«Түркілерді қазіргі моңғол даласынан қырғыздар ығыстырып шығарды» - тарихшы
Бөлісу
12.12.20257916
Түркілерді қазіргі моңғол даласынан қырғыздар ығыстырып шығарды. Бұл туралы белгілі тарихшы, түрколог Талғат Молдабайұлы айтып берді деп хабарлайды e-history.kz порталы.
Тарихшының айтуынша, қырғыздар жерді территориялық тұрғыда басып алғанымен ол жерге саяси тұрғыдан ықпал ете алмаған. Кейін осы жерге моңғол текті халықтар келіп орналаса бастаған.
«Ғұн дәуірі күллі көшпелілерге ортақ кезең саналады. Ал сол ғұндар қазіргі моңғол даласында қағанат құрды. Тек ғұн ғана емес, бірінші және екінші түрік қағанаты осы жерде салтанат құрды. Үшінші түрік қағанаты саналатын Ұйғыр қағанатының орталығы да сол территорияда болды. Яғни ол аумақ біздің өз тарихымыздан бөліп алып тастай алмайтын жер.
Біз бұл жерден Қырғыз қағанаты тұсында айырылып қалдық. Енисей қырғыздары ұйғыр қағанатын құлатқаннан кейін, осы территорияны өздеріне қосып алады. Бірақ ол жерді территориялық тұрғыда басып алғанымен ол жерге саяси тұрғыдан ықпал ете алмады. Басқару ордасын ол жерге көшіріп әкелмеді. Енисей бойында қалып қойды. Ортасын таулар бөліп тұратын, өзінше бөлек аумақ болып оқшау саясат ұстанды. Яғни саяси маңыз берілмеді. Кейін осы жерге моңғол текті халықтар келіп орналаса бастады. Олар тұңғыс, маншжур тайпаларымен араласып, моңғол тайпаларын құрды. Осылайша біздің негізгі тарихи орталығымыз моңғолдардың еншісінде қалды. Оны моңғолдардың өздері де мойындайды», – дейді тарихшы.