа үлгі тұтудың маңыздылығына да айшықталды. Осы негізде Д. Кішібековтың ұлы - Тимур Кішібеков академик Досмұхамед Кішібеков атындағы бір реттік стипендияны Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының екі жас ғалымына - А.А. Бекенова мен А.С. Тылахметоваға табыстады.
Конфренция қорытындысы бойынша қатысушы ғалымдар пайымды пікір алмасып, өзіндік орынды ойларын да ортаға салды. Сонымен қатар, аталған ғылыми іс-шараның баяндамалары жинақталып, конференция жинағы ретінде шығару жоспарлануда.
Досмұхамед Кішібекұлы Отандық ғылыми мектептің қалыптасу жолында аянбай еңбек еткен аса көрнекті философ және кемеңгер ғалым. Қазақ ғылымының тарихында өлшеусіз із қалдырған Досмұхамед Кішібековтің ғылыми бай мұрасы бүгінгі ұрпақтың жадында мәңгі қалары сөзсіз.
Тылахметова Анар Советханқызы
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының